Зеренді аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 13-95 "Зеренді ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларын бекiту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Зеренді аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 26-187 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 30 желтоқсанда № 8876-03 болып тіркелді

      Зеренді аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Зеренді аудандық мәслихатының "Зеренді ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 13-95 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8684-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Зеренді ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – Зеренді ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Зеренді ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.";

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша кірістерді есепке алмағанда көрсетіледі:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі, үш айдан кешіктірмей. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 289 (екі жүз сексен тоғыз) айлық есептік көрсеткіш, бір рет;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі, үш айдан кешіктірмей. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 289 (екі жүз сексен тоғыз) айлық есептік көрсеткіш, бір рет;

      3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер, бірінші типті қант диабеті, туберкулез) бар адамдарға (отбасыларға) жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      7) химиопрофилактика кезеңінде туберкулез жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне, жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) Қазақстан Республикасының колледждерінде күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жиырма үш жасқа дейінгі балаларға оқу орнынан анықтама негізінде жылына 1 рет оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;

      9) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6, 7 – баптарында және 8 баптың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлық – курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6, 7 – баптарында және 8 баптың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен госпитальға емделуге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жөнелту станциясынан және емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайтуға растайтын құжаттарды ұсынған кезде жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6, 7 – баптарында және 8 баптың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде төлем туралы құжаттардың негізінде тіс протездеу құнын өтеуге жылына 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлық – курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      13) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5, 6, 8-баптарында көрсетілген адамдарға коммуналдық қызметтер үшін шығыстарға ай сайын 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      14) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарынан шыққан, кәмелетке толмаған балаларды жерлеуге, 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың кірістерді ескере отырып келесі санаттарының өтініші бойынша көрсетіледі:

      1) Қазақстан Республикасының колледждерінде күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан студенттерге оқу орнынан анықтама негізінде жылына 1 рет оқу құнының 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      2) Қазақстан Республикасының жоғары медициналық оқу орындарында күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан студенттерге оқу орнынан анықтама негізінде жылына 1 рет оқу құнының 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;

      3) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдарға (отбасыларға) жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.";

      14-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Зеренді ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.";

      15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "15. Мынадай:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Зеренді аудандық мәслихатының төрағасы Р.Габдуллина

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады