Үржар ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Абай облысы Үржар аудандық мәслихатының 2024 жылғы 10 сәуірдегі № 14-251/VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 19 сәуірде № 264-18 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Үржар аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Үржар ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес, Үржар аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Үржар аудандық мәслихатының төрағасы
      А. Омаров

  Үржар аудандық мәслихатының
2024 жылғы 10 сәуірдегі
№ 14-251/VIII шешіміне
1 қосымша

Үржар ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

      3) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы;

      4) шекті жол берілетін шығыстар - аз қамтылған отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;

      5) "электрондық үкіметтің" веб-порталы - нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.

      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Үржар ауданының аумағында тұрақты тіркелген және тұратын, Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Көрсетілетін қызметті аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      3. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Абай облысы Үржар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      4. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Қағида) айқындалған тәртіппен есептейді.

      5. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын,, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға арналған шығыстарды төлеу сомасы арасындағы айырма ретінде және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 10 (оң) пайыз мөлшерінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 (он бес) шаршы метрден кем емес және 18 (он сегіз) шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады.

      6. Телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлем тарифтерінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Тұрғын үй көмегін беру қағидаларына сәйкес "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" немесе "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      8. Тұрғын үй көмегі көрсетілген аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      10. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

  Үржар аудандық мәслихатының
2024 жылғы 10 сәуірдегі
№ 14-251/VIII шешіміне
2 қосымша

Үржар аудандық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Шығыс Қазақстан облысы Үржар аудандық мәслихатының "Үржар ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 57-745/VI шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8048 болып тіркелген);

      2. Абай облысы Үржар аудандық мәслихатының "Үржар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 57-745-VI "Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 5 қазандағы № 18-302/VII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30079 болып тіркелген);

      3. Абай облысы Үржар аудандық мәслихатының "Үржар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 57-745/VI "Үржар ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 26 сәуірдегі № 2-30/VIII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 59-18 болып тіркелген);

      4. Абай облысы Үржар аудандық мәслихатының "Үржар аудандық мәслихатының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 57-745/VI "Үржар ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2023 жылғы 1 желтоқсандағы № 7-182/VIII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 178-18 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады