Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттары бар азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 13 қараша N 104-II

      Нью-Делиде 1999 жылғы 17 тамызда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттары бар азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Үндiстан Республикасының
Үкiметi арасындағы дипломаттық және қызметтiк паспорттары бар
азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы
КЕЛIСIМ

(2000 жылғы 4 желтоқсанда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Үндiстан Республикасының Yкiметi,
      екi мемлекет арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрi нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:

1-бап

      1. Жарамды дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң азаматтары келген сәтiнен бастап 30 (отыз) күнге дейiнгi мерзiммен визасыз екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда уақытша бола алады. Ерекше жағдайларда азамат тиесілі Тараптың дипломатиялық өкiлдiгiнiң немесе консулдығының жазбаша өтiнiшi бойынша екiншi Тарап сұрау салынған визаны бере алады.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болатын кезiнде осы Тарап мемлекетiнiң қолданылып жүрген заңдарын, оның iшiнде шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшiн белгiленген тiркелу, болу және жүрiп-тұру ережелерiн сақтауға мiндеттi.

2-бап

      1. Екiншi Тараптың аумағында орналасқан кез келген Тараптың дипломатиялық өкiлдiгiнiң немесе консулдығының мүшелерiне, егер олар осы Тараптың азаматтары болып табылатын болса және жарамды дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар болса, мүдделi дипломатиялық өкiлдіктiң немесе консулдықтың жазбаша өтiнiшi бойынша оның iссапары мерзiмiне жарамды тұрақты тұруына арналған виза берiледi.
      2. Екіншi Тараптың аумағында орналасқан халықаралық ұйымдарда өз елiнiң өкiлдерi болып табылатын және дипломаттық, сондай-ақ қызметтiк паспорттары бар Тараптардың бiрiнiң азаматтары осы Баптың 1-тармағында айтылатын құқықтарды пайдаланатын болады.
      3. Осы Баптың 1 және 2-тармақтарында аталған ережелер, сондай-ақ егер олардың дипломаттық әрi қызметтiк паспорттары бар болса немесе балаларының аты-жөнi әкесiнiң немесе анасының паспортына жазылған жағдайда, дипломатиялық өкiлдік немесе консулдық мүшелерiнiң зайыптарына және олардың балаларына қатысты да қолданылады.

3-бап

      1. Тараптардың әрқайсысының өз шешiмiн дәлелдеп жатпастан екiншi Тарап мемлекетi азаматының келуiне рұқсат беруден бас тартуға немесе оның осы мемлекет аумағында болу мерзiмiн қысқартуға құқығы бар.
      2. Тараптардың әрқайсысының ерекше жағдайларда ұлттық қауiпсiздіктiң, қоғамдық тәртiптiң және денсаулық сақтаудың мүдделерiн көздеп, осы Келiсiмнiң қолданысын толық немесе iшiнара тоқтатуға құқығы бар.
      3. Тарап қысқа мерзiмде, 24 сағат бұрын, бiрақ одан кешiктiрместен осындай шаралардың қабылданғандығы және тиiсiнше олардың күшi жойылғандығы туралы екiншi Тарапқа дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң Сыртқы iстер министрлiктерi осы Келiсiм жасалған сәттен бастап отыз күн iшiнде дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiмен қолданылып жүрген дипломаттық және қызметтiк паспорттардың үлгiлерiн, сондай-ақ кез келген жаңа паспорттарды енгiзуге дейін кем дегенде отыз күн бұрын олардың үлгiлерiн алмасады және оларды қолданудың тәртiбi туралы хабарлайды.

5-бап

      1. Тараптардың бiрiнiң дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар азаматтары екiншi Тараптың аумағында паспорттарын жоғалтқан немесе бүлдiрген жағдайда бұл туралы өздерi болатын мемлекеттiң құзыреттi органдарына хабарлауға тиiс, ал құзыреттi органдар мұндай адамдарға паспорттарын жоғалтқаны туралы тiркеудi растайтын құжат бередi.
      2. Осы адам азаматы болып табылатын мемлекеттiң дипломатиялық немесе консулдық өкiлдiгi жоғалтқан құжатының орнына оған паспорт немесе оның жеке басын куәландыратын кез келген құжат бередi.

6-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру барысында пiкiр алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар оларды дипломатиялық арналар бойынша консультациялар арқылы шешедi.

7-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке Хаттамамен ресiмделедi.

8-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім оның қолданысын тоқтату туралы Тараптардың бiрi екiншi Тарапқа жазбаша нысанда хабарлағанға дейiн күшiнде болады. Осы Келiсiм екiншi Тараптың хабарламасын алған күннен бастап қолданысын тоқтатады.

      Нью-Дели қаласында бiр мың тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жылғы 17 тамызда әрқайсысы қазақ, хинди, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiм ережелерiн түсiндiруде пiкiр алшақтығы туындаса, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.

   Қазақстан Республикасының               Үндістан Республикасының
        Үкіметі үшін                              Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады