Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттері туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 5 қарашадағы N 492-ІІ Заңы

      Астанада 2001 жылғы 16 қарашада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттері туралы келісім бекітілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан
Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан
мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы
Келісім

(2005 жылғы 14 маусымда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында,
      Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарларды және жануарларды өткізудің тәртібін жетілдірудің қажеттігін басшылыққа ала отырып,
      заңсыз көші-қонды, қарудың, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың контрабандасын анықтау және жолын кесу, сондай-ақ жұқпалы аурулар мен індеттің алдын алу жөнінде бірлескен әрі уақытылы шаралар қабылдау қажеттігін тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан-Өзбекстан Мемлекеттік шекарасынан адамдардың және көлік құралдарының өтуі, сондай-ақ жүктердің, тауарлардың және жануарлардың тасымалдануы үшін Тараптар мемлекеттік шекара арқылы екі жақты өткізу пункттерін (бұдан әрі - өткізу пункттері деп аталатын) орнатады.
      Өткізу пункттерінің тізбелерін Тараптар дипломатиялық арналар бойынша келіседі және хаттамалармен ресімдейді, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын болады.
      Тараптар мемлекеттерінің шекаралық және кедендік ведомстволарының келісімі бойынша және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің азаматтарын жеңілдетілген сипатта өткізетін пункттер орнатылуы мүмкін.

2-бап

      Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының автомобильдік өткізу пункттерінен адамдардың өтуі көлік құралдарын пайдалану арқылы немесе жаяу жүзеге асырылады.

3-бап

      Өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, тауарларды және жануарларды шекаралық, кедендік және қажет болған жағдайда бақылаудың басқа да түрлері (бұдан әрі - бақылау) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

4-бап

      Өткізу пункттерінің ашылуы оларды абаттандыру және әрбiр
Тарап мемлекетiнiң бақылаушы органдарының қызметi үшiн қажеттi
инфрақұрылымды құру аяқталған соң жүзеге асырылады.
      Тараптар орнатылған өткiзу пункттерiнiң ашылғаны немесе жабылғаны туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар бойынша
хабарлайды.
      Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуына жауапты құзыреттi
органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекаралық қызметi және Қазақстан
Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң Кеден комитетi;
      Өзбекстан Республикасынан - Өзбекстан Республикасының
Мемлекеттік шекараны қорғау жөнiндегi комитетi және Өзбекстан
Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi.

5-бап

      Егер Тараптардың құзыреттi органдарының келiсiмi бойынша өзгеше тәртiп белгiленбесе, өткiзу пункттерiнiң жұмысы тәулiк бойы жүзеге асырылады.
      Осы Келiсiм Тараптардың басқа мемлекеттерге қатысты бұрын қабылданған мiндеттемелерiне ықпал етпейдi және үшiншi елдерге,
сондай-ақ олардың мүдделерiне қарсы бағытталмаған.

6-бап

      Өткiзу пункттерi арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату
Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық қауiпсiздігі мүддесiмен, санитариялық-карантиндiк себептермен, табиғи апаттар салдарымен, жұқпалы аурулар, iндет кезiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
      Осындай шектеулердi енгiзетiн Тарап шектеулердiң себептерін және қолданыс мерзiмдерiн көрсете отырып, оларды енгiзу
жоспарланған уақытқа дейiн кем дегенде 24 сағат бұрын дипломатиялық арналар бойынша екiншi Тарапқа хабарлайды.
      Тараптар өткiзу пункттерi объектiлерiнiң немесе коммуникациялық ғимараттардың жоспарлы түрде жөнделуiне байланысты Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттiк шекарасы арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы бiр-бiрiне осындай жұмыстар басталғанға дейiн олардың аяқталу мерзiмi туралы мәлiмдей отырып, кем дегенде үш ай бұрын xaбарлайды.

7-бап

      Ерекше жағдайларда (табиғи апаттар, өрт, су тасқыны, жұқпалы ауру, iндет, техногендiк сипаттағы авариялар, шұғыл медициналық жәрдем көрсету және т.б.) Тараптар мемлекеттерiнiң шекаралық
ведомстволары өзара уағдаластық бойынша азаматтарын, көлік құралдарын және құрал-жабдықтарын мемлекеттiк шекара арқылы өткiзудi бақылаудың белгiленген тәртiбiн сақтай отырып, жұмыс iстеп тұрған өткiзу пункттерiнен тысқары жерде жүзеге асыра алады.

8-бап

      Өткiзу пункттерiнiң тиiстi қызметiн қамтамасыз ету үшiн Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетiнiң аумағында қажеттi инфрақұрылымды жасайды.
      Автомобильдiк және темiржол өткiзу пункттерi объектiлерiн
жобалауда, сондай-ақ құрылысын салу барысында Тараптар
мемлекеттерiнiң аумақтарында бiрлескен бақылауды жүргiзу үшiн жағдай туғызу мүмкіндiгi көзделеді.
      Бiрлескен бақылау жасаудың тәртiбi және оны ұйымдастыру Тараптардың тиісті ведомстволары арасындағы жекелеген  уағдаластықтармен реттелетiн болады.

9-бап

      Қажет болған жағдайда осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында
Тараптар оны орындау мәселелерi бойынша екi жақты консультациялар өткiзетiн болады.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мен қолдануға қатысты
даулар мен келiспеушiлiктер келiссөздер арқылы шешiлетiн болады.

10-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.

11-бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бiрде-бiрi кезектi бесжылдық кезең аяқталардан кем дегенде алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниетi туралы екiншi Тарапқа жазбаша хабарламаса, келесi бесжылдық кезеңдерге ұзартылатын болады.

      Астана қаласында 2001 жылғы "16" қарашада әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының           Өзбекстан Республикасының
         Yкiметi үшiн                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады