"Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 34) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 122) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Еңбегіне ақы төлеу базалық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылатын жетекші ғалымдарға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. "Еңбегіне ақы төлеу базалық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылатын жетекші ғалымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 13 қазандағы № 108 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30159 болып тіркелген).
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Ғылым және жоғары білім министрі | С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2024 жылғы 17 желтоқсандағы № 573 Бұйрықпен бекітілген |
Еңбегіне ақы төлеу базалық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылатын жетекші ғалымдарға қойылатын талаптары
1. Еңбегіне ақы төлеу базалық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылатын жетекші ғалымдар мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) ғылыми дәрежесінің (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) болуы;
2) базалық қаржыландыру субъектісі қызметінің бағытына сәйкес келетін және кемінде 5 (бес) жылды құрайтын ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілінің болуы;
3) ғылыми ұйымды немесе ғылыми бөлімшені (бөлімді, орталықты, зертхананы немесе басқа құрылымдық бөлімшені) басқару тәжірибесінің кемінде 3 (үш) жыл немесе мемлекеттік бюджет есебінен гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде аяқталған немесе іске асырылатын ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобаға немесе бағдарламаға ғылыми басшылық жасау не халықаралық жобаға ғылыми басшылық жасау тәжірибесінің болуы іске асыру мерзімі кемінде 3 (үш) жыл халықаралық ұйым қаржыландыратын бағдарламамен немесе жобамен не ғылыми кеңесші немесе басшы ретінде кемінде 1 (бір) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор не кандидатты немесе ғылым докторын дайындау және табысты қорғау тәжірибесінің болуы не Web of Science (Вэб оф сайнс) және (немесе) Scopus (Скопус) халықаралық базаларына сәйкес кемінде 3 (үш) Хирш индексінің болуы;
4) негізгі жұмыс орны базалық қаржыландыру субъектісі болып табылады.
5) жетекші ғалымдардың соңғы 10 (он) жылда базалық қаржыландыру субъектісі қызметінің бағытына сәйкес келетін:
"Жаратылыстану ғылымдары", "Инжиниринг және технологиялар", "Медицина және денсаулық сақтау" ғылыми бағыттары бойынша:
Science Citation Index Expanded (Сайнс сайтейшн индекс экспандед) дерекқорында Web of Science (Вэб оф сайнс) және (немесе) Scopus (Скопус) дерекқорында CiteScore (Сайтскор) бойынша процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымдарда индекстелетін кемінде 2 (екі) мақала және (немесе) шолудың, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – ҒЖБССҚК) ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынған рецензияланатын шетелдік немесе отандық басылымдарда кемінде 20 (жиырма) және кемінде 1 (бір) мақала немесе шолудың болуы;
"Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары" ғылыми бағыты бойынша:
Science Citation Index Expanded (Сайнс сайтейшн индекс экспандед) дерекқорында Web of Science (Вэб оф сайнс) және (немесе) Scopus (Скопус) дерекқорында CiteScore (Сайтскор) бойынша процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымдарда индекстелетін кемінде 2 (екі) мақала және (немесе) шолудың, ҒЖБССҚК ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынған рецензияланатын шетелдік немесе отандық басылымдарда кемінде 20 (жиырма) және 1 (бір) мақала немесе шолудың не селекциялық жетістікке (өсімдік шаруашылығында немесе мал шаруашылығында) кемінде 1 (бір) патент немесе өнертабысқа, технологияларға, пайдалы модельдерге, техникалық құралдарға арналған 1 (бір) қорғау құжатының немесе Қазақстан Республикасының өндірісіне енгізілген ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелері немесе шығарылған және аудандастырылған ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттары мен будандары, ауыл шаруашылығы жануарларының, балықтардың және аралардың тұқымдары, типтері, желілері, сондай-ақ құстардың кросстары немесе механикаландыру, ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялық және техникалық әзірлемелерінің, өсімдіктерді қорғау және карантин, топырақ құнарлылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және қайта өңдеу немесе жаңа әдістерді, сондай-ақ жануарлар, құстар, балықтар мен аралар ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу құралдарын әзірлеу немесе агроөнеркәсіптік кешен және ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы елеулі экономикалық әзірлемелерінің болуы;
"Әлеуметтік ғылымдар" және "Гуманитарлық ғылымдар және өнер" ғылыми бағыттары бойынша:
Web of Science (вэб оф сайнс) және (немесе) Scopus (Скопус) халықаралық дерекқорда индекстелетін кемінде 1 (бір) мақала және (немесе) шолу және ҒЖБССҚК ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынған отандық және (немесе) шетелдік ғылыми басылымдарда кемінде 2 (екі) мақала немесе шолудың немесе ISBN (Айэсбиэн) болған кезде 4 баспа табақ үлесі бар монографияның болуы;
қорғаныс өнеркәсібі кешенін, қару-жарақ пен әскери техниканы, әскери-ғарыштық және қосарлы мақсаттағы технологияларды, ғарыштық техника мен технологияларды дамыту жөніндегі тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қоса алғанда, "Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік" ғылыми бағыты бойынша:
ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда және (немесе) басқа отандық рецензияланатын ғылыми басылымдарда кемінде 2 (екі) мақаланың болуы.
ҒЖБССҚК ұсынған ғылыми басылымдарда мақаласы болмаған жағдайда, өнертабысқа арналған патенті немесе басқа қорғау құжаты (толық библиографиялық сипаттамасы бар) есепке алынады.