Курчатов қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Абай облысы Курчатов қалалық мәслихатының 2024 жылғы 30 сәуірдегі № 17/108-VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 10 мамырда № 279-18 болып тіркелді.

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабының 4, 5-тармақтарына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, Курчатов қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Курчатов қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      2. Курчатов қалалық мәслихатының "Курчатов қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2023 жылғы 30 қарашадағы № 12/72-VIII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №174-18 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Курчатов қалалық мәслихатының төрайымы
      Г. Хусайнова

  Курчатов қалалық
мәслихатының
2024 жылғы 30 сәуірдегі
№ 17/108-VIII шешіміне
қосымша

Курчатов қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 26793 болып тіркелген) бекітілген, тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына (бұдан әрі - Қағидалар) сәйкес әзірленді.

      2. Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1)  "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

      3) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы;

      4) шекті жол берілетін шығыстар – аз қамтылған отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;

      5) "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.

      3. Мемлекеттік қызмет аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тегін негізде көрсетіледі. Тұрғын үй көмегін тағайындауды – "Абай облысының Курчатов қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жүзеге асырады.

      4. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер көрсетілетін қызметті алушының жиынтық табысын уәкілетті орган қағидаларға сәйкес тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептейді.

      5. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, көрсетілетін қызметті алушыларға, сондай-ақ Курчатов қаласында тұратын мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Көрсетілетін қызметті алушылардың тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      6. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен көрсетілетін қызметті алушылардың осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 10 пайыздан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      7. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде әрбір адамға 18 шаршы метрден аспайтын, жалғыз тұратын азаматтар үшін 35 шаршы метрден аспайтын мөлшердегі алаң нормасы қабылданады.

      8. Айына бір адамға 110 (жүз он) киловатт-сағат электр энергиясын тұтыну нормасы белгіленсін. Жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар үшін айына 120 (жүз жиырма) киловатт-сағат.

      9. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемді ұлғайту бөлігінде байланыс қызметтерін өтеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидаларының мөлшерін айқындау және бекіту туралы" Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 тіркелген) цифрлық даму министрінің бұйрығымен бекітілген әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерін арттыруды өтеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      10. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін аз қамтылған отбасы (азамат)- көрсетілетін қызметті алушы (не оның өкілі сенімхатқа, заңнамаға, сот шешіміне не әкімшілік актіге негізделген өкілеттікке байланысты) қағидаларға сәйкес тоқсанына бір рет "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жүгінеді.

      11. Коммуналдық қызметтер бойынша шығыстар өнім берушілер ұсынған коммуналдық қызметтер үшін төлем шоттары бойынша алынады.

      12. Тұрғын үй көмегін тағайындау тиісті қаржы жылына арналған қала бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      13. Көрсетілетін қызметті беруші тұрғын үй көмегін көрсету Қағидаларының 18-тармағында қарастырылған тәртіппен және мерзімдерде келесі негіздер бойынша тұрғын үй көмегін көрсетуден бас тартады:

      1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болған жағдайда;

      4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, соның негізінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға байланысты арнайы құқықтан айырылғанда.

      14. Тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру тұрғын үй көмегін тағайындаушы көрсетілетін қызметті берушімен жүзеге асырылады. Тұрғын үй көмегінің тағайындалуы туралы хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе "жеке кабинетке" электрондық құжат түрінде жолданады.

      15. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      16. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші Екінші деңгейдегі банктер арқылы есептелген сомаларды көрсетілетін қызметті алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады