ҚК-нің 130-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 2пп-1-20 қаулысынан үзінді.

      Дәлелдемелерге баға беру

      Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының № 2 сотының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі үкімімен :

      Ж. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 130-бабының үшінші бөлігімен 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған.

      Оған пробациялық бақылау тағайындалып, бірқатар міндеттер жүктелген.

      Сот үкімімен Ж. Т.-ның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны үшін кінәлі деп танылған.

      Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 28 қазандағы қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған.

      Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуында (бұдан әрі – Ұсыну) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 23-бабының үшінші бөлігіне сәйкес адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кiнәлiлiгiн дәлелдеу және оның өзін қорғайтын дәлелдерін теріске шығару мiндетi – қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жекеше айыптаушыларға жүктелетінін, ал сотталған Ж.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша оның кінәлілігін дәлелдейтін, керісінше бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәсіздігі жөніндегі оның уәждерін жоққа шығаратын жеткілікті дәлелдемелер келтірілмегенін көрсетіп, оған қатысты сот актілерінің заңдылығын кассациялық сот алқасында қайта қарауды сұраған.

      Іс құжаттарынан анықталғандай, сотталған Ж. 2013 жылғы 6 шілдеде

      П.-дан 8 000 АҚШ долларына мемлекеттік нөмірі F390CNN "Фольксваген Т-4" маркалы автокөлігін (бұдан әрі – автокөлік) сатып алған. Уақыт өте келе ол бұл автокөліктің көптеген ақауларын байқап, оны пайдалануға болмайтындығын түсінген. Сондықтан ол П.-дан өз ақшасын қайтарып беруді талап еткен. Осылайша, П. Ж.-ның айтқан талаптарын орындауға, ақшаны қайтаруға уәде берген. Бірақ уақыт өте келе ол берген уәдесінен бас тартқан. Содан кейін Ж. автокөлікті П.-ға алаяқтық жолмен заңсыз сатқандығы және бұған басқа адамдармен қатар ШҚО ІІД ӘПБ ТЕЖБ-нің инспекторы Т.-ның да қатысының бар екендігі жөнінде тұжырымға келген.

      Ж.-ның пайымдауынша, автокөлікті тіркеуден шығару мен тіркеу кезінде П., Р., және Т.-ның әрекеттерінде алаяқтық белгілері орын алған, Т. осы топқа басшылық жасаған.

      2014 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі аралықта Ж. полицияға, прокуратура органдарына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жүгініп, Т.-ны қылмысқа қатысушы ретінде көрсетіп, оларды алаяқтығы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуды сұраған.

      Бірінші сатыдағы соттың тұжырымы бойынша Ж. жекеше айыптаушы Т.-ның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратқан.

      Сот үкімімен Ж. кінәлі деп танылған ҚК-нің 130-бабының үшінші бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптауға ұласады, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда ғана туындауы мүмкін.

      Ал қылмыстық заңның талаптарына сәйкес жала жабудың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталатындықтан, кінәлі адам өзі хабарлап жатқан мәліметтердің жалғандығын, сондай-ақ таратып жатқан мәліметтерінің басқа тұлғаның ар-намысына немесе оның беделіне нұқсан келтіретінін біле тұра ұғынғанын және оны қалағанын міндетті түрде анықтау қажет.

      Аталған мұндай мән-жайлар Ж.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша нақты анықталмаған.

      Бұдан басқа, егер азамат өзі таратып жатқан мәліметтердің жалғандығына қарамай, олардың шындыққа жанасатынына сенімді болса, ол жала жапқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартыла алмайды.

      Іс материалдарына қарағанда, Ж. аталған құзыретті органдарға Т.-ның әрекетінен өзінің заңды құқықтары мен мүдделері бұзылды деп жүгінгенімен, оның жекеше айыптаушы Т.-ға жала жабу ниеті болмаған.

      Ал Ж.-ның Т.-ны бұл қылмысқа қатысушы, ал оның іс-әрекетінде алаяқтық белгілері орын алған-деп көрсетуі, оның осы жағдайларға субъективті баға беруі болып саналуы тиіс.

      Сонымен қатар ҚПК-нің 23-бабының үшінші бөлігіне сәйкес адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кiнәлiлiгiн дәлелдеу және оның өзін қорғайтын дәлелдерін теріске шығару мiндетi – қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жекеше айыптаушыларға жүктеледi.

      Заңның осы тұрғысынан алғанда, бұл қылмыстық іс бойынша ҚК-нің 130-бабының үшінші бөлігімен сотталған Ж.-ның кінәлілігін дәлелдейтін, керісінше оның бұл қылмыс бойынша кінәсіздігі жөніндегі уәждерін жоққа шығаратын жеткілікті дәлелдемелер жекеше айыптаушы Т.-ның тарапынан мүлдем келтірілмеген.

      Мұндай жағдайда Ж.-ның іс-әрекетінде ҚК-нің 130-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмыс құрамының болуы жөніндегі соттың тұжырымы негізсіз, сондықтан оған қатысты сот актілерінің күші жойылуға, ал оған қатысты қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағының негізінде тоқтатылуға жатады.

      Сонымен қатар ҚПК-нің 39-бабына сәйкес Ж.-ның қылмыстық процестi жүргiзетiн органның заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтетіп алуға құқығы бар деп танылуы тиіс.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Ж.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, ҚК-нің 130-бабының үшінші бөлігі бойынша Ж.-ға қатысты қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағы негізінде тоқтатылды.

      ҚПК-нің 4-тарауына сәйкес Ж.-ның қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтетіп алуға құқығы бар деп танылды.

      Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады