Мәслихаттың 2023 жылғы 28 қарашадағы № 102 "Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қостанай облысы Сарыкөл ауданы мәслихатының 2024 жылғы 22 ақпандағы № 158 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 27 ақпанда № 10151-10 болып тіркелді

      Сарыкөл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 28 қарашадағы № 102 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10098 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларында:

      5-тармақтың 1) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылуына 35 жылдығына орай:

      Бұрынғы КСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес Ауғанстан аумағында жауынгерлік қимылдарына қатысқан бұрынғы КСР Одағының ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда), Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілеріне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Заңның 8-бабы бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдарды қоспағанда, ардагерлерге және Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген өзге де тұлғаларға, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына және басқа да заңды өкілдеріне табыстарын есепке алмай, ай сайын екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      4) туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға, табыстарын есепке алмай, ай сайын, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) мүгедектігі бар адамдарға, олардың оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, тоқсан сайын, санаторийлерге жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) білім беру гранттарының иелері, мемлекеттік бюджет төлемдерінің өзге де түрлерін алушылар болып табылатын тұлғаларды есептемегенде, алғашқы техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі не жоғары білім (бұдан әрі - білім) алушы тұлғаларға, өтiнiш берудің алдындағы соңғы он екi айда Қазақстан Республикасының оқу орындарында білім алуына байланысты, нақты құны бойынша оқу ақысын төлеу үшін оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, оның ішінде:

      Қостанай облысы бойынша белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейi шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың жастарына, күндізгі оқу;

      табыстарын есепке алмай, жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына жататын жастарға, күндізгі оқу;

      табыстарын есепке алмай, мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар мүгедектігі бар адамдарға көрсетіледі;

      7) мүгедектігі бар адамдарға, жедел емдеуге, кірістерді есепке алмағанда, біржолғы, нақты шығындар мөлшерінде, 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      8) мүгедектігі бар адамдарға дәрілік заттарды сатып алуға байланысты шығыстарды өтеу үшін, кірістерді есепке алмағанда, жылына 1 рет, нақты шығындар мөлшерінде, 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      9) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына) немесе оның мүлкіне, табыстарын есепке алмай, біржолғы, 50 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      10) өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыстары бар отбасылардың тұлғаларына, тұрмыстық қажеттіліктеріне 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан адамдарға, қайтыс болған туыстарын, қайтыс болған күні мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген ерлі-зайыптыларды жерлеуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасылардан шыққан адамдар, кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге арналған табыс отбасыларына, біржолғы, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға, пробация қызметінің есебінде тұрған, табыстарын есепке алмай, біржолғы, 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінен немесе отбасы атынан әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мынадай құжаттарды қоса бере отырып өтініш береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды).

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген адамдар, бірінші рет өтініш білдіргендер, өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдардың ата-анасы немесе заңды өкілі адамның иммун тапшылығы вирусы ауруын растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар туберкулезбен ауыру фактісін және амбулаторлық емделуде екенін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар тұру фактісін және жол жүру құнын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 6) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген адамдар білім алғанын, оның құнын растайтын құжаттарды және мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген адамдар дәрігер растаған ағымдағы жылға рецептуралық бланкінің көшірмесін және кассалық және/немесе тауар чегін ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген адамдар дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжатты ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген адамдар өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсан үшін табысы туралы мәліметтерді, қайтыс болу фактісін, сондай-ақ қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамды жұмыссыз ретінде тіркеу фактісін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Осы Қағидалардың 6-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген адамдар бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінің есебінде тұру фактісін растайтын құжаттарды ұсынады.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      Әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап тағайындалады.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сарыкөл аудандық мәслихатының төрағасы Д. Абжамалов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады