"Әлеуметтік әмиян" арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы туралы хабарлау (хабархат), осындай шараны есепке алу және (немесе) алу және жеке тұлғаны мемлекеттік қолдау шараларын өзге ақпараттандыру объектілері арқылы алу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2025 жылғы 13 мамырдағы № 214/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 14 мамырда № 36105 болып тіркелді

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Әлеуметтік әмиян" арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы туралы хабарлау (хабархат), осындай шараны есепке алу және (немесе) алу және жеке тұлғаны мемлекеттік қолдау шараларын өзге ақпараттандыру объектілері арқылы алу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі
2025 жылғы 13 мамырдағы
№ 214/НҚ бұйрығымен
бекітілген

"Әлеуметтік әмиян" арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы туралы хабарлау (хабархат), осындай шараны есепке алу және (немесе) алу және жеке тұлғаны мемлекеттік қолдау шараларын өзге ақпараттандыру объектілері арқылы алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Әлеуметтік әмиян" арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы туралы хабарлау (хабархат), осындай шараны есепке алу және (немесе) алу және жеке тұлғаны мемлекеттік қолдау шараларын өзге ақпараттандыру объектілері арқылы алу қағидалары "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 21-2-бабына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы – деректерді берудің Қазақстан Республикасында пайдаланылатын стандарттық хаттамалары негізінде ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

      2) "әлеуметтік әмиян" – жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарлауға (хабархат), есепке алуға және алуға (көрсетуге) арналған ақпараттандыру объектісі;

      3) жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шарасы (бұдан әрі – қолдау шарасы) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдарды, заң кеңесшілерін қоспағанда, жеке тұлғалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер немесе өзге де мемлекеттік қолдау нысандары;

      4) қысқа мәтіндік хабарлама (бұдан әрі – SMS-хабарлама) – ұялы байланыс желісі арқылы ақпаратты қабылдау және беру бойынша байланыс операторы көрсететін қызмет;

      5) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақ шеңберінде географиялық тұрғыдан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке-дара пайдаланылатын байланыс құралы.

2-тарау. "Әлеуметтік әмиян" арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғаларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарлау (хабархат), есепке алу және (немесе) алу тәртібі

      3. "Әлеуметтік әмиян" абоненттік ұялы байланыс құрылғысы арқылы жеке тұлғаларды хабардар ету (хабархат) және қолдау шараларын ұсыну үшін пайдаланылады.

      4. Жеке тұлғаларға қолдау шараларын ұсыну, сондай-ақ дербес деректерді жинау, өңдеу туралы хабарламалар (хабархаттар) жеке тұлғалардың "әлеуметтік әмияндағы" жеке кабинеттеріне және (немесе) мобильді азаматтар базасында тіркелген жеке тұлғалардың ұялы байланыс құрылғыларына SMS-хабарламалар арқылы 1 (бір) жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      5. Көрсетілген қолдау шараларын есепке алу көрсетілген қолдау шараларының тиімділігін талдау мүмкіндігімен "әлеуметтік әмиянның" тіркеу модульдері арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

      6. Қолдау шараларын көрсету өлшемшарттарына сәйкес келетін жеке тұлғалар дербес деректерді жинауға, өңдеуге және қолдау шараларын SMS-хабарламалар арқылы алуға келісім береді.

      7. Қолдау шараларын көрсету жөніндегі қабылданған шешім туралы хабарламалар жеке тұлғалардың "әлеуметтік әмияндағы" жеке кабинеттеріне 1 (бір) жұмыс күні ішінде жіберіледі.

3-тарау. Жеке тұлғаларды өзге ақпараттандыру объектілері арқылы мемлекеттік қолдау шараларын алу

      8. "Әлеуметтік әмиян" арқылы хабарлама (хабархат) және есепке алу шартымен өзге ақпараттандыру объектілері арқылы қолдау шараларын көрсетуге рұқсат етіледі.

      9. Қолдау шараларын көрсетуге қатысы бар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпараттандыру объектілері, ақпараттық жүйелері деректер алмасуды және синхрондауды қамтамасыз ету үшін "әлеуметтік әмиянмен" интеграцияланады.

      10. Қолдау шараларын көрсетудің тікелей субъектісі болып табылмайтын өзге ақпараттық жүйелер "әлеуметтік әмиянға" ведомствоаралық келісімдер негізінде және ақпарат алмасу мақсатында қосылады.

      11. "Әлеуметтік әмиянмен" интеграциялау Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы №123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады