"Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiс пен толықтыру енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы. 2003 жылғы 8 қаңтар N 379-II

      "Байланыс туралы" 1999 жылғы 18 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 12, 396-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат) мынадай өзгерiс пен толықтыру енгізiлсiн:
      2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) телефон жалғау қызметiне ақы төлеудiң абоненттiк белгiленген жүйесi (бұдан әрi - қызметке ақы төлеудiң абоненттiк жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңiндегі төлемдер сомасы абоненттiк желiнi, оның түрiне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру ақысын және бiр абонентке шаққанда оның орташа ұзақтығына қарай жергiлiктi телефон жалғау ақысын қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесi;
      2) байланыстың ведомстволық желiлерi - телекоммуникациялардың өндiрiстiк және арнайы мұқтаждарды қамтамасыз ету үшiн құрылатын, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне шыға алатын желiлерi;
      3) телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсi - Қазақстан Республикасының аумағындағы телекоммуникациялардың технологиялық жағынан септестiрiлген, орталықтандырылған басқарумен қамтамасыз етiлген желiлерiнiң кешенi;
      4) байланыстың бөлектелген желiлерi - жеке және заңды тұлғалардың пайдаланушылар шеңберiн сол желiнiң иесi белгiлейтiн, жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсiне шыға алмайтын, телекоммуникациялар желiлерi;
      5) жалпы қолжетiмдi қызметтер - кез келген пайдаланушыға көрсетiлетiн, сапасы қанағаттандырарлық бiрiншi кезекте қажеттi байланыс қызметтерi;
      6) байланыс операторы - байланыс қызметтерiн көрсетуге құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
      7) телекоммуникациялар желiлерiнiң күзетiлетiн аймағы - ондағы өсiмдiктерiмен және құрылыстарымен қоса алғанда, байланыс желiсiн бойлай және байланыс объектiлерiнiң айналасына орналасқан жер учаскесi;
      8) телефон жалғау қызметiне уақытына қарай ақы төлеу жүйесi (бұдан әрi - қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi төлемдер сомасы тұрақты құрамдас бөлiктен - абоненттiк желiнi, оның түрiне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға бергенi үшiн төленетiн ақыдан және уақытына қарай құрамдас бөлiктен - тарифтеу бiрлiгiнiң iс жүзiндегi ұзақтығына қарай жергiлiктi телефон жалғау ақысынан тұратын ақы төлеу жүйесi;
      9) байланысты пайдаланушы - байланыс қызметiн тұтынушы, соның iшiнде байланыс операторларымен жасасатын шарттар негiзiнде тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға (абонент);
      10) почта байланысы - почта жөнелтiлiмдерiн қабылдау, сұрыптау, тасымалдау және жеткiзу, сондай-ақ ақша аудару;
      11) почта жөнелтiлiмдерi - хаттар, почта карточкалары, бандерольдер, пакеттер, посылкалар, почта  контейнерлерi, сондай-ақ тиiсiнше буылып-түйiлген баспа басылымдары;
      12) трафиктi өткiзу - байланысты пайдаланушылар (байланыс желiлерi) арасында жалғауды жолға қою мен ақпарат беру процесiн жүзеге асыру;
      13) радиожиiлiк спектрi - радиожиiлiктердiң белгiлi бiр жиынтығы;
      14) байланыс - ақпарат пен почта жөнелтiлiмдерiн қабылдау, жинау, сұрыптау, жинақтау, беру, жеткiзу және тарату;
      15) телекоммуникациялар желiсi - хабар берудiң бiр немесе бiрнеше түрiн: телефон, телеграф, факсимиле түрлерiн, деректер мен құжаттық хабардың басқа да түрлерiн берудi, телевизиялық, дыбыстық және радио мен сым-өткiзгiш арқылы хабар таратудың өзге де түрлерiн қамтамасыз ететiн технологиялық жүйелер;
      16) жалпы пайдаланыстағы телекоммуникациялар желiсi телекоммуникациялардың өзара үйлестiрiлген желiсiнiң барлық жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшiн ашық құрамдас бөлiгi;
      17) жергiлiктi телефон жалғау құнын уақытына қарай есептеу жүйесi (бұдан әрi - жергiлiктi телефон жалғауды уақытына қарай есептеу) - жергiлiктi телефон жалғауды есептеудiң жергiлiктi телекоммуникациялар желiсi қызметiн пайдаланғаны үшiн төлемдер сомасының есебiн қамтамасыз ететiн технологиялар мен тәсiлдер жиынтығы;
      18) байланыс құралдары - телекоммуникациялар хабарламаларын не почта жөнелтiлiмдерiн қалыптастыру, сұрыптау, беру немесе қабылдау үшiн пайдаланылатын техникалық құралдар;
      19) телекоммуникация - көмегiмен сым-өткiзгiш, оптика, радио және басқа электромагниттiк жүйелер бойынша белгiлер, сигналдар, мәтiндер, бейнелер, дыбыстар беру немесе қабылдау жүргiзiлетiн құралдар жиынтығы;
      20) трафик - телекоммуникациялар желiлерi арқылы берiлетiн хабарламалар жиынтығы;
      21) байланыс қызметтерi почта жөнелтiлiмдерiн немесе телекоммуникациялар хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру және жеткiзу жөнiндегi қызмет.";

      24-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      "4. Байланыс операторының жергiлiктi телефон жалғауды уақытына қарай есептеудi жүзеге асыруға техникалық мүмкiндiктерi болған жағдайда байланысты пайдаланушы - жеке тұлға қызметке абоненттiк немесе уақытына қарай ақы төлеу жүйелерiнiң бiрiн таңдап алуға құқылы.
      Қызметке уақытына қарай ақы төлеу кезiнде байланыс операторы пайдаланушының талабы бойынша ақысы төленуге тиiстi жергiлiктi телефон жалғау туралы тегiн жазбаша ақпарат беруге мiндеттi.
      Ондай ақпарат берiлмеген жағдайда пайдаланушы қызметке ақы төлеудi абоненттiк жүйе бойынша жүргiзуге құқылы.
      Байланысты пайдаланушы - заңды тұлға төлемдi жергiлiктi телефон жалғаудың уақытына қарай ақы төлеу жүйесi бойынша жүзеге асырады.".

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады