"Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 32 бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2025 жылғы 18 наурыздағы № 36 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 19 наурызда № 35840 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 32 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31753 болып тіркелген) келесі өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабының 15), 22) және 23) тармақшаларына, 17-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабының 1-2-тармағына және 276-бабының 4-тармағына, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 8-бабының 7-бөлігіне, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 759-бабының 5-бөлігіне және 802-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4) осы бұйрықтың 5-қосымшасына сәйкес Прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау қағидалары.";

      осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес 5-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің, прокуратураның ведомстволарының, мекемелері мен білім беру ұйымының басшыларына, бас әскери және бас көлік прокурорларына, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорларға, өңірлер мен гарнизондардың әскери прокурорларына, аудандық көлік прокурорларына, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға жіберілсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
Б. Асылов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2025 жылғы 18 наурыздағы
№ 36 Бұйрыққа
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2023 жылғы 17 қаңтардағы
№32 бұйрығына
5 қосымша

Прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 9-бабының 23) тармақшасына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабының 1-2-тармағына және 276-бабының 4-тармағына, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 8-бабының 7-бөлігіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 759-бабының 5-бөлігіне және 802-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес әзірленді және прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – ӘІБТ) – әкімшілік құқық бұзушылықтар, оларды жасаған адамдар, олар бойынша қабылданған шешімдер туралы енгізілетін мәліметтер қамтылатын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық істерін электрондық нысанда жүргізу жүзеге асырылатын ақпараттық жүйе;

      2) инвесторлар тізілімі - инвесторлар, инвестициялардың сомалары, инвестициялық жобалардың түрлері, оларды іске асыру кезеңдері туралы мәліметтерді және Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызмет туралы басқа да мәліметтерді қамтитын электрондық дерекқор;

      3) прокуратура органдарының ақпараттық жүйелері – прокурорлық сүзгі жүзеге асырылатын ТСОБТ, ӘІБТ және прокуратура органдарының өзге де ақпараттандыру объектілері;

      4) прокурорлық сүзгі - прокурормен инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу процесі;

      5) тексеру субьектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – ТСОБТ) – тіркеу және есепке алу субьектісі енгізетін мемлекеттік бақылау нысандары туралы мәліметтер қамтылатын, сондай-ақ электрондық форматта олардың тіркелуі жүзеге асырылатын ақпараттық жүйе;

      6) ұлттық цифрлық инвестициялық платформа (бұдан әрі – ҰЦИП) – инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган құруды, басқаруды және техникалық қолдауды жүзеге асыратын инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі.

      3. Прокурорлық сүзгіні ТСОБТ және ӘІБТ-ны пайдалана отырып іске асыру кезінде қажетті ақпараттандыру объектілерін және олардың процестерін құру, дамыту, енгізу, сүйемелдеу, автоматтандыру және интеграциялау мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы прокуратура органдарының ведомствосына жүктеледі.

      Прокурорлық сүзгіні осы Қағидаларда көрсетілмеген прокуратура органдарының өзге де ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып іске асыру кезінде қажетті ақпараттандыру объектілерін және олардың процестерін құру, дамыту, енгізу, сүйемелдеу, автоматтандыру және интеграциялау Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жүктеледі.

      4. Прокурорлық сүзгіні ҰЦИП-ті пайдалана отырып іске асыру кезінде қажетті ақпараттандыру объектілерін және олардың процестерін құру, басқару және техникалық сүйемелдеу Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-3-бабының 3 және 5-бөліктеріне сәйкес инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жүзеге асырылады.

      5. Прокурорлық сүзгінің электрондық форматы енгізілгенге дейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың шешімдерін прокуратура органдарында қабылдау және тіркеу, прокурормен келісу не келісуден бас тарту Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы №236 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Келіп түскен материалдарды прокуратура органы басшысына қол қоюға (бұрыштама қоюға) беру оларды прокуратура органының жауапты лауазымды адамына бір мезгілде қайталап бере отырып жүзеге асырылады.

      6. Мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдарда электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге рұқсат етілген (ең жоғары) көлемнен асатын файлдарды салу мүмкін болмаған кезде материалдар прокурорға қағаз және (немесе) өзге де электрондық жеткізгіштерде осы Қағидаларда ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып ұсынылатын материалдар үшін белгіленген тәртіп пен мерзімдерде ұсынылады.

      7. Прокуратура органдарында "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың шешімдерін қабылдау және тіркеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      8. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, тексеру жүргізу туралы шешімдерді, сотқа талап қоюларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, әскери және көлік прокуратуралары органдарының, облыстардың және оларға теңестірілген прокуратуралардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) бірінші басшыларының актілерімен прокуратура органының нақты бір лауазымды адамына немесе бірнеше адамға (қажет болған жағдайда сенімхат бойынша электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып қол қою құқығын бере отырып) жүктеледі.

      9. Осы Қағидаларға сәйкес прокуратураның тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау, тексеру жүргізу, сотқа талап қоюға бастамашылық жасау мәселелері жөніндегі актілері прокурормен келісуге жатпайды.

2-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды прокурормен келісу тәртібі

      10. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы мынадай мәселелер жөніндегі актілері, шешімдері, әрекеттері прокурормен келісуге жатады:

      1) субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетті, процесті тоқтата тұру;

      2) рұқсаттың және (немесе) рұқсатқа қосымшаның қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу);

      3) рұқсатты беруден не оның қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту;

      4) мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, квазимемлекеттік сектор ұйымының бұрын инвестордың пайдасына шығарылған шешімінің күшін жою (кері қайтарып алу);

      5) мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның келісімшартты не келісімді біржақты тәртіппен бұзуы.

      11. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілері, шешімдері, әрекеттері, сондай-ақ барлық растайтын материалдар ҰЦИП-ті пайдалана отырып прокурорға мұндай шараларды қолдануға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей электрондық нысанда жіберіледі.

      12. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін прокурормен келісу не келісуден бас тарту олар түскен кезден бастап үш жұмыс күні ішінде ҰЦИП-ті немесе прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып электрондық форматта жүзеге асырылады.

      13. Қосымша материалдарды талап ету не зерделеу, уәкілетті лауазымды адамдардың және оларға теңестірілген адамдардың не инвестордың түсіндірмелерін алу қажет болған кезде прокурор мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін олар түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      14. Осы Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұрумен байланысты болған жағдайда прокурор мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілерін, шешімдерін, әрекеттерін олар түскен кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      Эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қаупі төнген жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдай немесе төтенше ахуал кезінде прокурор мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың субъектінің (объектінің не оның жекелеген учаскесінің) қызметін, әрекетін, процесін тоқтата тұруға байланысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін олар түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың осы тармақта көрсетілген тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы материалдарын прокуратураның жедел кезекшісі қабылдайды.

      Прокуратураның жедел кезекшісі осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тарту жүктелген прокурорды дереу хабардар етеді.

      15. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдану туралы актілері, шешімдері, әрекеттері түскен кезде келісу немесе келісуден бас тарту процесі осы Қағидалардың 14-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда келесі жұмыс күні басталады.

      16. Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану туралы актілерін, шешімдерін, әрекеттерін келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданудың заңдылығы мен негізділігі;

      тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралардың экономикалық орындылығы (кәсіпорын жабылған, оның қызметі тоқтатылған жағдайда мемлекетке келтірілген залалды және елдің (өңірдің) экономикасы үшін болашақта келтірілетін шығындарды, сондай-ақ елдің (өңірдің) экономикасы үшін де, инвестор үшін де басқа салдарларды салыстыру);

      инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асырудан халықтың өмірі мен денсаулығы үшін жағымсыз салдарлар тәуекелдерінің болуы/болмауы;

      анықталған заңдылықты бұзушылық бойынша инвесторға әсер етудің баламалы шараларының болуы/болмауы;

      тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданбай инвестордың заңдылықты бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы/болмауы мән-жайларын ескереді.

      17. Тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тарту нәтижелері бойынша мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органға, олардың лауазымды адамдарына және оларға теңестірілген адамдарға электрондық форматта бар болған жағдайда бас тарту себептері көрсетілген прокурордың жауабы жіберіледі.

      Мемлекеттік органдарда, жергілікті атқарушы органдарда, олардың лауазымды адамдарында және оларға теңестірілген адамдарда электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда прокурордың тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісу не келісуден бас тартуы туралы жауабы қағаз жеткізгіште жіберіледі.

      18. Прокурордың тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісуден бас тартуы мынадай:

      1) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) шынайы еместігін анықтау;

      2) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданудың негізділігін растайтын материалдарды ұсынбау не олардың болмауы;

      4) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдануға байланысты мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілері, шешімдері, әрекеттері сот талқылауының мәні болып табылатын жағдайларда;

      5) тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдануға байланысты мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың актілері, шешімдері, әрекеттері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәні болып табылатын жағдайларда;

      6) инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдану үшін құқықтық негіздердің болмауы;

      7) инвесторға қатысты баламалы әсер ету шараларының болуы не тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолданбай бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы (инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асыру кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп болмаса);

      8) тыйым салу-шектеу шаралары салдары ауырлығының инвестор жол берген бұзушылықтарға сәйкес келмеуі не олардың маңызды болмауы;

      9) өңір не ел үшін тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолданудың экономикалық тиімсіздігі (инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асыру кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп болмаса) негіздері бойынша шығарылады.

      19. Прокурормен келісу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар прокурордың жауабы түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторды хабардар етеді.

      Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген жағдайларда прокурормен келісу қорытындылары бойынша қабылданған шешім туралы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторды дереу хабардар етеді.

      20. Мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы орган, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар келісуден бас тарту себептерін жойған жағдайда прокуратура органдарына қайта жүгінуге жол беріледі.

      21. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) күні, прокуратура органының атауы, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қолдануға бастамашылық жасаған мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар санаты;

      5) "келісілді" не "келісуден бас тартылды" деген өтінімнің мәртебесі;

      6) осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды келісуден бас тартудың негізі туралы деректер көрсетіледі.

3-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізу туралы шешімдерін прокурормен келісу тәртібі

      22. Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тексеру жүргізу туралы шешімдері (актілері, қаулылары, бұйрықтары, ұйғарымдары және шешімдердің өзге де түрлері) прокурормен келісуге жатады (бұдан әрі - тексеру туралы шешім).

      23. Осы Қағидалардағы тексерулер деп мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдары инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың қызметінде жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың барлық түрлері мен нысандары түсініледі.

      24. Тексеру туралы шешімді және барлық қажетті растайтын материалдарды мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар оны шығарған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ТСОБТ-ты пайдалана отырып, электрондық нысанда прокурорға жібереді.

      25. Келісуді мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдар тексеру жүргізілгенге дейін және оны Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің аумақтық органдарында (бұдан әрі – ҚСжАЕК органдары) тіркегенге дейін жүзеге асырады.

      26. Прокурор тексеру туралы шешімді мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың материалдары прокурорға келіп түскен кезден бастап бір жұмыс күні ішінде (жұмыс уақытын ескере отырып) прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып электрондық нысанда келіседі не келісуден бас тартады.

      27. Қосымша материалдарды талап ету және зерделеу, уәкілетті лауазымды адамның не инвестордың түсініктемелерін алу қажет болған жағдайда прокурор тексеру туралы шешімді ол келіп түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде келіседі.

      28. Эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қаупі төнген жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде прокурор ол туралы хабарлама келіп түскен сәттен бастап тексеру туралы шешімді жиырма төрт сағат ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері осы тармақта көрсетілген тексерулер туралы шешімдерді қабылдауды прокуратураның жедел кезекшісі жүзеге асырады.

      Прокуратураның жедел кезекшісі осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты тексеру туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту жүктелген прокурорды дереу хабардар етеді.

      29. Прокурор тексеру туралы шешімді келіскен жағдайда бұл шешім және барлық қажетті растайтын материалдар "Бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тағайындау туралы актілерді, олардың мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актілерді тіркеудің, оларды тіркеуден бас тартудың және күшін жоюдың, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді тоқтата тұру, қайта бастау, мерзімдерін ұзарту туралы хабарламалардың, қатысушылар құрамын өзгертудің және бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) тексеру және олардың нәтижелері туралы ақпараттық есепке алу құжаттарын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №162 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21964 болып тіркелген) көзделген тәртіппен тексеру актіні одан әрі тіркеу үшін ҚСжАЕК органының лауазымды адамына келіп түседі.

      30. Тексеру туралы шешім ҚСжАЕК органдарында тіркеуді талап етпеген және (немесе) хабарлама сипатында болған жағдайда, прокурордың келісу не келісуден бас тарту туралы жауабы материалдарды ҚСжАЕК-нің лауазымды адамдарына әрі қарай жібермей, мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органға, олардың лауазымды адамдарына және оларға теңестірілген адамдарға ТСОБТ-ға келіп түседі.

      31. Прокурор тексеру туралы шешімді келісуден бас тартқан жағдайда прокурордың жауабы мемлекеттік органға және жергілікті атқарушы органға, олардың лауазымды адамдарына және оларға теңестірілген адамдарға бас тарту себептерін көрсете отырып электронды нысанда жіберіледі.

      Прокурор келісуден бас тартқан тексеру туралы шешімдер ҚСжАЕК органдарында тіркелуге жатпайды.

      32. Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдарда, олардың лауазымды адамдары және оларға теңестірілген адамдарда ТСОБТ жүйесіне не электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда, прокурордың тексеру туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту туралы жауабы қағаз жеткізгіште ұсынылады.

      33. Тексеру туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      1) тексерудің заңдылығы мен негізділігі;

      2) тексеру жүргізудің экономикалық орындылығы (тексеру қорытындылары бойынша кәсіпорынның жабылу, оның қызметін тоқтата тұру тәуекелі жағдайында мемлекетке келтірілген залалды және елдің (өңірдің) экономикасы үшін болашақ шығындарды, сондай-ақ елдің (өңірдің) экономикасы үшін де, инвестор үшін де басқа да салдарларды салыстыру);

      3) инвестордың қызметінен не инвестициялық жобаны іске асырудан халықтың өмірі мен денсаулығы үшін жағымсыз салдарлар тәуекелдерінің болуы/ болмауы;

      4) инвесторға әсер етудің баламалы шараларының болуы/болмауы;

      5) тексеру жүргізбестен инвестордың заңдылықты бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы/болмауы;

      6) мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тексеруге дейін жүргізілген профилактикалық шаралардың толықтығы мен уақтылығы мән-жайларын ескереді.

      34. Прокурордың тексеру туралы шешімді келісуден бас тартуы мынадай:

      1) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) шынайы еместігін анықтау;

      2) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) тағайындалатын тексерудің заңдылығына объективті баға беруге мүмкіндік бермейтін ұсынылған құжаттардың (оның ішінде тексеруді тағайындау үшін негіз болған) толық болмауы;

      4) мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың тексеру туралы шешімдері сот талқылауының мәні болып табылатын жағдайларда;

      5) мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың тексеру туралы шешімдері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәні болып табылатын жағдайларда;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тексеруді тағайындау үшін құқықтық негіздердің болмау;

      7) инвесторға қатысты баламалы әсер ету шараларының не тексеру жүргізбей бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы;

      8) тексеру қорытындылары бойынша болжанатын салдарлар ауырлығының инвестор жол берген бұзушылықтарға сәйкес келмеуі не олардың маңызды болмауы;

      9) тексеру жүргізудің өңір не ел үшін экономикалық тиімсіздігі (инвестордың қызметінен және инвестициялық жобаны іске асыру кезінде халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп болмаса) негіздері бойынша шығарылады.

      35. Тексеру туралы шешімді келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) прокуратура органының атауы, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) тексеру туралы шешім шығарған мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) өтінімнің "келісілді" не "келісуден бас тартылды" деген мәртебесі;

      5) осы Қағидалардың 34-тармағына сәйкес тексеру туралы шешімді келісуден бас тартудың негізі туралы деректер көрсетіледі.

4-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мемлекеттік органдардың талап қоюларын прокурормен келісу тәртібі

      36. Мемлекеттік органдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты талап қоюлары прокурормен келісуге жатады.

      АПК-нің 8-бабының 7-бөлігіне сәйкес дауды сотқа дейінгі реттеудің бұл тәртібі мемлекеттік органның инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын талап қоюмен сотқа жүгіну құқығын іске асыру үшін міндетті болып табылады және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      37. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыздары, сондай-ақ ерекше іс жүргізу тәртібімен сот қарайтын істер бойынша арыздар прокурормен келісілуге жатпайды.

      38. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюлары заңнамада белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткенге дейін кемінде бір ай бұрын прокурорға электрондық нысанда ҰЦИП-ті пайдалана отырып келісуге жіберіледі.

      39. Облыстық және аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік органдардың талап қоюлары аумақтылығы бойынша әскери және көлік прокуратура органдарына, облыстардың прокуратураларына және оларға теңестірілген прокуратураларға (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратураларға жіберіледі.

      Мұндай талап қоюларды келісуді немесе келісуден бас тартуды кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органдарының қызметкерлері жүзеге асырады.

      40. Орталық мемлекеттік органдардың талап қоюлары Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына келісуге жіберіледі.

      Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуді не келісуден бас тартуды кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      41. Прокурорға жіберілетін арыздар АПК-нің 136, 148-баптарының ережелеріне сәйкес келуі және мыналарды:

      1) жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның және мемлекеттің не мемлекеттік органның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу немесе бұзу қаупінің мәні;

      2) талап қою талаптарының негіздемелері, сондай-ақ осы талаптарды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;

      3) қолданылатын заңдарға сілтемелерді қамтуы тиіс.

      42. Сотқа мыналар:

      1) мемлекеттік орган инвесторға өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;

      2) инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері;

      3) инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар;

      4) инвестордың ел (өңір) экономикасына қосқан үлесі туралы мәліметтер мен құжаттар, сондай-ақ елдің (өңірдің) аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезеңіндегі салық аударымдары бойынша деректер қоса беріледі.

      Прокурордың талабы бойынша талап қоюға растайтын қосымша мәліметтер мен материалдар қоса беріледі.

      43. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын зерделеу нәтижелері бойынша прокурор оларды алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде оларды келіседі не келісуден бас тартады.

      44. Қосымша материалдарды талап ету не зерделеу, мемлекеттік органның не инвестордың ұстанымын тыңдау қажет болған кезде прокурор инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын олар келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде келіседі не келісуден бас тартады.

      45. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюлары жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері келіп түскен кезде оларды қабылдау және тіркеу келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      46. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын қарау нәтижелері бойынша прокурор оны келіседі не келісуден бас тартады.

      47. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      1) талап қою талаптарының заңдылығы мен негізділігі;

      2) даулы құқықтық қатынастардың туындау себептері;

      3) инвестор үшін инвестициялық жобаларды іске асыруға, міндеттемелерді орындауға теріс әсер ететін салдарлар немесе мемлекетке, инвестициялық тартымдылыққа және ел экономикасына нұқсан келтіру қаупі;

      4) инвестордың қызметінен адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, мемлекетке зиян келтіру қаупінің болу мән-жайларын ескереді.

      48. Прокурордың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуден бас тартуы мынадай:

      1) инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларының осы Қағидалардың 41 және 42-тармақтарында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеуі;

      2) заңнамада белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі өткеннен кейін талап қою арызын жіберу;

      3) талап қою үшін құқықтық негіздердің болмауы;

      4) құжаттардың, растайтын материалдардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) шынайы еместігін анықтау;

      5) инвестордың мемлекеттік органның сотқа талап қоюмен жүгінбей-ақ бұзушылықтарды жою мүмкіндігінің болуы;

      6) соттың заңды күшіне енген шешімінің немесе соттың АПК-да көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарымының, сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған шешімінің болуы;

      7) "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотының, төреліктің сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және негіздер бойынша шығарылған шешімінің болуы;

      8) сол тараптар арасында, сол мәселе және сол негіздер бойынша жасалған атқарушылық жазбаның болуы;

      9) инвестор үшін ол жіберген бұзушылықтардың мемлекеттік орган қойған талаптар салдарының ауырлығына сәйкес келмеуі негіздері бойынша шығарылады.

      49. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуді не келісуден бас тартуды прокурор ҰЦИП немесе прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, электрондық нысанда жүзеге асырады.

      50. Мемлекеттік органдарда электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісу не келісуден бас тарту қағаз жеткізгіште жүзеге асырылады.

      51. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) прокуратура органының атауы, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) талап қоюға бастамашылық жасаған мемлекеттік органның атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) өтінімнің "келісілді" не "келісуден бас тартылды" деген мәртебесі;

      5) осы Қағидалардың 48-тармағына сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың талап қоюларын келісуден бас тарту негіздемесі туралы деректер көрсетіледі.

5-тарау. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурормен келісу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау тәртібі

      52. Мемлекеттік органдардың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдері прокурормен келісуге жатады.

      53. Уәкілетті лауазымды адамдардың мынадай шешімдері прокурормен келісуге жатпайды:

      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалғанға дейін, іс бойынша іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыны орындау сатысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және автоматты режимде жұмыс істейтін аспаптармен тіркелген жағдайда айыппұл төлеу қажеттілігі жөніндегі нұсқамалар.

      54. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдерді келісу не прокурордың келісуден бас тартуы ӘҚБтК-нің 759-бабында және осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      55. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім қабылдауға уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) мұндай шешімді прокурорға оған қол қойылғанға дейін ӘІБТ-ны пайдалана отырып жібереді.

      Мұндай шешімдерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы хаттамалардың, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалардың, хабарламалардың (хабархаттардың) жобалары және инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдердің өзге де жобалары жатады.

      56. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін негіздердің болуын растайтын материалдары бар инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісі анықталған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде ӘІБТ-ні пайдалана отырып, прокурорға жіберіледі.

      57. Прокурор инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оны келіседі не келісуден бас тартады.

      Қосымша материалдарды талап ету және зерделеу, уәкілетті лауазымды адамның не инвестордың түсініктемелерін алу қажет болған жағдайда прокурор инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келіседі не ол келіп түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде оны келісуден бас тартады.

      58. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу түріндегі қамтамасыз ету шаралары қабылданған жағдайларда инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуді не келісуден бас тартуды прокурор олар келіп түскен кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде жүзеге асырады.

      Егер уәкілетті лауазымды адам эпидемияның, карантиндік объектілер және аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралу қаупі төнген жағдайда, қызметін немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не тыйым салу түрінде қамтамасыз ету шараларын қабылдаған болса, инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту олар келіп түскен сәттен бастап жиырма төрт сағат ішінде жүзеге асырылады.

      Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері осы тармақта көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімдерді қабылдауды прокуратураның жедел кезекшісі жүзеге асырады.

      Прокуратураның жедел кезекшісі осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту жүктелген прокурорды дереу хабардар етеді.

      59. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім келіп түскен кезде оларды қабылдау және тіркеу осы Қағидалардың 58-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      60. Мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамына инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту нәтижелері бойынша бар болған жағдайда бас тарту себептері көрсетілген прокурордың жауабы электрондық нысанда жіберіледі.

      61. Мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамында электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділік болмаған жағдайда инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурордың келісуі не келісуден бас тартуы қағаз жеткізгіште ұсынылады.

      62. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісу не келісуден бас тарту кезінде прокурор мынадай:

      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаудың заңдылығы мен негізділігі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын не ӘҚБтК-нің 741 және 742-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлардың болуы;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың нақты мән-жайлары, оның ішінде құқық бұзушының жеке басы, сондай-ақ қол сұғушылық объектісі, ал зиян болған кезде – оның мөлшері;

      3) инвестор үшін инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға теріс әсер ететін не мемлекетке залал келтіруі мүмкін ықтимал салдарлардың болуы;

      4) инвестордың қызметінен адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру қаупінің болуы;

      5) инвестор жасаған құқық бұзушылық және салынатын әкімшілік жаза салдарлары ауырлығының сәйкес келмеуі туралы мән-жайларды ескереді.

      63. Прокурордың инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуы осы Қағидалардың 62-тармағында аталған мән-жайлар ескеріле отырып, мынадай:

      1) ӘҚБтК-нің 741-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын оқиғаның, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының және өзге де мән-жайлардың болмауы;

      2) адам өміріне, денсаулығына зиян келтіру қаупі болмаған жағдайда инвестор жасаған құқық бұзушылықтың және тағайындалатын әкімшілік жаза салдарлары ауырлығының сәйкес келмеуі;

      3) инвестор үшін инвестициялық жобаны одан әрі іске асыруға теріс әсер ететін не инвестордың қызметін тоқтату қаупі бар ықтимал салдарлардың болу;

      4) ӘҚБтК-нің 802-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін себептер мен негіздердің болмауы;

      5) ӘҚБтК-нің 742-бабында көзделген әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлардың болу негіздері бойынша шығарылады.

      64. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісудің не келісуден бас тартудың электрондық нысанында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мынадай:

      1) прокуратура органының атауы, күні, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы;

      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді шығаруға бастамашы болған мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның, олардың лауазымды адамдарының және оларға теңестірілген адамдардың атауы;

      3) инвестордың атауы;

      4) өтінімнің мәртебесі "келісілді" не "келісуден бас тартылды";

      5) осы Қағидалардың 63-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартудың негізі туралы деректер көрсетіледі;

      65. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурор келіскен жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті адам осы туралы прокурордың жауабы келіп түскен сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде инвесторға хабарлайды.

      66. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуді не келісуден бас тартуды аумақтық қағидат бойынша прокурор жүзеге асырады.

      67. Облыстық және аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды адамдарының шешімдері аумақтылығы бойынша әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген прокуратуралардың (республикалық маңызы бар қалалар мен астананың), аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың тиісті органдарына жіберіледі.

      Мұндай шешімдерді келісуді немесе келісуден бас тартуды кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органдарының қызметкерлері жүзеге асырады.

      68. Орталық мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды адамдарының шешімдері Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына келісуге жіберіледі.

      Мұндай шешімдерді келісуді не келісуден бас тартуды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кәсіпкерлік және инвестицияларды қолдау саласындағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын бөлімшесі жүзеге асырады.

      69. Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуға шағым жасау "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 25-бабында және осы Қағидаларда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      70. Жоғары тұрған прокурор мұндай шағымды прокуратура органдарына келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      71. Шағымды қарау нәтижелері инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты прокурордың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді келісуден бас тартуына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа шағымдану үшін негіз болып табылады.

      72. Жоғары тұрған прокурор не сот шағым бойынша шешім қабылдағанға дейін инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешім прокурормен келісілмеген деп танылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады