Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігі Үкіметінің арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 456-ІІ Заңы.

      Мадридте 2000 жылғы 30 қазанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігі Үкіметінің арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Испания Корольдiгi Yкiметiнiң арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң
халықаралық автомобиль тасымалы туралы
Келісім

      (2008 жылғы 11 қаңтарда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2008 ж., N 1, 3-құжат)

      Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Испания Корольдiгiнiң Үкiметi,

      мемлекеттер арасында халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттілiгiн басшылыққа ала отырып, екi мемлекет арасындағы, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен өтетiн автомобиль қатынасын жүзеге асыруды жеңілдетуге ұмтыла отырып, осы мәселелердi өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиiмдiлiк рухында реттеуге тiлек бiлдiре отырып,

      төмендегілер туралы келiстi:

Қолдану саласы 1-бап

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдiгi арасында жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильдiк тасымалдауға, олардың аумақтары арқылы транзиттiк тасымалдауға, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында тiркелген автокөлiк құралдарымен үшiншi мемлекеттерге немесе үшiншi мемлекеттерден тасымалдауға қолданылады.

      2. Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.

Анықтамалар 2-бап

      Осы Келiсiмде:

      1. "Тасымалдаушы" терминi Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және осы Уағдаласушы Тараптың мемлекетi осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылып жүрген ұлттық заңнамасына сәйкес ақы үшiн немесе жал алу жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильдiк тасымалдауға рұқсат берген кез келген жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi.

      2. "Жүк автокөлiк құралы" терминi Уағдаласушы Тараптардың бiрінің мемлекетi аумағында моторлы құрал тiркелген және жүктердi автомобильмен тасымалдауға ғана пайдаланылатын моторлы көлiк құралын немесе автокөлiк құралдарының (тiркемесi бар автомашина) қосарланған комбинациясын бiлдiредi.

      3. "Жолаушы автокөлiк құралы" (автобус) терминi, жүргiзушi орнын қоса алғанда, жолаушыларға арналған 9-дан астам орын саны бар, механикалық жетекпен жұмыс iстейтiн кез келген автокөлiк құралын бiлдiредi.

      4. "Жолаушыларды тұрақты тасымалдау" терминi белгіленген кестеге сәйкес, жол бойы белгiленген аялдама пункттерiнде жолаушылар отыратын және түсе алатын белгiлi бiр бағыт бойынша жолаушыларды автобустармен тасымалдауды бiлдiредi.

      5. "Жолаушыларды тұрақсыз тасымалдау" терминi, тұрақты болып табылмайтын, автобустармен жолаушыларды тасымалдаудың барлық басқа да түрлерiн бiлдiредi.

Жолаушыларды тасымалдау 3-бап

      Пайдаланылатын жолаушы автокөлiк құралы тiркелген бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағы мен екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағы арасында жолаушылардың тұрақты тасымалы (екi жақты қатынас), сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің бiрінің аумағы арқылы транзиттiк қатынас рұқсат беру негiзiнде жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдауға арналған рұқсаттар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдарының өзара келiсiмi бойынша беріледi.

      2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының мемлекетiнiң құзыреттi органы оның мемлекетiнiң аумағы арқылы өтетiн бағыттың бөлiгiне рұқсат бередi.

      3. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдары рұқсат шарттарын, атап айтқанда оның қолданылу мерзiмiн, көлiктiк операциялардың жиiлiгiн, кестесiн және қолданылатын тарифтердi, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалдарын кедергiсiз және тиiмдi түрде жүзеге асыруға қажеттi кез келген басқа да егжей-тегжейiн бiрлесiп анықтайды.

      4. Рұқсаттарға арналған тапсырыстар оларды қабылдауға немесе қабыл алмауға құқығы бар, автокөлiк құралдарын тiркейтiн мемлекеттiң құзыреттi органдарына жiберiледi. Егер тапсырыс ешқандай қарсылық тудырмайтын болса, аталған құзыреттi орган бұл туралы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына хабарлайды.

      5. Тапсырыс - ұсынылатын кесте, тарифтер, бағыттары, жылдың рейстер орындалатын кезеңi мен уақыты және де тасымалдауды бастау жоспарланып отырған күнi сияқты қажеттi егжей-тегжейi мазмұндалған барлық құжаттарды қамтуы тиiс. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қажет деп есептейтін қосымша деректерді талап етуі мүмкін.

5-бап

      1. Рұқсаттар жолаушыларды тұрақты емес, соның ішiнде транзиттік тасымалдары кезінде, мыналар жүзеге асырылған жағдайларда талап етілмейді:

      1) бүкіл сапар кезінде бір ғана автобус бір ғана жолаушылар тобын тасымалдау үшін пайдаланылатын, оларды қабылдаушы тараптың аумағынан әкететін "жабық есік" тасымалдауы; жүріп кету орны тасымалдаушы тіркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында болуы тиіс;

      2) бір шетке бортында жолаушыларымен, керi бағытта жолаушыларсыз жүзеге асырылатын "бос қайту" тасымалдауы, бұл ретте жөнелту пунктi тасымалдаушы тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болады;

      3) бір шетке бортына жолаушылар алмай жүзеге асырылатын "бос кiру" тасымалдауы, бұл ретте бүкiл жолаушылар белгілi бiр жерде ғана бортқа алынады және де төмендегi талаптардың бiрi (немесе бiрнешеуi) орындалуы шарт:

      - топты мiнгiзетiн және сол аумақтың шегiнен тысқары жерге алып кететiн екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына келгенге дейiн қол қойылған тасымалдаудың келiсiм-шартына сәйкес жолаушылар бiр топты құрайды;

      - осы Баптың 2) тармақшасына сәйкес белгiлi бiр тасымалдаушы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына алдын ала әкелген жолаушылар, ол жерден олар кейiнiрек алынады да автокөлiк құралы тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкетiледi;

      - екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына саяхат жасауға шақырылған жолаушылар, бұл ретте тасымалдау шығынын шақырушы тұлғаның өзi көтередi; мұндай жолаушылар бiркелкi топ құрауы тиiс;

      - осы Келiсiмде қамтылған халықаралық тасымалдарды орындау кезiнде тек қана бұзылған және техникалық ақауы бар автобустарды алмастыру үшiн пайдаланылатын бос автобустардың жүрiп өтуi.

      2. Осы Баптың 1-тармағында көрсетiлген жағдайларда жүргiзушiнiң автокөлiк құралында тиiстi түрде толтырылған жолаушылардың тiзiмi бар жол ведомосы болуы тиiс. Жол ведомосында Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Бiрлескен Комиссия қол жеткiзген уағдаластық негiзiнде жоғарыда аталған тармақтарда көрсетiлген барлық сапарлары кезiнде тасымалдаушының қолы мен мөрi болуы тиiс.

      3. Бортында жолаушыларсыз орындалатын және осы Баптың 1-тармағының 3) тармақшасының ережелерiне бағынатын тасымалдар бортында әрбiр нақты жағдайда тасымалдауды растайтын құжаттар (тасымалдауға арналған келiсiм-шарт, бортында жолаушыларымен бiр бағытта жол жүруге, бортында жолаушыларынсыз мұның алдындағы керi бағытта жол жүруге арналған жол ведомосы немесе шақыру) болған жағдайда жүзеге асырылуы тиiс.

6-бап

      Осы Келiсiмнiң 5-бабында көзделмеген кез келген тұрақты емес жолаушылар тасымалдары үшiн рұқсаттар талап етiледi.

      Рұқсаттарға өтінім, аумағында тасымалдаушы тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына берілуi тиiс. Осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары бұл өтінімдерді өздерiнiң ұсыныстарымен бiрге екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына жiбередi. Өтінімдер 30 күннiң iшiнде қаралады. Өтінімдер тасымалдаушының атауын, талап етілген рұқсаттың қолданылу мерзiмiн, жөнелту және жеткізу пункттерiн қамтиды.

      Осы Келiсiмнiң 15-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия өтінімдердің нысанын белгiлейдi.

Жүктерді тасымалдау 7-бап

      1. 15-бапқа сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия өзгеше шешетiн жағдайларды қоспағанда, екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралымен жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағына және аумағынан жүктердiң барлық халықаралық тасымалдары үшiн рұқсаттар алу қажет.

      2. Рұқсаттар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында тiркелген тасымалдаушыларға жоғарыда аталған аумақтарға кiруге, одан шығуға және ол арқылы жүрiп өтуге мүмкiндiк бередi. Рұқсаттарды автокөлiк құралы кiмнiң аумағында тiркелген болса, сол Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бередi.

      3. Рұқсаттарды берудi жеңiлдету үшiн Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдары рұқсаттардың келiсiлген санымен тепе-теңдiк және өзара тиiмділiк негiзiнде алмасады. Рұқсаттарда қолы мен мөрi болуы тиiс.

      4. 15-бапқа сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия алмасуға жататын және екi шетiне де бiр рет жол жүруге арналған рұқсаттардың үлгiлерiн белгiлейдi.

8-бап

      1. Осы Келiсiмнiң 7-бабында аталған рұқсаттар:

      1) тек қана оқып үйрену, жәрмеңкелер мен көрмелер үшін арналған заттарды немесе материалдарды;

      2) театр, музыка, кинематография, спорт және цирк iс-шараларына, сондай-ақ радиохабарларды жазу, кино және телевизиялық түсiрулерге арналған жабдықтар мен керек-жарақтарды;

      3) бұзылған жүк автокөлiк құралдарын (кейiн қарай жеткiзу);

      4) мәйiттердi, қайтыс болғандардың күлi салынған сауыттарды;

      5) жүк автокөлiк құралдарындағы тiркеменiң толық салмағын қоса алғанда, барынша рұқсат етiлген толық салмағы алты тоннадан аспайтын немесе тiркеменiң пайдалы жүктемесiн қоса алғанда, ең жоғарғы рұқсат етiлген пайдалы жүктемесi үш жарым тоннадан аспайтын жүктердi;

      6) дәрi-дәрмектердi, медициналық жабдықтар мен жарақтарды, сондай-ақ кезек күттiрмейтiн апатты жағдайлар мен стихиялық апаттар кезiнде көмек көрсетуге арналған басқа да заттарды;

      7) жануарларды (цирк және спорт iс-шаралары үшiн);

      8) тұрғындардың көшi-қоны кезiнде мүлiктi (үй жиhаздары мен үй аспаптары);

      9) пошта жөнелтiлiмдерiн;

      10) қайырымдылық жүктерін тасымалдау үшiн талап етiлмейдi.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 7) тармақшалары оларда көрсетiлген заттарды керi әкеткен немесе одан әрі үшiншi елдерге тасымалдаған жағдайларда ғана қолданылады.

Жалпы ережелер 9-бап

      Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің тасымалдаушыларына екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункт арасында жолаушылар мен жүктердi тасымалдауға тыйым салынады.

10-бап

      1. Автокөлiк құралының салмағы мен көлемiне қатысты, әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралдары үшiн, өз мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралдарына белгiленгенiнен анағұрлым қатаң шарттарды белгiлемеуге мiндеттенедi.

      2. Автокөлiк құралының салмағы мен көлемдерi автокөлiк құралының ресми тiркелiмiне сәйкес болуы тиiс.

      3. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетiнде тiркелген автокөлiк құралының салмағы және/немесе көлемдерi екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылатын салмақтың және/немесе көлемдердiң ең жоғарғы рұқсат етiлетiн параметрлерінен асып түсетiн жағдайларда арнайы рұқсаттар талап етiледi.

      4. Автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде, ол басқаратын көлiк құралының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалып Жол қозғалысы туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясы Конвенциясының талаптарына жауап беретiн автокөлiк құралына арналған ұлттық тiркеу құжаттары болуы тиiс.

11-бап

      Әкелу кезiнде қолданылатын кедендiк баждарды, кедендiк ресiмдеу үшiн алымдарды және салықтарды төлеуден Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына автокөлiк құралымен әкелiнетiн:

      - егер отын бактерiн өндiрушi автокөлiк құралының тиiстi үлгiсi үшін көздесе, екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына кiрген сәттегі автокөлiк құралдарының отын бактерiндегi жанармай, сондай-ақ рефрижератор қондырғыларының жұмысы үшiн қажетті тiркемедегі немесе жартылай тiркемедегi жанармай;

      - тасымалдау кезiнде қалыпты тұтынуға қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;

      - халықаралық автокөлiк тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде істен шыққан автокөлiк құралдарын жөндеу үшiн қажеттi қосалқы бөлшектер мен саймандар босатылады. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер, сондай-ақ ауыстырылған қосалқы бөлшектер елден шығарылуы, не жойылуы, не тиiсті Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртiппен айналымға түсуі тиіс.

12-бап

      Осы Келiсiмге сәйкес орындалатын тасымалдар қабылдаушы мемлекетте кемсiтпеушілiк қағидаты негiзiнде жол желiлерiн немесе көпірлердi пайдаланғаны үшiн өндiрiп алынатын салықтар мен алымдардан босатылмайды.

13-бап

      Тасымалдаушылар және олардың автокөлiк құралдарының экипаждары екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағында тасымалдауды орындаған кезде, осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылып жүрген ұлттық заңнамаларды, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн сақтауға мiндеттi.

14-бап

      Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетiнiң тасымалдаушысы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзса, аумағында бұзушылық орын алған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары өз аумағында қолданылатын кез келген заңды жазалау шараларына құқығын сақтай отырып, өзінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қолданатын екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына бұзушылық туралы хабарлайды. Уағдаласушы Тараптардың екі мемлекетінің құзыретті органдары өздері қабылдаған шаралар туралы бір-бірін хабардар етеді.

15-бап

      1. Осы Келiсiмнiң орындалуы мен қолданылуына байланысты барлық мәселелердi шешу мақсатында Уағдаласушы Тараптар, мемлекеттердiң құзыреттi органдарының өкiлдерiнен тұратын Бiрлескен Комиссия құрады.

      Осы Келiсiмдi қолдану бойынша Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары мыналар болып табылады:

      Қазақстан Республикасында:

      Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.

      Испания Корольдiгiнде - Даму министрлігі, Автомобиль көлігі жөніндегі Бас Басқарма.

      Уағдаласушы Тараптар құзыретті органдарға қатысты өзгерістер туралы хабарлайтын болады.

      2. Бiрлескен Комиссияның мәжiлiстерi Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетiнiң құзыреттi органдарының ұсынысы бойынша өткiзiледi.

      3. Бiрлескен Комиссия қажет кезде басқа құзыреттi органдардың қатысуымен осы Келiсiмдi өзгерту немесе Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларға сәйкес келтiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi. Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндіру мен қолдануға байланысты туындауы мүмкiн барлық дауларды Бiрлескен Комиссияның келіссөздерi мен консультациялары арқылы шешетiн болады.

16-бап

      Осы Келiсiм ережелерiнiң Уағдаласушы Тараптар келiскен кез келген өзгерiстерi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы әрбiр Уағдаласушы Тарап дипломатиялық арналар бойынша жазбаша түрде құлақтандырылғаннан кейiн күшiне енедi.

17-бап

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң күшiне енуiне қатысты мемлекетішілiк рәсiмдердi олардың орындағаны туралы өзара негiздегi жазбаша нысанда дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне хабарлағаннан кейiн 30 күн өтiсiмен күшiне енедi.

18-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабар жіберген күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде болады.

      Мадрид қаласында 2000 жылғы 30 қазанда, әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушілiк туындаған жағдайда, ағылшын тiлiндегi мәтiнге басымдық берiлетiн болады.

      Қазақстан Республикасының
Испания Корольдігiнiң
      Үкiметi үшiн Үкіметі үшін

      (РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады