Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартын ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 11 ақпандағы N 129-IV Заңы

      Бішкекте 2007 жылғы 16 тамызда қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарты ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ҰЗАҚ
МЕРЗІМДІ ТАТУ КӨРШІЛІК, ДОСТЫҚ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ
ШАРТЫ

(2012 жылғы 31 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 6, 82-құжат)

       Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі - ШЫҰ немесе Ұйым) - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы,
      тату көршіліктің, достық пен ынтымақтастықтың тарихи дәнекерлерімен байланыста бола отырып;
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, сондай-ақ 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын басшылыққа ала отырып;
      Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы тату көршілік, достық пен ынтымақтастық қатынастарды нығайту мен тереңдету олардың халықтарының түпкілікті мүдделеріне жауап беретініне, ШЫҰ кеңістігінде және бүкіл дүниежүзінде бейбітшілік ісіне және дамуға жәрдемдесетініне сенімді бола отырып;
      жаһандану үдерістері мемлекеттердің өзара тәуелділігін күшейтіп, соның нәтижесінде олардың қауіпсіздігі мен өркендеуі тығыз байланыса түсетінін мойындай отырып;
      қазіргі заманғы сынақтар мен қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер жаһандық сипатта екенін және оларға тиімді қарсы тұру тек күш-жігерді біріктіру мен өзара іс-қимылдың келісілген қағидаттары мен тетіктерін ұстанғанда ғана мүмкін болады деп ұйғара отырып;
      қазіргі заманғы мәдени-өркениеттік көптүрлілікті құрметтеу қажеттігін ұғына отырып;
      Ұйымға мүше мемлекеттердің орнықты дамуына қолайлы жағдайлар жасау үшін әділетті де ұтымды әлемдік тәртіп орнатуға жәрдемдесу мақсатында өздерінің арасында да, және барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар арасында да өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екендіктерін растай отырып;
      бұдан әрі, осы Шарт қайсыбір мемлекеттерге және ұйымдарға қарсы бағытталмағанын және Уағдаласушы Тараптар сыртқы әлемге ашықтық қағидатын ұстанатындықтарын растай отырып;
      ШЫҰ кеңістігін бейбітшілік, ынтымақтастық, гүлдену және үйлесімділік өңіріне айналдыруға ұмтыла отырып;
      халықаралық қатынастарды демократияландыруға және теңдік, өзара құрметтеу, өзара сенім мен пайдалылық, блоктық және идеологиялық бөлінуден бас тарту негізінде жаһандық қауіпсіздіктің жаңа сәулетін қалыптастыруға жәрдемдесуге деген ниетті басшылыққа ала отырып;
      Ұйымға мүше мемлекеттердің халықтары арасындағы достықтың ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беруі үшін өздерінің арасындағы достық қатынастарды нығайтуға берік шешімде бола отырып;
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес Уағдаласушы Тараптар үшін мүдделілік білдірілетін салалардағы тату көршіліктің, достық пен ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді қатынастарын дамытады.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, сондай-ақ 2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын басшылыққа ала отырып, бір-бірімен пікір алшақтығын бейбіт жолмен шешеді.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар әрбір мемлекеттің тарихи тәжірибесі мен ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, бір-бірінің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму жолын таңдап алу құқығын құрметтейді.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаттарын құрметтей отырып, өз аумағында осы қағидаттарға қайшы келетін кез келген іс-әрекетке жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.
      Уағдаласушы Тараптар екінші Уағдаласушы Тараптарға қарсы бағытталған одақтарға немесе ұйымдарға қатыспайды, екінші Уағдаласушы Тараптарға қандай да бір болсын жаулық іс-әрекеттерді қолдамайды.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар шекаралардың мызғымастық қағидаттарын құрметтейді, бір-бірімен шекараларын мәңгілік бейбітшілік пен достық шекарасына айналдыруға берік шешімдерін негізге ала отырып, шекара маңындағы аудандардағы әскери саладағы сенімді нығайтуға белсене күш салады.

6-бап

      Уағдаласушы Тарап оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін ахуал туындаған жағдайда, туындаған ахуалға барабар жауап беру үшін Ұйым шеңберінде басқа Уағдаласушы Тараптармен консультациялар өткізе алады.

7-бап

      Уағдаласушы Тараптар халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау мен нығайту үшін ШЫҰ шеңберінде күш-жігерлерін жұмылдырады, Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін қорғау мен арттыру, жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қолдау, қарулануға халықаралық бақылау үдерісін ілгерілету, жаппай қырып-жоятын қаруды және оны жеткізетін құралдарды таратудың алдын алу сияқты салалардағы үйлестіру мен ынтымақтастықты нығайтады, сондай-ақ осы мәселелер бойынша тұрақты консультациялар өткізеді.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, олар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды сақтау негізінде терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының, қарудың заңсыз айналымына, трансұлттық қылмыстық әрекеттің басқа да түрлеріне, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы тұру жөніндегі ынтымақтастықты белсенді дамытады.
      Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және олар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар негізінде, террорлық, сепаратистік, экстремистік іс-әрекетке, сондай-ақ өзге де қылмыстарға байланысты қылмыстар жасағаны үшін күдікті, кінәлі деп табылған немесе сотталған адамдарды іздестіру, ұстау, ұстап беру және тапсырудағы өзара іс-қимылды күшейтеді.
      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттік шекараны күзету мен кедендік бақылау, еңбек көші-қонын реттеу, қаржылық және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты дамытады.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптар Уағдаласушы Тараптардың құқық қорғау органдары мен сот билігі органдарының арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдеседі.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптар әр түрлі нысандарда қорғаныс министрліктері желісі бойынша ынтымақтастықты дамытады.

11-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің халықаралық міндеттемелеріне және ұлттық заңнамасына сәйкес адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын іске асыруға жәрдемдесу сияқты салалардағы ынтымақтастықты дамытады.
      Уағдаласушы Тараптар өздерінің халықаралық міндеттемелеріне, сондай-ақ ұлттық заңнамасына сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптардың өз аумағында тұратын азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге кепілдік береді, сонымен бірге бір-біріне қажетті құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдеседі.

12-бап

      Уағдаласушы Тараптар бір Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы Тараптың аумағындағы мүлкіне қатысты бір-бірінің заңды құқықтары мен мүдделерін таниды және қорғайды.

13-бап

      Уағдаласушы Тараптар теңдік пен өзара пайда негізінде экономикалық ынтымақтастықты нығайтады, сауданы дамыту, инвестицияны ынталандыру және ШЫҰ шеңберінде технологиялармен алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
      Уағдаласушы Тараптар, өз аумағында заңды шаруашылық қызметін жүргізетін екінші Уағдаласушы Тараптың заңды және жеке тұлғаларының қызметі үшін құқықтық жағдайлар жасауды, сондай-ақ өз аумағындағы осындай заңды және жеке тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қоса алғанда, экономикалық қызметке жәрдем көрсетеді.

14-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздері мүшелері болып табылатын халықаралық қаржы мекемелерінде, экономикалық ұйымдарда және форумдарда ынтымақтастықты дамытады, сондай-ақ осындай мекемелердің, ұйымдар мен форумдардың жарғылық ережелеріне сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптардың осы ұйымдарға кіруі кезінде жәрдем көрсетеді.

15-бап

      Уағдаласушы Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика, көлік, ғылыми-техникалық, инновациялық, ақпараттық, телекоммуникациялық, авиағарыштық және өзара мүдделілік білдірілетін басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытады, әр түрлі нысандағы өңірлік жобаларды жүзеге асыруды ынталандырады.

16-бап

      Уағдаласушы Тараптар заң шығару саласындағы ынтымақтастыққа барынша жәрдемдеседі, әзірлену, қабылдану үстіндегі және қолданыстағы заңдар туралы ақпаратпен тұрақты негізде алмасады, халықаралық-құқықтық құжаттарды әзірлеудегі ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Уағдаласушы Тараптар заң шығарушы органдар мен олардың өкілдері арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты көтермелейді.

17-бап

      Уағдаласушы Тараптар қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздікті, табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты дамытады, осы салалардағы арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу мен іске асыру жөнінде қажетті шараларды қабылдайды.

18-бап

      Уағдаласушы Тараптар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды ескерту мен олардың зардаптарын жоюда өзара жәрдем көрсетеді.

19-бап

      Уағдаласушы Тараптар мәдениет, өнер, білім, ғылым, технологиялар, денсаулық сақтау, туризм, спорт және басқа да әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы өзара алмасулар мен ынтымақтастықты дамытады.
      Уағдаласушы Тараптар мәдениет мекемелері, білім беретін, ғылыми және зерттеу мекемелері арасында тікелей байланыстар орнатуды, бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруды, кадрлар даярлаудағы, студенттермен, ғалымдармен және мамандармен алмасудағы ынтымақтастықты өзара көтермелейді және қолдайды.
      Уағдаласушы Тараптар екінші Уағдаласушы Тараптардың тілі мен мәдениетін зерделеу үшін қолайлы жағдайлар жасауға белсене жәрдемдеседі.

20-бап

      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап

      Осы Шартты орындау мақсатында Уағдаласушы Тараптар өзара мүдделілік білдірілетін нақты салаларда халықаралық шарттарды жасаса алады.

22-бап

      Осы Шарттың қағидаларын түсіндіру немесе қолдануға байланысты даулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

23-бап

      Осы Шарт оған қол қоюшы Уағдаласушы Тараптардың ратификациялауына жатады.
      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және соңғы ратификациялау грамотасы депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Шарт Ұйымға мүше мемлекет болып тұрған кезінде Уағдаласушы Тараптардың кез келгеніне қатысты күшінде қалады. Уағдаласушы Тараптың осы Шартқа қатысуы оның ШЫҰ-ға мүшелігі тоқтаған күннен бастап өздігінен тоқтатылады.
      Осы Шарт күшіне енгеннен кейін ол Ұйымға мүше болған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Шарт қосылу туралы тиісті құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

24-бап

      Барлық Уағдаласушы Тараптардың келісімімен осы Шартқа жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

25-бап

      Осы Шарттың түпнұсқа данасы депозитарийге тапсырылады.
      Осы Шарттың депозитарийі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы болып табылады, ол осы Шартқа қол қойылған күннен бастап он бес күн ішінде оның куәландырылған көшірмелерін Уағдаласушы Тараптарға жібереді.

26-бап

      Осы Шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркелуге жатады.

      Бішкек қаласында 2007 жылғы 16 тамызда қытай және орыс тілдерінде бір данада жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасы үшін   Қытай Халық Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін   Өзбекстан Республикасы үшін

      Бішкекте 2007 жылғы 16 тамызда қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартының қазақ тіліне аудармасының дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Әкімшілік және бақылау департаменті
      Мемлекеттік тіл және құқықтық
      сараптама басқармасының бастығы               М.Ә.Сапарбекова

       РҚАО-ның ескертуі: бұдан әрі Шарттың мәтіні қытай тілінде берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады