Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 21 шiлдeдeгi үкімімен:
С. Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2016 жылғы 26 мамырдағы үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 190-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, ҚК-нің 63-бабының талабына сәйкес жаза шартты деп танылып, бүкіл жаза мерзіміне пробациялық бақылау тағайындалған,
- ҚК-нің 190-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
ҚК-нің 64-бабының бесінші бөлігі негізінде Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2016 жылғы 26 мамырдағы үкімімен тағайындалған шартты соттаудың күші жойылып, ҚК-нің 60-бабының бірінші бөлігіне сәйкес С.-ға алдыңғы сот үкiмi бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген 1 жыл 6 айын ішінара қосып, түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған.
ҚК-нің 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес С.-ның іс-әрекетінде қылмыстардың қайталануы танылған.
Қылмыстық іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған.
Сот үкімімен С. жәбірленуші Т.-ның 3 350 000 теңгесін алаяқтық жолмен жымқырып, ірі мөлшерде залал келтіргені үшін кінәлі деп танылған.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының міндетін атқарушы наразылығында сотталғанның кінәсінің дәлелденуі мен іс-әрекеттерінің саралануын дауламай, қылмыстық заңның бұзылуына байланысты сот үкімін өзгертуді сұраған.
Сот С.-ға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуін жан-жақты жүргізіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жинақтаған және басты сот талқылауында тікелей зерттеліп-сараланып, объективті бағаланған, дәйектілігі жағынан ешбір күмән келтірмейтін нанымды дәлелдемелер жиынтығын негізге алып, сотталған үкімде сипатталған қылмыстық іс-әрекетті жасағаны үшін кінәлі деген тұжырымға дұрыс келген.
"Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңдарды қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 8 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда немесе айыптау актісінде қылмыстың қайталануын танудың негіздерін көрсетпеу, соттың үкім шығару кезінде қылмыстың қайталануын тану үшін кедергі болып табылады.
"Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес сот талқылауының шегі айыптау актісін жасау кезінде тұжырымдалып тағылған айыппен шектеледі. Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар айыптың мазмұнына енгізіледі (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 299-бабы үшінші бөлігінің 4-тармағы). Сондықтан сот айыптау актісінде көрсетілмеген, жауаптылықты ауырлататын мәнжайлардың бар болуын үкімде белгілеп көрсетсе, ол ҚПК-нің 340-бабының талаптарына сәйкес сотталушының жағдайын ауырлатады және сот талқылуының шегін бұзу болып табылады. Сонымен қатар жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылатын мәселенің шешілуі айыппен шектелмейді және басты сот талқылауында анықталған істің нақты мәнжайларына негізделуі тиіс.
Дегенмен айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда және айыптау актісінде сотталғанның іс-әрекетінде қылмыстың қайталануын танудың негіздері көрсетілмегеніне қарамастан, сот негізсіз С.-ның ісәрекетінде қылмыстың қайталануы бар деп, сонымен қатар айыптау актісінде ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстың қайталануы көрсетілмесе де ауырлататын мән-жай ретінде танып, сот талқылуының шегін бұзған.
Сондықтан сот үкімі өзгертіліп, сотталған С.-ның іс-әрекетінен ҚК-нің 14-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстың қайталануын және жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстың қайталануын танығаны алынып тасталуға жатады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған С.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертті.
Сотталған С.-ның іс-әрекетінен ҚК-нің 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қылмыстың қайталануын және жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстың қайталануы танылғаны алынып тасталды.
Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуроры міндетін атқарушының наразылығы қанағаттандырылды.