"Орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 10 шiлдедегi № 174 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі № 82 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 сәуірде № 36019 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 10 шiлдедегi № 174 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34720 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      ""Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 18) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      2 және 3-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "2. Қорытынды аттестаттаудың мынадай мерзімдері бекітілсін:

      9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамырдан бастап 10 маусым аралығында;

      11 (12)-сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамырдан бастап 16 маусым аралығында.

      3. Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілсін:

      9 (10)-сынып оқушылары үшін:

      1) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 29 мамыр;

      2) қазақ тілі/орыс тілі және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін – жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2025 жылғы 2 маусым;

      3) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2025 жылғы 5 маусым;

      4) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 10 маусым;

      11 (12)-сынып оқушылары үшін:

      1) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2025 жылғы 30 мамыр;

      2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 4 маусым;

      3) қазақ тілі/орыс тілі бойынша және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде оқытатын мектептер/сыныптар үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 2025 жылғы 9 маусым;

      4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2025 жылғы 12 маусым;

      5) өзбек/ұйғыр/тәжік/орыс тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2025 жылғы 16 маусым.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады