"Сарысу ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Сарысу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 14-4 шешiмiне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Жамбыл облысы Сарысу аудандық мәслихатының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі № 28-3 шешімі. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2024 жылғы 17 қыркүйекте № 5233-08 болып тіркелді

      Сарысу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. "Сарысу ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Сарысу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 14-4 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Сарысу ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларына келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      2 тармақтың 1) тармақшасы келесі редакцияда жазылсын:

      "1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;".

      2-тармақтың 11) тармақшасы мынадай мазмұнда толықтырылсын:

      "11) отбасы – некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасы қатынастарын нығайтып, дамытуға септігін тигізуге арналған мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге байланысты адамдар тобы;".

      2-тармақтың 12) тармақшасы мынадай мазмұнда толықтырылсын:

      "12) туыстар – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар.".

      3-1 тармағы мынадай мазмұнда толықтырылсын:

      "3-1. Отбасының жиынтық кірісін есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есепті кезеңде алынған кірістің барлық түрі ескеріледі.

      Өтініш беруші адамның (отбасының) жүгінген тоқсан алдындағы тоқсандағы жиынтық табысы есепке алынады. Отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісін есептеу кезеңіндегі отбасының жиынтық кірісі көрсетілген кезеңдегі айлардың санына және отбасы мүшелерінің санына бөлу жолымен есептеледі.".

      3-2 тармағы мынадай мазмұнда толықтырылсын:

      "3-2. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.".

      орыс тіліндегі 4-тармақтың мәтініне өзгерістер енгізілді, ал қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді.

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік көмек жылына бір рет өтініштері бойынша көрсетіледі:

      1) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне нұқсан келтіруге байланысты әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 20 (жиырма еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, орын алған бір жағдай бойынша бір рет 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткішке дейін, арнайы комиссия қорытындысы негізінде.

      Әлеуметтік көмекке жүгіну табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап 6 (алты) ай мерзімде жүргізіледі;

      2) қатерлі ісік ауруы бар адамдарға отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 3 (үш еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, жылына бір рет 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы 2 (екі еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда, жылына бір рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға, пробация қызметінің есебіндегі 3 (үш) ай ішінде, табысы 3 (үш күнкөріс) деңгейінен аспаған жағдайда, арнайы комиссияның анықтауымен 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде;

      5) жасы ұлғаюына байланысты өзіне өзі қызмет көрсетуге қабілетсіздігіне, жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауына байланысты өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 (бір еселенген) мөлшерінен аспаған жағдайда 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) санаторийлік - курорттық емделуге әлеуметтік көмек, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне табыстарын есепке алмай, абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге арналған шығындардың мөлшерінде, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда, жылына бір рет, жол шығыны төлемінсіз 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін.

      Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлерге абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге арналған шығындарды өтеу үшін жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3 (үш еселенген) деңгейінен аспайтын, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда, жылына бір рет, жол шығыны төлемінсіз 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      7) санаторийлік-курорттық емделуге арналған абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасы бар және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтімді жүзеге асыратын жеке көмекшіге немесе жәрдемақы алушыға шығындарды өтеу, жол шығыны төлемінсіз, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 5 (бес еселенген) деңгейінен аспаған жағдайда, 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жүгінеді және Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емделуге алып жүруге байланысты болған шығыстарды растайтын құжаттар қоса беріледі. Біржолғы әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімі, жағдай туындаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірілмей жасалады;

      8) тұрғын үйді газдандыруға бір рет әлеуметтік көмек:

      отбасының жан басына шаққандағы табысы үш еселік ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, толық емес отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына, бір рет жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек нақты шығындарының негізінде, Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көзделген құжаттар тізбесіне қосымша газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты болған шығыстарын растайтын акт және/немесе құжат (чектердің, түбіртектердің көшірмелері, қызметтерді көрсетуге арналған шарт) және жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығының болмауы (болуы) туралы анықтама қоса беріледі.

      9) ай сайынғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы 5 (бес еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның вирустық иммун тапшылығын (АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың немесе АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табысы 5 (бес еселенген) ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын жағдайда ай сайын 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.".

      2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сарысу аудандық мәслихат төрағасы Ш. Мусабеков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады