"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан  Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 16 маусымдағы N 58 Заңы

       1-бап.  "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 12, 186-құжат; 1998 ж., N 24, 437-құжат; 1999 ж., N 8, 237-құжат; N 23, 925-құжат; 2001 ж., N 17-18, 245-құжат; N 20, 257-құжат; 2002 ж., N 1, 1-құжат; N  23-24, 198-құжат; 2003 ж., N 1-2, 9-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 139-құжат; N 21-22, 160-құжат; 2004 ж., N 11-12, 66-құжат; N 23, 140, 142-құжаттар; 2005 ж., N 7-8, 19-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1) 1-бапта:
      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "1-1) автоматтандырылған ақпараттық жүйе - жинақтаушы зейнетақы қорының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы активтерiн және жинақталған қаражаттарын есепке алуды жүзеге асыруға қажеттi және ақпараттың сенiмдiлiгiн, сақталуын және оны рұқсатсыз кiруден қорғауды қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтамасыз етiлуi;";

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "7-1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі - Қазақстан Республикасының азаматтарына осы Заңмен белгiленген зейнеткерлік жасқа жеткен соң берiлетiн ай сайынғы ақшалай төлем;";

      11) тармақшада:
      "(келiсім)" деген сөз алып тасталсын;

      "салымшы мен" деген сөздер "салымшы және (немесе)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "15-1) ең төменгі зейнетақы - тиістi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген зейнетақы төлемдерінің ең төменгi мөлшерi;";

      2) 5-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемi:
      1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетақы алып келген;
      2) осы Заңның 9-бабына сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткен Қазақстан Республикасының азаматтарына;
      3) әскери қызметшілерге, iшкi iстер органдарының, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының (мекемелерінің), қаржы полициясы және өртке қарсы қызмет органдарының арнайы атақтар берiлген және ішкi iстер органдарының еңбек сіңірген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар қызметкерлерi үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіп қолданылатын қызметкерлерiне төленедi.  V990741   V001196  
      Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемi Орталықтан және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемін, сондай-ақ мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуына қарамастан жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгi күнкөрiс деңгейіне кезең-кезеңімен жақындатыла отырып, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгiленедi.
      Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн төлеу халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы орган айқындайтын тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Осы Заңның 9-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлiк жасқа жеткен кезде асыраушысынан айырылу жағдайына және жасына байланысты мемлекеттiк әлеуметтік жәрдемақылар азаматтардың тiлегi бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiмен ауыстырылуы мүмкiн.";

      3) 6-баптың 2-тармағында:
      6) тармақша алып тасталсын;

      12-1) тармақшада "жылына кемiнде бiр рет" деген сөздер алып тасталсын;

      4) 8-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы "9-бабына" деген сөздер "9-бабының 1-3-тармақтарына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 18-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1), 4-1), 4-2) тармақшалармен толықтырылсын:
      "2-1) Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлеген тәртiппен мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың деректер базасын және міндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жеке тұлғалардың бiрыңғай тiзiмiн қалыптастыруды;";

      "4-1) мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаспаған және (немесе) әлеуметтік жеке код беру туралы куәлігі жоқ (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын агентке қайтаруды;
      4-2) салымшылардың жинақталған зейнетақы қаражаттарын бiр жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударуды;";

      6) 22-баптың 3-тармағындағы "9-бабына" деген сөздер "9-бабының 1-3-тармақтарына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 22-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "22-1-бап. Мiндетті зейнетақы жарналарының ставкасы

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорларына төленуге тиiстi мiндетті зейнетақы жарналары осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшiн қабылданатын, қызметкердiң ай сайынғы табысының он процентi мөлшерiнде белгiленедi. Бұл ретте, мiндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жалақының жетпіс бес еселенген ең төменгi мөлшерден аспауға тиiс.
      2. Адвокаттар, жеке нотариустер, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер үшiн жинақтаушы зейнетақы қорларына өз пайдасына төлеуге жататын, салық кезеңінің әрбiр айы үшін есептелетін мiндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын табыстың он процентi мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жалақының ең төменгi мөлшерінің он процентінен кем емес және жалақының жетпiс бес еселенген ең төменгі мөлшерiнiң он процентінен жоғары емес болып белгiленеді.
      Арнаулы салық режимін қолданатын шаруа (фермер) қожалықтары үшiн шаруа (фермер) қожалығы мүшесiнiң (қатысушысының) және басшысының пайдасына жинақтаушы зейнетақы қорларына төлеуге жататын, салық кезеңiнің әрбiр айы үшін есептелетін мiндетті зейнетақы жарналары тиістi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген жалақының ең төменгi мөлшерінің он процентiнен кем емес және жалақының жетпiс бес еселенген ең төменгi мөлшерінiң он процентiнен жоғары емес мөлшерде белгiленедi.
      Арнаулы салық режимін біржолғы талон негiзiнде қолданатын жеке тұлғалар үшін жинақтаушы зейнетақы қорларына өз пайдасына төлеуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары  бiржолғы талондар  сатып алынатын әрбiр отыз күнге есептелетін, тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленген жалақының ең төменгі мөлшерiнiң он процентi мөлшерiнде белгіленедi.
      3. Мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеп шығарудың, ұстап қалудың (есептелуінің) және аударудың тәртiбi мен мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.";

      8) 22-2-баптың 2-тармағындағы "оларды салық салынғаннан кейiнгi табыс есебiнен жүзеге асырған жағдайда" деген сөздер алып тасталсын;

      9) 23-3-баптың 3-тармағының екінші бөлiгi алып тасталсын;

      10) 24-баптың 2-тармағы алып тасталсын;

      11) 27-бапта:
      1-тармақта:
      2) тармақшадағы "құрылтайшылары (акционерлерi)" деген сөздер "акционерлері" деген сөзбен ауыстырылсын;

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) төлемдердi жүзеге асыру кезiнде жинақтаушы зейнетақы қорынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен зейнетақы төлемдерiн алуға;";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Агенттердiң Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен Орталықтан қызметкердің мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартының болуы туралы растама алуға құқығы бар.";

      3-тармақтың 3) тармақшасы алып тасталсын;

      12) мынадай мазмұндағы 27-1-баппен толықтырылсын:

      "27-1-бап. Жинақталған зейнетақы қаражаттарын аудару

      1. Жинақталған зейнетақы қаражаттарын бiр жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аудару салымшының (алушының) жеке өтiнiшi бойынша уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Салымшының (алушының) жинақталған зейнетақы қаражаттарын аудару туралы өзi өтiнiш жасауға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, салымшы (алушы) жеке немесе заңды тұлғаға жинақталған зейнетақы қаражаттарын аудару жүзеге асырылатын жинақтаушы зейнетақы қорын көрсете отырып, жинақталған зейнетақы қаражаттарын аударуға өтiнiш жасауға нотариалды куәландырылған сенiмхат бередi.
      Сенiм бiлдiрілген өкіл одан жинақталған зейнетақы қаражаттарын аудару жүзеге асырылатын жинақтаушы зейнетақы қорына өтiнiш берген кезде, жинақталған зейнетақы қаражаттарын аудару туралы өтiнiш жасауға берiлген нотариалды куәландырылған сенiмхатты және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде көзделген құжаттарды ұсынады.";

      13) 29-баптың 1-тармағында:
      4) тармақшада "ақпарат берудi" деген сөздер "ақпарат беру тәртiбiн" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5-1) тармақшада "құрылтайшылары (акционерлерi)" деген сөздер "акционерлерi" деген сөзбен ауыстырылсын;

      14) 31-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Егер жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi бойынша күнтiзбелiк жылдың соңына есептелетiн номиналдық кiрiстiлiгiнiң көрсеткiшi кiрiстiлiктiң ең төменгi мәнiнен кем шаманы құрайтын болса, онда жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген тәртiппен номиналдық кiрiстiлiктiң көрсеткiшi мен кiрiстіліктің ең төменгi мәнi арасындағы айырманы өз капиталының есебiнен қалпына келтiредi.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi бойынша номиналдық кiрiстiлiгiн және кiрiстiлiктiң ең төменгi мәнiн есептеу тәртібi уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      Өзiнiң басқаруындағы әрбiр жинақтаушы зейнетақы қорының активтерiне қатысты зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қоры кiрiстілiктiң ең төменгi мәнiнен төмен емес кiрiстілiк алуды қамтамасыз етедi.
      Егер жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерi бойынша күнтiзбелiк жылдың соңына есептелетiн номиналдық кiрiстілiгiнiң көрсеткiшi кiрiстiлiктiң ең төменгi мәнiнен кем шаманы құраса, бұл жағдайда жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға номиналдық кiрiстіліктiң көрсеткіші мен кiрiстiлiктiң ең төменгі мәні арасындағы айырманы өтеу туралы талап қояды.";

      15) 31-1-бапта:
      1-тармақта:
      "1-3-тармақтарында" деген сөздерден кейiн "және 23-бабының 1-тармағы 3) тармақшасында" деген сөздермен толықтырылсын;

      "тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген" деген сөздердiң алдынан "зейнетақы аннуитетi шарты жасасылған күнге" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақта:
      бірінші бөлігіндегі "2) және 3) тармақшаларында" деген сөздер "2) тармақшасында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екiншi бөлiгiндегi "тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген" деген сөздердiң алдынан "зейнетақы аннуитеті шарты жасасылған күнге" дейін сөздермен толықтырылсын;

      16) 31-2-баптың 2-тармағындағы "шарт тараптарының келiсiмiмен" деген сөздер "осы Заң талаптарымен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) 31-4-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленген құжаттар пакетiн алған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күн ішінде алушының жинақталған зейнетақы қаражатын сақтандыру ұйымына аударуға мiндеттi.";

      18) 40-бапта:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлiкпен толықтырылсын:
      "Жинақтаушы зейнетақы қоры атқарушы органының басшысы немесе бас бухгалтерi лауазымына кандидаттың қызметiнiң негiзгi түрі қаржы қызметтерiн көрсету болып табылатын ұйымда кемінде үш жыл жұмыс стажы болуға тиіс.";

      2-тармақта:
      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;";

      бесінші абзац алып тасталсын;

      19) 41-бапта:
      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) зейнетақы жарналарын тарту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға;";

      2-тармақта:
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "3) салымшыға және ақпарат алушыға жылына кемiнде бiр рет, сондай-ақ оның сұрауы бойынша кез келген сұралатын күнгі оның жинақталған зейнетақы қаражаттарының жай-күйi туралы ақы алмай ақпарат беруге және осы Заңның 50-бабында көзделген қағидаларды ескере отырып, оның жинақталған зейнетақы қаражаттары туралы ақпаратқа қол жеткiзуiнiң электронды және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге міндетті.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсiлi салымшымен (алушымен) келiсім бойынша анықталады.
      Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке зейнетақы шотында ақша болмаған немесе салымшы (алушы) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетілген тұрғылықты мекен-жайының өзгергенi туралы жинақтаушы зейнетақы қорына хабарламаған жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға (алушыға) өткен жылғы жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйі туралы ақпарат жiберуді жүзеге асырмайды;";

      мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "11-1) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен электронды құжат айналымын пайдалана отырып, Орталыққа мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы салымшылармен жасасылған шарттар туралы мәлiмет ұсынуға;";

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "13) әрбiр жеке тұлғаның тұратын жерiне қарамастан, олармен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу және оны бұзу кепiлдігін қамтамасыз етуге мiндеттi. Жинақтаушы зейнетақы қорлары әрбiр филиалдың және өкiлдiктiң осы қызметтердi көрсетуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.";

      20) 45-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Таратылатын мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорының алушылары мен салымшылары тарату комиссиясы немесе уақытша әкiмшiлiк (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) белгілеген мерзiмдерде басқа жинақтаушы зейнетақы қорын дербес таңдауға құқылы.";

      21) 45-1-бапта:
      3-тармақта "екi мерзiмдiк баспасөз басылымында" деген сөздер "мерзiмдi екi баспасөз басылымында мемлекеттiк тілде және орыс тiлiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Ерiктi түрде таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясы зейнетақы активтерiн, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша оның мiндеттемелерiн басқа жинақтаушы зейнетақы қорына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен өткiзу жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.";

      22) 45-2-бапта:
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Жинақтаушы зейнетақы қорының лицензиясын керi қайтарып алу туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктi (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) тағайындайды.
      Жинақтаушы зейнетақы қоры жұмысының, оның уақытша әкiмшiлiгiн (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыны) тағайындаудың тәртiбi, сондай-ақ уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) өкiлеттiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерiмен айқындалады.
      Мәжбүрлеп таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының уақытша әкiмшiлiгi (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) зейнетақы активтерiн, зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша оның мiндеттемелерiн басқа жинақтаушы зейнетақы қорына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен өткiзу жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
      Уақытша әкiмшілік (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) өз қызметiн уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) қызметiне бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) есебi жинақтаушы зейнетақы қорын тарату туралы шешiм қабылдаған уәкiлеттi органға және сотқа табыс етіледi.
      Уақытша әкiмшiлiктiң (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушының) атқарылған жұмыс туралы есебiн сот бекiтедi.
      Уақытша әкiмшілік (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушы) тарату комиссиясын тағайындау туралы шешiм қабылданған күннен бастап он күннен аспайтын мерзiмде жинақтаушы зейнетақы қорының құжаттары мен мүлкiн тарату комиссиясына бередi.
      Жинақтаушы зейнетақы қорының құжаттары мен мүлкiн уақытша әкімшіліктен (жинақтаушы зейнетақы қорын уақытша басқарушыдан) қабылдап алу және тарату комиссиясының төрағасына беру төрт дана етіп жасалатын актімен ресімделеді және оны уәкiлеттi орган бекiтедi. Бекітілген актінің бір данасы iстің материалдарына тiркеу үшiн сотқа жiберіледi.";

      7-тармақтың екiншi бөлiгі "тағайындау" деген сөзден кейiн "және босату" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
      "7-1. Жинақтаушы зейнетақы қорын таратуға байланысты шығыстар таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының есебiнен жүргізіледі.";

      23) 47-баптың 4-тармағының бірінші бөлігіндегі "акционерлер" деген сөзден кейін "басқа тұлғалардың акцияларға орналастырылған активтерін және жарғылық капиталына қатысу үлестерін шегере отырып," деген сөздермен толықтырылсын;

      24) 48-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "48-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының комиссиялық
               сыйақылары

      1. Комиссиялық сыйақының шектi шамасын жинақтаушы зейнетақы қоры:
      1) инвестициялық табыстың он бес процентiнен;
      2) айына зейнетақы активтерінің 0,05 процентінен аспайтын шекте белгілейдi.
      Комиссиялық сыйақының шамасы жылына бiр реттен жиi емес өзгертiлуi мүмкiн және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын кемiнде мерзiмдi екi баспасөз басылымында мемлекеттiк тілде және орыс тiлiнде жариялау арқылы салымшылар мен алушыларға күнтiзбелiк жыл басталардан кемiнде бiр ай бұрын хабарландырылуға тиiс. Комиссиялық сыйақыны өндiрiп алу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейдi.
      2. Жинақтаушы зейнетақы қорының өз қаражатын пайдаланудан алынған табыстары толық көлемiнде жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі болады.";

      25) 49-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
      "2-1. Зейнетақы активтерiн және жеке зейнетақы шоттарындағы жинақталған қаражатты есепке алуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелерге қойылатын талаптар уәкiлетті органның нормативтік құқықтық актiсiмен белгіленедi.";

      26) 50-бапта:
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Алушының жеке зейнетақы шотының болуы туралы, олардағы ақшаның қалдықтары мен өзгерiстерi туралы анықтамалар алушы қайтыс болған жағдайда жазбаша сұрау бойынша өсиетте аталған адамдарға, олардың қарауындағы мұрагерлік iстер бойынша ұйғарым негізiнде соттарға берiледi.";

      мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      "6. Жеке зейнетақы шотының болуы және ондағы ақша туралы анықтамалар алушы қайтыс болған жағдайда олардың қарауындағы мұрагерлiк iстер бойынша нотариат кеңселерiнe, жеке нотариустарға және шетелдiк консулдық мекемелерге беріледi.".

       2-бап.  Осы Заң, 2005 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 2) тармақшасын, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 5) тармақшасының төртiншi абзацын және 11) тармақшасының жетiншi абзацын қоспағанда, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізiледi.
       Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының   2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады