Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 29 мамырдағы № 434 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7504 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы | М. Тлеумбетов |
Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 160 шешіміне қосымша |
Қызылорда облыстық мәслихатының 2020 жылғы 29 мамырдағы № 434 шешіміне қосымша |
Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен алушылар санаттарының тізбесі
1. Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй сертификаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарыздарын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үйді меншігіне алу құқығын іске асыру үшін қарыз сомасының 10%, бірақ 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайтын мөлшерді құрайды.
2. Қызылорда облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың санаттарына мыналар жатады:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
4) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
5) мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
6) "Кейбір созылмалы аурулардың ауыр нысандарының тізімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-14 бұйрығымен бекiтілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр нысандарының тізімінде көрсетілген аурумен ауыратын адамдар (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26830 болып тіркелген) (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
7) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
8) кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзiмдi әскери қызметтен өту мерзiмiне ұзартылады (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
9) қандастар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
10) экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
11) "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
12) мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
13) толық емес отбасылар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
14) асырауында кәмелетке толмаған балалары және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, бірақ жиырма үш жасқа толмаған балалары бар жесір әйелдер (тұл ер адамдар) (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған);
15) мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған).