Женевада 1969 жылғы 25 маусымда Халықаралық Еңбек ұйымы Бас конференциясының 53-ші сессиясы қабылдаған Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы конвенция (129-Конвенция) бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Халықаралық еңбек конференциясы
129-конвенция
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ
ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
(2002 жылғы 6 шілдеден бастап күшіне енді - ҚР халықаралық
шарттары бюллетені, 2002 ж., N 7, 54-құжат)
Женевада Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi шақырған және 1969 жылдың 4 маусымында өзiнiң елу үшiншi сессиясына жиналған Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы
қолданылып жүрген еңбек инспекциясына қатысты еңбек мәселелерi жөнiндегi халықаралық конвенциялардың, мәселен өнеркәсiп пен саудада қолданылатын 1947 жылғы Еңбек инспекциясы туралы конвенцияның және 1958 жылғы Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының шектеулi санатын қамтитын плантациялар туралы конвенцияның ережелерiн назарға ала отырып,
ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы жөнiндегi халықаралық нормаларды қабылдаудың қажеттігiн жалпы ескере отырып,
сессияның күн тәртiбiнде төртiншi тармақ болып табылатын ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы бiрқатар ұсыныстарды қабылдау туралы қаулы ете отырып,
осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын берудi шеше отырып,
осы бiр мың тоғыз жүз алпыс тоғызыншы жылдың маусым айының жиырма бесінші жұлдызында 1969 жылғы Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы конвенция деп атауға болатын осы Конвенцияны қабылдайды.
1-бап
1. Осы Конвенциядағы "ауыл шаруашылық кәсiпорны" деген термин жер өңдеумен, мал өсiрумен және оларды күтудi қоса алғанда, мал шаруашылығымен, орман шаруашылығымен, бау-бақша шаруашылығымен, ауыл шаруашылық өнiмдерiн бастапқы ұқсатумен немесе ауыл шаруашылық жұмыстарының кез келген басқа түрлерiмен жер өңдеушiнiң өзi айналысатын кәсiпорындарды немесе кәсіпорындардың бөліктерін бiлдiредi.
2. Қажет болған жағдайда, өкiметтiң уәкiлеттi органы, бiр де бiр ауыл шаруашылығы кәсiпорнын еңбек инспекциясының ұлттық жүйесiнен шығарып тастамау үшiн, мүдделi кәсiпкерлер мен еңбекшілердің неғұрлым өкілетті органдарымен, ондайлар бар болған жерде, консультациялар жүргізілгеннен кейін, бір жағынан ауыл шаруашылығы, екінші жағынан өнеркәсіп пен сауданың арасына шек қояды.
3. Қайсыбір кәсіпорынға немесе кәсіпорынның бір бөлігіне қатысты Конвенцияны қолдану жөнінде күдік туындаған жағдайда, мәселені өкіметтің құзыретті органы шешеді.
2-бап
Осы Конвенциядағы "заң ережелері" деген термин заңдар мен қаулылардан басқа арбитраждық шешімдер мен қолданылуын еңбек инспекторлары қамтамасыз ететін заң күші бар ұжымдық шарттарды қамтиды.
3-бап
Осы Конвенция өзіне қатысты күшінде болатын Халықаралық Еңбек Ұйымының әрбір Мүшесінің ауыл шаруашылығында еңбек инспекциясының жүйесі болуы міндетті.
4-бап
Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының жүйесі, олардың сыйақысының түрі мен жобасына, олардың еңбек шартының нысаны мен ұзақтығына қарамастан, еңбекшілер мен оқушылар жалданып жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қолданылады.
5-бап
1. Ұйымның осы Конвенцияны бекітетін кез келген Мүшесі бекітуге қоса берілетін өтінішінде өзінің ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы жүйесін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істейтін адамдардың мынадай бір немесе бірнеше санатына:
а) жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын жалға алушыларға, сыбағаластар мен осындай санаттағы ауыл шаруашылығы еңбекшілеріне;
b) ұжымдық шаруашылыққа қатысушы адамдар, мәселен, кооператив мүшелеріне;
с) ұлттық заңның белгілеуіне сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорны басшысы отбасының мүшелеріне қолдануға өзіне міндеттеме алуы мүмкін.
2. Ұйымның осы Конвенцияны бекіткен кез келген Мүшесі бекітуден кейін жоғарыдағы тармақта аталған және осының алдындағы өтінішіне байланысты әлі де қамтылмаған адамдардың бір немесе бірнеше санаттарына ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы жөніндегі өз жүйесін қолдануды өз міндетіне алатынын көрсете отырып, Халықаралық еңбек Бюросының Бас Директорына өтініш жіберуі мүмкін.
3. Ұйымның осы Конвенцияны бекіткен әрбір Мүшесі Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынатын өзінің баяндамаларында, 1-тармақта көрсетілген және осының алдындағы өтінішіне байланысты әлі де қамтылмаған адамдардың санаттарына осы Конвенцияның ережелерін қандай шамада қолданатынын немесе қолдануға ниеттенетінін көрсетеді.
6-бап
1. Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы жүйесінің мынадай функциялары болады:
а) заң ережелерін, мәселен, жұмыс уақыты, жалақы, апталық демалыс пен жыл сайынғы демалыстар, еңбек қауіпсіздігі, денсаулық сақтау мен тұрмыстық қызмет көрсету, әйелдердің, балалар мен жасөспірімдердің еңбегін пайдалану туралы және басқа да осындай мәселелер жөніндегі ережелерді жұмыста еңбекшілерге еңбек жағдайын жасау мен оларды қорғау саласында қолдануды аталған ережелердің сақталуына еңбек инспекторларына қандай бақылау жүктелгеніне қарай шамада қамтамасыз ету;
b) кәсіпкерлер мен еңбекшілерге заңнама ережелерін сақтаудың неғұрлым тиімді құралдары туралы техникалық ақпараттар мен консультациялар беру;
с) қолданылып жүрген заң ережелерінің күші қолданылмайтын кемшіліктер немесе теріс пайдаланушылықтар туралы өкіметтің құзыретті органын хабардар ету және оларға заңдарды жақсартуға қатысты ұсыныстар енгізу.
2. Ұлттық заңдарға сәйкес ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторларына консультациялық функциялар немесе еңбекшілердің және олардың отбасыларының тұрмыс жағдайларына қатысты заң ережелерінің қолданылуын бақылау функциялары жүктелуі мүмкін.
3. Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторына жүктелуі мүмкін кез келген міндеттер олардың өзінің негізгі міндеттерін тиімді орындауына кедергі жасамауға немесе инспекторлардың кәсіпкерлер мен еңбекшілердің арасындағы қарым-қатынасында қажет болатын беделі мен риясыздығына ешбір жағдайда нұқсан келтірмеуге тиіс.
7-бап
1. Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы Ұйым Мүшесінің әкімшілік тәжірибесімен сыйысатын дәрежеде орталық органның қарауында және бақылауында болады.
2. Федеративтiк мемлекет үшiн "орталық орган" деген сөз не федерацияның орталық органы, не федерацияның құрамдас бөлiктерiнiң бiрiнiң федералдық органы дегенді бiлдiруi мүмкiн.
3. Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясын, мәселен:
а) шаруашылық қызметінiң барлық секторлары үшiн жауап беретiн еңбек инспекциясының бiрыңғай органы;
b) ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы жүктелген инспекторлардың тиісті даярлығы арқылы қамтамасыз етілген ішкі функционалдық тұрғыдан мамандандырылған еңбек инспекциясының бiрыңғай органы;
с) қызметкерлерiне ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы алдағы уақытта жүктелетiн техникалық бiлiктi қызмет құру арқылы қамтамасыз етiлген iшкi институционалдық тұрғыдан мамандандырылған еңбек инспекциясының бiрыңғай органы;
d) немесе iс-әрекетiн басқа салалардағы, мысалы өнеркәсiптегi, көлiктегi және саудадағы еңбек инспекцияларына қатысты дәл сондай өкiлеттiктерi бар орталық орган бақылайтын ауыл шаруашылығындағы мамандандырылған инспекция қызметi жүзеге асыруы мүмкiн.
8-бап
1. Инспекцияның қызметкерлері мәртебесi мен жұмыс жағдайы қызмет жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз ететiн және оларды үкiметтегі кез келген өзгерiстерден және қайсыбiр ұнамсыз сыртқы әсерлерден тәуелсiз ететiн мемлекеттiк қызметшiлерден құрайды.
2. Ұлттық заңдарға немесе тәжiрибеге қаншалықты сәйкес болуына қарай Ұйым Мүшелерi өздерiнiң ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы жүйесiне, қызметтерi еңбек инспекторларының қызметiн толықтыра алатын кәсiптiк ұйымдардың қызметкерлерiн немесе өкiлдерiн енгiзе алады. Осы қызметкерлер мен өкiлдер функцияларының тұрақтылығына кепiлдiк берудi және қайсыбiр ұнамсыз сыртқы әсерлерден тәуелсiз болуын қамтамасыз ету қажет.
9-бап
1. Мемлекеттік қызметке қызметкерлерді қабылдаған жағдайда ұлттық заңдарда көзделуі мүмкін барлық талаптар сақталған жағдайда, ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторлары оларға жүктелетін міндеттерді орындауға жарамдылығы негізінде ғана қабылданады.
2. Мұндай жарамдылықты тексерудің әдістерін құзыретті органдар белгілейді.
3. Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторлары өздерінің қызметтерін жүзеге асыру үшін тиісті дайындықтан өтеді және оларды жұмыс барысында тиісінше қосымша оқытумен қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қолданылады.
10-бап
Қызметкерлер құрамына ер адамдармен бірге әйелдер де кіруі мүмкін. Қажет болған жағдайда, ер адам инспекторлар мен әйел инспекторларға тиісінше ерекше міндеттер жүктелуі мүмкін.
11-бап
Ұйымның әрбір Мүшесі техникалық білімді қажет ететін мәселелерді шешу кезінде ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының жұмысына білікті сарапшылар мен мамандарды елдің талаптарына неғұрлым лайықты деп танылуы мүмкін нысанда тарту үшін барлық шараларды қолданады.
12-бап
1. Өкіметтің құзыретті органы, бір жағынан ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы қызметі, екінші жағынан үкіметтік қызметтер, сондай-ақ осы тақылеттес іс-әрекетті жүзеге асыратын қоғамдық немесе аты танылған мекемелердің арасындағы тиімді ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін тиісті шаралар қабылдайды.
2. Қажет болған жағдайда, өкіметтің құзыретті органы аймақтық немесе жергілікті деңгейдегі еңбек инспекциясына қатысты кейбір функцияларды көмекші жұмыс ретінде орындауды тиісті үкіметтік қызметтерге немесе қоғамдық мекемелерге тапсыра алады, немесе, осы Конвенцияда белгіленген қағидаттардың қолданылуына нұқсан келтірілместен, осы қызметтер мен мекемелерді аталған функцияларды орындауға тартуы мүмкін.
13-бап
Өкіметтің құзыретті органы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының қызметкерлері мен олар бар болған жағдайда кәсіпкерлер, еңбекшілер немесе олардың ұйымдарының арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін тиісті шараларды қабылдайды.
14-бап
Инспекциялық қызметтің функцияларын тиімді түрде іске асыру үшін, ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторларының жеткілікті санын қамтамасыз ету мақсатында шаралар қолданылуы тиіс, және осы сан төмендегілер:
а) инспекторлар орындауға тиісті міндеттердің маңыздылығы, атап айтқанда:
і) инспекциялауға жататын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны, сипаты, көлемі және орналасқан жері;
іі) осы кәсіпорындарда жұмыс істейтін еңбекшілердің саны мен санаттары;
ііі) қолданылуын олар қамтамасыз етуге тиісті заң ережелерінің саны мен күрделілігі;
b) инспекторлардың иелік етуіне берілген материалдық құралдар және;
с) тиімді болуы үшін олардың кезінде инспекциялық тексерулер жүргізілуі тиіс іс жүзіндегі жағдайлар ескеріле отырып белгіленеді.
15-бап
1. Өкіметтің құзыретті органы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторының иелігінде төмендегілердің:
а) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының және жұмыс істеп тұрған байланысты құралдарының географиялық орналасуы ескеріле отырып орналастырылған, инспекциялық қызметтің мұқтаждықтарына сәйкес жабдықталған және барлық мүдделі тұлғаларға мүмкіндігінше ашық жергілікті бюролардың;
b) тиісті қоғамдық көлік құралы болмаған жағдайда, олардың функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті көлік құралдарының болуы үшін қажетті шаралар қабылдайды.
2. Өкіметтің құзыретті органы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторларына олардың қызметін жүзеге асыру үшін қажетті барлық көліктік және кез келген қосымша шығындарды өтеу мақсатында қажетті шаралар қабылдайды.
16-бап
1. Өздерінің өкілеттіктерін растайтын құжаттары бар еңбек инспекторлары:
а) инспекциялауға жататын кез келген жұмыс орнына алдын ала хабарлаусыз күндізгі немесе түнгі кез келген уақытта кедергісіз кіруге;
b) инспекциялауға жатады деп санауға жеткілікті негізі бар барлық орындарға күндізгі уақытта баруға;
с) заң ережелерінің қатаң сақталатындығына көз жеткізу үшін өздері қажет деп санаған бақылауды, тексеруді немесе зерттеуді жүзеге асыруға, атап айтқанда:
і) кәсіпкерге немесе кәсіпорын қызметкерлеріне немесе кәсіпорында жұмыс істейтін кез келген адамға жеке немесе куәгерлердің қатысуымен заң ережелерінің қолданылуына қатысты мәселелер бойынша сұрақтар қоюға;
іі) өмір және еңбек жағдайларының мәселелері туралы заңдар бойынша жүргізілетін кез келген кітаптың, тізілімін немесе басқа да құжаттың заң ережелеріне сәйкестігін тексеру және олардың көшірмесін түсіріп алу немесе көшіріп алу мақсатында оларды ұлттық заңдарда көзделген тәртіппен сұратуға;
ііі) материалдардың немесе заттардың талдау жүргізу мақсатында алынғаны немесе әкетілгені туралы кәсіпкерге немесе оның өкіліне хабарлаған жағдайда, пайдаланылатын немесе өңделетін материалдар мен заттардың үлгілерін тексеру үшін алуға және өзімен бірге алып кетуге құқылы.
2. Еңбек инспекторлары осы баптың 1-тармағындағы а) немесе b) тармақшаларына сәйкес, ауыл шаруашылығы кәсіпорны басшысының жеке меншік үйіне, осы басшының келісімі немесе өкіметтің құзыретті органының ерекше рұқсаты болмаған жағдайда, кіре алмайды.
3. Егер мұндай хабарлау олардың функцияларын тиімді орындауына нұқсан келтірмейді деп санаса, инспектор инспекциялық тексеріс жасалған кезде өзінің қатысуы туралы кәсіпорынды немесе оның өкілін, сондай-ақ еңбекшілерді немесе олардың өкілдерін хабардар етеді.
17-бап
Сонымен, ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының органдары, өкіметтің құзыретті органы белгілегендей, денсаулыққа немесе еңбек қауіпсіздігіне қатер төндіре алатын жаңа жабдықтарға, жаңа материалдарға немесе заттарға және өнімдерді өңдеудің немесе қайта өңдеудің жаңа процестеріне алдын ала бақылау жүргізуге қатысады.
18-бап
1. Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторлары өздері денсаулыққа немесе еңбек қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін деп есептеуге негізі бар қауіпті материалдарды немесе заттарды пайдалануды қоса алғанда, қайсыбір ғимаратта, жабдықты орналастыруда немесе ауыл шаруашылығы кәсіпорнының еңбек әдісінде байқалған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды талап етуге құқылы.
2. Еңбек инспекторларына, олар осындай шараларды қолдана алуы үшін, заңдарда көзделуі мүмкін сот немесе әкімшілік органдарына шағымдану құқығы сақталған жағдайда:
а) белгіленген мерзімде ғимараттарға, қондырғыларға, үй-жайларға, құрал-жабдықтарға немесе машиналарға денсаулық немесе еңбек қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі заң ережелерінің қатаң қолданылуын қамтамасыз ету үшін қажетті өзгерістер енгізу туралы;
b) денсаулыққа немесе еңбек қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнген жағдайда шұғыл орындауға, тіпті жұмысты тоқтатуға дейін жататын шараларды қолдану туралы өкімдер беру немесе өкім берілуін талап ету өкілеттіктері беріледі.
3. Егер 2-тармақта көзделген рәсім Ұйым Мүшесінің әкімшілік немесе сот практикасына қайшы келсе, инспекторлар өкіметтің құзыретті органына өкім шығару немесе жедел орындауға жататын шаралар қабылдауды талап ету жөнінде өтініш жасауға құқылы.
4. Инспектордың кәсіпорында болған кезінде байқалған кемшіліктер, сондай-ақ 2-тармаққа сәйкес ол берген өкімдер, немесе 3-тармаққа сәйкес қабылдау жөнінде өтініш жасалған өкімдер дереу кәсіпкерге және еңбекшілер өкілдеріне хабарланады.
19-бап
1. Өндірістегі жазатайым оқиғалар туралы және ауыл шаруашылығының секторындағы кәсіби аурулар туралы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы ұлттық заңдарда көзделген тәртіпке сәйкес хабардар етілуге тиісті.
2. Еңбек инспекторлары өндірісте болатын өте ауыр жазатайым оқиғалардың немесе кәсіби аурулардың, әсіресе оларға бірнеше еңбекші ұшыраған немесе кісі өлімі болған жағдайда, себептерін ізінше тексеруге арналған кез келген тергеуге мүмкіндігінше қатысады.
20-бап
Ұлттық заңдарда көзделуі мүмкін айрықшалықтар сақталған жағдайда, ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторларына:
а) өз бақылауындағы кәсіпорынның жұмысына тікелей немесе жанама түрде мүдделі болуына тыйым салынады;
b) тиісті санкциялар немесе тәртіптік шаралардың ықпалымен, өздеріне таныс өндірістік немесе коммерциялық құпияларды немесе өз функцияларын жүзеге асырған кезде өзіне белгілі болған өндірістік процестерді, оларды тіпті қызметтен кеткеннен кейін де жария етпеу оларға міндеттеледі;
с) еңбек операцияларындағы кемшіліктерге, қауіп-қатерлерге немесе заң ережелерін бұзушылығына жасалған түрлі шағым көздерін аса құпия деп санауға және инспекциялық тексерулердің осындай шағымның түсуіне байланысты болғандығын кәсіпкерге немесе оның өкіліне хабарламауға ұйғарым беріледі.
21-бап
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын тексерудің жиілігі және жан-жақтылығы тиісті заң ережелерін тиімді қолдануды қамтамасыз ету қажеттілігіне қарай жүзеге асады.
22-бап
1. Жүзеге асырылуы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторына жүктелген заң ережелерін бұзған немесе оларды сақтаудан жалтарған адамдар алдын ала хабарландырылмастан, дереу сот арқылы немесе әкімшілік қудалауға тартылады. Алайда, ұлттық заңдарда ерекше жағдайлар көзделуі мүмкін, болған жағдайды түзеу үшін немесе ескерту шараларын қабылдау үшін алдын ала ескерту жасалынуы тиіс.
2. Сот арқылы іс қозғаудың немесе оны қозғауға ұсыныс жасаудың орнына ескерту жасау немесе кеңес беру керектігі туралы мәселені инспекторлардың өздерінің шешуіне құқығы бар.
23-бап
Егер ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторларының қудалауды бастауға өздерінің құқығы болмаса, олардың қудалауды қозғауға уәкілетті өкімет органына заң ережелерінің бұзылуы туралы баяндамалар ұсынуға өкілеті болуға тиіс.
24-бап
Қолданылуы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекторларының бақылауына жататын заң ережелерінің бұзылғаны үшін және еңбек инспекторларына, олардың міндеттерін атқару кезінде оларға көрсетілген қарсы әрекеттер үшін ұлттық заңдар бойынша тиісті санкциялар көзделеді және олар тиімді қолданылады.
25-бап
1. Еңбек инспекторлары немесе жергілікті инспекциялық қызметтер өздерінің ауыл шаруашылығындағы қызметінің қорытындысы туралы инспекцияның орталық органына ара-тұра баяндамалар ұсынады.
2. Осы баяндамалар белгіленген үлгіде және орталық инспекция органы ара-тұра ұйғаратын мәселелер қамтыла отырып, әзірленеді. Олардың жасалыну жиілігі орталық органның талап етуіне байланысты, бірақ жылына кемінде бір рет ұсынылады.
26-бап
1. Орталық инспекция органы ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының қызметтері туралы жыл сайынғы баяндаманы жеке баяндама түрінде немесе өзінің жылдық жалпы баяндамасының бөлігі түрінде жариялайды.
2. Осындай жыл сайынғы баяндамалар, олар жасалған жылдан кейінгі 12 айдан аспайтын ыңғайлы кезеңде жарияланады.
3. Жыл сайынғы баяндамалардың көшірмелері, олар жарияланғаннан кейінгі үш айдан кешіктірілмей, Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Директорына жіберіледі.
27-бап
Инспекцияның орталық органы жыл сайын жариялайтын баяндамаларда, осы орталық органның бақылауына жататын шамада, атап айтқанда, мынадай мәселелер қамтылады:
а) ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының қызметіне қатысты заңдар мен қаулылар;
b) ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясының қызметкерлері;
с) еңбек инспекциясына жататын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары туралы және осы кәсіпорындарды жұмыс істейтін еңбекшілердің саны туралы статистикалық деректер;
d) инспекциялық тексерулер туралы статистикалық деректер;
е) орын алған тәртіп бұзушылықтар мен оған қолданылған санкциялар туралы статистикалық деректер;
f) өндірістегі жазатайым оқиғалар туралы, олардың себептері туралы статистикалық деректер;
g) олардың себептерін қоса алғанда, кәсіби аурулар туралы статистикалық деректер.
28-бап
Осы Конвенцияны бекіту туралы ресми құжаттар тіркеу үшін Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберіледі.
29-бап
1. Осы Конвенция бекіту туралы құжаттарын Бас Директор бекіткен Халықаралық Еңбек Ұйымының Мүшелерін ғана байланыстырады.
2. Осы Конвенция Ұйымның екі Мүшесінің бекіту туралы құжаттарын Бас Директор тіркегеннен кейінгі он екі айдан соң күшіне енеді.
3. Кейінгі уақыттарда, осы Конвенция Ұйымның әрбір Мүшесіне қатысты, оның бекіту туралы құжаты тіркелгеннен кейінгі он екі айдан соң күшіне енетін болады.
30-бап
1. Осы Конвенцияны бекіткен Ұйымның кез келген Мүшесі, оның бастапқы күшіне енген кезінен он жыл мерзім өткеннен соң, оның күшін Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберілген және онда тіркелген күшін жою туралы акт арқылы жоя алады. Күшін жою туралы акт тіркелгеннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны бекіткен Ұйымның әрбір Мүшесі өзінің осы бапта көзделген күшін жою құқығын осының алдындағы тармақта аталған он жылдық кезең өткеннен соң бір жылдың ішінде пайдаланбаса, ол тағы да келесі он жылдық кезеңге созылады және кейін, әрбір он жылдық кезең өткен сайын, осы бапта көзделген тәртіпті сақтай отырып, осы Конвенцияның күшін жоя алады.
31-бап
1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры Ұйым Мүшелерінен алған бекіту туралы құжаттарды, күшін жою туралы өтініштер мен актілерді тіркегені туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық мүшелеріне хабарлайды.
2. Бас Директор алынған бекіту туралы екінші құжатты тіркеу жөнінде Ұйым Мүшелеріне хабарлай отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшіне енген күнінен аударады.
32-бап
Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры осының алдындағы баптарға сәйкес тіркеген бекіту туралы барлық құжаттарға, күшін жою туралы өтініштер мен актілерге қатысты толық мәліметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына жібереді.
33-бап
Әрқашан, Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Әкімшілік Кеңесі қажет деп есептеген жағдайда, ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және Конференцияның күн тәртібіне оны толық немесе ішінара қайта қарау туралы мәселені енгізу қажеттігін шешеді.
34-бап
1. Егер Конференция осы Конвенцияға толық немесе ішінара өзгерістер енгізетін жаңа конвенцияны қабылдаса, және егер жаңа конвенцияда өзгеше жағдайлар көзделмеген болса, онда:
а) жаңа, қайта қаралған конвенцияның Ұйымның кез келген Мүшесімен бекітілуі, 30-баптың ережелеріне қарамастан, жаңа, қайта қаралған конвенция күшіне енгізілген жағдайда, осы Конвенцияны жедел күшін жоюды өздігінен қажет етеді;
b) осы Конвенция жаңа, қайта қаралған конвенция күшіне енгізілген күннен бастап, Ұйым Мүшелерінің бекітуі үшін жабық болады.
2. Осы Конвенция оны бекіткен, бірақ жаңа, қайта қаралған конвенцияны бекітпеген Ұйымның Мүшелері үшін, нысаны мен мазмұны жағынан өз күшінде қалады.
35-бап
Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.