Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның факультативтік хаттамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 4 шілде N 220-II Заңы

      Нью-Йоркте 2000 жылғы 6 қыркүйекте жасалған Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның факультативтік хаттамасы бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық
түрлерін жою туралы конвенцияның факультативтік хаттамасы
(2000 жылғы 6 қыркүйек, Нью-Йорк қаласы)

(2001 жылғы 24 қарашада күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы адамның негізгі құқықтарына, адамның жеке басының қадір-қасиеті мен құндылығына және еркектер мен әйелдердің тең құқықтылығына қатысты сенімді тағы да қуаттағандығын ескере отырып,
      сондай-ақ Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясы қадір-қасиеті мен құқығы тұрғысында барлық адамдар еркін әрі тең болып жаратылады, сондай-ақ әрбір адам қандай да бір айырмашылықтарына, оның ішінде жынысына қатысты айырмашылықтарына қарамастан Декларацияда жарияланған барлық құқықтары мен барлық бостандықтарды иемденуі тиіс деп жарияланғанын ескере отырып,
      адам құқығы туралы халықаралық актілерге және жыныстық белгісі бойынша кемсітушілікке тыйым салатын адам құқығы жөніндегі басқа да халықаралық құқықтық құжаттарға сілтеме жасай отырып,
      сондай-ақ Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық түрiн жою туралы конвенцияға («Конвенция») сiлтеме жасай отырып, онда оған қатысушы мемлекеттер әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық түрлерiн айыптайды және әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктi жою саясатын барлық тиiстi тәсілдермен кiдiрiссiз жүргiзуге келiседi,
      адамның барлық құқықтары мен негiзгi бостандықтарын әйелдерге толық және тең түрде берудi қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы құқықтар мен бостандықтарды бұзуды болдырмау жөнiнде тиiмдi шаралар қабылдауға бекем бел байлағандықтарын қуаттай отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Хаттамаға қатысушы мемлекет («Қатысушы мемлекет») Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктi жою жөніндегі комитеттiң («Комитет») 2-бапқа сәйкес ұсынылатын хабарларды қабылдау және қарау құзыретiн таниды.

2-бап

      Конвенцияда мазмұндалған қандай да бiр құқықтарын осы Қатысушы мемлекеттің белден басуының құрбаны болып табылатындығын растайтын хабарды Қатысушы мемлекет құқығына жататын адамдар немесе адамдар тобы жiберуi немесе хабар олардың атынан жiберiлуi мүмкiн. Егер хабар жекелеген адамдардың немесе адамдар тобының атынан жiберiлетiн болса, бұл олардың келісімiмен жасалады, автор өзiнiң әрекетiн осындай келісімсiз олардың атынан негiздей алатын жағдайлар бұған қосылмайды.

3-бап

      Хабар жазбаша түрде берiледi және ол беймәлiм хат болмауы тиiс. Комитет хабарды, егер ол Конвенцияға Қатысушы мемлекетке қатысты болса, бiрақ ол осы Хаттаманың қатысушысы болып табылмаса қабылдамайды.

4-бап

      1. Комитет құқықтық қорғаудың барлық мүмкiн болатын iшкi құралдары түгелдей қолданылғанына көз жеткiзгенге дейiн хабарды қарамайды, қорғаудың мұндай құралдарын қолдану негiзсiз созылған немесе олар күтiлгендей нәтиже бермейтiн жағдайлар бұған қосылмайды.
      2. Мынадай жағдайларда:
      а) тап осы мәселенi Комитет бұрын қараған болса немесе ол халықаралық талқылаудың яки реттеудiң басқа да рәсiмiне сәйкес қаралған болса немесе қаралып жатса;
      b) хабар Конвенцияның ережелерiне сәйкес келмесе;
      с) хабар көрер көзге негiзсiз немесе жеткiлiктi түрде негiзделмеген болса;
      d) хабардан осындай хабар жiберуге арналған құқықтың қиянат жасап пайдаланылғандығы білінетiн болса;
      е) хабардың тақырыбы болып табылатын фактiлер тиiстi Қатысушы мемлекет үшiн осы Хаттама күшiне енген уақытқа дейiн орын алса, егер осы фактiлер аталған күннен кейiн де орын алмаған жағдайда Комитет хабарды қабылдауға жарамсыз деп жариялайды.

5-бап

      1. Хабар алынғаннан кейiн және оның мазмұны бойынша шешiм қабылданғанға дейiн Комитет жорамалданған заңсыздықтың салдарынан құрбандыққа немесе құрбандықтарға ықтимал болатын түзелмейтiндей нұқсан келтiрудi болдырмас үшiн қажеттi болып табылатын уақытша шараларды Қатысушы мемлекеттiң қолдануын сұраған өтiнiштi кiдiрiссiз қарауы үшiн кез келген сәтте тиiстi Қатысушы мемлекетке жiбере алады.
      2. Егер Комитет осы баптың 1-тармағына сәйкес өзiнiң дискрециондық құқығын жүзеге асыратын болса, бұл хабарды қабылдауға болатындығын немесе оның мазмұнына қатысты Комитет шешiм қабылдағандығын бiлдiрмейдi.

6-бап

      1. Комитет тиiстi Қатысушы мемлекеттi атамай хабарды қабылдауға болмайды деп есептейтiн жағдайларды қоспағанда және адам немесе адамдар атын немесе аттарын осы Қатысушы мемлекетке ашуға келісімiн берген жағдайда Комитет осы Хаттамаға сәйкес өзiне жiберiлген кез келген хабар туралы құпиялылық сақтау тәртібімен тиiстi Қатысушы мемлекеттi құлағдар етедi.
      2. Жазбаша хабар алған Қатысушы мемлекет осы мәселенi және егер мұндай жағдай орын алса, осы Қатысушы мемлекет қабылдауы мүмкiн кез келген шараны түсiндiретiн жазбаша түсiнiктеменi немесе өтiнiштi алты айдың iшiнде Комитетке ұсынады.

7-бап

      1. Комитет, егер мұндай ақпарат тиiстi Тараптарға жiберiлген болса, өзiне жекелеген адамдар немесе адамдар тобы немесе олардың атынан, сондай-ақ тиiстi Қатысушы мемлекет ұсынған барлық ақпаратты ескере отырып осы Хаттамаға сәйкес алынған хабарды қарайды.
      2. Осы Хаттамада көзделген хабарларды қараған кезде Комитет жабық мәжіліс өткiзедi.
      3. Комитет хабарды зерттегеннен кейiн хабарға қатысты өзiнiң пiкiрiн ұсыныстарымен бiрге, егер ұсыныстар болатын болса, тиiстi Тараптарға жолдайды.
      4. Қатысушы мемлекет Комитеттiң пікірiн оның ұсыныстарымен бiрге, егер ұсыныстар болатын болса, тиiстi түрде қарайды және жазбаша жауапты, оның iшiнде Комитеттiң пiкiрi мен ұсыныстарын ескере отырып қабылданған кез келген шаралар туралы ақпаратты алты айдың iшiнде Комитетке ұсынады.
      5. Комитет Қатысушы мемлекетке өзiнiң пiкiрiне немесе ұсыныстарына, егер ұсыныстар болатын болса, жауап ретiнде Қатысушы мемлекет қабылдаған кез келген шаралар туралы қосымша ақпаратты, оның iшiнде Комитет мұны орынды деп санаса, Конвенцияның 18-бабына сәйкес Қатысушы мемлекет ұсынатын кейiнгі баяндамаларында табыс етудi ұсына алады.

8-бап

      1. Егер Комитет Конвенцияда мазмұндалған құқықтарды Қатысушы мемлекеттiң елеулi түрде немесе тұрақты түрде бұзғандығын куәландыратын сенiмдi ақпаратты алатын болса, Комитет осы Қатысушы мемлекетке ақпаратты бiрлесiп зерттеудi ұсынады және осыған байланысты тиiстi ақпаратқа қатысты ескертпелерiн де ұсынады.
      2. Мүдделi Қатысушы мемлекет ұсынуы мүмкiн кез келген ескертпенi, сондай-ақ өзiнде бар кез келген басқа да сенiмдi ақпаратты ескере отырып, Комитет тергеу жүргiзу және Комитетке шұғыл түрде баяндама ұсынуы үшiн өзiнiң бiр немесе бiрнеше мүшесiн тағайындай алады. Бұл негіздi болған жағдайларда және Қатысушы мемлекеттің келісімiмен тергеу оның аумағында болуды да қамтуы мүмкiн.
      3. Осындай тергеудiң нәтижелерiн зерттегеннен кейiн Комитет осы нәтижелердi кез келген ескертпелерiмен және ұсыныстарымен бiрге тиiстi Қатысушы мемлекетке жолдайды.
      4. Тиiстi Қатысушы мемлекет Комитет жолдаған нәтижелердi, ескертпелер мен ұсыныстарды алған кезiнен бастап өзiнiң ескертпелерiн алты айдың iшiнде Комитетке жiбередi.
      5. Мұндай тергеу құпия түрде жүргiзіледi және осы жұмыстың барлық кезеңдерiнде осы Қатысушы мемлекет тарапынан бiрлесiп жұмыс iстеудi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолданылады.

9-бап

      1. Комитет тиiстi Қатысушы мемлекетке осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес жүргiзiлген тергеуге байланысты қабылданған кез келген шаралар туралы егжей-тегжейлi ақпаратты Конвенцияның 18-бабына сәйкес ұсынылатын баяндамасына қосуды ұсына алады.
      2. 8.4-бабында сөз болатын алты айлық кезең аяқталғаннан соң, қажет болған жағдайда, Комитет тиiстi Қатысушы мемлекетке осындай тергеуге байланысты қабылданған шаралар туралы хабардар етудi ұсынуы мүмкiн.

10-бап

      1. Кез келген Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға қол қойған немесе бекiткен және оған қосылған уақытта 8-9-баптарда көзделген Комитеттiң құзыретiн танымайтындығы туралы мәлiмдеуi мүмкiн.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мәлiмдеме жасаған кез келген Қатысушы мемлекет Бас Хатшыға жазбаша хабарлама жiберу арқылы осындай мәлiмдемесiнен кез келген уақытта бас тарта алады.

11-бап

      Осы Хаттамаға сәйкес хабар Комитетке жiберiлуi салдарынан өзiнiң құқығына жататын адамдар нашар қарым-қатынасқа немесе қорқытуға ұшырамасы үшiн Қатысушы мемлекет барлық қажеттi шараларды қабылдайды.

12-бап

      Комитет Конвенцияның 21-бабында көзделген өзiнің жыл сайынғы баяндамасына осы Хаттамаға сәйкес өзiнiң қызметi туралы қысқаша есеп берудi қосады.

13-бап

      Әрбiр Қатысушы мемлекет Конвенцияны және осы Хаттаманы кең ауқымда таратуға және жария етуге, сондай-ақ Комитеттің пiкiрлерi мен ұсыныстары туралы ақпаратқа, атап айтқанда осы Қатысушы мемлекетке қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа қол жеткізуге жәрдемдесуге мiндеттенедi.

14-бап

      Комитет осы Хаттама арқылы өзiне жүктелетiн функцияларды орындау кезiнде сақталуға тиiстi өзiнiң рәсiмдiк ережелерiн талдап жасайды.

15-бап

      1. Осы Хаттама Конвенцияға қол қойған, оны бекiткен немесе оған қосылған кез келген мемлекеттiң қол қоюы үшiн ашық.
      2. Осы Хаттама Конвенцияны бекiткен немесе оған қосылған кез келген мемлекеттiң бекітуiне жатады. Бекіту грамоталары Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.
      3. Осы Хаттама Конвенцияны бекiткен немесе оған қосылған кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық.
      4. Қосылу қосылу туралы құжатты Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының депозитарийiне тапсыру арқылы жүзеге асырылады.

16-бап

      1. Осы Хаттама қосылу туралы оныншы бекіту грамотасын немесе оныншы құжатты Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының депозитарийiне тапсырған күннен бастап үш ай өткен соң күшiне енедi.
      2. Осы Хаттаманы бекiтетiн немесе ол күшiне енгеннен кейiн оған қосылатын әрбiр мемлекет үшiн осы Хаттама оның бекіту грамотасын немесе қосылуы туралы құжатын депозитарийге тапсырған күннен бастап үш айдан соң күшiне енедi.

17-бап

      Осы Хаттамаға қатысты ескертпелерге жол берiлмейдi.

18-бап

      1. Кез келген Қатысушы мемлекет осы Хаттамаға түзетулерiн ұсына алады және оларды Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына табыс ете алады. Бас Хатшы содан кейiн осы ұсынысты қарау және олар бойынша дауыс берудi өткізу мақсатында Қатысушы мемлекеттердiң конференциясын шақыруды олардың қолдайтындығын өзiне хабарлау туралы өтiнiш айтып, кез келген ұсынылған түзетулердi Қатысушы мемлекеттерге жолдайды. Егер мұндай конференцияны шақыруды Қатысушы мемлекеттердiң кем дегенде үштен бiрi қолдайтын болса, Бас Хатшы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының демеуiмен осындай конференцияны шақырады. Осындай конференцияда дауыс беруге қатысқан немесе атсалысқан Қатысушы мемлекеттердің көпшiлiгі қабылдаған кез келген түзету бекіту үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына ұсынылады.
      2. Түзетулер оларды Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекiткеннен кейiн және осы Хаттаманы Қатысушы мемлекеттердiң үштен екiден көпшiлiгi өздерiнiң конституциялық рәсiмдерiне сәйкес қабылдаған соң күшiне енедi.
      3. Түзетулер күшiне енген уақытта оларды қабылдаған Қатысушы мемлекеттер үшiн түзетулер мiндеттi болып табылады, ал басқа да Қатысушы мемлекеттер үшiн осы Хаттаманың ережелерi және олар қабылдаған кез келген бұрынғы түзетулер мiндеттi болып табылады.

19-бап

      1. Кез келген Қатысушы мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының атына жазбаша хабарлама жiберу арқылы кез келген уақытта осы Хаттаманың күшiн жоя алады. Күшiнiң жойылуы Бас Хатшы осындай хабарламаны алған күннен бастап алты айдан соң күшiне енедi.
      2. Күшiн жою күшiн жоюдың күшiне енген күнiне дейiн 2-бапқа сәйкес ұсынылған кез келген хабарға немесе 8-бапқа сәйкес басталған кез келген тергеуге қатысты осы Хаттаманың ережелерiн одан әрi қолдануға нұқсан келтiрмейдi.

20-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы барлық мемлекеттерге:
      а) осы Хаттамаға сәйкес қол қоюлар, бекітулер және қосылулар туралы;
      b) осы Хаттаманың күшіне енген күні және 18-бапқа сәйкес кез келген түзетулер туралы;
      с) 19-бапқа сәйкес кез келген күшін жою туралы хабарлайды.

21-бап

      1. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндерінің түпнұсқалары бірдей болып табылатын осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрағатына тапсырылады.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін Конвенцияның 25-бабында аталған барлық мемлекеттерге жолдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады