Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу, пайдалану, қайтару қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2025 жылғы 27 наурыздағы № 136 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 31 наурызда № 35878 болып тіркелді

      "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 6) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 8-тармағымен сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу, пайдалану, қайтару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ол ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а. Д. Щеглова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Оқу-ағарту министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

  Вице-министрі
2025 жылғы 27 наурыздағы
№ 136 бұйрығына
қосымша

Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу, пайдалану, қайтару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу, пайдалану, қайтару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабының 6) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және бастапқы білім беру капиталын есепке жазу, пайдалану, қайтарутәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бастапқы білім беру капиталы – салымшының білім беру жинақтау салымына немесе білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасына есепке жатқызылатын, бюджет қаражаты есебінен төленетін біржолғы төлем;

      2) білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты (бұдан әрі – сақтандыру шарты) – өмірді жинақтаушы сақтандыру шарты, оған сәйкес бір тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал екінші тарап (қатысушы-сақтандыру ұйымы) сақтандыру оқиғасының туындауы нәтижесінде есептелген, оның ішінде аударылған инвестициялық кірісті басшылыққа ала отырып, есептелген сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді;

      3) білім беру жинақтау салымы – салымшының немесе салымшылардың жарналарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім алу ақысын төлеу мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақтар төлемдері есебінен төленген жарналарды, бастапқы білім беру капиталын, мемлекет сыйлықақысын, қатысушы-банктің капиталдандырылған сыйақыларын қамтитын қатысушы-банктегі салымшы шотындағы ақша;

      4) білім беру жинақтау салымы туралы шарт (бұдан әрі – салым шарты) – салымшының қатысушы-банкпен жасасқан білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банктік салым шарты;

      5) қатысушы-білім беру ұйымы – Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан заңды тұлға;

      6) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      7) қатысушы-банк – Заңда белгіленген талаптарға жауап беретін және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі, Ұлттық пошта операторы;

      8) мемлекет сыйлықақысы – жыл сайын белгіленген мерзімде бюджет қаражаты есебінен білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына және сақтандыру шарты бойынша есептік сомаға төленетін ақша;

      9) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган мен оқу-ағарту саласындағы уәкілетті органның бірлескен шешімімен айқындалатын, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;

      10) пайда алушы – сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;

      11) сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасы – сақтандыру сыйлықақылары (сақтандыру жарналары), бастапқы білім беру капиталы, инвестициялық кіріс, өткен кезеңдердің есепке жазылған мемлекет сыйлықақылары ескеріліп, сақтандыру шарты бойынша қалыптасқан сақтандыру резерві негізге алына отырып айқындалатын мемлекет сыйлықақысын есептеу үшін қабылданатын сома;

      12) сақтанушы – пайда алушының ата-анасы немесе өзге жақын туысы, заңды өкілі болып табылатын және қатысушы-сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға (осы Заңға сәйкес сақтанушы сақтандырылған тұлға болып табылады);

      13) салымшы – салым шартының тарабы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      14) қатысушы-сақтандыру ұйымы – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан заңды тұлға.

2-тарау. Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу тәртібі

      3. Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу салымшыға білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелген салым шарты бойынша немесе пайда алушыға күнтізбелік жылы бес жыл болған білім беру жинақтау сақтандыру шарттарының бірыңғай тізілімінде тіркелген сақтандыру шарты бойынша жүзеге асырылады. Бір салымшыға немесе пайда алушыға бастапқы білім беру капиталын қайта есепке жазуға жол берілмейді.

      4. Осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бастапқы білім беру капиталы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына белгіленген алпыс мәрте еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есепке жазылады.

      5. Балалар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болып табылатын салымшылар мен пайда алушыларға бастапқы білім беру капиталы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына белгіленген жүз жиырма мәрте еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есепке жазылады.

      6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген салымшылар мен пайда алушылардың жүз жиырма мәрте еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын алуын, оператор осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жылына кемінде екі рет балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органнан қажетті мәліметтер алу арқылы растайды.

      7. Бастапқы білім беру капиталын аудару сақтандыру шарты бойынша салымға немесе есептік сомаға жүзеге асырылады:

      1) ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 маусымына дейін (қоса алғанда) бес жасқа толған балаларға – ағымдағы күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін;

      2) ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 шілдесінен бастап 31 желтоқсанына дейін (қоса алғанда) бес жасқа толған балаларға және ағымдағы күнтізбелік жылда бес жасқа толған, бірақ бастапқы білім беру капиталы есепке жазылмаған балаларға – есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 28 ақпанына дейін.

      8. Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу келесі дәйекті әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:

      1) балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жыл сайын ағымдағы жылдың 6 қаңтарына дейінгі мерзімде операторға ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мәліметтер және ағымдағы жылдың 6 шілдесіне дейін ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша мәліметтер береді;

      2) қатысушы-банктер мен қатысушы-сақтандыру ұйымдары тоқсан сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-шы күніне дейін операторға осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес ақпарат береді;

      3) оператор салым шарттары бойынша қатысушы-банктер және сақтандыру шарттары бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымдары ұсынған мәліметтер негізінде жыл сайын ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде бастапқы білім беру капиталын есепке жазу үшін осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға алдағы қаржы жылына бастапқы білім беру капиталын есепке жазудың болжамды есеп-қисабын береді;

      4) оператор балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органнан мәліметтер алғаннан кейін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес осы Қағидалардың 7-тармағында айқындалған бастапқы білім беру капиталын аудару күніне дейін жиырма күнтізбелік күннен кешіктірмей ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органға бастапқы білім беру капиталының түпкілікті есеп-қисабын ұсынады;

      5) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган оператордан бастапқы білім беру капиталы сомасының түпкілікті есеп-қисабын алғаннан кейін бастапқы білім беру капиталын аудару күніне дейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бастапқы білім беру капиталының жалпы сомасын оператордың шотына аударады;

      6) оператор бастапқы білім беру капиталын аударғанға дейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей әрбір жасалған салым шарты мен сақтандыру шарты бойынша бастапқы білім беру капиталының мөлшері туралы мәліметтер бере отырып, қатысушы-банктер мен қатысушы-сақтандыру ұйымдарына бастапқы білім беру капиталын аударады;

      7) қатысушы-банк немесе қатысушы-сақтандыру ұйымы бастапқы білім беру капиталын оператордан бастапқы білім беру капиталының жалпы сомасын алған күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде, бірақ осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мерзімдерден кешіктірмей сақтандыру шарты бойынша салымға немесе есептік сомаға аударады.

      9. Салым немесе сақтандыру шарты бойынша ең төмен жарна жыл сайын бастапқы білім беру капиталы есепке жазылған күннен бастап және салымшы немесе пайда алушы он сегіз жасқа толғанға дейін не ол қатысушы-білім беру ұйымына немесе шетелдік білім беру ұйымына қабылданғанға дейін енгізіледі.

      10. Басым санатқа жатқызылған салымшылар мен пайда алушылар үшін жыл сайынғы ең төмен жарнаның мөлшері:

      1) мүгедек балалар мен жан басына шаққанда кірісі азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасыларының балалары үшін–тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде он екі мәрте еселенген мөлшерін;

      2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларының балалары, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (магистратура) жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалар үшін, олар кәмелетке толғаннан кейін білім беру ұйымын бітірген уақытқа дейін, бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін – жиынтығында бір отбасының балаларының барлық салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заң тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына белгілеген айлық есептік көрсеткіштің кемінде он екі мәрте еселенген мөлшерін құрайды.

      Жетім балалар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болып табылатын салымшылар мен пайда алушылар жыл сайынғы ең төменгі жарнаны төлеуден босатылады.

      Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген басым санаттарға жатпайтын балалар үшін – тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына республикалық бюджет туралы заңда белгілеген айлық есептік көрсеткіштің кемінде жиырма төрт мәрте еселенген мөлшерін құрайды.

      Сақтандыру сыйлықақысын біржол төлейтін сақтандыру шарттары бойынша және сақтандыру шартының бүкіл қолданылу кезеңіне ең төмен жарна мөлшеріне қойылатын талаптарды сақтау үшін төленген сақтандыру сыйлықақысының сомасы жеткілікті болған жағдайда сақтанушы ең төмен жарналарды қосымша төлемейді.

      Сақтандыру сыйлықақысын біржол төлейтін сақтандыру шарттары бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымы төленген сақтандыру сыйлықақысының сомасы сақтандыру шартын қолданудың келесі жылына ең төмен жарна мөлшеріне қойылатын талаптарды орындауға жеткіліксіз болуын анықтаған кезде сақтанушы сақтандыру сыйлықақысына кемінде жыл сайынғы ең төмен жарна мөлшерінде қосымша сома төлейді.

      Есепті жылы осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген ең төмен жарна бойынша талап орындалмаған жағдайда қатысушы-сақтандыру ұйымы сақтанушыны сақтандыру сыйлықақысына қосымша сома төлеу бөлігінде сақтандыру шартына өзгерістер енгізу қажеттігі жайында хабардар етеді.

      11. Бастапқы білім беру капиталы осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген ең төменгі жарнаны жыл сайын енгізген кезде салымда немесе сақтандыру шарты бойынша сақталады.

      12. Бастапқы білім беру капиталын сақтау мақсатында қатысушы-банк есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарына (қоса алғанда) дейін операторға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес осының алдындағы қаржы жылында салымшының пайдасына өткен жыл үшін төленген жарналар сомасы туралы ақпарат береді.

      13. Бастапқы білім беру капиталын сақтау мақсатында қатысушы- сақтандыру ұйымы есепті жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарына дейін (қоса алғанда) операторға осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес пайда алушының пайдасына өткен жыл үшін төленген сақтандыру жарналарының сомасы туралы ақпарат береді.

3-тарау. Бастапқы білім беру капиталын пайдалану тәртібі

      14. Жарналарды, сақтандыру сыйлықақыларын (сақтандыру жарналарын), сыйақыны немесе инвестициялық кірісті, есептелген мемлекет сыйлықақысын ескере отырып бастапқы білім беру капиталы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу мақсатында білім беру қызметтеріне ақы төлеуге пайдаланылады.

      Салымшыға немесе пайда алушыға білім беру гранты берілген немесе салымшы немесе пайда алушы кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім беру қызметтерін алған кезде қатысушы-банктің капиталдандырылған сыйақысы, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен бастапқы білім беру капиталы ескерілген салым қаражатын немесе инвестициялық кірісті ескере отырып сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін алу, оқуды аяқтағаннан кейін және қатысушы-банкке немесе қатысушы-сақтандыру ұйымына білім туралы құжат ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады. Сақтандыру шарты бойынша салымға немесе сақтандыру төлеміне билік ету жөніндегі өзге құқықтар Заңның 11-бабының 2-1-тармағына және 11-1-бабының 13-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Салымшының немесе пайда алушының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болған жағдайда сақтандыру шарты бойынша салымға немесе сақтандыру төлеміне билік ету Заңның 11-бабының 2-1-тармағына және 11-1-бабының 13-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте салымшы немесе пайда алушы қатысушы-банкке немесе қатысушы-сақтандыру ұйымына салым ашылған немесе сақтандыру шарты жасалған күннен ерте берілмеген білім туралы құжат ұсынады. Сақтандыру шарты бойынша салымға немесе сақтандыру төлеміне билік ету жөніндегі өзге құқықтар Заңның 11-бабының 2-1-тармағына және 11-1-бабының 13-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Салымшыны немесе пайда алушыны шетелдік білім беру ұйымына грантқа қабылдау кезінде қатысушы-банктің капиталдандырылған сыйақысы, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен бастапқы білім беру капиталы ескерілген салым қаражатын немесе инвестициялық кірісті ескере отырып сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін алу қатысушы-банкке немесе қатысушы-сақтандыру ұйымына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында танылған шетелдік білім беру ұйымының білім туралы құжаты ұсынылған кезде жүзеге асырылады. Сақтандыру шарты бойынша салымға немесе сақтандыру төлеміне билік ету жөніндегі өзге құқықтар Заңның 11-бабының 7-тармағына және 11-1-бабының 11-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Салымынан төленетін жинақ төлемдерін немесе сақтандыруы шарты бойынша сақтандыру төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін мынадай мақсаттарға:

      1) тұрғын үйді немесе жер учаскесін (нысаналы мақсаты - жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) сатып алу-сату, айырбастау (алмасу) шарттары бойынша меншікке сатып алуға байланысты азаматтық – құқықтық мәмілелер бойынша, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы кепілдігі болған кезде немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы акт жасалған кезде (ипотекалық тұрғын үй қарызын ресімдемей) түпкілікті есеп айырысуға;

      2) бір банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үйді және (немесе) жөндеу жүргізе отырып тұрғын үйді сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізуге, бір банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үйді және (немесе) жөндеу жүргізе отырып тұрғын үйді сатып алуға арналған тұрғын үй қарыздарын ішінара немесе толық өтеуге, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға;

      3) тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізу үшін) немесе жеке тұрғын үй салуға (нысаналы мақсаты бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) ипотекалық тұрғын үй қарызын алу (қайта қаржыландыру) мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымды толықтыруға (оның ішінде одан әрі жинақтау үшін);

      4) тұрғын үйді сатып алуға (оның ішінде бір банктік қарыз шарты шеңберінде жөндеу жүргізуге) немесе жеке тұрғын үй салуға (нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық болатын жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша алынған ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге;

      5) ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үйді сатып алуға, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыруы шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеуге;

      6) тұрғын үй құрылысы бағдарламалары немесе дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша төлеуге, жекешелендіруге, төлемді бөліп-бөліп сатып алу-сатуға;

      7) жеке тұрғын үй құрылысына (меншігінде нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық болатын жер учаскесі болған кезде) пайдалануға жол беріледі.

4-тарау. Бастапқы білім беру капиталын қайтару тәртібі

      16. Есепке жазылған бастапқы білім беру капиталы мынадай:

      1) осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, салымшының немесе сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде және мерзімдерде жыл сайынғы ең төмен жарнаны енгізбеу фактісі анықталған;

      2) салымшы немесе пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      3) осы Заңның 11-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, нысаналы мақсаты сақталмай, салым шарты салымшының бастамасы бойынша бұзылған немесе мерзімінің өтуіне байланысты салым шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылған;

      4) осы Заңның 11-1-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, нысаналы мақсаты сақталмай, сақтандыру шарты сақтанушының, сақтанушы қайтыс болған жағдайда – пайда алушының бастамасы бойынша бұзылған немесе мерзімінің өтуіне байланысты сақтандыру шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылған жағдайларда қайтарылуға жатады.

      Салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі немесе сақтанушы төтенше жағдайдың қолданылуы, төтенше жағдайдың жариялануы, шектеу іс-шараларының, оның ішінде карантиннің енгізілуі кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты кірісінен айырылған не ол қайтыс болған жағдайда жыл сайынғы ең төмен жарнаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде енгізбеген жағдайда, бастапқы білім беру капиталы қайтарылмайды.

      Бастапқы білім беру капиталын қайтаруды қатысушы-банк немесе қатысушы-сақтандыру ұйымы операторға оның осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес қайтарылуға жататын бастапқы білім беру капиталы сомасының мөлшері туралы көшірме-анықтамасы бойынша қатысушы-банк немесе қатысушы-сақтандыру ұйымы оператордан көшірме-анықтама алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      17. Өткен қаржы жылы үшін жыл сайынғы ең төмен жарна мөлшерінің жеткіліксіз болу, оның ішінде жыл сайынғы ең төмен жарна көлеміне қойылатын талаптарды сақтау үшін сақтандыру шарты бойынша төленген сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарнасының) жеткіліксіз болу фактісі анықталған кезде оператор 1 наурызға дейінгі мерзімде қатысушы- банкке немесе қатысушы-сақтандыру ұйымына қайтарылуға жататын бастапқы білім беру саласы сомасының мөлшері туралы көшірме-анықтама жібереді.

      18. Есепке жазылған бастапқы білім беру капиталының сомасын операторға қайтаруды ағымдағы жылдың 15 наурызына дейін бастапқы білім беру капиталын есептеу жылына сәйкес келетін айлық есептік көрсеткіштің алпыс мәрте еселенген мөлшерінде қатысушы-банк салымшының салымынан және қатысушы-сақтандыру ұйымы сақтандыру шарты бойынша есептік сомадан жүзеге асырады.

      Қағидалардың осы тармағына сәйкес бастапқы білім беру капиталын қайтару кезінде салым шарты немесе сақтандыру шарты бойынша есептелген мемлекет сыйлықақысы сақталады және бюджетке қайтарылуға жатпайды.

      19. Қайтарылған бастапқы білім беру капиталын пайдалануды оператор мынадай кезектілікпен:

      1) бастапқы білім беру капиталы операторға қайтарылған күннен кейінгі күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде салымшыға немесе пайда алушыға ағымдағы күнтізбелік жылы бес жыл толған және бұдан бұрын бастапқы капитал есепке жазылмаған сақтандыру шарты бойынша салымға немесе есептік сомаға есепке жазу арқылы жүзеге асырады. Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу салым шартын немесе сақтандыру шартын жасасу күні ескеріле отырып сақтандыру шарты бойынша салымға немесе есептік сомаға жүзеге асырылады;

      2) сақтандыру шарты бойынша салымға немесе есептік сомаға аудару қажет болмаған кезде бюджетке қайтару арқылы жүзеге асырады.

  Бастапқы білім беру капиталын
есепке жазу, пайдалану,
қайтару қағидаларына
1-қосымша

Бастапқы білім беру капиталын есепке жазу үшін жетім балалар және ата-анасының қорғанысынсыз қалған балалар бойынша ____________________________________________________________ (балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның атауы) мәліметтер

Баланың
Т.А.Ә.
(ол бар болса)

Баланың туған күні
(КК.АА.ЖЖЖЖ)

Баланың ЖСН-і

Өңір

Т.А.Ә. (ол бар болса)
(қамқоршылар, патронат
тәрбиешілер, асырап
алушыата-аналар)













      Басшы ________________________       ___________________

      Т.А.Ә. (ол бар болса)                   қолы

      Мөр орыны

  Бастапқы білім беру капиталын
есепке жазу, пайдалану,
қайтару қағидаларына
2-қосымша

Алдағы қаржы жылында бес жасқа толатын салымшыларға бастапқы білім беру капиталын есепке жазу үшін білім беру жинақтау салымдары бойынша ________________________________ мәліметтері (қатысушы банктің атауы) ______ жыл

Салымшының Т.А.Ә.
(ол бар болса)

Салымшының
туған күні
(КК.АА.ЖЖЖЖ)

Салымшының
ЖСН-і

Білім беру жинақтау салымы шартының нөмірі мен күні

Білім беру
жинақтау салымы
шартының мерзімі
(КК.АА.ЖЖЖЖ)

1






2






      Басшы ________________________             ___________________

      Т.А.Ә. (ол бар болса)                         қолы

      Мөр орыны

  Бастапқы білім беру капиталын
есепке жазу, пайдалану,
қайтару қағидаларына
3-қосымша

Алдағы қаржы жылында бес жасқа толатын пайда алушыларға бастапқы білім беру капиталын есепке жазу үшін білім беру жинақтау сақтандыруы шарттары бойынша __________________________________ мәліметтері (қатысушы сақтандыру ұйымының атауы) ______ жыл

Пайда алушының Т.А.Ә.
(ол бар болса)

Пайда алушының туған күні (КК.АА.ЖЖЖЖ)

Пайда алушының ЖСН-і

Білім беру жинақтау сақтандыруы шартының нөмірі мен күні

Білім беру
жинақтау сақтандыруы
шартының мерзімі
(КК.АА.ЖЖЖЖ)

1






2






      Басшы ________________________            ___________________

      Т.А.Ә. (ол бар болса)                   қолы

      Мөр орыны

  Бастапқы білім беру капиталын
есепке жазу, пайдалану,
қайтару қағидаларына
4-қосымша

____________________ жыл (алдыңғы жыл)

үшін білім беру жинақтау салымдарына енгізілген жыл сайынғы ең төмен жарналар туралы __________________________ ақпараты (қатысушы банктің атауы)

Салымшының
Т.А.Ә.
(ол бар болса)

Салымшының
туған күні
(КК.АА.ЖЖЖЖ)

Салымшы-ның ЖСН-і

Бастапқы білім беру капиталын қабылдау күні

Енгізілген жарналар сомасы
(теңгемен)

1






2






      Басшы ________________________             ___________________

      Т.А.Ә. (ол бар болса)                   қолы

      Мөр орыны

  Бастапқы білім беру капиталын
есепке жазу, пайдалану,
қайтару қағидаларына
5-қосымша

____________________ жыл үшін (алдыңғы жыл)

білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша енгізілген жыл сайынғы ең төмен жарналар туралы _________________________________________ ақпараты (қатысушы сақтандыру ұйымының атауы)

Пайда алушының
Т.А.Ә.
(ол бар болса)

Пайда алушының
туған күні (КК.АА.ЖЖЖЖ)

Пайда алушының
ЖСН-і

Білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша бастапқы білім беру капиталын қабылдау күні

Білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы
(теңге)

Енгізілген сақтандыру жарналарының сомасы (теңгемен)

1







2







      Басшы ________________________             ___________________

      Т.А.Ә. (ол бар болса)                   қолы

      Мөр орыны

  Бастапқы білім беру капиталын
есепке жазу, пайдалану,
қайтару қағидаларына
6-қосымша

Білім беру жинақтау салымы/білім беру жинақтау сақтандыруы туралы шарт бойынша есепке жазылған бастапқы білім беру капиталы туралы көшірме-анықтама

Астана қаласы





күні






______________






(КК.АА.ЖЖЖЖ)

      Қатысушы-банктің/қатысушы-сақтандыру ұйымының атауы:

      Салымшының/пайда алушының Т.А.Ә. (ол бар болса):

      Салымшының/пайда алушының ЖСН-і:

      Білім беру жинақтау салымы/білім беру жинақтау сақтандыруы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде білім беру жинақтау салымы/білім беру жинақтау сақтандыруы туралы шартты тіркеу № ________

      Есепке алынған бастапқы білім беру капиталының сомасы ____________

      (жазбаша)

      теңгені құрайды.

      "Қаржы орталығы" АҚ

      лауазымы __________________________________ ________________

      Т.А.Ә. (ол бар болса)                   қолы

      Мөр орыны

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады