Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртібі жөніндегі келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 19 қазан N 84-II

       Астанада 2000 жылғы 17 наурызда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы екі мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртібі жөніндегі келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Куба Республикасының Үкiметi арасындағы Екi мемлекет азаматтарының өзара сапарларының тәртiбi жөніндегi келiсiм

(2005 жылғы 10 қаңтардан бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Куба Республикасы Үкiметi, экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, мәдени және басқа да салаларда достық қатынастарды дамытуға, ынтымақтастықты нығайтуға жәрдем көрсету тiлегiн басшылыққа ала отырып, екi мемлекет азаматтарының өзара сапарларына жәрдемдесуге тiлек бiлдiре отырып, мына төмендегілер туралы келiстi:

I БӨЛIМ
Жалпы ережелер

1-бап

      Қазақстан Республикасының азаматтары мен Куба Республикасының азаматтары осы Келiсiмде көзделген шарттармен жол жүру құжаттары бойынша мемлекеттердiң әрқайсысының аумағына келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда уақытша бола алады.

2-бап

      Осы Келiсiм мағынасында мыналар жол жүру құжаттары болып табылады:
      1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн:
      - дипломаттық паспорт;
      - қызметтік паспорт;
      - Қазақстан Республикасы азаматының ұлттық паспорты;
      - теңізшiнiң паспорты;
      - Қазақстан Республикасы әуе кемесi экипажы мүшесiнiң куәлiгі (экипаж құрамындағы сапары кезiнде);
      - қайта оралуға арналған куәлiк.
      2. Куба Республикасының азаматтары үшiн:
      - дипломаттық паспорт;
      - ресми паспорт;
      - қызметтiк паспорт;
      - Куба Республикасы азаматының ұлттық паспорты;
      - теңiзшiнің паспорты.
      Тараптар дипломатиялық арналар бойынша жаңа жол жүру құжаттарының енгiзiлгенi туралы бiр-бiрiне уақтылы хабарлайтын болады, сондай-ақ бұрын қолданылып жүрген құжаттарға өзгерiстер енгiзiлген жағдайда олардың үлгілерiн алмасады.

3-бап

      Бiр Тарап мемлекетi азаматтарының екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келуi, кетуi және онда болуы осы Келiсiммен және қабылдайтын Тараптың ұлттық заңдарымен реттеледi.
      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезiнде соңғы Тараптың заңдары мен ережелерiн, оның iшiнде шетелдiк азаматтар үшiн белгіленген тiркеу, болу, жүріп-тұру және транзиттiк өту ережелерiн сақтауға мiндеттi.

4-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына халықаралық жолаушылар қатынасы үшiн ашық шекаралық пункттер арқылы келе алады, кете алады немесе транзитпен өте алады, бұл орайда Тараптардың ұлттық заңдары мен ережелерiне сәйкес қажеттi шарттылықтарды орындайды.

II БӨЛIМ
Қызмет бабындағы сапарлар

5-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар азаматтары тиiсiнше екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына визасыз келе алады, кете алады және транзитпен өте алады. Бұл орайда Тараптар мемлекеттерiнің аумағында болуы келген күнiнен бастап 30 (отыз) күннен аспауы тиiс.
      Егер бiр Тарап мемлекетiнiң жарамды дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар азаматтары екінші Тарап мемлекетiнiң аумағында отыз күннен артық болғысы келген жағдайда, олар алдын ала визалар алуға тиiстi.

6-бап

      Бiр Тараптың екiншi Тарап мемлекетi аумағында орналасқан дипломатиялық өкiлдiктерiнің, консулдық мекемелерiнiң және халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң қызметкерлерi, сондай-ақ олардың дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар отбасы мүшелерi өздерiнiң қызмет бабындағы бүкiл кезеңінде екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына визаларсыз келуге, кетуге және онда болуға құқылы. Сондай-ақ өздерi иеленушiлерi болып табылатын Тараптар мемлекеттерi азаматтарының дипломаттық немесе қызметтiк паспорттарына жазылған кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға да виза талап етiлмейдi.

7-бап

      Қазақстан Республикасының және Куба Республикасының азаматтық авиациялары ұшақтарының экипаж мүшелерi болып табылатын Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары Тараптардың құзыреттi органдары берген келу визалары бойынша Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасының әуежайлары арасында әдеттегi және чартерлiк, сондай-ақ Тараптардың келiсiмi бойынша арнайы рейстер жасай алады.

8-бап

      1. Теңiзшiнің паспорты бар Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасының теңiз және өзен кемелерiнің экипаж мүшелерi болып табылатын Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары визасы болған жағдайда Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына келе алады, кете алады және онда уақытша бола алады.
      2. Науқастанған немесе басқа да ойда жоқ жағдайларда жүріп-тұруы үшiн көлiктiң жер үстi немесе әуе кемелерiн пайдалануға мәжбүр болған Тараптар бiрiнiң теңiз және өзен кемелерi экипаждарының мүшелерi визасы болған жағдайда екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы арқылы өте алады.

III БӨЛIМ
Туристiк сапарлар

9-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнің азаматтары жарамды жол жүру құжаттары негiзiнде және визасы болған жағдайда екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына туристік сапарлар жасай алады.
      2. Туристiк сапарлардың шарттарын (мерзiмiн, бағыттарын және тағысын тағылар), сондай-ақ құжаттардың нысанын Тараптар мемлекеттерiнің туристiк ұйымдары белгiлейдi.

IV БӨЛIМ
Жеке iсi бойынша сапарлар

10-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтары екінші Тарап мемлекетiнiң аумағында уақытша жүрген немесе тұрақты тұратын туысқандарына немесе таныстарына визасы болған жағдайда ұлттық паспорттарымен жеке iстерi бойынша сапарға шыға алады.
      2. Сапар жасалатын мемлекеттiң аумағында Тараптардың құзыреттi органы берген шақыру туралы куәлiк виза алу үшiн негiз болып табылады. Ерекше жағдайларда шақыру туралы куәлiк сапар жасалатын мемлекеттiң аумағында Тараптардың құзыреттi органы куәландырған шақыру-жеделхатпен алмастырылуы мүмкiн.

11-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары қабылдаушы мемлекеттiң құзыреттi органдары берген келу визалары бойынша екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына тұрақты тұруға бара алады.

12-бап

      Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тұрақты тұратын бiр Тарап мемлекетi азаматтарының шетелдiк сапарлары олар тұрақты тұратын елдiң ережелерiмен реттеледi.

V БӨЛIМ
Басқа да ережелер

13-бап

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекеті азаматтарының өз мемлекетiнiң аумағына келуiнен бас тартуға немесе олардың болу мерзiмiн қысқартуға құқылы.
      Мұндай жағдайларда осы адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық өкiлдiктерi дер кезiнде құлақтандырылады.

14-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында жол жүру құжатын жоғалтып алған немесе бүлдiрiп алған жағдайда бұл туралы жергілiктi құзыреттi органға хабарлауы тиiс, жергiлiктi құзыреттi орган әлгi азаматқа жол жүру құжатының бүлiнгенi немесе жоғалғаны туралы оның өтiнiшiн растайтын анықтаманы тегiн бередi.
      Осы адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық өкiлдiгi жоғалған немесе бүлiнген құжаттың орнына оған жаңа жарамды жол құжатын бередi.

15-бап

      Тараптар қажеттілiгiне қарай ресми арналар арқылы ақпарат алмасады және осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға байланысты мәселелер бойынша кеңесетiн болады.

16-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.
      Осы Келiсiмнiң кез келген бабын түсiндiруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы болуы мүмкiн кез келген дау-дамай келiссөздер мен консультациялар арқылы шешiледi.

17-бап

      Тараптардың әрқайсысы ерекше жағдайларда (жұқпалы ауру, iндет, табиғи апат және т.б.) осы Келiсiмнiң кейбiр ережелерiн қолдануды уақытша тоқтатуы мүмкiн.
      Осындай шараларды қабылдаушы Тарап мүмкіндігінше алдын ала, бiрақ осындай шаралар енгiзiлгенге дейiн кем дегенде 24 сағат бұрын осындай шаралардың қабылданғаны туралы және тиiсiнше олардың алынып тасталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы екiншi Тарапқа хабарлайды.

VI БӨЛIМ
Қорытынды ережелер

18-бап

      1. Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      2. Осы Келiсiм күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы мен Куба Республикасы арасындағы қарым-қатынаста КСРО Үкiметi мен Куба Республикасының Үкiметi арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы 1985 жылғы 10 қаңтардағы келiсiм күшiн жояды.
      3. Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
      4. Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалды және Тараптардың бiрi оның қолданысын тоқтататыны туралы өзінің ниетiн дипломатиялық арналар арқылы екiншi Тарапқа жазбаша хабарлаған уақытқа дейiн күшiнде болады. Мұндай жағдайда екiншi Тарап хабарламаны алғаннан кейiнгi тоқсаныншы күнi осы Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылады.
      Астана қаласында 2000 жылғы 17 наурыз екi дана болып, әрқайсысы қазақ, испан және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердің күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде пiкiр алшақтығы туындаса Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының             Куба Республикасының                Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады