Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ақпараттық-мәдени орталықтарды құру және олардың қызмет жағдайлары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 13 қараша N 101-II

      Алматыда 1998 жылғы 12 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ақпараттық-мәдени орталықтарды құру және олардың қызмет жағдайлары туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ақпараттық-мәдени орталықтарды құру және олардың қызмет жағдайлары туралы
КЕЛІСІМ

(2000 жылғы 30 қарашада күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы халықтарының тарихи және мәдени құндылықтарымен өзара танысу, олардың арасындағы дәстүрлі байланыстарды сақтау және дамыту мүддесін ескере отырып,
      1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеуде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияны негізге ала отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми және білім беру процестерінің дамуы туралы өз мемлекеттері жұртшылығының ақпарат алуын ұлғайтуға зор маңыз бере отырып,
      1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың және 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәдениет, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің рухында екі жақты гуманитарлық, мәдени, ғылыми-техникалық және ақпараттық байланыстардың дамуына жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өзара негізде Мәскеуде Қазақстан Республикасының Мәдениет орталығын және Астанада Ресейдің Ғылым және мәдениет орталығын, бұдан былай Орталықтар деп аталатын, құрады.

2-бап

      Мәскеудегі Қазақстан Республикасының Мәдениет Орталығы өз қызметін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы дипломатиялық өкілдігі басшысының жалпы жетекшілігімен жүзеге асырады.
      Астанадағы Ресейдің Ғылым және мәдениет орталығы өз қызметін Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдігі басшысының, сондай-ақ Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Ресейлік халықаралық ғылыми және мәдени ынтымақтастық орталығының жалпы жетекшілігімен жүзеге асырады.

3-бап

      Өз қызметін жүзеге асыру мақсатында Орталықтар орналасқан мемлекетінің министрліктерімен, басқа да мемлекеттік мекемелерімен және ұйымдарымен, жергілікті өкімет органдарымен және ресми түрде тіркелген қоғамдарымен, қауымдастықтарымен, қорларымен, сондай-ақ жекелеген азаматтарымен тікелей байланыстар орната алады.

4-бап

      Орталықтардың негізгі міндеттері:
      - гуманитарлық, мәдени, ғылыми-техникалық және ақпараттық байланыстарды дамыту саласында екі жақты ынтымақтастық бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысу;
      - орналасқан мемлекетінің жұртшылығын өз мемлекетінің тарихымен және мәдениетімен, ішкі және сыртқы саясатымен, оның мәдениет, ғылым, білім беру және экономика саласындағы жетістіктермен таныстыру;
      - екі мемлекеттің шығармашылық, мәдени-ағартушылық, ғылыми, кәсіптік және спорт ұйымдарының арасындағы байланыстарды орнату және ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесу;
      - екі мемлекет халықтарының тілдерін оқып-үйренуге жәрдемдесу;
      - халықаралық, аймақтық және ұлттық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар арналары бойынша байланыстарды дамытуға жәрдемдесу;
      - екі мемлекеттің мәдени және ғылыми-техникалық ынтымақтастығын кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Орталықтардың ақпараттық мүмкіндіктерін пайдалану;
      - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қалалары мен аймақтарының арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды орнатуға және дамытуға жәрдемдесу;
      - мәдениет, ғылым және техника саласында ақпараттық-жарнамалық жұмысты ұйымдастыру болып табылады.

5-бап

      Орталықтар өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес:
      - өз мемлекеттерінің мәдени, білім беру, ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси және экономикалық дамуы мәселелері жөнінде ақпараттық-анықтамалық қорлар мен мәліметтер банкін құрады, халықаралық гуманитарлық, ғылыми, мәдени және іскер ынтымақтастық проблемалары бойынша конференциялар, симпозиумдар, семинарлар, консультациялар өткізеді;
      - өз мемлекеттерінің мәдени-ағартушылық, ғылыми, білім беру және кәсіптік ұйымдарының байланыстарын орнату мәселелері бойынша орналасқан мемлекеттің мүдделі ұйымдарына және жекелеген азаматтарына ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
      - орналасқан мемлекетте тұрақты тұрып жатқан отандастарының арасында мәдени-ағартушылық және ақпараттық жұмысты жүргізеді, орналасқан мемлекеттің заңдарына қызметі қайшы келмейтін бірлестіктерімен байланыстарға қолдау көрсетеді;
      - көркем ұжымдардың және жекелеген орындаушылардың өнер көрсетуін, теле- және киноқаралымдарды ұйымдастырады;
      - экспонаттар көрмелерін, фотокөрмелерді, көркем шығармалардың және халық шығармашылығы бұйымдарының көрмелерін, кітап көрмелерін өткізеді;
      - орналасқан мемлекетте өз мемлекеттері халықтарының тілдерін және мәдениеттерін оқытып-үйрететін курстарды, орналасқан мемлекетінің азаматтары үшін оқу стажировкаларын ұйымдастырады, жергілікті ғылыми және оқу мекемелерінде жұмыс істейтін, өз мемлекеттері халықтарының тілі мен әдебиетінің ғылыми қызметкерлеріне және оқытушыларына әдістемелік көмек көрсетеді;
      - өз мемлекеттеріне орналасқан мемлекеттің азаматтарын оқуға және стажировкаға іріктеуге және жолдама беруге жәрдем көрсетеді;
      - орналасқан мемлекеттегі өз мемлекетінің оқу орындарын бітірушілердің қауымдастықтары мен клубтарының жұмысына жәрдемдеседі, осындай қауымдастықтар мен клубтардың осы оқу орындарымен байланыстарына қолдау көрсетеді, сондай-ақ орналасқан мемлекетте бітірушілер үшін біліктілікті арттыру жөніндегі семинарларды ұйымдастырады;
      - орналасқан мемлекеттің мүдделі ұйымдары мен жекелеген азаматтары үшін Орталықтардағы кітапханалардың және басқа да ақпараттық қызметтердің жұмысын қамтамасыз етеді;
      - бірлескен іс-шараларды жүргізу үшін орналасқан мемлекетінің достық қауымдастықтарымен және қоғамдарымен, оқу, мәдени және ғылыми мекемелерімен, үшінші бір елдердің мәдени-ақпараттық орталықтарымен қызмет жасайды.
      Орталықтар орналасқан мемлекеттің заңдарын ескере отырып, осы Келісімнің мақсаттарына жауап беретін қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асыра алады.

6-бап

      Орталықтар орналасқан мемлекеттің заңдарына сәйкес заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады.

7-бап

      Тараптар өзара негізде және орналасқан мемлекеттің заңдарына сәйкес Орталықтардың қызметкерлері мен үй-жайларының, сондай-ақ олар өткізетін іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қолданады.

8-бап

      Орталықтардың қызметі коммерциялық емес негізде жүзеге асырылады.
      Орталықтар өз шығындарының орнын ішінара толтыру үшін:
      - өздері ұйымдастыратын жекелеген іс-шараларға келгені үшін, тіл үйрету курстарында оқытқаны және басқа да қызмет түрлері үшін ақы өндіріп алуға;
      - мерзімдік басылымдарды, каталогтарды, афишаларды, бағдарламаларды, кітаптарды, картиналар мен олардың көшірмелерін, дискілерді, күйтабақтарды, ақпараттың жазылу тәсіліне қарамастан аудио-бейнешолуларды және дидактикалық материалдарды орналасқан мемлекеттің заңдары тыйым салмаған және өздері ұйымдастырған іс-шараларға тікелей қатысы бар басқа да заттарды таратуға, бұл орайда осы заттар орналасқан мемлекеттің сауда жүйесі арқылы таратылмайтын және мұндай қызмет сауда ережелеріне зиянын тигізбейтін, сондай-ақ интеллектуальдық меншік иелерінің құқықтарын бұзбайтын жағдайда;
      - келушілерге қызмет көрсету үшін Орталықтардың үй-жайларында кітап дүкендерін, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарын және кәдесый дүңгіршектерін, сондай-ақ Орталық қонақтарының уақытша тұруы үшін мейманхана үй-жайларын ұстауға;
      - Орталықтарға тиесілі үй-жайларды жалға беруге мүмкіндік беріледі.

9-бап

      Тараптар өзара шарттарымен орналасқан мемлекеттің заңдарына сәйкес жер төлемдерін беруде, сондай-ақ Орталықтарға арналған ғимараттарды (үй-жайларды) жалға алуда, сатып алуда немесе құрылысын салуда бір-біріне жәрдемдесетін болады.
      Орталықтарды жобалау, құрылысын салу және абаттандыру жөніндегі жұмыстарды, олардың құрылысына рұқсат алғаннан кейін, орналасқан мемлекеттің қалалық құрылыс ережелеріне сәйкес жіберуші Тарап жүзеге асыратын болады. Бұл орайда жіберуші Тарап тиісті жұмыстарды жүргізу үшін мердігерлерді дербес түрде тағайындауға құқылы.

10-бап

      Орталықтардың және оларға жұмысқа жіберілген қызметкерлердің табыстарына салық салу орналасқан мемлекеттің заңдарымен реттеледі.

11-бап

      Тараптардың әрқайсысы өз Орталығының қызметкерлерін тағайындайды. Мұндай қызметкерлер жіберуші мемлекеттің, орналасқан мемлекеттің немесе үшінші мемлекеттің азаматтары қатарынан құралуы мүмкін. Соңғы жағдайда тағайындау орналасқан мемлекеттің тиісті органдарымен келісілуге тиіс.
      Орталықтардың директорлары мен олардың орынбасарлары жіберуші мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық құрамына мүше бола алады.
      Орталықтар қызметкерлерінің саны өзара уағдаластық бойынша белгіленеді.
      Тараптар Орталық қызметкерлерінің іріктелгендігі туралы, сондай-ақ қызметкерлердің қызметке кіріскендігі туралы және олардың Орталықтардағы жұмыстарын тоқтатқандығы туралы бір-бірін өзара хабардар ететін болады.

12-бап

      Жіберуші мемлекеттің азаматтары болып табылатын және орналасқан мемлекетте тұрақты түрде тұрмайтын Орталықтардың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне жіберуші мемлекеттің еңбек заңы мен әлеуметтік қамсыздандыру режимі қолданылады.

13-бап

      Әрбір Тарап өзара негізде екінші Тараптың Орталығындағы құрамның мүшелеріне, сондай-ақ олармен бірге тұрып жатқан отбасы мүшелеріне орналасқан мемлекетте тұруы үшін рұқсат алуды ресімдеу мәселелерінде өз мемлекетінің заңдарында көзделген жеңілдіктерді береді.

14-бап

      Әрбір Тарап қажет болған жағдайда екінші Тарапқа оның Орталығындағы қызметкерлер үшін жарамды тұрғын үй-жай іздеуде жәрдем көрсетеді.

15-бап

      Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға байланысты туындайтын мәселелер келіссөздер арқылы шешілетін болады.

16-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағанын растайтын соңғы жазбаша түрдегі хабар алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі тиісті кезеңнің аяқталуынан кем дегенде алты ай бұрын Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша түрде хабарлаған уақытқа дейін кейінгі бес жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады.
      Алматы қаласында 1998 жылғы 12 қазанда екі дана болып, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының                Ресей Федерациясының              Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады