"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-15) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 350) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары бекітілсін.
2. "Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 19 наурыздағы № 77 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22378 болып тіркелген) күші жойылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақтан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген 1) және 2) тармақшаларына сәйкес іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 140-НҚ бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-15) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 350) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау мен өткізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) билет кітапшасы – мәдениет ұйымы әзірлеген үлгілер мен техникалық ерекшелікке сәйкес типографиялық тәсілмен дайындалған және кітапқа түптелген қатаң есептегі билет бланкілері;
2) дистрибьютор – азаматтық заңнама шеңберінде жасалған шарттар негізінде мәдениет ұйымдарының билеттерін сатуды жүзеге асыратын уәкілетті жеке және/немесе заңды тұлғалар;
3) мәдениет ұйымдары – қызметінің негізгі нысанасы мәдениет саласындағы қызметті жүзеге асыру болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар;
4) термобилет – типографиялық тәсілмен дайындалған қағаз тасығыштағы арнайы бланк түріндегі қатаң есептегі құжат;
5) фонограмма – орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру.
2-тарау. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді дайындау тәртібі
3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарында (бұдан әрі – мәдениет ұйымы) билеттердің мынадай түрлерін дайындау жүзеге асырылады:
1) қағаз жеткізгіштегі билет;
2) термобилет;
3) электрондық билет.
4. Билеттер мынадай негізгі ақпаратты құрайды:
1) іс-шараның атауы;
2) іс-шараны өткізу күні мен уақыты;
3) билет бағасы;
4) көрермен залындағы сектор (болған жағдайда), қатар мен орын;
5) іс-шарада фонограмманың болуы немесе болмауы туралы ақпарат (жазылады);
6) құрылтай құжатына сәйкес мәдениет ұйымының атауы (толық немесе қысқартылған);
7) мәдениет ұйымының заңды мекенжайы;
8) қолдау қызметінің байланыс деректері (электрондық билеттер үшін);
9) айырықша белгілер: қағаз жеткізгіштегі билеттерде – алты таңбалы сериялық нөмір (алфавиттік тәртіпке сәйкес екі бас әріппен белгіленген), реттік нөмір, термобилеттерде – жеті таңбалы сериялық нөмір (алфавиттік тәртіпке сәйкес екі бас әріппен белгіленген), реттік нөмір, электрондық билеттерде – штрих-код және/немесе QR код.
Билеттердің сериялық және реттік нөмірлері мәдениет ұйымымен белгіленеді.
5. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпарат қағаз жеткізгіштегі билеттерге – арнайы мөртабандармен немесе типографилық баспа тәсілдерімен, термобилеттерге – шаблонға типографилық баспа тәсілдерімен енгізіледі.
6. Қағаз жеткізгіштегі билеттің беткі және артқы жақтары болады. Билеттің беткі жағы үш бөлікке бөлінген (түбіртек, орталық бөлік және бақылау), оның екеуі (түбіртек және бақылау) үзбелі болып табылады.
7. Қағаз жеткізгіштегі билет түбіртегінің беткі жағы осы Қағидалардың 4-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген ақпаратты қамтиды.
8. Қағаз жеткізгіштегі билеттің орталық бөлігінің беткі жағы осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды.
Билеттің түбіртегі мен орталық бөлігінің беткі жағындағы сериялық нөмірі мен сериясы бірдей болып табылады.
9. Қағаз жеткізгіштегі билеттің бақылау бөлігінің беткі жағы "Бақылау" деген сөзді қамтиды.
10. Билеттерде қамтылған ақпарат қазақ, орыс, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде ресімделеді.
11. Мәдениет ұйымының қалауы бойынша қағаз жеткізгіштегі билеттің орталық бөлігінің артқы жағында мәдениет ұйымдарына көрермендердің келуі мен мінез-құлық тәртібі туралы, билетті қайтару саясаты туралы және қосымша анықтамалық ақпарат қамтылады.
12. Қағаз жеткізгіштегі билеттің және термобилеттің сыртқы дизайны мәдениет ұйымымен дербес әзірленеді.
13. Қағаз жеткізгіштегі билеттер бланкілері бір іс-шараға көрермендер залындағы отырғызу орындарының саны бойынша билет кітапшасында қалыптастырылады. Билет кітапшасының титул парағына мәдениет ұйымының атауы, билеттердің сериясы мен реттік нөмірі қойылады және мәдениет ұйымының бірінші басшысы мен бас бухгалтері қол қояды.
14. Қағаз жеткізгіштегі билеттерді өткізу кезінде түбіртек билет кітапшасында қалады. Бір билет кітапшасы бір іс-шараға көрермендер залындағы отыратын орындар саны бойынша есептелген билеттер санын қамтиды.
15. Термобилет беткі және артқы жағы бар шаблонды білдіреді. Билеттің беткі жағы екі бөлікке бөлінген (негізгі және бақылау бөлігі). Билеттің бақылау бөлігі үзбелі болып табылады.
16. Термобилеттің негізгі бөлігінің беткі жағы осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды.
17. Термобилеттің бақылау бөлігінің беткі жағы "Бақылау" деген сөзді қамтиды.
18. Қалыптастырылған термобилет арнайы термопринтердің көмегімен басып шығарылады.
19. Термобилеттердің шаблондары қағаз орамдарға қалыптастырылады және термопринтердің техникалық сипаттамаларына сәйкес билеттер санын қамтиды.
20. Электрондық билет осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды және рұқсат етілмеген қолжетімділіктен қорғау, сәйкестендіру, тіркеу және билеттерді өткізген сәттен бастап 5 жыл ішінде билетті өткізу бойынша барлық операцияларды сақтау қасиеті бар билеттерді онлайн сатуды жүзеге асыратын дистрибьюторлардың автоматтандырылған жүйесі арқылы қалыптастырылады.
21. Бір билет бір іс-шараға қатысу үшін бір рет пайдаланылатын құжат болып табылады.
3-тарау. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарындағы билеттерді өткізу тәртібі
22. Билеттерді өткізу мәдениет ұйымының кассасында, сондай-ақ мәдениет ұйымымен азаматтық заңнама шеңберінде жасалған шарттар негізінде дистрибьюторлармен жүзеге асырылады.
23. Дистрибьюторларға ресімдеу және беру үшін билет бланкілерін алған мәдениет ұйымының билеттерді өткізуге жауапты тұлғасы тиісті жүкқұжаттар негізінде билеттерді беруді жүзеге асырады.
24. Азаматтық заңнама шеңберінде мәдениет ұйымдарымен шарттар жасасқан дистрибьюторлар туралы ақпарат мәдениет ұйымдарының ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
25. Дистрибьюторлар билеттерді өз ресурстары арқылы өткізеді.
26. Билеттерді өткізу қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүзеге асырылады.
27. Мәдениет ұйымының кассасынан билет сатып алған кезде кассир сатып алушыға қағаз жеткізгіштегі билетті және/немесе термобилетті және бақылау-касса аппаратурасын қолдана отырып, электрондық түрде қалыптастырылған және қағаз жеткізгіште басып шығарылған кассалық чекті береді.
28. Электрондық билетті сатып алу кезінде сатып алушының электрондық поштасына және/немесе ұялы телефон нөміріне электрондық билетті сатып алу фактісін растайтын электрондық кассалық чек автоматты режимде жіберіледі.
29. Мәдениет ұйымының гастрольдік іс-шараларына билеттерді өткізуді қабылдаушы тараптың және (немесе) мәдениет ұйымының және (немесе) дистрибьюторлардың күштерімен жүзеге асырылады.
30. Егер гастрольдік іс-шараларға билеттерді өткізуді қабылдаушы тарап жүзеге асырған жағдайда, онда қабылдаушы тарап өзі дайындаған билет бланкілерін не келетін тарап ұсынған билет бланкілерін пайдаланады.
31. Бой бермейтiн күштiң (форс-мажор), осы жағдайлар кезiндегi төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары, төтенше жағдай.) салдарынан мәдениет ұйымы іс-шараның күшін жояды.
32. Осы Қағидалардың талаптарын сақтамай ресімделген немесе қандай да бір түзетулері бар билеттер жарамсыз деп танылады және пайдалануға, айырбастауға және қайтаруға жатпайды.