Абай облысы Жарма ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшерін айқындау туралы

Жаңа

Абай облысы Жарма аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 20/373-VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 30 желтоқсанда № 402-18 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңының 16-бабының 4-тармақшасына және Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 27-бабына сәйкес, Жарма аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Абай облысының Жарма ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудың тәртібі мен мөлшері, осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Жарма аудандық мәслихатының "Абай облысы Жарма ауданында мүгедектегі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшерін айқындау туралы" 2023 жылғы 27 маусымдағы № 3/46-VII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 94-18 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы
      М. Оспанбаев

  Жарма аудандық мәслихатының
2024 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 20/373-VIІI шешіміне
қосымшасы

Абай облысы Жарма ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері

      1. Осы Абай облысы Жарма ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік – еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) бекітілген "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі – шығындарды өтеу Қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу (бұдан әрі – оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу) мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы негізінде "Абай облысы Жарма ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – Жұмыспен қамту бөлімі) жүргізеді.

      3. Оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.

      4. Оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу өтініш берілген айдан бастап мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.

      5. Шығындарды өндіріп алуды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар бар болғанда (мүгедектігі бар баланың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы, Жарма ауданынан тыс жерлерге шығу) төлем тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балалардың ата-аналарының бірі немесе өзге де заңды өкілдері жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың басталғаны туралы Жұмыспен қамту бөліміне хабарлауға міндетті.

      6. Оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу үшін өтініш беруші "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ақционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) шығындарды өтеу Қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – тізбе) көрсетілген құжаттарды қоса шығындарды өтеу Қағидаларының 1 немесе 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      Өтініш беруші оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу бойынша төлемді тағайындау үшін портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және шығындарды өтеу Қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

      7. Тізбеде көзделген құжаттарды ұсынған кезде көрсетілетін қызметті алушыға шығындарды өтеу Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік корпорацияда тиісті құжаттарды қабылдау туралы қолхат беріледі.

      Құжаттарды портал арқылы ұсынған кезде – көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұранысты қабылдау туралы мәртебе көрінеді.

      8. Өтініш беруші оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу бойынша төлемдерді тағайындау үшін тиісті құжаттарды ұсынғаннан кейін Мемлекеттік корпорация бөлімшесінің маманы өтініштің дұрыс толтырылуын және ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді;

      өтінішті "Халыққа қызмет көрсету орталықтарына арналған бірыңғай ақпараттық жүйе" ақпараттық жүйесінде тіркейді және өтініш берушіге тиісті құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат береді.

      Көрсетілетін қызметті алушы шығындарды өтеу Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тізбеде көзделген тізбеге сай құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынғанда Мемлекеттік корпорацияның қызметкері шығындарды өтеу Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді;

      Шығындарды өтеу Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тізбеде көзделген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала, бірақ шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіру мүмкіндігі үшін тыңдау туралы хабарлама жібереді.

      ҚР ӘРПК 73-бабының 3-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны беруге немесе білдіруге құқылы.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсету немесе себептерін көрсете отырып, мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      9. Көрсетілетін қызметті беруші құжаттарды тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды қарайды, шығындарды өтеу бойынша төлемді тағайындау туралы немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды, мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін не бас тарту себептері көрсетілген жауапты Мемлекеттік корпорацияға немесе уәкілетті орган басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қойылған электрондық құжат нысанында өтініш берушінің "Жеке кабинетіне" жібереді.

      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес өзінің немесе оның өкілінің тиісті өкілеттігі көрсетілетін, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген құжат негізінде әрекет ететін оның өкілі жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткенде жүзеге асырылады.

      10. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері ай сайын әр мүгедектігі бар балаға он айлық есептік көрсеткішке тең.

      11. Оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алудан бас тарту негіздері:

      1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;

      2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) ұсынылған материалдардың, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі);

      3) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті келісімі туралы сұрау салуға берілген теріс жауап, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;

      4) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімі болмауы бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тартады.

      12. ҚР ӘРПК 91-бабының 1-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға құқылы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады