Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Түркістан облысы Түркістан қалалық мәслихатының 2024 жылғы 9 ақпандағы № 13/63-VIII шешімі. Түркістан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 12 ақпанда № 6456-13 болып тіркелді

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 97-бабының 5-тармағына, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №33763 болып тіркелген) бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына сәйкес, Түркістан қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі айқындалсын.

      2. Түркістан қалалық мәслихатының "Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2023 жылғы 19 шілдедегі №4/24-VIII шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6328-13 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат төрағасы Г. Сарсенбаев

  Түркістан қалалық мәслихатының
2024 жылғы 9 ақпандағы
№13/63-VIII шешіміне қосымша

Түркістан қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) көрсетіледі.

      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және Түркістан қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысына шығыстардың шекті жол берілетін деңгейі 10 (он) пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      3. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      4. Аз қамтылған отбасы (азамат) (немесе оның сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) көзделген құжаттарды ұсына отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      5. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкімет" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      6. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін көрсету, оны көрсетуден бас тартуды негіздеу талаптарының тізбесі Қағидаларда көзделген.

      7. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық кірісін Қағидаларда көзделген тәртіппен уәкілетті орган есептейді.

      8. Өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй көлемінің нормасы бір адамға 18 (он сегіз) шаршы метрлік пайдалы алаңды құрайды.

      9. Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған Түркістан қаласының бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      11. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады