Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 29 қыркүйектегі N 69-IV Заңы.

      Бухаресте 2007 жылғы 22 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасындағы Жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі
арасындағы Жүктердің халы қ аралы қ автомобиль тасымалдары
туралы келісім

      (2008 жылғы 31 қазанда күшіне енді – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2020 ж., N 6, 28-құжат)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі,

      өз мемлекеттерінің арасындағы сауда және экономикалық байланыстардың дамуына үлес қосуға ниет білдіре отырып,

      нарықтық экономика шеңберінде автомобиль тасымалдары саласындағы ынтымақтастыққа ықпал етуді жөн деп шешіп,

      халықтың өмірі мен денсаулығы, қоршаған ортаны қорғау, жол қауіпсіздігі және жүргізушілердің жұмыс жағдайларын жақсарту туралы қамқорлық таныта отырып,

      автомобиль тасымалдары жөніндегі келісімнің өзара артықшылықтары мен мүдделерін мойындай отырып,

      төмендегі туралы келісті:

I. Қолданылу саласы мен анықтамалар

1-бап Қолданылу саласы

      1. Осы Келісімнің ережелері Тараптар мемлекеттерінің арасындағы жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарына және олардың аумақтары арқылы транзитке, сондай-ақ Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген көлік құралдарымен үшінші елдерге/елдерден тасымалдарға қолданылады.

      2. Осы Келісім Еуропалық Одаққа мүше ретінде Румыния үшін туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қоса алғанда, Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық келісімдерден туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

2-бап Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      1. "Тасымалдаушы" - Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүктердің халықаралық тасымалын жүзеге асыруға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді.

      2. "Көлік құралы" - жүк тасымалдауға арналған әрі тек сол үшін жабдықталған автокөлік құралы тым болмағанда Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында тіркелген кез келген автокөлік құралын немесе көлік құралдарының жиынтығын білдіреді.

      3. "Тіркеу" - Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының көлік құралына сәйкестендіру нөмірін беруін білдіреді. Көлік құралдарының жиынтығы жағдайында, тіпті егер жиынтықтың басқа көлік құралы осы немесе басқа адамның атына тіркелмеген немесе басқа елде тіркелген немесе пайдалануға рұқсат берілген жағдайда да рұқсат беру немесе одан босату кезінде автокөлік құралы негізгі фактор болып табылады.

      4. "Тасымал" - көлік құралының жүкпен немесе жүксіз, соның ішінде, егер автокөлік құралы, тіркеме немесе жартылай тіркеме жолдың бөлігінде темір жол немесе су көлігімен тасымалданған жағдайда жүріп өтуін білдіреді.

      5. "Тарап мемлекетінің бірінің аумағы" - тиісінше Қазақстан Республикасының аумағын немесе Румынияның аумағын білдіреді.

      6. "Тіркеу елі" - шегінде тасымалдаушы мен көлік құралы тіркелген әрбір Тарап мемлекетінің аумағын білдіреді.

      7. "Болу елі" - осы аумақта тіркелмеген тасымалдаушы және оның көлік құралы да бұл аумақта тіркелмеген, тасымалдауды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің аумағын білдіреді.

      8. "Арнайы рұқсат" - Тараптар мемлекеттерінің бірінің құзыретті органдарына беретін және сол Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген бөлінбейтін ірі көлемді және ауыр салмақты жүгі бар көлік құралдарының жүріп өтуіне немесе қауіпті жүктерді тасымалдауға құқық беретін құжатты білдіреді.

II. Жүк тасымалдары

3-бап Рұқсаттар беру жүйесі

      1. Тараптар мемлекеттерінің арасындағы көлік құралымен немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен жүк тасымалдары рұқсатсыз жүзеге асырылады.

      2. Тараптар бірінің мемлекетінде тіркелген тасымалдаушы екінші Тарап мемлекетінің аумағынан үшінші елдің аумағына және үшінші елдің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына жүк тасымалдарын екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органынан алған рұқсат негізінде жүзеге асыра алады.

      3. Тараптар бірінің мемлекетінде тіркелген тасымалдаушыға екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан екі пункттің арасында жүк тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.

4-бап Рұқсаттар беру және қолдану тәртібі

      1. Екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын рұқсат бланкілерінің келісілген санымен алмасады.

      Резидент-тасымалдаушыларға рұқсаттарды құзыретті орган немесе аталған орган осы үшін тағайындаған мекеме береді.

      2. Рұқсаттар дербес болып табылады және оны үшінші тарапқа беруге жатпайды.

      3. Рұқсатты бір мезгілде бірнеше көлік құралдары үшін пайдалануға болмайды. Көлік құралдарының жиынтығы жағдайында автокөлік құралы рұқсат беру үшін немесе рұқсаттан босату үшін анықтаушы фактор болып табылады.

      4. Осы Келісімнің 10-бабының 2-тармағына сәйкес құрылған Бірлескен комиссия рұқсаттар квотасын, жол жүру санатын және уақытын, сондай-ақ рұқсаттар беру мен қолдануды реттейтін кез келген қосымша шарттарды белгілейді. Бұл өзара пайда қағидаты негізінде жүзеге асырылады.

III. Жалпы ережелер

5-бап Қаржы ережелері

      1. Осы Келісімге сәйкес тасымалдау кезінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін мынадай заттар тауарларды импорттаған кезде төленетін төлемге тең мәнді кеден баждары мен төлемдерін төлемей өткізілуге тиіс:

      а) көлік құралының әрбір моделі үшін жасаушы зауыт көздеген, қозғалтқышты қоректендіру жүйесімен технологиялық және құрылымдық байланысқан стандарттық сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ жасаушы зауыт тіркемелерге және жартылай тіркемелерге орнатқан, олардың жылыту немесе суыту қондырғыларының жұмысына арналған жанармай;

      b) тасымалдау кезінде көлік құралын пайдалануға қажетті мөлшердегі жағармай материалдары;

      с) халықаралық тасымалды жүзеге асыратын, оның ішінде жолда бұзылған көлік құралын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар кері әкетілуге тиіс. Ауыстырылған қосалқы бөлшектер кері әкетілуі немесе осы бөлшектерге қатысты аумағында кедендік режимі өзгертіліп отырған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылудың кедендік режиміне орналастырылуы тиіс.

      3. Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары осы Келісімге сәйкес жүктерді тасымалдауды жүзеге асырған кезде көлік құралдарына иелік етуге немесе оларды пайдалануға байланысты алымдар мен төлемдерден өзара негізде босатылады. Бұдан басқа, автомобиль жолдары желісін, автомагистральдарды, көпірлер мен тоннельдерді пайдаланғаны үшін алынатын алымдар, Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің аумағында тіркелген көлік құралдарын кемсітпеушілік негізде осындай алымдар өндіріп алынуға жатса, өндіріп алынады.

6-бап Жалпы салмағы мен көлемі

      1. Көлік құралдарының жол берілетін ең үлкен салмағы, оське түсіретін жүктемесі және көлемі тіркеу құжаттарында көрсетілген мәндерден және болу елінде қолданылатын рұқсат етілген ең үлкен мәндерден аспауы тиіс.

      2. Болу елінде салмағы, көлемі немесе оське түсіретін жүктемесі рұқсат етілген ең үлкен мәндерден асатын көлік құралдарын пайдалануға тек арнайы рұқсаттардың негізінде ғана рұқсат беріледі. Егер осындай рұқсат көлік құралына белгілі бір бағытпен жүруге нұсқама берсе, тасымал тек осы бағыт бойынша ғана жүзеге асырылуы тиіс.

      3. Арнайы рұқсаттың болуы осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағында көзделген рұқсаттарды алу қажеттігінен босатпайды.

7-бап Жабдық және басқа да сипаттамалар

      1. Тараптар мемлекеттерінің аумақтары бойынша қауіпті және тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын көлік құралдары 1957 жылғы 30 қыркүйектегі Қауіпті жүктердің халықаралық жол тасымалы туралы еуропалық келісімге (ДОПОГ), сондай-ақ 1970 жылғы 1 қыркүйектегі Тез бұзылатын тамақ өнімдерін халықаралық тасымалдау және осы тасымалға пайдаланылатын арнаулы көлік құралдары туралы келісімге (СПС) сәйкес жабдықталуға және белгіленуге тиіс.

      2. Жүргізушінің жол жүру және демалыс уақытын бақылау үшін пайдаланылатын жабдық 1970 жылғы 1 шілдедегі Халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдары экипаждарының жұмысына қатысты Европа Келісімінің (ЕСТР) талаптар сәйкес болуы тиіс.

      3. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде осы Келісімнің 10-бабының 2-тармағына сәйкес құрылған Бірлескен комиссия белгілеген ең аз экологиялық талаптарға жауап беретін көлік құралдарын пайдалануға ықпал етеді.

8-бап Құжаттарды тексеру

      Рұқсаттар, бақылау құжаттары және басқа да құжаттар осы Келісімге сәйкес талап етілетін тәртіппен, сондай-ақ халықаралық тауар-көлік жүк құжаттары, сақтандыру куәліктері, оқығаны туралы куәліктер және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және/немесе Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар көлік құралдарының бортында болуы тиіс және Тараптар мемлекеттері құзыретті бақылау органдарының лауазымды тұлғаларының талап етуі бойынша көрсетілуі тиіс.

9-бап Тасымалдаушылардың міндеттемелері және санкциялар

      1. Тараптардың бірінің тасымалдаушылары екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімнің Тараптардың екеуіне де қатысты қолданылатын көп жақты халықаралық келісімдерден, сондай-ақ басқа да екі жақты келісімдерден, және ұлттық заңнамадан, атап айтқанда, жол және әкімшілік ережелерінен, кеден ережелерінен және рұқсаттар мен мүмкін болатын шектеулерді пайдаланудың кез келген шарттарынан туындайтын міндеттемелерін сақтауға міндетті.

      2. Сот талқылауларына залалсыз, тіркеу елінің құзыретті органдары, болу елінің аумағында ауыр және қайталама бұзушылықтар жасалған жағдайда және сол болу елінің өтініші бойынша мынадай әкімшілік шараларды қабылдай алады:

      тасымалдаушыға ескерту жасау;

      бұзушылыққа жол берілген Тарап мемлекетінің аумағында тасымалдаушыны тасымалдарды орындау құқығынан уақытша немесе толық айыру.

      Ауыр бұзушылықтар жасалған жағдайда болу елінің құзыретті органдары тіркеу елі органдарының шешімін күтумен өз мемлекеті аумағына кіруге уақытша тыйым салуы мүмкін.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары қабылданған шешімдер туралы бірін-бірі өзара хабардар етеді.

      3. Осы баптың шарттары бұзушылық жасалған елдің соты немесе әкімшілік органдары тағайындауы мүмкін заңды санкцияларды жоққа шығармайды.

      4. Тасымалдаушылар ауыр жол көлік оқиғалары болған жағдайда тиісті органдардың талап етуі бойынша Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес кез келген ақпаратты ұсынуға міндетті.

10-бап Бірлескен комиссиямен ынтымақтастық

      1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдайды және бірін-біріне кез келген пайдалы ақпаратты береді. Сондай-ақ, Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін қолдануға ықпал ететін, олардың мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларындағы кез келген өзгерістер туралы біріне бірі хабарлайды.

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары осы Келісімді жүзеге асыру мақсаттары үшін бірін-біріне көмек береді. Тараптар арасындағы ынтымақтастық шеңберінде берілген құпия деректер құпиялылық кепілдігімен қорғалады және басқа мақсаттар үшін пайдаланылуы мүмкін емес.

      2. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау және онымен байланысты мәселелерді талқылау мақсатында олардың мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдерінен Бірлескен комиссия құрады.

11-бап Құзыретті органдар

      Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары:

      қазақстан Тарапынан - Көлік және коммуникация министрлігі;

      румын Тарапынан - Көлік министрлігі болып табылады.

      Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының ресми атаулары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы ол туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

12-бап Дауларды реттеу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жолымен шешетін болады.

      Осы Келісіммен, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес шешіледі.

IV. Қорытынды ережелер

13-бап Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 14-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

14-бап Күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде хабарлағанға дейін күшінде болады. Қолданысын тоқтату екінші Тараптың хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткен соң қолданыла бастайды.

      Осыны растау үшін, өзінің тиісті үкіметтері осыған тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қойғандар, осы Келісімге қол қойды.

      2007 жылғы 22 қарашада Бухарест қаласында әрқайсысы қазақ, румын, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының

Румыния

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады