Минскіде 1999 жылғы 4 маусымда жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроршылдыққа қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы шарт бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң
терроризмге қарсы күрестегi ынтымақтастығы туралы
ШАРТ
*
*(2000 жылғы 5 желтоқсаннан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 10, 59-құжат)
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, үкiметтер атынан осы Шарттың қатысушы мемлекеттерi,
терроризм актiлерi әкелетiн қауiптi сезiне отырып,
Бiрiккен Ұлттар Ұйымының, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының шегiнде қабылданған құжаттарды, сондай-ақ терроризмнiң әр-түрлi бас көтерулерiмен күресуге қатысты басқа да халықаралық сипаттағы құжаттарды назарға ала отырып,
бiр-бiрiне мүмкiндiгiнше кеңiрек жәрдем көрсетiп және осы саладағы ынтымақтастықтың тиiмдiлiгiн арттыруды тiлей отырып,
төмендегiлер жөнiнде келiстi:
Осы Шарттың мақсаттары үшiн онда пайдаланылған терминдер мынадай мағына бередi:
"Терроризм" - қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, өкiмет органдарының шешiмдерiн қабылдауына ықпал жасау, халықты қорқыту мақсаттарында жасалынған, мынадай түрде көрсетiлетiн құқыққа қарсы қылмыстық жазаланатын iс-әрекеттер:
жеке немесе заңды ұйымдарға қатысты зорлық-зомбылық немесе оны жасаймын деп қоқан-лоққы жасау;
адамдардың опат болуы қаупiн тудыратын мүлiктердiң немесе басқа да материалдық объектiлердiң жойылуы (бүлiнуi) немесе жойылу (бүлiну) қаупiнiң төнуi;
мүлiкке айтарлықтай зиян келтiру немесе басқа да қоғамдық қауiптi зардаптардың туындауы;
мемлекеттiк немесе қоғамдық қайраткердiң өмiрiне, оның мемлекеттiк немесе басқа да саяси қызметiн тоқтатуына немесе осындай қызметi үшiн өштiктен жасалынған озбырлық әрекет;
шет мемлекеттiң өкiлiне немесе халықаралық қорғауды пайдаланатын халықаралық ұйымның қызметкерiне, сонымен қатар халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдардың қызмет жайларына немесе көлiк құралдарына шабуыл жасау;
Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес, сондай-ақ терроризммен күреске бағытталған жалпы танылған басқа да халықаралық-құқықтық актiлермен террористiк ұғымға жататын өзге де iс-әрекеттер;
"технологиялық терроризм" - ядролық, химиялық немесе технологиялық және экологиялық қаупi жоғары объектiлердi басып алуды, iстен шығаруды және қиратуды, қалалар мен басқа да елдi мекендердiң өмiр сүруiн қамтамасыз ету жүйелерiне қарсы, егер осы әрекеттер қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты қорқыту, өкiмет органдарының шешiмдер қабылдауына ықпал көрсету мақсаттарында, сондай-ақ саяси, пайдақорлық немесе кез келген өзге де мақсаттар үшiн жасалынса, сондай-ақ жоғарыда айтылған қылмыстардың бiрiн сондай мақсаттар үшiн жасауға әрекеттену, осындай қылмыстардың жасалынуына немесе жасалыну әрекеттерiне басшылық жасауды жүзеге асыру, қаржыландыру немесе арандатушы, сыбайлас яки дем берушi ретiнде қатысуын жүзеге асыруды қоса отырып, ядролық, радиологиялық, химиялық немесе бактериологиялық (биологиялық) қаруларды немесе олардың компоненттерiн, патогендi микроорганизмдердi, радиоактивтi және адамдардың денсаулығына зиян келтiретiн басқа да заттарды пайдалану немесе пайдалану қаупiн тудыру;
"технологиялық және экологиялық қаупi жоғары объектiлер" - iстен шығару адамдардың өлiмiне, халықтың денсаулығына зиян келуiне, қоршаған ортаның ластануына немесе нақтылы аймақта немесе тұтас мемлекеттегi жағдайдың тұрақсыздығына соқтыратын, кәсiпорындар, құрылыстар, қондырғылар және басқа да объектiлер;
"арнайы антитеррорлық құрамалар" - терроризм актiлерiмен күресу үшiн ұлттық заңдарға сәйкес Тараптар құрған мамандар топтары;
"арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдары" - қару мен оқ-дәрiлердi, арнайы құралдар мен жабдықтарды қоса отырып, арнайы антитеррорлық құрамалардың материалдары, техникалық және көлiк құралдары мен жабдықтары.
Тараптар терроризм актiлерiн алдын алу, анықтау, жою және тергеу мәселелерiнде ынтымақтастықты осы Шартқа, ұлттық заңдарға және халықаралық мiндеттемелерге сәйкес жүзеге асырады.
1. Осы Шартқа қол қою кезiнде немесе оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк iс рәсiмдерiн орындау кезiнде әрбiр Тарап осы Шарттың ережелерiн орындауға жауапты өздерiнiң құзыреттi органдарын көрсетедi.
Тараптар өздерiнiң құзыреттi органдарына қатысты барлық өзгерiстер туралы дереу депозитарийға хабарлайды.
2. Осы Шарттың ережелерiн орындау кезiнде Тараптардың құзыреттi органдары өзара тiкелей байланыс жасайды.
1. Тараптар терроризм актiлерiмен күрестегi ынтымақтастықты жүзеге асыру кезiнде, соның iшiнде оларды жасаған адамдарды беру мәселелерiнде тиiстi әрекеттердi тек қылмыс ретiнде ғана қарастырады.
2. Терроризм актiсiмен айыпталған адамның азаматтығы оны жасаған мерзiммен анықталынады.
1. Тараптардың құзыреттi органдары осы Шарт пен басқа да халықаралық шарттарға және ұлттық заңдарға сәйкес, ынтымақтастықты жүзеге асырады және бiр-бiрiне мынадай жолмен жәрдем көрсетедi:
а) ақпараттар алмасу;
б) жедел-iздестiру шараларын жүргiзу туралы сұратуларды орындау;
в) терроризм актiлерiнiң алдын алу, анықтау, болғызбау немесе тергеу үшiн келiсiлген шаралар әзiрлеу және қабылдау мен осы шаралар туралы өзара хабарласу;
г) келесi Тараптың аумағында терроризм актiлерiн жасауды өз аумағында дайындауды болғызбау және жою үшiн шаралар қабылдау;
д) жоғары технологиялық және экологиялық қауiптi объектiлердi жеке қорғау жүйесiнiң жағдайын бағалауға, осы жүйелердi жетiлдiру үшiн шараларды әзiрлеу мен iске асыруда жәрдем көрсету;
е) нормативтiк құқықтық актiлермен және оларды қолдану практикасы жөнiндегi материалдармен алмасу;
ж) мүдделi Тараптар арасындағы келiсiмi бойынша терроризм актiлерiн болғызбау және олардың зардаптарымен күресуде практикалық көмек көрсету үшiн, арнайы антитеррористiк құрамаларды жiберу;
з) тәжiрибе жинақтау, семинарлар, кеңесулер мен ғылыми-практикалық конференцияларды өткiзудi қоса отырып террористiк актiлердiң алдын алу және күресу тәжiрибелерiмен алмасу;
и) қызметкерлердi дайындау және бiлiктiлiгiн көтеру;
к) Тараптардың келiсiмi бойынша жоғары технологиялық және экологиялық қауiптi объектiлердi жеке қорғау жүйесi мен құралдарын әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-құрастырушылық жұмыстарын бiрлесiп қаржыландыру және жүргiзу;
л) антитеррористiк қызметтi қамтамасыз ету үшiн келiсiм негiзiнде арнайы құралдар, техника мен жабдықтардың жеткiзiлуiн жүзеге асыру.
2. Ұстап беру туралы сұратуларды жiберу және орындау, қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету және қылмыстық қудалауды қозғау тәртiбi, мүдделi Тараптар қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттармен белгiленедi.
Тараптар өзара кеңесулер арқылы, террористiк актiлердiң алдын алу және олармен күресу мәселелерiн нормативтiк-құқықтық реттеуде келiсiлген қадамдарға жету үшiн бiрлескен ұсыныстар әзiрлейдi.
1. Осы Шарттың шегiнде ынтымақтастық жасау көмек көрсету туралы мүдделi Тараптың сұратуы негiзiнде, немесе, келесi Тарап үшiн мұндай көмек қажет деп тапқан Тараптың бастамасымен жүзеге асырылады.
2. Көмек көрсету туралы сұрату жазбаша түрде жолданады. Кiдiртуге болмайтын жағдайларда сұратулар ауызша берiлуi де мүмкiн, бiрақ олар 72 сағаттан кешiктiрiлмей, соның iшiнде мәтiндi берудiң техникалық құралдары пайдаланыла отырып, жазбаша расталынуы тиiс.
Сұратудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күдiк пайда болса қосымша растау сұратылуы мүмкiн.
Сұратуда мыналар болуы тиiс:
а) көмек сұраушы құзыреттi органның және көмектесуiне сұрау салынған органның аталуы; iс мәнiсiнiң мазмұны; сұратудың мақсаты мен негiзi; сұратылған көмек көрсету мазмұнының сипатталуы;
б) сұратудың тиiстi орындалуына қажет болуы мүмкiн кез келген басқа да мәлiметтер.
3. Берiлген немесе жазбаша түрде расталынған көмек көрсету туралы сұратуға сұрау салушы құзыреттi органның басшысының немесе оның орынбасарының қолдары қойылып, сұрау салушы құзыреттi органның елтаңбалы мөрiмен куәландырылады.
1. Сұрау салынған Тарап сұратудың тез және мүмкiндiгiнше толық орындалуын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шаралар қабылдайды.
Сұрау салушы Тарап сұратудың орындалуына бөгет жасайтын немесе оның орындалуын айтарлықтай тежейтiн жағдайлар туралы дереу хабарланады.
2. Егер сұратудың орындалуы сұрау салынған құзыреттi органның құзыретiне жатпаса, онда ол сұратуды өз мемлекетiнiң оны орындауға құзыреттi органына бередi және ол туралы сұрау салушы құзыреттi органға дереу хабарлайды.
3. Сұрау салынған Тарап, оның пiкiрi бойынша сұратудың тиiстi орындалуына қажеттi қосымша мәлiметтер сұратуға құқылы.
4. Сұратуды орындау кезiнде сұрау салынған Тараптың заңдары қолданылады, бiрақ сұрау салушы Тараптың өтiнiшi бойынша, егер, бұл сұрау салынған Тараптың заңдарының негiзгi принциптерiне немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келмесе, оның заңдары да қолданылуы мүмкiн.
5. Егер сұрау салынған Тарап сұратудың тез арада орындалуы оның аумағында жүзеге асырылып жатқан қылмыстық қудалауға немесе өзге де өндiрiске кедергi жасауы мүмкiн деп пайымдаса, онда ол сұратуды орындауды кейiнге қалдыруы немесе оның орындалуын сұрау салушы Тараппен қажеттi кеңесулерден кейiн белгiленген шарттардың сақталынуымен байланыстыруы мүмкiн. Егер сұрау салушы Тарап оған ұсынылған шарттарда көмек көрсетiлуiне келiссе, онда ол осы шарттарды орындауы тиiс.
6. Сұрау салынған Тарап сұрау салушы Тараптың өтiнiшi бойынша сұрату түсу фактiсiн, ол сұрату мен онымен бiрге келген құжаттардың мазмұнын, сондай-ақ көмек көрсетiлу фактiсiнiң құпиялығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдайды.
Егер сұратуды құпиялықты сақтай отырып орындау мүмкiн болмаса онда сұрау салынған Тарап сұрау салушы Тарапқа ол туралы мәлiмдеп, ол сұратудың осындай шарттарда орындалуын шешедi.
7. Сұрау салынған Тарап мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде сұратудың орындалу нәтижелерi туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
1. Егер сұрау салынған Тарап сұратуды орындау өзiнiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне, қоғамдық тәртiбiне немесе оның басқа да елеулi мүдделерiне нұқсан келтiредi немесе оның заңдарына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы болуы мүмкiн деп пайымдаса, осы Шарттың шегiнде көмек көрсетуден толық немесе жартылай бас тартылуы мүмкiн.
2. Егер оған байланысты сұрату түскен әрекет сұрау салынған Тараптың заңы бойынша қылмыс болып табылмаса, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкiн.
3. Сұрау салушы Тарап осы баптың 1 тармағында аталған, сұратудың орындалмауы немесе жартылай орындалу себептерi көрсете отырып, жазбаша хабарланады.
1. Әрбiр Тарап келесi Тараптан алынған ақпараттар мен құжаттардың, егер олар жабық сипатты болса немесе берушi Тарап олардың жария болуын қажетсiз деп санаса, құпиялығын қамтамасыз етедi. Мұндай ақпараттар мен құжаттардың құпиялық дәрежесiн берушi Тарап белгiлейдi.
2. Осы Шарттың негiзiнде алынған сұратудың орындалу нәтижелерi оларды берген Тараптың келiсiмiнсiз басқа да мақсаттарға пайдалануы мүмкiн емес.
3. Тараптардың бiрi осы Шарттың негiзiнде алған мәлiметтердi үшiншi Тарапқа беру үшiн, ол мәлiметтердi берген Тараптың алдын ала келiсiмi талап етiледi.
Тараптың құзыреттi органдары өзара мүдделi мәселелер жөнiндегi ақпараттармен, соның iшiнде:
а) террористiк қауiп, дайындалып жатқан және жасалған террористiк актiлер, жекелеген адамдардың, адам топтарының немесе ұйымдардың терроризм актiлерiн жасау пиғылдары туралы мәлiметтер бар материалдардың өз мемлекеттерiнiң аумағында таратылуы;
б) мемлекет басшыларына, халықаралық қорғаудағы адамдарға, Тараптардың дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, консулдық мекемелерiнiң және халықаралық ұйымдарының қызметкерлерiне, мемлекеттiк сапарларға, халықаралық және ұлттық, саяси, спорттық және басқа да шараларға қатысышуларға қарсы бағытталған, терроризм актiлерiнiң дайындалғандығы;
в) ядролық материалдардың, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) қарулардың немесе оның компоненттерiнiң, жоғары уытты химиялық заттардың, патогендi микроорганизмдердiң заңсыз айналымының фактiлерi;
г) өз мемлекеттерiнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн террористiк ұйымдар, топтар және жеке адамдар туралы, террористiк ұйымдар, топтар немесе жеке адамдар арасындағы орнаған байланыстар;
д) террористiк әрекет тәсiлдерiн қолданатын, қаруланған заңсыз құрамалар, олардың құрылымы, мүшелерi, мақсаттары мен мiндеттерi;
е) террористiк әрекеттердiң анықталынған тәсiлдерi, амалдары және құралдары;
ж) Тараптар өздерiнде бар мүмкiншiлiктерiнiң шегiнде бiр-бiрiне бере алатын қамтамасыз ету және жабдықтау заттары;
з) осы Шарттың мәнiсiне қатысты мәселелердi заңмен және басқа да нормативтiк реттеудегi тәжiрибелерi;
и) белгiлi болған немесе тұжырымдалған қаржыландыру көздерi мен олардың мемлекеттерiнiң аумағына қарулар және терроризм жасаудың басқа да құралдарын заңсыз жеткiзудiң арналары;
к) Тараптардың егемендiгi мен аумақтық бүтiндiгiн бұзуға бағытталған террористiк қол сұғушылықтар; Тараптар үшiн мүдделi басқа да мәселелер туралы ақпараттар алмасады.
1. Тараптар сұрату бойынша немесе мүдделi Тараптың келiсiмiмен осы Шартқа сәйкес әдiстемелiк, консультативтiк немесе практикалық көмек көрсету үшiн арнайы террорға қарсы құрамаларды қоса отырып, өздерiнiң құзыреттi органдарының өкiлдерiн жiбере алады.
Бұл ретте қабылдаушы Тарап келесi Тарапқа жазбаша түрде өзiнiң мемлекеттiк шекарасынан өтетiн жердi, уақыты мен тәртiбiн және қойылған тапсырманың сипатын хабарлайды, адамдарды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын кедергiсiз алып өту, сондай-ақ тегiн орналастыру, тамақтандыру және қабылдаушы Тараптың көлiк инфрақұрылымын пайдалануды қоса отырып, тиiмдi шешiмдер жасауға көмек көрсетiп, қажеттi жағдайлар жасайды.
Террорға қарсы арнайы құрамалардың немесе осы құрамалардың жекелеген мүшелерiнiң қабылдаушы Тарап аумағына қарай кез келген бағыт алуы қабылдаушы Тараптың арнайы рұқсатымен және құзыреттi органның бастығының бақылауымен ғана жүзеге асырылады.
2. Көмек көрсету үшiн әуе, автомобиль, темiр жол, өзен және теңiз көлiктерiн пайдаланудың тәртiбiн қабылдаушы Тараптың мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарының келiсiмiмен Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi.
1. Көмек көрсетудiң тиiмдiлiгi мен жеделдiгi мақсатында Тараптар терроризмге қарсы арнайы құрамалардың шекарадан өтуi кезiнде ұлттық заңдармен белгiленген рәсiмдердiң жеделдете жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi.
2. Терроризмге қарсы арнайы құраманың басшысы мемлекеттiк шекарадан өту бекетiнде жiберушi Тараптың құзыреттi органдары растаған топтың жеке тiзiмiн және қабылдаушы Тарап аумағына құраманың келу мақсатын көрсете отырып, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тiзбесiн, ал құраманың басқа мүшелерi - ұлттық төлқұжаттары мен терроризммен күресу жөнiндегi құзыреттi органдарға жататындығын растайтын басқа да құжаттарын көрсетедi.
3. Арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдары кедендiк алымдар мен төлемдерден босатылады және көмек көрсету бойынша операциялар кезiнде пайдаланылуы немесе ол аяқталған соң қабылдаушы Тараптың аумағынан әкетiлуi тиiс.
Егер ерекше жағдайларға байланысты арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қайта әкету мүмкiн болмаса, жiберушi Тараптың құзыреттi органдары оларды қабылдаушы Тараптың құзыреттi органдарына тапсырады.
Осы Шарттың шегiнде арнайы шаралар өткiзудiң тәртiбi туралы шешiмдi, келесi Тараптан келген террорға қарсы арнайы құрама басшысының пiкiрiн есепке ала отырып қабылдаушы Тараптың құзыреттi органы қабылдайды. Егер оның пiкiрi ескерiлмеген болса, құрама басшысы арнай шаралар өткiзуге қатысудан бас тартуға құқылы.
1. Қабылдаушы Тарап көмек көрсетушi Тарапқа соның iшiнде қабылдаушы Тараптың аумағындағы жеке тұлғалардың қаза табуы, дене жарақатын алуы немесе өмiрiне, денсаулығына және мүлiктерiне, сондай-ақ заңды ұйымдар мен қабылдаушы Тараптың өзiне келтiрiлген зиянның орнын толтыруға қатысты, егер мұндай зиян осы Шартты iске асыруға байланысты мiндеттердi орындау көзiнде келтiрiлген болса қандай да болмасын арыз шағым жасаудан бас тартады.
2. Егер жiберушi Тараптың террорға қарсы арнайы құрамасының мүшесi қабылдаушы Тараптың аумағында осы Шартты iске асыруға қатысты мiндеттердi жүзеге асыру кезiнде қандай да болмасын жеке тұлғаға немесе зиян келтiрсе, осындай жағдайларда қабылдаушы Тараптың террорға қарсы құрамасына қатысушылар жасаған зиянның орнын толтыру үшiн қолданылатын ұлттық заң ережелерiне сәйкес, ол шығынды қабылдаушы Тарап өтейдi.
3. Алып келiнген арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының жоғалуы, жартылай немесе толықтай жойылуына қатысты шығындарды қоса отырып, жiберушi Тараптың шығындарын өтеу тәртiбi, мүдделi Тараптардың келiсiмi арқылы белгiленедi.
4. Егер Тараптардың бiрi террорға қарсы арнайы құрамалардың iс-қимылдары тигiзген зиян операция мақсатына сай емес деп есептесе, мұндай келiспеушiлiктердi мүдделi Тараптар екiжақты негiзде шешедi.
Осы Шартты орындау мақсатында Тараптардың құзыреттi органдары қажет болса кеңесулер мен жұмыс кездесулерiн өткiзедi.
Тараптар өзара келiсiм бойынша және жекелеген келiсiмдердiң негiзінде террорға қарсы арнайы құрамалардың бiрлескен жаттығу ойындарын өткiзедi және өзара негiзде өздерiнiң ұлттық террорға қарсы бөлiмшелерiнде, келесi Тарап өкiлдерiнiң тәжiрибе жинақтауын ұйымдастырады.
1. Осы Шарттың шегiнде Тараптардың құзыреттi органдары алған материалдар, арнайы құралдар, техникалар мен жабдықтар үшiншi тарапқа осы материалдарды, арнайы құралдарды, техникалар мен жабдықтарды берген құзыреттi органның келiсiмiне және қоятын шартына сәйкес қана берiледi.
2. Осы Шарт шеңберiнде көмек көрсетуде террорға қарсы арнайы құрамалар қолданған жедел-iздестiру қимылдарының тәсiлдерi, арнайы күштер мен құралдардың, қамтамасыз ету материалдарының сипаттамасы туралы мәлiметтер жариялануға жатпайды.
Мүдделi Тараптар қажет болғанда осы Шарттың шеңберiнде қаржылай, ұйымдық-техникалық және басқа да көмек көрсету шарттарын келiседi.
1. Осы Шарт Тараптардың осы Шарттың мәнiсi болып табылатын мәселелер бойынша екiжақты халықаралық шарттар жасау құқығын шектемейдi және Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа да шарттардан келiп шығатын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
2. Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiмен осы Шарттың орындалу тәртiбiн егжей-тегжейлi реттейтiн келiсiмдер жасаса алады.
Осы Шартты түсiну немесе қолдану кезiнде туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасындағы кеңесулер мен келiссөздер арқылы шешiледi.
Осы Шарт оған қол қойылған күнiнен бастап күшiне енеді. Заңы оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк iс рәсiмдерiнiң орындалуын талап ететiн Тарап үшiн - депозитарийға қажеттi хабарламаны тапсырған күннен бастап енедi. Мұндай iс рәсiмдерiнiң орындалу қажеттiгi жайлы Тараптар осы Шартқа қол қойылған соң үш ай мерзiм iшiнде депозитарийге хабарлайды.
Осы Шарт бес жыл мерзiмде қолданыста болады және егер Тараптар басқа тәртiбiн белгiлемесе оның жарамдылық мерзiмi келесi бес жылдық мерзiмдерге автоматты түрде ұзартылып отырады.
Әрбiр Тарап осы Шарттың жарамдылық мерзiмi iшiнде пайда болған қаржы немесе басқа да мiндеттемелерiн реттей отырып, ол туралы депозитарийдi алты ай бұрын жазбаша хабарландыру арқылы осы Шарттан шыға алады.
Бұл ретте осы Шарттың 18 бабының ережелерi Шарттан шыққан Тарап үшiн 10 жыл мерзiмде, ал 10 баптың ережелерi - шектеусiз мерзiмде қолданыста болады.
Осы Шарт күшiне енген соң оған Тараптардың келiсiмiмен депозитарийге қосылу туралы құжаттарын тапсыру арқылы басқа да мемлекеттер, соның iшiнде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына мүше емес мемлекеттер де қосыла алады. Мұндай қосылуға келiсетiндiктерi туралы Тараптардың соңғы хабарламасын депозитарий алғаннан соң отыз күннен кейiн қосылу күшiне енген болып есептелiнедi.
Депозитарий осы Шартқа қосылғандығы немесе оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк iс рәсiмдерiнiң орындалғандығы, Шарттың күшiне енген күнi, сондай-ақ басқа да хабарламалар мен құжаттарды алғандығы туралы Тараптарға дереу хабарлайды.
1999 жылғы 4 маусымда Минск қаласында бiр түпнұсқалық данада орыс тiлiнде жасалынды. Түпнұсқалық данасы осы Шартқа қол қойған әрбiр мемлекетке оның расталынған көшiрмесiн жiберетiн, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталынады.
Армения Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Республикасының Түрікменстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғызстан Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң
терроризмге қарсы күрестегi ынтымақтастығы туралы
шарттың жобасы бойынша
ГРУЗИЯНЫҢ ЕСКЕРТПЕСI
Шарттың 15-бабының 1-тармағын iске асыру кезiнде, осы Шарттың 14-бабында көзделiнген тәртiпте белгiленген мiндеттерге қарамастан зиян келтiрiлген жағдайда, Грузия көмек көрсетушi және арнайы iс-шаралар жүргiзушi қатысушы Тарапқа талаптар қою құқығын өзiне қалдырады.
Осымен, қоса берiлiп отырған мәтiн 1999 жылғы 4 маусымда Минск қаласында өткен, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң үкiмет басшылары Кеңесiнiң мәжiлiсiнде қабылданған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң терроризмге қарсы күрестегi ынтымақтастығы туралы шарттың түпнұсқалық көшiрмесi болып табылатындығын куәландырамын. Жоғарыда аталған Шарттың түпнұсқалық данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталуда.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы
Атқарушы комитетінің төрағасы -
Атқарушы хатшы