Өзбекстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 4 шілдедегі N 152 Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім қолданысын тоқтатты - ҚР 24.12.2014 N 266-V Заңымен.

      2006 жылғы 25 қаңтарда Санкт-Петербургте қол қойылған Өзбекстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа қосылуы туралы хаттама ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Өзбекстан Республикасының Еуразиялық экономикалық
қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы
шартқа қосылуы туралы
ХАТТАМА *

       * Хаттама туралы шешім орыс тілінде ғана берілген

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттер болып табылатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжiкстан Республикасы бiр тараптан және Өзбекстан Республикасы екiншi тараптан,
      Өзбекстан Республикасының ЕурАзЭҚ-қа мүшелiкке кiруi туралы өтiнiшiн назарға ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шарттың 9-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегiлер туралы уағдаласты:

  1-бап

      Осы Хаттамамен Өзбекстан Республикасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа қосылады және одан туындайтын құқықтар мен мiндеттемелердi толық көлемде өзiне қабылдайды.

  2-бап

      Осы Хаттама қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады, Уағдаласушы Тараптардың ратификациялауына жатады және депозитарийi болып табылатын ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiне оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсімдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны тапсырған күнiнен бастап күшiне енедi.

  3-бап

      Осы Хаттама БҰҰ жарғысынан 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуге тиiс.
      2006 жылғы 25 қаңтарда Санкт-Петербург қаласында беларусь, қазақ, қырғыз, орыс, тәжiк және өзбек тiлдерiнде бiр данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Хаттаманың мәтiнi бойынша келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланатын болады.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшiрмесiн Уағдаласушы Тараптарға жiберетiн ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитетiнде сақталады.

       Беларусь Республикасы үшiн

      Өзбекстан Республикасы үшiн

      Қазақстан Республикасы үшін

       Қырғыз Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Осымен 2006 жылғы 25 қаңтарда Санкт-Петербург қаласында жасалған Өзбекстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа қосылуы туралы Хаттама көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгiнiң
      Халықаралық құқық департаменті
      Халықаралық шарттар басқармасының
      Бастығы

  Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы
ШАРТ

       Ескерту. 2006 жылғы 25 қаңтарда Санкт-Петербургте қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы 2000 жылғы 10 қазандағы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманы қараңыз.

       Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжiкстан Республикасы,
      өз халықтарының тұрмыс деңгейiн арттыру үшiн экономикалық әлеуеттерiн тиiмдi пайдаланатын жағдайда жүргiзiлетiн әлеуметтiк-экономикалық жаңартуларды келiсу арқылы өздерiнiң серпiндi түрде дамуын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      өзара интеграция процестерiн дамыту және түрлi салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында өзара iс-қимылдың тиiмдiлiгiн арттыруға бекем бел байлап,
      әлемдiк экономика мен халықаралық сауда жүйесiне кiрiгу кезiнде көзқарастарды үйлестiру қажеттiгiн пайымдай отырып,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келiсiмге, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келiсiмге, 1996 жылғы 29 наурыздағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартқа және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы шартқа сәйкес өздерi қабылдаған мiндеттемелердi толық деңгейде орындауға дайын екендiктерiн бiлдiре отырып,
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған қағидаттары мен нормаларына өздерiнiң адалдықтарын қуаттай отырып,
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

  1-бап
Халықаралық ұйымды құру

      Осымен Уағдаласушы Тараптар "Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы" халықаралық ұйымын (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ немесе Қоғамдастық) құрады.
      ЕурАзЭҚ-тың осы Шарттың ережелерiне сәйкес Уағдаласушы Тараптар оған өз ерiктерiмен берген өкiлеттiктерi болады. Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың егемендi және тең құқықты субъектiлерi болып қалады.

  2-бап
Мақсаттары мен мiндеттерi

      ЕурАзЭҚ Кеден Одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi Уағдаласушы Тараптардың қалыптастыру процесiн тиiмдiлiкпен iлгерiлету, сондай-ақ жоғарыда аталған Кеден одағы туралы келiсiмде, Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартта және Кеден одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы шартта белгiленген басқа да мақсаттар мен мiндеттердi осы аталған құжаттарда белгiленген кезеңдерге сәйкес iске асыру үшiн құрылады.
      Уағдаласушы Тараптардың бұрын өзара жасаған шарттары, сондай-ақ интеграцияны басқару органдарының шешiмдерi осы Шартқа қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданыста болуын жалғастырады.

  3-бап
 Органдар

      Уағдаласушы Тараптардың бұрын құрған интеграцияны басқару органдарымен сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, осы Шарттың мақсаттары мен мiндеттерiн орындау үшiн ЕурАзЭҚ шеңберiнде:
      Мемлекетаралық Кеңес (Мемаралықкеңес);
      Интеграциялық комитет;
      Парламентаралық Қауымдастық (ПАҚ);
      Қоғамдастық Соты жұмыс iстейтiн болады.
      Мемаралықкеңес 1996 жылғы 29 наурыздағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы шартпен және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы мен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк туралы шартпен құрылған интеграциялық басқару органдарының қызметiн тоқтату туралы шешiмдi қабылдайды.

  4-бап
Төрағалық ету

      Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитетте төрағалық етудi орыс әлiппесiнiң тәртiбiмен Қоғамдастыққа мүше әрбiр мемлекет бiр жыл бойы алма-кезек жүзеге асыратын болады.
      Қоғамдастықтың басқа да органдарында төрағалық ету тәртiбi тиiстi ережелермен белгiленедi.

  5-бап
Мемлекетаралық Кеңес

      Мемлекетаралық Кеңес ЕурАзЭҚ-тың жоғары органы болып басшылары және үкiметтерiнiң басшылары кiредi.
      Мемаралықкеңес қатысушы мемлекеттердiң ортақ мүдделерiне байланысты Қоғамдастықтың қағидатты мәселелерiн қарайды, интеграцияны дамытудың стратегиясын, бағыты мен келешегiн белгiлейдi және ЕурАзЭҚ-тың мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыруға бағытталған шешiмдер қабылдайды.
      Мемлекетаралық Кеңес Интеграциялық Комитетке тапсырмалар бередi, Парламентаралық Қауымдастыққа сұрау салады және ұсыныстар жасайды, Қоғамдастық Сотына сұрау салады.
      Мемаралықкеңес өзiнiң шешiмдерiмен Қоғамдастықтың қосымша органдарын құра алады.
      Мемаралықкеңес жылына кем дегенде бiр рет мемлекет басшылары деңгейiнде және жылына кем дегенде екi рет үкiмет басшылары деңгейiнде бас қосады. Мәжілiс Мемаралықкеңесте төрағалық ететiн Уағдаласушы Тарап өкiлiнiң басшылығымен өткiзiледi.
      Мемаралықкеңес жұмысының функциялары мен тәртiбi ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттердiң басшылары деңгейiнде Мемаралықкеңес бекiтетiн Ережемен белгiленедi.

  6-бап
Интеграциялық Комитет

      Интеграциялық Комитет ЕурАзЭҚ-тың тұрақты жұмыс iстейтiн органы болып табылады.
      1. Интеграциялық Комитеттiң негiзгi мiндеттерi:
      ЕурАзЭҚ органдарының өзара iс-қимылын қамтамасыз ету;
      Мемаралыккеңес мәжiлiстерiнiң күн тәртiбi және оларды өткiзудiң деңгейi жөнiнде ұсыныстар, сондай-ақ шешiмдердiң және құжаттардың жобаларын әзiрлеу;
      ЕурАзЭҚ-тың бюджетiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу және оның орындалуына бақылау жасау;
      Мемаралықкеңес қабылдаған шешiмдердi iске асыруға бақылау жасау.
      Интеграциялық Комитет өзiнiң мiндеттерiн орындау мақсатында:
      Осы Шартта белгiленген, сондай-ақ оған Мемлекетаралық Кеңес берген өкiлеттiктер шегiнде шешiмдер қабылдайды;
      жыл сайын Қоғамдастықтағы iстiң жай-күйi және оның мақсаттары мен мiндеттерiн iске асырудың барысы туралы баяндаманы, өзiнiң қызметi туралы, сондай-ақ ЕурАзЭҚ бюджетiнiң орындалуы туралы есептi Мемаралықкеңеске ұсынады;
      Қоғамдастықтың мақсаттарына қол жеткiзуге бағытталған шараларды, оның iшiнде тиiстi шарттардың жасалуын әрi Уағдаласушы Тараптардың нақты мәселелер бойынша бiрыңғай саясат жүргiзуiн қарайды және тиiстi ұсыныстар әзiрлейдi;
      Мемаралықкеңеске ұсыныстар жасауына, Парламентаралық Қауымдастыққа және Уағдаласушы Тараптар үкiметтерiне ұсыныстар айтып, сұрау салуына, Қоғамдастық Сотына сұрау салуына құқығы бар.
      2. Интеграциялық Комитет құрамына Уағдаласушы Тараптар үкiметтерi басшыларының орынбасарлары кiредi. Интеграциялық Комитеттiң Төрағасы Мемаралықкеңестiң мәжiлiстерiне қатысады.
      Интеграциялық Комитеттiң мәжiлiсi кем дегенде үш айда бiр рет өткiзiледi.
      Интеграциялық Комитет мәжiлiстерiнiң арасындағы кезеңде Қоғамдастықтың ағымдағы жұмысын қатысушы мемлекеттер басшылары тағайындайтын, ЕурАзЭҚ жанындағы Уағдаласушы Тараптардың Тұрақты өкiлдерiнiң (Тұрақөкiлдер) комиссиясы қамтамасыз етедi.
      3. Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитеттің жұмысын ұйымдастыру және оларды ақпараттық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету Интеграциялық Комитеттiң Хатшылығына (Хатшылық) жүктеледi.
      Хатшылықты Интеграциялық Комитеттiң ұсынысы бойынша Мемлекетаралық Кеңес үш жыл мерзiмге тағайындайтын Бас хатшы басқарады.
      Бас хатшы Қоғамдастықтың жоғары әкiмшiлiк лауазымды тұлғасы болып табылады және Мемлекетаралық Кеңес пен Интеграциялық Комитеттiң мәжiлiстерiне қатысады.
      Хатшылық Уағдаласушы Тараптардың Қоғамдастық бюджетiндегi үлестiк жарналарының ескерiлуiмен квоталық негiзде мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан және келiсiм-шарт бойынша жұмысқа алынатын адамдардан қалыптасады.
      Бас хатшы мен Хатшылық персоналы қызметтiк мiндеттемелерiн орындау кезiнде Қоғамдастық үшiн бөгде болып табылатын қандай да болсын Уағдаласушы Тараптан немесе билiк орнынан нұсқаулар сұрауға немесе алуға тиiстi емес. ЕурАзЭҚ алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды тұлғалар ретiндегi жағдайына ықпал етуi мүмкiн кез келген iс-қимылдардан олар бас тартуы тиiс.
      Уағдаласушы Тараптар Бас хатшы мен Хатшылық персоналының халықаралық сипаттағы мiндеттемелерiн құрмет тұтуға және олардың қызметтiк мiндеттемелерi орындалуының кезiнде оларға ықпал жасауға әрекеттенбеуге мiндеттi.
      Интеграциялық Комитеттiң функциялары мен жұмысының тәртiбi Мемлекетаралық Кеңес бекiтетiн Ережеде белгiленедi.

  7-бап
Парламентаралық Қауымдастық

      Парламентаралық Қауымдастық Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамаларын үйлестiру (жақындастыру, бiрегейлендiру) және оларды Қоғамдастық мiндеттемелерiн iске асыру мақсатында ЕурАзЭҚ шеңберiнде жасасқан шарттарға сәйкес келтiру мәселелерiн қарастыратын ЕурАзЭҚ шеңберiндегi парламенттiк ынтымақтастық органы болып табылады.
      Парламентаралық Қауымдастық Уағдаласушы Тараптардың парламенттерiнен жiберiлетiн парламентарийлерден құрылады.
      Парламентаралық Қауымдастық өз өкiлеттiгiнiң шегiнде:
      - Мемаралықкеңестiң қарауына жататын құқықтық қатынастардың негiзгi салаларындағы заңнамалардың Негiздерiн әзiрлейдi;
      - олардың негiзiнде ұлттық заңнамалардың актiлерi әзiрленетiн үлгiлi жобаларды қабылдайды;
      - Мемаралықкеңеске ұсыныстармен, Интеграциялық комитетке және Уағдаласушы Тараптардың парламенттерiне сұрау салулармен және ұсыныстармен, Қоғамдастық Сотына сұрау салулармен шыға алады.
      Мемлекетаралық Кеңес Парламентаралық Қауымдастық туралы ереженi бекiтедi.

  8-бап
Қоғамдастық Соты

      Қоғамдастық Соты Уағдаласушы Тараптардың осы Шартты және Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген басқа да шарттарды, сондай-ақ ЕурАзЭҚ органдары қабылдайтын шешiмдердi бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi.
      Қоғамдастық Соты ЕурАзЭҚ органдарының шешімдерiн және Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардың ережелерiн iске асыру мәселелерi бойынша Уағдаласушы Тараптардың арасында туындайтын экономикалық сипаттағы дауларды да қарастырады, олар бойынша түсiндiрулер, сондай-ақ қорытындылар бередi.
      Қоғамдастық Соты әр Уағдаласушы Тараптың көп дегенде екi өкiлiнен тұратын Уағдаласушы Тараптардың өкiлдерiнен құрылады. Парламентаралық Қауымдастық судьяларды Мемлекетаралық Кеңестiң ұсынуымен алты жыл мерзiмге тағайындайды.
      Қоғамдастық Соты iс-әрекетiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi оның Мемаралықкеңеспен бекiтiлетiн Статутында белгiленедi.

  9-бап
Мүшелiк

      ЕурАзЭҚ-қа мүшелiкке қабылдау осы Шарттан және басқа да Мемлекетаралық Кеңестiң шешiмiмен белгiленетiн тiзiм бойынша Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардан туындайтын мiндеттемелердi өзiне алатын және ЕурАзЭҚ мүшелерiнiң пiкiрiнше, осы мiндеттемелердi орындай алатын және орындауға ниет бiлдiрген барлық мемлекеттерге ашық.
      Кез келген Уағдаласушы Тарап ЕурАзЭҚ-тың құрамынан Қоғамдастықтың және оның мүшелерiнiң алдында өзiнiң мiндеттемелерiн алдын-ала реттей отырып және Интеграциялық Комитетке осы Шарттан шығу туралы ресми хабарламаны шығу күнiнен кемiнде он екi ай бұрын жiбере отырып, шығуға құқылы. Егер хабарлама Қоғамдастықтың келесi бюджеттiк жылға арналған бюджетiн қабылдаудан бұрын жiберiлсе, мүшелiктi тоқтату ағымдағы бюджет жылында жүзеге асады. Егер хабарлама Қоғамдастықтың келесi бюджеттiк жылға арналған бюджетiн қабылдаудан кейiн жiберiлсе, онда мүшелiктi тоқтату келесi бюджет жылында жүзеге асады.
      Осы Шарттың және/немесе Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген шарттардың ережелерiн өрескел бұзып отырған Уағдаласушы Тараптың ЕурАзЭҚ органдарының жұмысына қатысуы Мемаралықкеңестiң шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн. Егер бұл Уағдаласушы Тарап өзiнiң мiндеттемелерiн бұзуды жалғастырып отырса, Мемаралықкеңес өзi белгiлейтiн күннен бастап оны Қоғамдастықтан шығару туралы шешiм қабылдай алады.

  10-бап
Байқаушылар

      ЕурАзЭҚ жанындағы байқаушының мәртебесi кез келген мемлекетке немесе халықаралық мемлекетаралық (үкiметаралық) ұйымға тиiстi өтiнiшi түскен жағдайда берiлуi мүмкiн.
      Байқаушының мәртебесiн беру, тоқтату немесе жою туралы шешiмдi Мемлекетаралық Кеңес қабылдайды.

  11-бап
Құқық қабiлеттiлігі

      ЕурАзЭҚ әр Уағдаласушы Тараптың аумағында өзiнiң мақсаттары мен мiндеттерiн орындауға қажеттi құқық қабiлеттiлiгiн пайдаланады.
      ЕурАзЭҚ мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар орната және олармен шарттар жасаса алады.
      ЕурАзЭҚ заңды тұлға және өз мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн, атап айтқанда:
      - шарттар жасасу;
      - мүлiк сатып алу және оған билiк ету;
      - сотта сөз сөйлеу;
      - шоттар ашу және валютамен, құнды қағаздармен операциялар жүргiзу құқықтарын пайдаланады.

  12-бап
Органдардың тұрғылықты жерi

      Интеграциялық Комитеттiң тұрғылықты жерi Алматы қаласы (Қазақстан Республикасы) және Мәскеу қаласы (Ресей Федерациясы) болып табылады.
      Парламентаралық Қауымдастықтың тұрғылықты жерi Санкт-Петербург қаласы (Ресей Федерациясы) болып табылады.
      Қоғамдастық Сотының тұрғылықты жерi Минск қаласы (Беларусь Республикасы) болып табылады.
      Мемлекетаралық Кеңестiң шешiмi бойынша Қоғамдастыққа мүше мемлекеттерде Интеграциялық Комитеттiң өкiлдiктерi ашылуы мүмкiн.

  13-бап
Шешiмдi қабылдаудың тәртiбi

      Мемлекетаралық Кеңес "мүдделi Уағдаласушы Тараптың дауысын алып тастағандығы мәмiле" қағидаты бойынша қабылданатын мүшелiктi тоқтату туралы немесе Қауымдастықтан шығару туралы шешiмдердi қоспағанда, барлық шешiмдердi мәмiлемен қабылдайды.
      Интеграциялық Комитетте шешiмдер 2/3 көпшiлiк дауыспен қабылданады. Егер шешiмдердi қабылдауға Уағдаласушы Тараптардың төртеуi дауыс берсе, бiрақ сонымен бiрге ол 2/3 көпшiлiк дауысты жинамаған жағдайда мәселе Мемаралықкеңестiң қарауына жiберiледi. Әрбiр Уағдаласушы Тараптар дауыстарының саны оның Қоғамдастық бюджетiндегi жарнасына сәйкес келедi және:
      Беларусь Республикасы - 20 дауысты;
      Қазақстан Республикасы - 20 дауысты;
      Қырғыз Республикасы - 10 дауысты;
      Ресей Федерациясы - 40 дауысты;
      Тәжiк Республикасы - 10 дауысты құрайды.

  14-бап
Шешiмнiң орындалуы

      ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiн Уағдаласушы Тараптар ұлттық заңнамаларға сәйкес қажеттi ұлттық нормативтiк-құқықтық актiлердi қабылдау арқылы орындайды.
      Осы Шартты, Қоғамдастық шеңберiнде қолданылып жүрген басқа да шарттарды және ЕурАзЭҚ органдарының шешiмдерiн iске асыру бойынша Уағдаласушы Тараптардың мiндеттемелерiнiң орындалуына бақылау жасауды Қоғамдастықтың органдары өздерiнiң құзыреттерi шегiнде жүзеге асырады.

  15-бап
Қаржыландыру

      ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыру Қоғамдастықтың бюджетi есебiнен жүзеге асырылады.
      Интеграциялық Комитет мүше мемлекеттердiң келiсiмi бойынша әрбiр бюджеттiк жылға Қоғамдастықтың бюджетiн жасайды және оны Мемаралықкеңес бекiтедi.
      Қоғамдастықтың бюджетiнде тапшылық болуы мүмкiн емес.
      Қоғамдастықтың бюджетi Тараптардың үлестiк жарналары есебiнен мынадай шәкiлге сәйкес құрылады:
      Беларусь Республикасы - 20 %;
      Қазақстан Республикасы - 20 %;
      Қырғыз Республикасы - 10 %;
      Ресей Федерациясы - 40 %;
      Тәжiк Республикасы - 10 %.
      Қоғамдастық бюджетiнiң қаражаты:
      ЕурАзЭҚ органдарының қызметiн қаржыландыруға;
      Қоғамдастық шеңберiнде өтетiн Уағдаласушы Тараптардың бiрлескен iс-шараларын қаржыландыруға;
      осы Шарттың ережелерiне қайшы келмейтiн басқа да мақсаттарға бағытталады.
      Егер Уағдаласушы Тараптардың бiреуiнiң ЕурАзЭҚ бюджетiнiң алдындағы қарызы оның жылдық үлестiк жарнасының баламалық сомасынан асқан жағдайда ол қарызын толықтай өтегенге дейiн Қоғамдастық органдарында дауыс беру құқынан айырылады. Оның тиiстiлігiндегi дауыс қалған Уағдаласушы Тараптар арасында олардың Қауымдастық бюджетiндегi жарналарына тепе-тең бөлiнедi.

  16-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Қоғамдастық пен оның лауазымды тұлғалары осы Шартта және ЕурАзЭҚ шеңберiнде қолданылып жүрген шарттарда көзделген функцияларды орындау және мақсаттарға жету үшiн қажеттi артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
      Қоғамдастық пен оның лауазымды тұлғаларының, Интеграциялық Комитеттiң Хатшылығы мен Өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ Қоғамдастық жанындағы Уағдаласушы Тараптардың Тұрақты Өкiлдiктерiнiң персоналдарының артықшылықтары мен иммунитеттерiнiң көлемi жекелеген құжаттармен анықталады.

  17-бап
Жұмыс тiлі

      ЕурАзЭҚ-тың жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.

  18-бап
Қолданыста болу мерзiмi және күшiне енуi

      Осы Шарт белгiсiз мерзiмге жасалады.
      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бекiтуiне жатады және депозитарийi болып табылатын Интеграциялық Комитетке оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалуы туралы соңғы хабарламаны берген күнiнен бастап күшiне енедi.
      Тараптар қажет болған жағдайда өздерiнiң ұлттық заңнамаларын осы Шарттың ережелерiне сәйкес келтiредi.

  19-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар

      Осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, оларды Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамамен ресiмдейдi.

  20-бап
Тiркеу

      Осы Шарт БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуге жатады.

      Астана қаласында 2000 жылғы "_______" қазанда беларусь, қазақ, қырғыз, орыс және тәжiк тiлдерiнде бiр дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Шарттың мәтiнi бойынша келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланатын болады.
      Шарттың түпнұсқалық данасы оның куәландырылған көшiрмесiн әрбiр Уағдаласушы Тарапқа жіберетiн Интеграциялық Комитетте сақталады.

       Беларусь Республикасы үшiн

      Өзбекстан Республикасы үшiн

      Қазақстан Республикасы үшін

       Қырғыз Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Осымен 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шарттың мемлекеттiк тiлiндегi бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

       Қазақстан Республикасы
      Сыртқы iстер министрлiгiнiң
      Халықаралық құқық департаментi
      Халықаралық шарттар басқармасының
      Бастығы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады