Мәскеуде 2007 жылғы 20 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ қүбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі
және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ
құбырын салудағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2009 жылғы 17 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2009 ж., № 5, 28-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі,
2007 ж. 12 мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің, Ресей Федерациясы Президентінің және Түрікменстан Президентінің Каспий жағалауы газ құбырын салу туралы бірлескен декларациясын басшылыққа ала отырып,
2001 ж. 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді және 2003 ж. 10 сәуірдегі Ресей Федерациясы мен Түрікменстан арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
Тараптар мемлекеттерінің газ салаларын интеграциялау негізінде түрікмен және қазақстанның табиғи газын тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
Тараптардың осы Келісімнің мақсаттарын іске асыру үшін қажет жеткілікті қаржылық мүмкіндіктері мен табиғи газ ресурстарының бар екенін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар түрікмен және қазақстан табиғи газын Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Түрікменстан аумақтары бойынша тасымалдау үшін қазіргі "Окарем - Бейнеу" және "Орталық Азия - Орталық" газ құбырларын қайта құруды ескере отырып, "Белек" (Түрікменстан) компрессорлық станциясынан "Александров Гай" (Ресей) газ өлшеу станциясына дейінгі (бұдан әрі - Каспий жағалауы газ құбыры) Каспий жағалауы газ құбырын салу жобасын (бұдан әрі - Жоба) іске асыруды қамтамасыз етеді.
2-бап
Жоба мына ұйымдармен:
Қазақстан Тарапынан - "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамымен;
Ресей Тарапынан - "Газпром" ашық акционерлік қоғамымен;
Түрікменстан Тарапынан - "Түрікменгаз" Мемлекеттік концернімен,
бұдан әрі - уәкілетті ұйымдармен іске асырылады.
Жоба бойынша барлық құқықтар мен міндеттердің ауысуын көздейтін уәкілетті ұйымдар ауысқан жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін бұл туралы дереу хабардар етеді.
3-бап
Тараптар уәкілетті ұйымдармен келісілгенін және Жобаны іске асыруда келесіні қамтитынды негізге алады, соның ішінде:
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында бар газ тасымалдау жүйесі объектілерінің техникалық жай-күйіне аспаптық зерттеу жүргізуді;
Жоба шеңберінде кепілдік берілген табиғи газ көлемдерін тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында Жобаны іске асыруды кен орындарын сатылы игерумен үйлестіру бағдарламасын дайындауды;
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында Жобаның техникалық экономикалық жалпылама негізінде жеке бөліктерінің жинақтаушы техникалық экономикалық есебін бірлесіп дайындауда;
техникалық-экономикалық негіздемелер жөніндегі жұмыстардың жеке нәтижелерін беру құрамын және тәртібін анықтауды қамтиды.
Тараптар шикізат базасының дамуын ескере отырып, Каспий жағалауда газ құбырының қуатын осы келісімнің 5-ші бабында көрсетілген көлемдерден жоғары ұлғайту мүмкіндігін Тараптардың мемлекеттік аумағында қарастыра алады.
4-бап
Тараптар бекітілген техникалық-экономикалық негіздемелер мен Жобаны бірлесіп іске асырудың негізгі қағидаттары туралы келісімнің (келісімдердің) негізінде 2008 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап Жобаны іс жүзінде іске асыруды бастауды қамтамасыз етеді.
Қандайда бір Тараптың өз мемлекеттік аумағында өзгеше шешім қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, әрбір Тарап мемлекетінің аумағында Жобаны іске асыруды тиісті Тараптың уәкілетті ұйымы дербес қамтамасыз етеді және жүзеге асырады.
Жобаны іске асырудың алдында уәкілетті ұйымдар Жобаны бірлесіп іске асырудың негізгі қағидаттары туралы тиісті келісімді (келісімдерді) жасасады, оған өзгелерден басқа:
Жобаның объектілерін бірыңғай инфрақұрылымдық объект ретінде жобалау, жаңарту, салу және пайдалану;
тарифті және бағаны белгілеу;
осы Келісімнің қолданылу кезеңінде уәкілетті ұйымдардың арасындағы коммерциялық қатынастарды реттеу, оның ішінде сатып алу-сату көлемдері бойынша, сондай-ақ газ тасымалдау бойынша міндеттемелерді көздейтін кемінде 15 жыл мерзіммен табиғи газды сатып алуға және тасымалдауға арналған коммерциялық шарттардың (келісім-шарттардың) негізінде өзара кепілдіктер беру;
Жобаны қаржыландыру;
Жоба шеңберінде құрылған қуаттар бойынша өзара тиімді шарттарда табиғи газды тасымалдау;
құпиялылық туралы ережелер кіреді.
5-бап
Жобаны іске асыру мақсатында Тараптардың әрқайсысы бұрын алған міндеттемелерін растайды және мынадай міндеттемелерді қабылдайды:
Қазақстан Тарапы:
өз газ тасымалдау жүйесі бойынша транзит тәртібінде жыл сайын 10 млрд.т.м. көлемде түркімен газын Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауға кепілдік береді;
және өзінің уәкілетті ұйымы арқылы:
жыл сайын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасына дейін ("Александров Гай" газ өлшеу станциясы арқылы) 20 млрд.т.м. жиынтық көлемде түрікмен және қазақстан газын тасымалдау үшін өз аумағында бар газ тасымалдау жүйесінің өнімділігін ұлғайтуды және жаңа қуаттар салуды қамтамасыз етеді;
жыл сайын қазақстанда шығарылған газдың 10 млрд. т.м. көлемін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасына ("Александров Гай" газ өлшеу станциясы) жеткізуді және әділ нарықтық баға бойынша Ресей Тарапының уәкілетті ұйымының сатуын қамтамасыз етеді.
Ресей Тарапы:
2003 жылғы 10 сәуірдегі Ресей Федерациясы мен Түрікменстан арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, 2003 жылғы 10 сәуірдегі Келісім бойынша міндеттемелердің бір бөлігін орындау ретінде Түрікменстан мен Қазақстан Республикасының шекарасында (Түрікменстан аумағындағы "Қарабұгаз" газ өлшеу станциясы) әр жыл сайын 10 млрд. т. м. дейінгі көлемде түрікмен газын сатып алуға, тасымалдауға және төлеуге кепілдік береді және өзінің уәкілетті ұйымы арқылы:
жыл сайын жеткізуші елдің шекарасында 20 млрд.т.м. жалпы көлемде түрікмен және қазақстан газын уәкілетті ұйымдармен келісілген әділ нарықтық баға бойынша сатып алуды қамтамасыз етеді;
сатып алынған түрікмен және қазақстан газын Қазақстан Республикасы аумағымен тасымалдауды ұйымдастыраду және осы тасымалдауды Қазақстан Тарапының уәкілетті ұйымымен жасалған шарттарға (келісім-шарттар) сәйкес төлеуді қамтамасыз етеді;
газ тасымалдау жүйесінің өнімділігін ұлғайтуды, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасында ("Александров Гай" газ өлшеу станциясы арқылы) жыл сайын түрікмен және қазақстан газын 20 млрд.т.м. көлемінде қабылдау үшін өз мемлекетінің аумағында жаңа қуаттар салуды және әрі қарай тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Түрікменстан Тарапы:
2003 жылғы 10 сәуірдегі Ресей Федерациясы мен Түрікменстан арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, 2003 жылғы 10 сәуірдегі келісім бойынша міндеттемелердің бір бөлігін орындау ретінде Түрікменстан мен Қазақстан Республикасының шекарасында 10 млрд. т.м. көлемде жыл сайын түрікмен газын Ресей Федерациясына жеткізуді кепілдік береді және өзінің уәкілетті ұйымы арқылы "Қарабұгаз" газ өлшеу станциясына дейін өз аумағында қазіргі газ тасымалдау жүйесінің өнімділігін жылына 10 млрд. т.м. дейін тасымалдайды немесе жаңасын салуды қамтамасыз етеді.
6-бап
Тараптар уәкілетті ұйымдарға және олар тартатын Жобаға қатысушы мердігерлерге жәрдемдеседі және тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес қолайлы жағдайлар жасайды.
7-бап
Уәкілетті ұйымдардың және Жобаға қатысушы мердігерлердің осы Келісім шеңберіндегі қызметіне салық салу, Каспий жағалауы газ құбырының тиісті учаскелері орналасқан мемлекеттің аумағында әрбір Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Каспий жағалауы газ құбырының тиісті учаскелері орналасқан мемлекеттер аумақтарындағы қандай да болмасын Тарап мемлекетінің заңнамасына уәкілетті ұйымдардың және Жобаға қатысушы мердігерлердің осы Келісім шеңберіндегі қызметіне салық салу шарттарының нашарлауына әкеп соқтыратын өзгерістер енгізілген жағдайда, уәкілетті ұйымдар мен Жобаға қатысушы мердігерлерге салық салу осы жаңартуға, салуға және пайдалануға қатысу кезеңінде және Жобаның өзін-өзі өтеу мерзіміне дейін Келісімге қол қойған кезде қолданыста болған сол Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Осы Келісімнің мақсаты үшін салық салу шарттарының нашарлауы деп жаңа салықтарды, алымдарды, баждарды және (немесе) өзге осы тектес төлемдерді, салық ставкаларын, алымдар, баждардың және (немесе) өзге осы тектес төлемдердің көлемін көтеруді енгізу (белгілеу) түсіндіріледі.
Осы баптың ережелері Каспий жағалауы газ құбырын жаңарту, салу және пайдалану жөніндегі қызметке ғана салық салуға қатысты қолданылады.
8-бап
Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді және бақылауды мына құзыретті органдар жүзеге асырады:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар министрлігі;
Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және энергетика министрлігі;
Түрікменстан Тарапынан - Түрікменстан Президенті жанындағы Көмірсутек ресурстарын пайдалану және басқару Мемлекеттік агенттігі.
құзыретті орган ауыстырылған жағдайда әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы басқа Тараптарды бұл туралы дереу хабардар етеді.
9-бап
Тараптар, оның ішінде құзыретті органдары арқылы, өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес ақпаратпен, оның ішінде осы Келісімді орындау шеңберінде жүзеге асырылатын қызметке қатысты нормативтік құқықтық актілермен уақытылы алмасуды қамтамасыз етеді.
Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес басқа Тараптарға осы Келісімді орындауға байланысты барлық мәселелер жөніндегі өз иелігінде бар ақпаратты ұсынады.
10-бап
Тараптардың өздерінің міндеттемелерін орындау үшін кедергі жасайтын жағдайлар немесе осы Келісім бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары туындаған кедергілерді немесе келіспеушіліктерді жою бойынша өзара тиімді шешімдер қабылдау және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті консультациялар жүргізеді.
құзыретті органдардың арасындағы консультациялар арқылы жоюға болмайтын осы Келісімнің ережелерін түсіндірудегі және (немесе) қолданудағы Тараптар арасындағы келіспеушіліктер тиісті хаттамаларды ресімдеумен Тараптар арасындағы келіссөздер арқылы шешілетін болады.
11-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын осы Келісімде көрсетілмеген басқа да халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Тараптар осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген келісімдерге сәйкес жобаға қатысудан туындайтын және уәкілетті ұйымдардың алынған міндеттемелері бойынша жауапкершілік көтермейді.
Тараптар уәкілетті ұйымдардың Жоба объектілерін салу және пайдалану шеңберіндегі өз міндеттемелерін тиісті түрде орындауын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайды.
12-бап
Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілуі мүмкін.
13-бап
Осы Келісім 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін, егер Тараптардың ешқайсысы жазбаша түрде басқа Тарапты Келісімнің кезекті қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның күшін тоқтату ниеті туралы хабардар етпесе, ол автоматты түрде әрбір келесі жылға ұзартылатын болады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде жасалған шарттарда (келісім-шарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.
14-бап
Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы жазбаша түрдегі хабарламаны әр Тараптан алған күнінен бастап күшіне енеді.
Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады.
2007 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеу қаласында қазақ, орыс және түрікмен тілдерінде әрқайсысы үш данада жасалды, сонымен бірге барлық мәтіндердің бірдей заңдық күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының Түрікменстанның
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Осымен 2007 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасындағы Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтініне техникалық сипаттағы түзетулер енгізу туралы қазақстан тарапының ұсынысы білдірген Қазақстан Республикасы СІМ-нің 2008 жылғы 31 қазандағы N 21-1/1427 ноталарының, осы ұсынысқа келісім беретіндігі туралы Ресей Федерациясы СІМ-нің 2009 жылғы 13 қаңтардағы N 202-н/3 дснг жауап нотасының, Қазақстан Республикасы Түрікменстандағы Елшілігінің 2008 жылғы 1 қарашадағы N 485н мен 2008 жылғы 5 қарашадағы N 493н ноталарының, Түрікменстанның СІМ-нің 2009 жылғы 27 ақпандағы N 05/9005п жауап нотасының куәландырылған көшірмелері екендігін растаймыз.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
2007 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Түрікменстанның Үкіметі арасында Каспий жағалауы газ құбырын салудағы ынтымақтастық туралы келісімнің бұл куәландырылған көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық-департаментінің
Басқарма бастығы Ж. Бұхмантаев
РҚАО-ның ескертуі: бұдан әрі Келісімнің түрікмен тіліндегі мәтіні берілген.