Хромтау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 8 тамыздағы № 212 "Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 2025 жылғы 28 сәуірдегі № 312 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 30 сәуірде № 8698-04 болып тіркелді

      Хромтау аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Хромтау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 8 тамыздағы № 212 "Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8617-04 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Хромтау аудандық
мәслихатының төрағасы
Э. Болатов

  Хромтау аудандық мәслихаттың
2025 жылғы 28 сәуірдегі № 312
шешіміне қосымша
  Хромтау аудандық
мәслихатының 2024 жылғы
8 тамыздағы № 212 шешіміне
қосымша

Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорациясы) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Хромтау ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын, "Хромтау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      13) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі.

      3. Осы Қағидалардың 7 тармағының соңғы абзацында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалар Хромтау ауданында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.

      4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және мерзімді (жылына бір рет) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Әлеуметтік көмек бір рет мереке күндеріне табыстарын есепке алмай ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      - Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1272 (бір мың екі жүз жетпіс екі) айлық есептiк көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      - басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 90 (тоқсан) АЕК мөлшерінде;

      - жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне – 90 (тоқсан) АЕК мөлшерінде;

      - Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға, осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасының 5 абзацында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда – 39 (отыз тоғыз) АЕК мөлшерінде;

      - 1988-1989 жылдары Чернобыль атом электро станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 90 (тоқсан) АЕК мөлшерінде;

      - Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі – бұрынғы КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 39 (отыз тоғыз) АЕК мөлшерінде;

      - 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 39 (отыз тоғыз) АЕК мөлшерінде;

      - қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушыларының екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) – 39 (отыз тоғыз) АЕК мөлшерінде;

      - Ауғанстанда әскери қызметін өткергеннен кейін қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жұбайына – 39 (отыз тоғыз) АЕК мөлшерінде;

      2) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:

      осы тармақшаның соңғы абзацында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектігі бар адамдарға – 13 (он үш) АЕК мөлшерінде;

      - жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 26 (жиырма алты) АЕК мөлшерінде;

      3) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған адамдарға – 60 (алпыс) АЕК мөлшерінде.

      Азаматтардың жекелеген санаттарының әр түрлі мереке күндеріне (санатына қарай) әлеуметтік көмек алуға құқығы болған жағдайда әлеуметтік көмектің бір түрі (көлемі бойынша үлкені) көрсетіледі.

      7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіз болып табылады:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

      3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

      4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

      5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

      Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

      8. Азаматтың (отбасының) табысын есептемегенде әлеуметтік көмек жылына бір рет көрсетіледі:

      1) дүлей апаттың салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі бойынша, осындай жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей – 100 (жүз) АЕК мөлшерінде;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі бойынша, осындай жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей – 100 (жүз) АЕК мөлшерінде.

      9. Әлеуметтік көмек жылына бір рет азаматтың (отбасының) өтініш берген сәттің алдындағы тоқсанда Ақтөбе облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынып көрсетіледі:

      1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 "Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21263 болып тіркелген) бекітілген тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға - 30 (отыз) АЕК мөлшерінде;

      Тізбе бойынша әлеуметтік көмек бір тұлғаға бір ауруы бойынша жылына бір рет көрсетіледі.

      2) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған, диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне – 30 (отыз) АЕК мөлшерінде;

      3) көп балалы отбасыларға (тұлғаларға), аз қамтылған азаматтарға – 30 (отыз) АЕК мөлшерінде;

      4) осы Қағидалардың 7 тармағының 5), 6), 7) тармақшаларында көрсетілген мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек – 30 (отыз) АЕК мөлшерінде көрсетіледі.

      10. Бір мезгілде әлеуметтік көмектің бірнеше түрін алуға құқығы бар отбасыға (тұлғаларға) әлеуметтік көмектің бір түрі тағайындалады. Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекет қарауында болмаған жағдайда көрсетіледі.

      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі

      12. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО айқындайды.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.

      13. Осы Қағидалардың 7 – тармағанда көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1 – қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.

      14. Әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібі мен мерзімдері, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту, тоқтату, қайтару және төлем жасау негіздері Үлгілік қағидалардың 3-тарауына сәйкес айқындалады.

      15. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Хромтау ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      16. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерiктi түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      17. Әлеуметтiк көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады