Бурабай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 8С-12/11 "Бурабай ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ақмола облысы Бурабай аудандық мәслихатының 2025 жылғы 6 мамырдағы № 8С-31/1 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 14 мамырда № 8936-03 болып тіркелді

      Бурабай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Бурабай аудандық мәслихатының "Бурабай ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 8С-12/11 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8686-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Бурабай ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – Бурабай ауданының әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Бурабай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет, екі жылда 1 рет, үш жылда 1 рет) көрсетіледі.";

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндер тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

      3) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні;

      4) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      5) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      6) 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні;

      7) 1 қазан – Қарттар күні;

      8) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;

      9) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні.";

      7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.";

      10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "10. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей азаматтардың келесі санаттарына жылына 1 рет көрсетіледі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

      Ауғанстан аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне:

      Ауғанстаннан басқа, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 9 мамыр – Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының қатысушыларына 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне:

      саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккендерге 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне:

      18 жасқа дейінгі жетім балаларға 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 1 қазан – Қарттар күніне:

      зейнеткерлік жасқа толған және зейнетақы мен жәрдемақы алатын адамдарға 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне:

      зейнеткерлік жасқа толған адамдардан басқа барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күніне:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша кірістерді есепке алмағанда көрсетіледі:

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, бірінші типті қант диабеті, миокардтың жіті инфаргі (алғашқы 6 ай), орфандық аурулар), бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған бірінші типті қант диабеті, миокардтың жіті инфаргі (алғашқы 6 ай), орфандық аурулар ауруы бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған және кешенді ем қабылдап жүрген қатерлі ісіктері бар адамдарға жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған және кешенді ем қабылдап жүрген қатерлі ісіктері бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауруы бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 6 айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 және 7 – баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;

      абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5-баптарында және 8 бабының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде төлем туралы құжаттардың негізінде тіс протездеу құнын өтеуге үш жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерінде;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында көрсетілген адамдарға коммуналдық қызметтер үшін шығыстарды өтеуге ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі, бір рет үш айдан кешіктірмей 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;

      өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі, бір рет үш айдан кешіктірмей 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;

      аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге ай сайын жол жүру билетінің толық құнын өтеуге;

      үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын, жергілікті (пешпен) жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иесі (жалдаушысы) болып табылатын, оларда басқа тұрғын үй болмаған кезде жалғыз тұратын зейнеткерлерге қатты отын сатып алуға жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Мынадай:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;

      4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.";

      13-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Бурабай ауданы бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.";

      14-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "14. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тұрақты тұру үшін Бурабай ауданынан тыс кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

      Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Бурабай аудандық мәслихатының төрағасы М.Нурпанова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады