Мақаншы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Абай облысы Мақаншы ауданы мәслихатының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 15-93/VIII шешімі. Абай облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 13 қаңтарда № 408-18 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес, Мақаншы аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Мақаншы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы
      Б. Биболов

  Мақаншы ауданы
мәслихатының
2024 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 15-93/VIII шешіміне
қосымша

Мақаншы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мақаншы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы осы ереже Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленіп, Мақаншы ауданының Құрмет грамотасымен наградтау және табыс ету тәртібін айқындайды.

      2. Мақаншы ауданының Құрмет грамотасымен (бұдан әрі - Құрмет грамотасы):

      1) экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі, білім берудегі, спорттағы, әскери және мемлекеттік қызметтегі, құқық қорғау және қоғамдық қызметтегі елеулі жетістіктері үшін;

      2) халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты және мәдени байланыстарды нығайту бойынша жемісті қызметті жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық қызметі және еңбек қызметіндегі басқа да жетістіктері үшін аудан азаматтары наградталады.

      3. Құрмет грамотасымен Мақаншы ауданының аумағында қомақты үлесін қосқан:

      1) азаматтар, мекеме, кәсіпорын және ұйымдардың қызметшілері;

      2) меншік нысанына қарамастан, еңбекте, қоғамдық-саяси қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылық жүргізуші субъектілер ұжымдары, ұйымдар, мекемелер, шығармашылық ұжымдары наградталады.

      4. Құрмет грамотасымен:

      1) наградтау сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алып тасталмаған, соттылығы бар адамдар;

      2) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

      3) сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және (немесе) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп таныған адамдар наградтала алмайды.

      5. Осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген тұлғаны бес жыл ішінде ауданның Құрмет грамотасымен марапаттауға екі рет ұсыныла алмайды.

      6. Наградтау ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де Қазақстан Республикасының мерекелеріне орайластырылады.

2. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі

      7. Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынысты аудан әкімінің аппаратына меншік нысанына қарамастан мекемелер, кәсіпорындар, ұйымдар, қоғамдық, шығармашылық бірлестіктер, жергілікті өкілді, атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары жолдайды.

      Ұсыныста тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, айы, жылы, білімі туралы, жұмыс орны мен атқаратын лауазымы, тиісті ұйымдағы кәсібі немесе лауазымы бойынша саладағы жалпы еңбек өтілі, жетістіктері және марапаттары мен атақтары туралы көрсетілген сипаттама беріледі. Ұсынысқа басшы қол қояды және елтаңбалы мөрмен (бар болған жағдайда) бекітеді.

      Ұсынысқа кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі не ұйымның, мекеменің немесе шығармашылық ұжымның құрылтайшылық құжаттары қоса тіркеледі.

      8. Құрмет грамотасымен наградтау үшін өзінің кандидатурасын өзі ұсынған азаматтардан түскен материалдар қаралмайды.

      9. Алдын ала қарау және наградтау бойынша ұсыныстарды дайындау үшін Құрмет грамотасымен наградтау бойынша келіп түскен құжаттар, наградтау жөніндегі аудан әкімінің жанынан құрылған комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) жіберіледі.

      10. Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешімді комиссияның оң қорытындысына сәйкес аудан әкімі және/немесе оның міндеттерін атқаратын адам қабылдайды.

      11. Құрмет грамотасына аудан әкімі және аудан мәслихатының төрағасы немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      12. Құрмет грамотасы жоғалған жағдайда телнұсқасы берілмейді.

3. Құрмет грамотасының сипаттамасы

      13. Құрмет грамотасының сыртқы бетінде алтын түспен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және бас әріппен мемлекеттік тілде "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ" деп жазылған, қосымша жапсырмасы бар көк түсті папка. Қосымша бет қалың жылтыр қағаздан алтын түстес өрнекпен жиектеліп, баспаханалық әдіспен бүктелмеген күйде дайындалады.

      14. Қосымша беттің сол жақ бетінің жоғары жағында ортада Қазақстан Республикасының желбіреген Мемлекеттік туының бейнесі, бейненің астында түгелдей бас әріппен "МАҚАНШЫ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ" деген жазу бар.

      Қосымша беттің оң жағында Қазақстан Республикасының желбіреген Мемлекеттік туының бейнесі, бейненің астында наградталушының тегі, аты, әкесінің аты  (бар болса) және сіңірген еңбектері көрсетіліп жазылады. Құрмет грамотасы аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының қолдарымен расталады. Берілген уақыты көрсетіледі.

4. Құрмет грамотасын тапсыру

      15. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты жағдайда наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Құрмет грамотасын аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасы, немесе олардың тапсырмасы бойыша өзге тұлға салтанатты жағдайда тапсырады.

      16. "Абай облысы Мақаншы ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі құжаттамалық және өзге де қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ Құрмет грамотасымен наградталған азаматтардың есебін жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады