Монреальда 1984 жылғы 10 мамырда жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны өзгертуге қатысты хаттама (3-bis бап) бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны
өзгертуге қатысты
ХАТТАМА
(2002 жылғы 10 қыркүйекте күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
(1984 жылғы 10 мамырда Монреальда қол қойылған)
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ АССАМБЛЕЯСЫ,
1984 жылғы 10 мамырда Монреальда өзiнiң 25-шi (төтенше) сессиясына ЖИНАЛЫП,
халықаралық азаматтық авиация дүниежүзiнiң ұлттары мен халықтарының арасындағы достық пен өзара түсiнiстiктi орнатуға және оған қолдау көрсетуге едәуiр дәрежеде ықпал ете алатындығын, ал оны терiс пайдалану жалпыға ортақ қауiпсiздiкке қатер төндiруi мүмкiн болатындығын НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
алауыздықтан қашық болу және бүкiл дүниежүзiндегi бейбiтшілік соған байланысты болатын халықтар мен ұлттардың арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу жөн екендiгiн НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
халықаралық азаматтық авиацияның қауiпсiз және тәртiпке келтiрілген түрде дамуының қажеттiгiн НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
адамгершiлiктiң қарапайым пайымдауларына сәйкес азаматтық әуе кемелерiнiң бортындағы адамдардың қауiпсiздiгi мен өмiрi қамтамасыз етiлуi тиiс екендiгiн НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,
1944 жылғы желтоқсанның жетiншi күнi Чикагода жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияда Уағдаласушы мемлекеттер:
- әрбiр мемлекет өз аумағының үстiндегi әуе кеңiстiгiне толық және айрықша егемендiкке ие екендiгiн танитындығына,
- өзiнiң мемлекеттiк әуе кемелерi үшiн ережелер белгілеу кезiнде азаматтық әуе кемелерi навигациясының қауiпсiздiгiне тиiстi көңiл бөлуге мiндеттеме алатындығына, және
- азаматтық авиацияны Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтiн қандай да болмасын мақсаттарға пайдаланбауға келiсетiндiгiне КӨҢIЛ БӨЛЕ ОТЫРЫП,
Уағдаласушы мемлекеттердiң басқа мемлекеттердiң әуе кеңiстiгiн бұзуға және азаматтық авиацияны Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтiн мақсаттар үшiн пайдаланылуын болдырмауға және халықаралық азаматтық авиацияның қауiпсiздiгiн одан әрi арттыра түсуге жәрдемдесуге бағытталған тиiстi шаралар қабылдауға шешiмдiлiк танытқанына КӨҢIЛ БӨЛЕ ОТЫРЫП,
Уағдаласушы мемлекеттер ұшу кезiнде азаматтық әуе кемелерiне қарсы қару қолданбау қағидатын тағы да растай түсуге ортақ ниет бiлдiргендiгiне КӨҢIЛ БӨЛЕ ОТЫРЫП,
1. Сондықтан да, Чикагода 1944 жылғы желтоқсанның жетiншi күнiжасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны өзгерткен орынды деп ҚАУЛЫ ЕТЕДI,
2. Жоғарыда айтылған Конвенцияның 94 а) бабының ережелерiне сәйкес көрсетiлген Конвенцияға ұсынылған мынадай түзетудi БЕКIТЕДI:
3-баптан кейiн жаңа 3-bis бап орналастырылсын: "3-bis бап
а) Уағдаласушы мемлекеттер әрбiр мемлекет ұшу кезiнде азаматтық әуе кемелерiне қарсы қару қолданудан бас тартуы тиiс және оларды ұстап алған кезде борттағы адамдардың өмiрi мен әуе кемесiнiң қауiпсiздiгiне қатер төнбеуi тиiс деп таниды. Бұл ереже қандай да болмасын тұрғыда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жазылған мемлекеттердiң құқықтары мен мiндеттемелерiн өзгертушi ретiнде ұғынылмайды.
b) Уағдаласушы мемлекеттер әрбiр мемлекеттiң өз егемендiгiн жүзеге асыру кезiнде, егер ол оның аумағының үстiнен рұқсатсыз ұшса немесе егер оның осы Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтiн қандай да болмасын басқа мақсаттарға пайдаланылды деп ұйғаруға орынды негiзi болса, қандай да бiр көрсетiлген әуежайға қонуын талап етуге құқығы болады немесе мұндай әуе кемесiне мұндай тәртiп бұзушылықты доғару үшiн кез келген басқа да нұсқаулар бере алады. Осы мақсатпен Уағдаласушы мемлекеттер осы Конвенцияның тиiстi ережелерiн, нақты айтқанда осы баптың а) тармағын қоса алғандағы, халықаралық құқықтың тиiстi нормаларымен үйлесетiн кез келген тиiстi құралдарды қолдана алады. Кез келген Уағдаласушы мемлекет азаматтық әуе кемелерiн ұстап алуға қатысты қолданылатын өз ережелерiн жариялауға келiседi.
с) Әрбiр азаматтық әуе кемесi осы баптың b) тармағына сәйкес берiлетiн бұйрықты орындайды. Осы мақсатта әрбiр Уағдаласушы мемлекет сол мемлекетте тiркелген немесе негiзгi қызмет орны немесе тұрақты болатын жерi осы мемлекеттегi пайдаланушылар пайдаланатын кез келген азаматтық әуе кемесi үшiн оны орындауды мiндеттi ету үшiн өздерiнiң ұлттық заңдарында немесе ережелерiнде барлық қажеттi ережелердi қабылдайды. Әрбiр Уағдаласушы мемлекет осындай қолданылатын заңдар мен ережелердiң кез келген бұзылуы үшiн қатаң жаза көздейдi және өздерiнiң заңдарына немесе ережелерiне сәйкес істi өзiнің құзыреттi органдарына бередi.
d) Әрбiр Уағдаласушы мемлекет осы мемлекетте тiркелген немесе негiзгi қызмет орны немесе тұрақты болатын жерi осы мемлекеттегi пайдаланушы пайдаланатын кез келген азаматтық әуе кемелерiн осы Конвенцияның мақсаттарымен үйлеспейтiн қандай да бiр мақсаттарға қасақана пайдалануына тыйым салу үшiн тиiстi шаралар қабылдайды. Бұл ереже осы баптың а) тармағына ықпал етпейдi және b) мен с) тармақтарын қозғамайды.".
3. Аталған Конвенцияның айтылған 94 а) бабының ережелерiне сәйкес жоғарыда айтылған ұсынылған түзету оны жүз екi Уағдаласушы мемлекет бекiткеннен кейiн күшiне енетiндiгiн БЕЛГIЛЕЙДI, және
4. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Бас хатшысы мәтiндерi бiрдей тең болатын орыс, ағылшын, испан және француз тiлдерiнде Хаттама жасасын және оған жоғарыда айтылған түзету мен төменде жазылған ережелердi енгiзсiн деп ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
а) Хаттамаға Ассамблеяның Төрағасы мен оның Бас хатшысы қол қояды;
b) Хаттама аталған Халықаралық авиация ұйымы туралы конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттiң бекiтуi үшiн ашық;
с) бекiту грамоталары Халықаралық азаматтық авиация ұйымына сақтауға тапсырылады;
d) Хаттама оны бекiткен мемлекеттерге қатысты жүз екiншi бекiту грамотасы сақтауға тапсырылған күнi күшiне енедi;
е) Бас хатшы Хаттаманы бекiту туралы әрбiр құжаттың сақтауғатапсырылған күнi туралы барлық Уағдаласушы мемлекеттерге дереу хабарлайды;
f) Бас хатшы барлық мемлекеттерге - аталған Конвенцияға қатысушыларға Хаттаманың күшiне енетiн күнi туралы хабарлайды;
g) Хаттамаға жоғарыда көрсетiлген күннен кейiн бекiткен кез келген Уағдаласушы мемлекетке қатысты Хаттама олар өздерiнiң бекiту грамоталарын Халықаралық азаматтық авиация ұйымына сақтауға тапсырғаннан кейiн күшiне енедi.
ОСЫНЫҢ НӘТИЖЕСIНДЕ, Ассамблеяның жоғарыда көрсетiлген iс-қимылдарына сәйкес,
Осы Хаттаманы Ұйымның Бас хатшысы жасады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ YШIН, оған Ассамблея уәкiлеттендiрген жоғарыда айтылған Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Ассамблеясының жиырма бесiншi (төтенше) сессиясының Төрағасы мен Бас хатшысы осы Хаттамаға қол қойды,
бiр мың тоғыз жүз сексен төртiншi жылғы мамыр айының оныншы күнi Монреальда орыс, ағылшын, испан және француз тiлдерiнде бiр құжат түрiнде ЖАСАЛДЫ және де әрбiр мәтiн бiрдей тең болып табылады. Осы Хаттама Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мұрағатында сақтауда қалады, ал оның куәландырылған көшiрмелерiн Ұйымның Бас хатшысы барлық мемлекеттерге - бiр мың тоғыз жүз қырық төртiншi жылғы желтоқсан айының жетiншi күнi Чикагода жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның тараптарына жолдайды.
Ассамблеяның 25-шi (төтенше) Бас хатшы
сессиясының Төрағасы
Мамандар:
Қасымбеков Б.А.
Жұманазарова А.Б.