Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18- бабының 22) тармақшасына және 31- бабына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31- бабының 1- тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Ойыл ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Ақтөбе облысы Ойыл ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ойыл ауданының әкімі | А. Казыбаев |
Ойыл ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 6 қыркүйектегі № 133 қаулысына қосымша |
Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану қағидалары
Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 246- бабына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18- бабының 22) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31- бабының 1- тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) жануарлар – ауыл шаруашылығы және үй жануарлары;
2) иесіз жануарлар – иелері бар, және уақытша олардың иелігінен (қамқорлығынан) шыққан, иелері жоқ немесе иелері белгісіз жануарлар, сондай-ақ иесі оларға меншік құқығынан бас тартқан үй жануарлары;
3) жануардың иесі – меншігінде немесе өзгеше иелігінде жануары бар жеке немесе заңды тұлға;
4) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) - ауданның әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
5) уәкілетті орган – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, ауданның коммуналдық меншігін басқаруға уәкілетті мемлекеттік атқарушы орган.
2. Иесіз жануарларды пайдалану
2. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруы міндетті.
Егер меншік иесі немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстап алған тұлға ұсталған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы меншік иесін іздестіру шараларын қабылдау үшін iшкi iстер органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарға жазбаша түрде мәлімдеуі тиіс.
3. Жануарлардың меншік иесін іздестіру кезеңінде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы немесе оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
4. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы және пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны шегінде жауапты болады.
5. Жануарларды меншiк иесiне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншiк иесiнен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
6. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 245-бабының 6- тармағына сәйкес сыйақы алуға құқылы.
3. Қараусыз жануарларға мемлекеттік меншік құқығының пайда болуы
7. Өзінің бағуында және пайдалануында қараусыз қалған жануарлар болған адам өзінің бағуындағы жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 "Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрi пайдаланудың кейбір мәселелері" қаулысымен белгіленген тәртіп бойынша пайдаланылады.
8. Жануарлар мемлекет меншiгiне көшкеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген ретте сол жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншiк иесiнiң оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар болған кезде – ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша айқындалатын шарттармен, ал келiсiмге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.
9. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
4. Қорытынды ережелер
10. Қараусыз жануарларды есепке алу, сақтау, бағалау және сатуға байланысты шығындар Қазақстан Республикасының Бюджеттік Кодексіне сәйкес жергілікті бюджет қаржысынан жүргізіледі.
11. Қараусыз жануарларды сатудан түскен қаражаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бес жұмыс күні ішінде жергілікті бюджетке аударылады.
12. Қараусыз жануарларды коммуналдық меншікке қабылдау үшін негіз болған актінің сотпен күші жойылған жағдайда, уәкілетті орган қараусыз жануарды бұрынғы иесіне қайтарады.