Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 20.12.2004 № 247 қаулысымен.
Облыс көлеміндегі базарлар мен сауда қатарларында 1997 жылғы жүргізілген тексерулер мен талдау құжаттары айғақтағандай тауарларды сату құқығы үшін жинау және оны бюджетке түсіру тәртібі кейбір жерлерде әлі де бұзылатыны анықталды.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 12 шілдедегі № 955 қаулысына сәйкес алымның мөлшерін реттеу құқығы облыс әкіміне берілген. Бұл жағдайда ескермей Шиелі ауданының әкімі Ж. Тұрабаев базарларда тауарларды сату құқығы үшін алымның мөлшерін азайтқан, соның нәтижесінде бюджетке 4,0 млн. теңге түспеді. Осындай заңдылықты бұзу Жаңақорған ауданы әкімі С. Мырзабеков тарапынан да орын алды.
Қызылорда қаласы және аудандардағы базар әкімшіліктері қаражаттың жетіспейтіндігін сылтау етіп, баспаханалық жолмен дайындалмаған бір жолғы алым талондарын пайдалануға жол беруде, бұл барлық уақытта алымның толық жиналуын қамтамасыз етпеуде. Тек Қызылорда қаласының сегіз базарында алым жинау жоспары 440 мың теңгеге орындалмады. Осындай және басқа да кемшіліктер басқа аудандарда орын алды.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 12 шілдедегі № 955 "Қазақстан Республикасының рыноктарында тауарлар сату құқығы үшін алым туралы" және 1996 жылғы 23 ақпандағы № 234 "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 12 шілдедегі № 955 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулыларына сәйкес базарлар жұмысын жүйелендіру және тауарлар сату үшін алым мөлшерін инфляция деңгейін ескере отырып реттеу мақсатында ШЕШІМ ЕТЕМІН:
1. Аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдері:
- 1998 жылдың 1 наурызына дейін базарларда тауарлар сату құқығы үшін алым тәртібінде орын алған кемшіліктерді болдырмауға нақты шара қолдансын;
- бір ай мерзім ішінде қызмет көрсету және техникалық жабдықтау деңгейіне байланысты сауда қатарларының сауда қатарларының санаттары қайта қаралып, бекітілсін;
- үстіміздегі жылдың 28 ақпанына дейін базар және сауда қатарларының басшыларымен бірлесіп, кәсіпкерлерге сатуға тиісті тауар көлемі мен түрлеріне байланысты бөлінетін орынның мөлшерін /шаршы метр/ бекітсін;
- бір жолғы алым талонын баспаханалық әдіспен дайындауды, олардың есебін белгіленген тәртіппен жүргізуді және таратуды қамтамасыз етсін.
2. Қызылорда қаласы /Б.Досманбетов/ және Шиелі /Ж. Тұрабаев/, Қазалы /Б. Пұсырманов/ аудандарының әкімдеріне Қызылорда қаласындағы "Асбол", "Сыбаға" жауапкершілігі шектеулі серіктестері мен Шиелі және Жаңақазалы қыстақтарында орталық базарларда тауарларда сату құқығы үшін алымды жинауды тәжірибе ретінде жергілікті атқарушы органдары белгіленген тәртіппен анықтаған қаражат есебінен ұсталынатын алым жинаушылар арқылы ұйымдастыру ұсынылсын.
3. Базарларда және сауда қатарларында тауар сату құқығы үшін алым мөлшері № 1 қосымшаға сай бекітілсін. Ауылдық жерлердегі базарлар мен сауда қатарларындағы тауарларды сату құқығы алым мөлшері 50 процентке төмендейтіндігі ескерілсін.
4. Қызылорда облысы бойынша салық комитеті /Д.Ысқақов/ базарларда тауар сату үшін алынатын алымның уақтылы және толық бюджетке түсуіне бақылауды күшейтсін және 6-айдың қорытындысы бойынша 1 тамызда облыс әкіміне хабарлама берсін.
5. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау облыс әкімінің орынбасары Қ. Әжібековке жүктелсін.
Әкім | Б. Сапарбаев |