Ұлытау ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Ұлытау облысы Ұлытау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 28 маусымдағы № 132 шешімі. Ұлытау облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 9 шілдеде № 133-20 болып тіркелді

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Ұлытау аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ұлытау ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Ұлытау аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға А. Курмансеитов

  Ұлытау аудандық мәслихатының
2024 жылғы 28 маусымдағы
№ 132
шешіміне 1 қосымша

Ұлытау ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда Ұлытау ауданында тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы арасындағы айырма ретінде және аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі 5 (бес) пайыз мөлшерінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырылады.

      3. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі – Тұрғын үй беру қағидалар) айқындалған тәртіппен есептейді.

      4. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде әр адамға кемінде 15 (он бес) шаршы метр және көп дегенде 18 (он сегіз) шаршы метр пайдалы алан, бірақ кемінде бір бөлмелі пәтер мөлшерінде немесе жатақханадан бөлме қабылданады.

      6. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлем ақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, иновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шілдедегі № 295/НҚ "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      8. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе нотариалды куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін уәкілетті органға "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы келесі құжаттарды ұсына отырып, Тұрғын үй беру қағидаларына 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау туралы өтініш жолдайды:

      1) Мемлекеттік корпорацияға:

      Тұрғын үй көмегін беру қағидаларына 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;

      өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      отбасының кірісін растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      банктік шоты;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;

      2) "электрондық үкімет" веб-порталға:

      аз қамтылған отбасының (азаматтың) электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;

      отбасының кірісін растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;

      жұмыс орнынан анықтаманың немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтаманың электрондық көшірмесі;

      балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі;

      банктік шотының электрондық көшірмесі;

      тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі;

      коммуналдық қызметтерді тұтыну шотының электрондық көшірмесі;

      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шоттың немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шоттың электрондық көшірмесі.

      9. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      10. Тұрғын үй көмегі барлық құжаттармен бірге өтініш берілген айдан бастап бір тоқсан мерзімге тағайындалады.

      11. Уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша:

      1) тұрғын үй көмегін алу үшін аз қамтылған отбасы (азамат) ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;

      2) аз қамтылған отбасының (азаматтың) және (немесе) тұрғын үй көмегін көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Тұрғын үй көмегін беру қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) аз қамтылған отбасыға (азаматқа) қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болған жағдайда;

      4) аз қамтылған отбасыға (азаматқа) қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, соның негізінде аз қамтылған отбасы (азамат) тұрғын үй көмегін алуға байланысты арнайы құқықтан айырылғанда тұрғын үй көмегін беруден бас тартады.

      12. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау Ұлытау ауданы бюджетінде тиісті қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      13. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) шешім қабылданған айдан кейінгі айдың 15 күніне дейін тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды екінші деңгейдегі банктер арқылы тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырады.

      14. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым уәкілетті органға және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адамға беріледі.

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жолдайды.

      3 (үш) жұмыс күні ішінде қолайлы акт қабылданған, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасалған жағдайда, уәкілетті орган шағымды қарайтын органға (жоғары тұрған әкімшілік органға және (немесе) лауазымды адамға) шағымды жібермейді.

      Уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен аз қамтылған отбасының (азаматтың) шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 25-бабы 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін аз қамтылған отбасының (азаматтың) шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.

  Ұлытау аудандық мәслихатының
2024 жылғы 28 маусымдағы
№ 132
шешіміне 2 қосымша

Ұлытау аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Ұлытау ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесін бекіту туралы" Ұлытау аудандық мәслихатының 2012 жылғы 12 сәуірдегі №19 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №8-16-81 болып тіркелген).

      2. "Ұлытау аудандық мәслихатының II сессиясының 2012 жылғы 12 сәуірдегі № 19 "Ұлытау ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Ұлытау аудандық мәслихатының 2013 жылғы 28 қарашадағы №128 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №2475 болып тіркелген).

      3. "Ұлытау аудандық мәслихатының 2012 жылғы 12 сәуірдегі №19 "Ұлытау ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Ұлытау аудандық мәслихатының 2014 жылғы 11 қыркүйектегі №186 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №2792 болып тіркелген).

      4. "Ұлытау аудандық мәслихатының 2012 жылғы 12 сәуірдегі №19 "Ұлытау ауданының тұрғындарына тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Ұлытау аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №416 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6152 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады