Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 515 Заңы

      Омбыда 2003 жылғы 15 сәуiрде жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастары туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

  Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей
Федерациясының Yкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль
қатынастары туралы
КЕЛIСIМ *

*(2004 жылғы 4 наурыздан бастап күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2004 ж., N 10, 62-құжат, СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,
      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң арасында және олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобиль жолаушы және жүк қатынастарын өзара негiзде дамытуға, сондай-ақ осы қатынастарды жеңiлдетуге тiлек бiлдiре отырып,
      мыналар туралы келiстi:

  1-бап

      Осы Келiсiмге сәйкес Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi арасында және олардың аумақтары бойынша транзитпен, сондай-ақ Қазақстан Республикасында немесе Ресей Федерациясында тiркелген автокөлiк құралдарымен үшiншi мемлекеттерге (мемлекеттерден) жолаушылар мен жүктердiң тұрақты және тұрақты емес тасымалдары жүзеге асырылады.

  2-бап

      Осы Келiсiмде пайдаланылатын ұғымдар мынаны бiлдiредi:
      а) "құзыреттi органдар":
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, ал 12-баптың 2-тармағына қатысты, сондай-ақ - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi.
      Ресей Федерациясында - Ресей Федерациясының Көлiк министрлiгi, ал 7-баптың 1-тармағына және 12-баптың 2-тармағына қатысты, сондай-ақ - Ресей Федерациясының Iшкi iстер министрлiгi.
      Осы тармақта көрсетiлген құзыреттi органдар өзгерген жағдайда, жаңа құзыреттi органдардың атаулары екiншi Уағдаласушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы берiледi;
      б) "тасымалдаушы" - Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жолаушылардың немесе жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға рұқсат етiлген кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      в) "рұқсат" - бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысы автокөлiк құралының екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша жүруiне (тура және керi қарай) құқық беретiн құжат;
      г) "арнайы рұқсат" - бiр Уағдаласушы Тараптың тасымалдаушысына тиесiлi ауыр салмақты, iрi көлемдi немесе қауiптi жүгi бар автокөлiк құралының екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағы бойынша жүруiне бiр жолғы рұқсат, сондай-ақ бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысына тиесiлi жүгi немесе жолаушылары бар автокөлiк құралының екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекеттiң аумағына немесе үшiншi мемлекеттiң аумағынан екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына жүруге (сол жаққа және керi қарай) бiр жолғы рұқсат;
      д) "автокөлiк құралы":
      жүктердi тасымалдау кезiнде - жүк автомобилi, тiркемелi жүк автомобилi, автомобиль тартқышы немесе жартылай тiркемелi автомобиль тартқышы;
      жолаушыларды тасымалдау кезiнде - автобус, яғни жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргiзушi орнын қоса алғанда, отыратын 9-дан артық орны бар автокөлiк құралы, теңдеме жүктi тасымалдауға арналған тiркемесi болуы мүмкiн;
      меншiк құқығында не жалға алу шарты немесе лизинг негiзiнде тасымалдаушының басқаруында болатын;
      e) "шекара маңындағы қатынас" - Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң шекара маңындағы аумақтарында орналасқан елдi мекендер арасындағы жолаушы қатынасы. Арасында шекара маңындағы қатынас жүзеге асырылатын елдi мекендер тiзбесiн Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi;
      ж) "жолаушыларды тұрақты тасымалдау" - Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары арасында келiсiлген бағыт, кесте, тарифтер және тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүргiзетiн аялдау пункттерi бойынша жүзеге асырылатын жолаушыларды автобуспен тасымалдау;
      з) "жолаушыларды тұрақты емес тасымалдау" - автобустармен жолаушыларды тасымалдаудың барлық қалған түрлерi;
      и) "санитарлық бақылау" - санитарлық, ветеринарлық, сондай-ақ фитосанитарлық бақылау.

  3-бап

      1. Жолаушыларды екi жақты шекара маңында және транзиттiк қатынаста тұрақты тасымалдау Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары бағыттың олардың мемлекеттерiнiң аумағы бойынша өтетiн учаскесiне берген рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
      Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары рұқсаттың шарттары мен қолданылу мерзiмiн, кестенi, тарифтердi, тасымалдаушы жолаушыларды отырғызу мен түсiрудi жүзеге асыратын аялдау пункттерiн көрсету арқылы бағыт схемасын, сондай-ақ тасымалдаушылар жүрiп өтуi тиiс мемлекеттiк шекара арқылы өту пункттерiн келiседi.
      2. Жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру туралы өтiнiмдi тасымалдаушы мемлекеттiң аумағында тiркелген Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органы қарайды және де екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органына жiбередi.
      3. Өтiнiм мен рұқсаттың нысандарын Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi.

  4-бап

      Шекара маңындағы қатынастарда жолаушыларды автобустармен халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру тәртiбiн Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары белгiлейдi.

  5-бап

      1. Жолаушылардың екi жақты және транзиттiк қатынастағы тұрақты емес тасымалдары, осы баптың 2-тармағында көзделген тасымалдарды қоспағанда, рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
      Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне ақысыз негiзде көрсетiлген рұқсаттардың келiсiлген бланкiлер санын бередi. Бұл бланкiлерде жауапты тұлғаның қолы мен рұқсатты берген құзыреттi органның мөрi болуы тиiс.
      2. Жолаушылардың екi жақты және транзиттiк қатынастағы тұрақты емес тасымалдарын жүзеге асыру үшiн, бiр ғана құрамдағы жолаушылар тобы бiр ғана автобуспен тасымалданғанда, бұл ретте:
      а) сапар автобус тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында басталып және аяқталғанда;
      б) сапар автобус тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында басталып және де екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында аяқталғанда, автобус бұл аумақтан бос кеткен жағдайда рұқсат талап етiлмейдi;
      в) автобус екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына, бұрын осы тасымалдаушы жеткiзген жолаушылар тобын алу үшiн барады.
      3. Ақаулы автобусты басқа автобуспен ауыстырған кезде де рұқсат талап етiлмейдi.
      4. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын орындау кезiнде автобустың жүргiзушiсiнде Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген, арнайы нысан бойынша жасалған жолаушылардың тiзiмi болуы тиiс.

  6-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң арасында немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен жүктердi тасымалдау, iрi көлемдi, ауыр салмақты және қауiптi жүктердi тасымалдау, сондай-ақ үшiншi мемлекетке (мемлекеттен) тасымалдауды қоспағанда, бос автокөлiк құралдарының жүруі рұқсатсыз жүзеге асырылады.

  7-бап

      1. Егер бiр Уағдаласушы Тараптың мемлекетi тасымалдаушысының автокөлiк құралының көлемдерi, бiлiкке түсетiн салмақтық жүктемелерi немесе салмағы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан асып кеткен жағдайда, тасымалдаушы екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органының арнайы рұқсатын алуы тиiс.
      2. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдау 1957 жылғы 30 қыркүйектегi Қауiптi жүктердiң халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келiсiмге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң осындай тасымалдарды реттейтiн заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      Қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру көрсетiлген Еуропалық келiсiмге немесе Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес арнайы рұқсаттың бар болуын талап еткен жағдайда, бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысы оны екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органынан тасымалдауды жүзеге асыру басталғанға дейiн алуы тиiс.
      3. Егер осы бапта аталған арнайы рұқсаттар автокөлiк құралының белгiлi бағыт бойынша қозғалысын көздесе, онда тасымалдау осы бағыт бойынша жүзеге асырылуы тиiс.

  8-бап

      Жүктердi осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдау көлiктiк жүкқұжаттарды ресімдеумен жүргізіледі, олар 1956 жылғы 19 мамырдағы Жүктердiң халықаралық жол тасымалдары шарты туралы конвенцияның талаптарына сәйкес болуы тиiс.

  9-бап

      1. Халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң автокөлiк құралдарында өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы тиiс.
      2. Жүк автомобильдерi, автомобиль тартқыштары және автобустарда Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң тiркеу және айырым белгiлерi болған жағдайда, тiркемелер мен жартылай тiркемелерде басқа мемлекеттердiң тiркеу және айырым белгiлерi болуы мүмкiн.

  10-бап

      Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысына екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан пункттердiң арасында жолаушылар мен жүктер тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етiлмейдi.

  11-бап

      1. Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекеттiң аумағына, сондай-ақ үшiншi мемлекеттiң аумағынан екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыра алады, егер ол осыған екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органының арнайы рұқсатын алса.
      2. Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары үшiншi мемлекеттерге (мемлекеттерден) тасымалдауға арналған арнайы рұқсаттар бланкiлерiнiң келiсiлген санын бiр-бiрiне ақысыз негiзде бередi. Бұл бланкiлерде арнайы рұқсатты берген құзыреттi органның жауапты тұлғасының қолы мен мөрi болуы тиiс.

  12-бап

      1. Автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашадағы Жол қозғалысы туралы конвенциясының талаптарына сәйкес келетiн автокөлiк құралына арналған ұлттық тiркеу құжаттары болуы тиiс.
      2. Осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес талап етiлетiн рұқсат және басқа құжаттар автокөлiк құралын жүргiзушіде болуы және құзыреттi бақылау органдарының талабы бойынша көрсетiлуi тиiс.

  13-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары, ақылы автомобиль жолдарын, автомагистральдарды, көпiрлердi және тоннельдердi пайдаланғаны үшiн алымдарды қоспағанда, егер мұндай алымдар кемсiтпеушiлiк негiзде Уағдаласушы Тараптардың екеуiнiң де мемлекеттерi тасымалдаушыларының автокөлiк құралдарынан да өндiрiп алынуға жатса, осы Келiсiмнiң шеңберiнде жолаушылар мен жүктердi тасымалдау кезiнде автокөлiк құралдарын иеленуге немесе пайдалануға, екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң автомобиль жолдарын пайдалануға немесе күтiп ұстауға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара негiзде босатылады.

  14-бап

      1. Осы Келiсiмнiң негiзiнде тасымалдарды орындау кезiнде екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетi аумағына әкелiнген:
      а) автокөлiк құралының әрбiр моделi үшiн жасаушы зауыт көздеген, қозғалтқыштың қоректендiру жүйесiмен технологиялық және конструктивтi байланысқан сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ жасаушы зауыт тiркемелер мен жартылай тiркемелерде орнатқан және осы автокөлiк құралының жылыту немесе салқындату қондырғыларының жұмысына арналған сыйымдылықтардағы жанармай;
      б) тасымалдау уақытында автокөлiк құралдарын пайдалану үшiн қажеттi мөлшердегi майлау материалдары;
      в) халықаралық тасымалды жүзеге асырып отырған жолда зақымдалған автокөлiк құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар кедендiк алымдардан, салықтар мен баждардан өзара босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар керi әкетілуге жатады. Ауыстырылған қосалқы бөлшектер керi әкетуге немесе жоюдың кедендiк режимiне немесе аумағында осы қосалқы бөлшектерге қатысты кедендiк режимнiң өзгерiсi болған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң кедендiк заңнамасында белгiленген тәртiппен өзге де кедендiк режимге орналастырылуы тиiс.

  15-бап

      Осы Келiсiмнiң негiзiнде жолаушылар мен жүктердi тасымалдау автокөлiк құралдары иелерiнiң үшiншi тұлғаларға келтiрiлген залал үшiн азаматтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырған жағдайда жүзеге асырылады. Тасымалдаушы көрсетiлген тасымалдарды орындайтын әрбiр автокөлiк құралын алдын ала сақтандыруға мiндеттi.

  16-бап

      Шекаралық, кедендiк, көлiктiк және санитарлық бақылауға, сондай-ақ кедендiк ресiмдеудi жүргiзуге қатысты Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады, ал осы шарттармен реттелмеген мәселелердi шешу кезiнде аумағында тиiстi бақылау жүргiзiлетiн Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң заңнамасы қолданылады.

  17-бап

      Жедел медициналық көмекке мұқтаж тұлғаларды тасымалдау, жолаушыларды автобустармен тұрақты тасымалдау кезiнде, сондай-ақ жануарларды, тез бүлiнетiн және қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде шекаралық, кедендiк, көлiктiк және санитарлық бақылау кезектен тыс жүзеге асырылады.

  18-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары мен автокөлiк құралдарының экипаждары, аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң жол қозғалысы ережелерi мен заңнамасын сақтауға мiндеттi.

  19-бап

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған жағдайда, мемлекетiнiң аумағында автокөлiк құралы тiркелген Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органдары, мемлекетiнiң аумағында бұзушылық орын алған екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органдарының өтiнiшi бойынша мынадай шаралардың бiрiн қолдануға мiндеттi:
      а) тасымалдаушыға ескерту жасау;
      б) тасымалдаушыны бұзушылық жiберiлген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында тасымалдарды орындауға арналған құқығынан уақытша немесе толық айыру.
      2. Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары қабылданған шаралар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.
      3. Осы баптың ережелерi бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңнамасында көзделген санкцияларды екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушысына және автокөлiк құралының экипажына қолдануды жоққа шығармайды.

  20-бап

      Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiрумен және қолданумен байланысты туындауы мүмкiн барлық даулы мәселелердi өзара консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi.

  21-бап

      Осы Келiсiммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес шешiледi.

  22-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау және туындаған даулы мәселелердi шешу үшiн Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдарының өкiлдерiнен аралас комиссия құрады.

  23-бап

      Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  24-бап

      1. Келiсiммен бiр мезгiлде қол қойылатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келiсiмдi қолдану туралы хаттама осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
      2. Осы Келiсiм мен Хаттамаға енгiзiлетiн барлық өзгерiстер мен толықтыруларды Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң 25-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен күшiне енетiн хаттамалар түрiнде ресiмдейдi.

  25-бап

      1. Осы Келiсiм дипломатиялық арналар арқылы оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды және Уағдаласушы Тараптардың бірі дипломатиялық арналар бойынша екінші Уағдаласушы Тарапты оның қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар еткен күннен бастап алты ай өткенге дейін қолданылады.

      2003 ж. 15 сәуір Омбы қ. екі данада қазақ және орыс тілдерінде жасалды және екі мәтіннің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының             Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының
Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастар туралы
келiсiмдi қолдану туралы
ХАТТАМА

      Омбы қ. 2003 ж. 15 сәуірде қол қойылған, бұдан әрi Келiсiм деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Халықаралық автомобиль қатынастар туралы келiсiмдi қолдануға қатысты мынадай уағдаластыққа қол жеткiзiлдi:
      1. Келiсiмдi орындау үшiн Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары тұрақты жолаушы тасымалдарына мерзiмi 5 жылға дейiнгi рұқсаттар бередi.
      2. Арнайы рұқсаттың бланкiсiн:
      Қазақстан Тарапы - қазақ және орыс тiлдерiнде;
      Ресей Тарапы орыс тiлiнде жасайды.
      Арнайы рұқсаттардың бланкiлерiнде бiр жылға жасалған реттiк нөмiрлерi, сондай-ақ рұқсаттарды берген Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдарының жауапты тұлғаларының қолдары мен мөрлерi болуы тиiс.
      3. Қауiптi, ауыр салмақты немесе iрi көлемдi жүктi тасымалдауға бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетi тасымалдаушысының осы жүктердi екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағынан үшiншi мемлекетке (мемлекеттен) тасымалдау кезiнде арнайы рұқсат алуы, аталған тасымалдаушыны екiншi Уағдаласушы Тараптың құзыреттi органынан үшiншi мемлекетке (мемлекеттен) тасымалдауды жүзеге асыру үшiн арнайы рұқсат алу қажеттiгiнен босатпайды.
      4. Уағдаласушы Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң орындалу барысы, халықаралық автомобиль тасымалдарымен, Уағдаласушы Тарап мемлекеттерiнiң салық және кеден алымдарымен байланысты заңнамадағы өзгерiстер, өткен жылдағы тасымалдардың жай-күйi, мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнiң жұмыс режимдерi және тасымалдарды жетiлдiруге бағытталған басқа да мәселелер туралы бiр-бiрiн хабардар ететiн болады. Көрсетiлген ақпарат осы Келiсiмнiң өзгерiсi болып табылмайды.

      2003 ж. 15 сәуір Омбы қ. екi данада қазақ және орыс тiлдерiнде жасалды және екi мәтiннiң күшi бiрдей.
      Осы Хаттаманың ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының              Ресей Федерациясының
      Үкiметi үшін                           Үкіметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады