Үлкен Нарын ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын аудандық мәслихатының 2024 жылғы 5 шілдедегі № 4/22-VIII шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 10 шілдеде № 9050-16 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 "Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 болып тіркелген) сәйкес, Үлкен Нарын ауданы мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Үлкен Нарын ауданында тұрғын үй сертификаттарының мөлшері және оларды алушылар санаттарының тізбесі осы шешімнің 1, 2 қосымшаларына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ж. Сыдыкова

  2024 жылғы 5 шілдедегі
№ 4/22-VIII шешіміне
1 – қосымша

Тұрғын үй сертификатының мөлшері

      1. Қарыз сомасынан 10 %, алайда әлеуметтік көмек түрі ретінде 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден артық емес.

      2. Қарыз сомасынан 10 %, алайда әлеуметтік қолдау түрі ретінде 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден артық емес.

  2024 жылғы 5 шілдедегі
№ 4/22-VIII шешіміне
2 – қосымша

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі

      1) Үлкен Нарын ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттарының тізбесі айқындалсын:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

      бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

      мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

      жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

      кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады;

      қандастар;

      экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

      мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

      толық емес отбасылар;

      2) Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 мамырдағы № 161 бұйрығымен бекітілген еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру және оның нәтижелерін пайдалану Қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 32546 болып тіркелген) сәйкес құрылатын еңбек ресурстарының болжамы есебімен, еңбек және жұмыспен қамту статистикасы бойынша статистикалық байқауларды талдау негізінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру және ветеринарияның салаларындағы бюджеттiк ұйымдарында еңбек қызметтерін жүзеге асыратын қажетті мамандар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады