"Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабының 7) тармақшасына сәйкес, Түркістан қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Түркістан қаласының аумағында туристерді тасымалдау бойынша туристік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қалалық мәслихат төрағасы | Г. Сарсенбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
"Қазақстан Республикасының
Туризм және спорт министрлігі"
Түркістан қалалық мәслихатының 2025 жылғы 18 сәуірдегі №29/138-VIII шешіміне қосымша |
Түркістан қаласының аумағында туристерді тасымалдау бойынша туристік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Түркістан қаласының аумағында туристерді тасымалдау бойынша туристік көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Түркістан қаласының ерекше мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және Түркістан қаласының аумағында туристерді тасымалдау бойынша туристік көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар мототехниканы (электрокарларды) қоса алғанда, автокөлік құралдарының барлық түрлерін пайдалану арқылы туристерді тасымалдау қызметін ұйымдастыратын кәсіпкерлердің қызметін реттейді.
2-тарау. Осы қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар
3. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:
1) автомобиль тасымалдаушысы (бұдан әрі – Тасымалдаушы) – туристерді тасымалдау бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде мототехника түрлерін (электрокар) қаса алғанда, автокөлік құралдарын иеленуші жеке немесе заңды тұлға;
2) туристік көлік – адамдарды, жүктерді немесе оған орнатылған жабдықтарды жолдармен туристік-экскурсиялық тасымалдауға арналған мототехника түрлерін (электрокар) қоса алғанда, автокөлік құралдары;
3) автобус – жүргізушінің орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар, жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған автомобиль көлік құралы;
4) шағын автобус – дайындаушы зауыт көздеген жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын, ерекше шағын кластағы автобус;
5) электрокар –қуат көзі батареядан тұратын көлік түрі;
6) туристік маршрут – туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жүру жолы, оны туристік оператор әзірлейді және ол туристік қызмет объектілеріне баруы егжей-тегжейлі регламенттелген (пайдаланылатын көлік, тоқтайтын орындар, бару объектілері, түнейтін жерлер, шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек және басқа да жағдайлар) осындай баруды қамтиды;
7) туристік қызмет – жеке немесе заңды тұлғалардың туристік қызмет көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметі;
8) туристік көрсетілетін қызметтер – туристің саяхаты кезеңінде және осы саяхатқа байланысты ұсынылатын, оның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті көрсетілетін қызметтер (орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, экскурсиялар, туризм нұсқаушыларының, гидтердің көрсететін қызметтері) және туристік қызмет көрсету шартында көзделген, сапар мақсатына қарай көрсетілетін басқа да қызметтер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын (инклюзивті туризмді) қоса алғанда, барлық туристер үшін туризм инфрақұрылымына тең (кедергісіз) қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған көрсетілетін қызметтер;
9) туристік өнім – саяхат кезінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті барлық қажетті туристік қызметтер көрсету кешені;
10) туристік оператор (бұдан әрі – туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі туризм, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
11) туристік агент – турагенттік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
12) келісім шарт – Тасымалдаушы мен әкімшілік арасындағы Түркістан қаласы аумағында туристерді тасымалдау жөнінде туристік қызметтер көрсету бойынша жасасқан шарт;
13) уәкілетті орган – Түркістан қаласы әкімдігінің "Бизнесті қолдау және туризм" бөлімі мемлекеттік мекемесі;
14) шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғысы (бұдан әрі – шақыру құрылғысы) – жұмыс істеп тұрған кемінде екі жаһандық навигациялық спутниктік жүйе сигналдарының көмегімен көлік құралының координаттарын, жылдамдығын және қозғалыс бағытын айқындауды, жол-көлік оқиғасы және өзге де төтенше жағдай кезінде көлік құралы туралы хабарлама беруді, сондай-ақ жылжымалы радиотелефон байланысы желілері арқылы жедел қызметтер екіжақты дауыс байланысын жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін құрылғы.
3-тарау. Туристерді тасымалдау бойынша көлік қызметтерін ұсыну тәртібі
4. Осы Қағидалар шеңберінде қолданылатын барлық көлік түрлері қолданыстағы заңнамада белгіленген техникалық және экологиялық стандарттарға сәйкес болуы тиіс.
Тасымалдаушы әрбір туристік көлігін пайдаланар алдында оны уәкілетті органда тіркеп, келісім шарт жасасу керек. Тіркеу құжаттамасы бақылау органдарының тексеруіне қолжетімді болуы тиіс.
5. Жұмыс режимі және пайдалану уақыты:
электрокарларды пайдалану туристік кешен әкімшілігі немесе уәкілетті органдармен келісілген бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылады;
электрокарлардың жұмыс уақыты белгіленген нормадан аспауы тиіс, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету мен жүргізушілердің демалысы үшін міндетті үзілістер қарастырылуы қажет;
жұмыс кестесін бұзу немесе рұқсат етілген пайдалану уақытын асырған жағдайда әкімшілік шаралар мен айыппұлдар қолданылуы мүмкін.
6. Жүргізушілер туристік көлікті жөнелту алдында салондағы жолаушыларға штрих код (QR-код), дыбыстық немесе бейнежазба арқылы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде мыналар туралы хабарлануы тиіс:
1) тасымалдаушы;
2) маршруттың атауы;
3) километрмен есептелген жол жүру ұзақтығы;
4) жолда жүру уақыты;
5) аралық аялдамалар;
6) туристік көліктің қозғалысы кезіндегі шектеулер;
7) төтенше жағдайлар кезінде жүріп-тұру;
8) туристік көлікті пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасын сақтау;
9) қосымша қызметтер.
7. Жеті жасқа толмаған балаларды туристік көлікке ата-аналары мен оларды алмастыратын адамдардың жеке ілесіп жүруімен ғана жіберуге болады.
8. Балалар топтарын туристік көлікпен сағат 22:00-ден 06:00-ге дейінгі кезеңде, көріну жеткіліксіз жағдайларда (тұман, қар, жаңбыр), сондай-ақ туристік көлікті пайдалану кезінде авариялық жағдайлардың үшін қауіпті жоғары деңгейін тудыратын басқа да қолайсыз ауа райы кезінде тасымалдауға жол берілмейді.
9. Жүргізушілерде көлік құралдарын басқаруға және адам тасымалдауға арналған күшінде тұрған лицензия ("В" немесе одан жоғары санаттағы жүргізуші куәлігі) болуы тиіс.
10. Жүргізушілер уәкілетті органмен келісілген арнайы киім үлгісінде болуы тиіс.
11. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін, сондай-ақ туристік аймақтардағы көлік құралдарын пайдалану үшін белгіленген жергілікті нормалар мен талаптарды сақтау қажет.
12. Пайдалану аймақтары мен маршруттары:
1) туристік көліктің қала аумағындағы маршруттары, пайдалану аймақтары және автотұрақ орындарын Түркістан қаласы әкімінің қаулысымен бекітіледі;
2) туристік көлікті тек бекітілген маршруттар бойынша пайдалануға рұқсат етіледі;
3) белгіленген аймақтан шығу тек уәкілетті органның арнайы рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
13. Техникалық қызмет көрсету және қауіпсіздік:
электрокарларды тұрақты техникалық қызмет көрсету, диагностика және жөндеу міндетті болып табылады. Көлік құралын жұмыс күнінің басында тексеруден өткізу қажет;
барлық электрокарларға стандарттарға сәйкес қауіпсіздік құралдары орнатылуы тиіс, соның ішінде батарея зарядын бақылау және апатты жағдайда ескерту жүйелері;
ақаулар анықталса, көлік құралын пайдалану мәселелері шешілгенше дереу тоқтатылуы қажет.
14. Кәсіпкердің жауапкершілігі:
кәсіпкер осы Қағидаларды сақтау, оның ішінде уақтылы тіркеу, құжаттарды дұрыс рәсімдеу және автопарктың техникалық жағдайын сақтау үшін толық жауапкершілік алады.
кәсіпкер электрокарларды Қазақстан Республикасының аумағына кіргізу кезінде кедендік салықтарының ресми төленгендігін растайтын құжаттарға ие болуы тиіс.
Осы Қағидалар айқындайтын нормалар бұзылған жағдайда, Тасымалдаушыға әкімшілік ескерту беріледі.
Бұзушылықтар қайталанған жағдайларда, уәкілетті орган Тасымалдаушымен түзілген туристерді тасымалдау қызметі бойынша жасасқан Келісім шартты біржақты тәртіпте тоқтатады.