Халықаралық әуе қатынастары кезіндегі транзит туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 7 мамырдағы N 246 Заңы

      Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылған халықаралық әуе қатынастары кезіндегі транзит туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісім Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылған

(2007 жылғы 9 шілдеде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісімге қол қойған және қабылдаған мемлекеттер, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мүшелері бола отырып, төмендегілер туралы хабарлайды:

1-бап

1-бөлім

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет басқа Уағдаласушы мемлекеттерге халықаралық тұрақты қатынастарға қатысты мынадай әуе еркіндіктерін:
      1) оның аумағы арқылы қонбастан ұшып өту артықшылығын;
      2) коммерциялық емес мақсаттарда қону артықшылығын ұсынады.
      Осы тарауда көзделген артықшылықтар қандай да болмасын халықаралық әуе қатынастарын қоспағанда, әскери мақсаттарда пайдаланылатын әуежайларға қатысты қолданылмайды. Белсенді әскери қимылдар жүріп жатқан немесе әскери басқыншылық болған аудандарда, сондай-ақ соғыс кезінде осындай артықшылықтарды осындай аудандарға апаратын жабдықтау жолдарында жүзеге асыру құзыретті әскери билік орындарының мақұлдауына жатады.

2-бөлім

      Жоғарыда аталған артықшылықтарды жүзеге асыру Халықаралық азаматтық авиация туралы уақытша келісімнің ережелеріне сәйкес және ол Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес күшіне енгеннен кейін жүргізіледі.

3-бөлім

      Екінші Уағдаласушы мемлекеттің авиакәсіпорындарына коммерциялық емес мақсатта қону артықшылығын ұсынған Уағдаласушы мемлекет осындай қонулар жүргізілетін пункттерде осы авиакәсіпорындардың орынды коммерциялық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуін талап ете алады.
      Мұндай талап бір маршрутта іс-әрекет жасайтын авиакәсіпорындар арасындағы қандай да болмасын кемсітушілікке жол бермейді, әуе кемесінің сыйымдылығын ескереді және тиісті халықаралық әуе қатынастарын қалыпты пайдалануға, не кез келген Уағдаласушы мемлекеттің құқықтарының және міндеттемелерінің жүзеге асырылуын зиян келтірмейтіндей етіп жүзеге асырылады.

4-бөлім

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы Келісімнің ережелерін ескере отырып:
      1) өз аумағының шегінде кез келген халықаралық әуе қатынасын жүзеге асыру үшін маршрутты және кез келген осындай қатынаста пайдаланылуы мүмкін әуежайды белгілей алады;
      2) осындай әуежайлар мен басқа құралдарды пайдаланғаны үшін кез келген осындай қатынастарда әділетті және ынсапты алымдар ала алады немесе алымдар алуға рұқсат бере алады, егер мүдделі Уағдаласушы Мемлекеттің ұсынуы бойынша әуежайларды және басқа да құралдарды пайдаланғаны үшін алынатын алымдарды жоғарыда аталған Конвенцияға сәйкес құрылатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Кеңесі қарауға жататын, ал ол мүдделі мемлекеттің немесе мемлекеттердің қарауына осылар бойынша баяндамалар мен кепілдемелер ұсынатын жағдайда, осы алымдар осындай халықаралық әуе қатынастарына тартылған ұлттық әуе кемелерінің осындай әуежайларды және басқа да құралдарды пайдаланғаны үшін алынатын адамдарынан жоғары болмайды.

5-бөлім

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет, егер ол басым иелік етуді және тиімді бақылауды Уағдаласушы мемлекеттің азаматтары жүзеге асыратындығына сенімсіз болған кез келген жағдайда, не осындай авиакөлік кәсіпорыны өзі аумағының үстінен ұшатын мемлекеттің құқықтарын сақтамаған жағдайда, не ол осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, екінші мемлекеттің авиакөлік кәсіпорнына берілетін куәлікті немесе рұқсатты беруден бас тарту немесе жою құқығын сақтайды.

2-бап

1-бөлім

      Екінші Уағдаласушы мемлекеттің осы Келісім бойынша іс-әрекеттері оған әділетсіз және қиын жағдай туғызды деп санаған кез келген Уағдаласушы мемлекет Кеңестен осы жағдайды тексеруді сұрай алады. Осыдан кейін Кеңес бұл мәселені қарайды және мүдделі мемлекеттермен консультациялар жүргізеді. Егер осындай консультация қиыншылықты шешпейтін болса, Кеңес мүдделі Уағдаласушы мемлекеттерге тиісті қорытындылар мен кепілдемелер ұсына алады. Егер осыдан кейін мүдделі Уағдаласушы мемлекет Кеңестің пікірі бойынша тиісті негіздемесіз жағдайды түзететін қажетті шараларды қабылдамаған болса, Кеңес жоғарыда аталған Ұйымның Ассамблеясына осындай Уағдаласушы мемлекетті мұндай шараларды қабылдағанға дейін осы Келісімге сәйкес өз құқықтары мен артықшылықтарынан уақытша айыру жөнінде кепілдеме бере алады. Ассамблея дауыстардың үштен екісімен өзі қажет деп санайтын уақыт мерзіміне, не Кеңес осы мемлекет жағдайды түзететін шаралар қабылдады деп санағанға дейін осы Уағдаласушы мемлекетті осылайша құқықтары мен артықшылықтарынан айыруы мүмкін.

2-бөлім

      Егер осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты екі немесе одан артық Уағдаласушы мемлекеттердің арасындағы қандай да болмасын келіспеушіліктер келіссөздер жүргізу жолымен реттелуі мүмкін болмаса, жоғарыда аталған Конвенцияның XVIII тарауының ережелері онда осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты кез келген келіспеушілікке қатысты көзделгендей етіп қолданылады.

3-бап

      Осы Келісім жоғарыда аталған Конвенция қолданыста болғанға дейін күшінде қалады, алайда, кез келген Уағдаласушы мемлекет - осы Келісімнің Тарабы - бір жыл бұрын Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне хабардар ету арқылы оның күшін жоя алуы шартында, аталған Үкімет шұғыл түрде барлық басқа Уағдаласушы мемлекеттерге осындай хабарлама және Келісімнен шығу туралы хабарлайды.

4-бап

      Жоғарыда аталған Конвенция күшіне енгенге дейін 2-баптың 2-бөліміндегі және 5-баптағы сілтемелерден басқа, осында мазмұндалған оған жасалған барлық сілтемелер 1944 жылғы 7 желтоқсанда жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы уақытша келісімге сілтемелер ретінде қаралады, ал Халықаралық азаматтық авиация ұйымына, Ассамблеяға және Кеңеске сілтемелер тиісінше Уақытша халықаралық азаматтық авиация ұйымына, Уақытша Ассамблеяға және Уақытша Кеңеске сілтемелер ретінде қаралады.

5-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін "аумақ" жоғарыда аталған Конвенцияның 2-бабында айтылғандай анықталады.

6-бап Келісімді қабылдаған және оған қол қойған мемлекеттер

      Чикагода 1944 жылғы 1 қарашада шақырылған Халықаралық азаматтық авиация жөніндегі конференцияның төменде қол қоюшы делегаттары Келісімге атынан қол қойған үкіметтердің әрқайсысы оның атынан қойылған қолдың бұл үкіметтің Келісімді және ол үшін міндеттемелерді қабылдағанын білдіре ме дегені туралы Америка Құрама Штаттары Үкіметін мүмкін болар қысқа мерзімде хабардар ететіндігін ескере отырып, осы Келісімге өз қолдарын қойды.
      Кез келген мемлекет - Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мүшесі, Құрама Штаттарының Үкіметіне осы Келісімді қабылдағаны туралы хабарлама жібере отырып, осы Келісімді ол үшін міндеттеме ретінде қабылдай алады және осындай қабылдау бұл үкіметтің осындай хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Уағдаласушы мемлекеттердің арасында олардың әрқайсысы оны қабылдаған күнінен бастап күшіне енеді. Кейінірек ол Құрама Штаттарының Үкіметіне оны қабылдағаны жөнінде хабарлаған әрбір басқа мемлекет үшін бұл үкіметтің осындай хабарламаны алған күнінен бастап міндетті болады. Құрама Штаттарының Үкіметі осы Келісімге қол қойған және қабылдаған барлық мемлекеттерді Келісім қабылданған барлық күндер мен оны қабылдаған әрбір мемлекет үшін күшіне енген күні туралы хабардар етеді.
      Осыны куәландыра отырып, төменде қол қойғандар, тиісті түрде уәкілеттендірілген өкілдер өздерінің тиісті үкіметтерінің атынан олардың тиісті қолтаңбасына қарама қарсы көрсетілген күндерде осы Келісімге қол қойды.
      Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда ағылшын тілінде жасалды. Ағылшын, француз және испан тілдерінде жасалған мәтіндердің әрқайсысының күші бірдей; Вашингтонда, Колумбия округында қол қою үшін ашылады. Екі мәтін де Америка Құрама Штаттары Үкіметінің мұрағатына сақтауға тапсырылады, ал расталған көшірмелерін бұл Үкімет осы Келісімге қол қоюы мүмкін немесе қабылдай алуы мүмкін барлық мемлекеттердің үкіметтеріне жолдайды.

      Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылған Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісімнің мәтіні Чикагода 1944 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылған Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы келісімнің орыс тіліндегі мәтінімен бірдей.

      Көшірмесі рас.

       Министрлік
      Аппаратының басшысы

       РҚАО-ның ескертуі: Халықаралық әуе қатынастарындағы транзит туралы Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні қоса беріліп отыр.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады