Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 3 ақпандағы № 244-IV Заңы

            1986 жылғы 26 қыркүйекте Венада қабылданған Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария жағдайындағы көмек туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                      Н.Назарбаев

Ядролық авария жағдайындағы немесе радиациялық авария
жағдайындағы көмек туралы
конвенция

(2010 жылғы 9 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
      ядролық қызметтің бірқатар мемлекеттерде жүзеге асырылып жатқанын сезіне отырып,
      ядролық қызметті жүзеге асыру кезінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ядролық аварияларды болдырмауға және егер ол орын алса, кез келген осындай авариялардың зардаптарын мейлінше азайтуға бағытталған жан-жақты шаралардың қабылданып келгенін және қабылданатынын атап көрсете отырып,
      ядролық энергияны қауіпсіз дамыту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тілек білдіре отырып,
      ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында олардың зардаптарын жұмсарту мақсатында кідіртпей көмек беруге жәрдемдесетін халықаралық жүйенің қажеттігіне көз жеткізе отырып,
      осы салада өзара көмек туралы екі жақты және көп жақты уағдаластықтардың пайдалылығын атап көрсете отырып,
      ядролық аварияға немесе радиациялық авария жағдайына байланысты өзара төтенше көмек көрсету жөніндегі іс-шараларға қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшылыққа алынатын принциптер әзірлеу жөніндегі қызметін атап көрсете отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Жалпы ережелер

      1. Қатысушы мемлекеттер өзара және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (бұдан әрі - «Агенттік» деп аталатын) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында олардың зардаптарын мейлінше азайту үшін кідіртпей көмек беруге жәрдемдесу мақсатында және өмірді, мүлікті және қоршаған ортаны радиоактивтік шығарындылардың әсерінен қорғау үшін осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес ынтымақтасады.
      2. Осындай ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін қатысушы мемлекеттер екі жақты немесе көп жақты уағдаластықтарға қол жеткізе алады немесе ол орынды болған жерде, ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында орын алуы мүмкін зиян мен нұқсанды болдырмау немесе мейлінше азайту мақсатында оларды үйлестіре жүргізеді.
      3. Өз Жарғысының шеңберінде әрекет ететін қатысушы мемлекеттер Агенттіктен осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес осы Конвенцияда көзделген қатысушы мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу мен қолдау көрсетуге ықпал ету үшін барлық мүмкіндіктерді жасауды сұрайды.

2-бап
Көмек беру

      1. Егер қатысушы мемлекетке оның аумағында туындағанына немесе туындамағанына, ондай аварияның немесе авариялық жағдайдың оның юрисдикциясында немесе бақылауында болу-болмауына қарамастан, ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек талап етілсе, ол мұндай көмек үшін кез келген басқа қатысушы мемлекеттен тікелей немесе Агенттік арқылы жүгіне алады және Агенттіктен немесе тиісті жағдайларда басқа халықаралық үкіметаралық ұйымдардан (бұдан әрі «халықаралық ұйымдар» деп аталатын) көмек сұрай алады.
      2. Көмек сұрайтын қатысушы мемлекет талап етілетін көмектің көлемі мен түрін айқындайды және ол іс жүзінде мүмкін болған жағдайда, көмек беруші тарапқа осындай ақпаратты хабарлайды, ол осы тарапқа осы өтінішті өзінің қандай көлемде қанағаттандыра алатынын айқындау үшін қажет болуы мүмкін. Көмек сұраушы қатысушы мемлекеттің талап етілетін көмектің көлемі мен түрін дәл айқындауға іс жүзінде мүмкіндігі болмаған жағдайда көмек сұраушы қатысушы мемлекет пен көмек беруші тарап бір-бірінен консультация ала отырып, талап етілетін көмектің көлемі мен түріне қатысты шешім қабылдайды.
      3. Осындай көмек туралы өтініш жіберілген әрбір қатысушы мемлекет кідіртпей шешім қабылдайды және сұраушы қатысушы мемлекетке тікелей немесе Агенттік арқылы сұралған көмекті беруге шамасы келетін-келмейтіні туралы, сондай-ақ берілуі мүмкін көмектің көлемі мен шарттары туралы хабарлайды.
      4. Қатысушы мемлекеттер ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында басқа қатысушы мемлекеттерге көмек беру үшін өздері бөле алатын сарапшыларды, жабдықтар мен материалдарды, сондай-ақ әсіресе осындай көмек беріле алатын қаржылық шарттарды өз мүмкіндіктерінің шегінде айқындайды және ол туралы Агенттікке хабарлайды.
      5. Кез келген қатысушы мемлекет медициналық көмек көрсетуге немесе ядролық авария немесе радиациялық авария жағдайының әсеріне ұшыраған адамдарды басқа қатысушы мемлекеттің аумағына уақытша көшіруге қатысты көмек туралы өтінішпен жүгіне алады.
      6. Ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек сұраған қатысушы мемлекеттің немесе мүше мемлекеттің өтінішіне жауап ретінде Агенттік өз Жарғысына сәйкес және осы Конвенцияда көзделгендей:
      а) осы мақсатқа бөлінген тиісті қаражатты береді;
      b) Агенттікте бар мәліметтер бойынша қажетті қаражатқа ие болатын басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға өтінішті кідіртпей жеткізеді; және
      с) егер сұраушы мемлекет бұл туралы өтініш жасаса, осындай тәртіппен берілуі мүмкін көмекті халықаралық деңгейде үйлестіреді.

3-бап
Көмекке басшылық жасау және оны бақылау

      Егер өзгеше уағдаластықтар болмаса:
      а) сұраушы мемлекет жалпы басшылықтың жасалуына, бақылауға, көмекті үйлестіруге және оны қадағалауға өз аумағының шегінде жауапты болады. Көмек персонал беруді қамтыған жағдайларда, көмек беруші тарап сұраушы мемлекетпен консультация жүргізе отырып, осы тарап берген персонал мен жабдыққа жауап беретін және персонал мен жабдықтарды пайдалануға тікелей жедел басшылық жасауды қамтамасыз ететін адамды тағайындауға тиіс. Тағайындалған адам ондай басшылық жасауды сұраушы мемлекеттің тиісті органдарымен ынтымақтастықта жүзеге асыруға тиіс;
      b) сұраушы мемлекет өз мүмкіндіктерінің шегінде көмекті тиісті және тиімді жүзеге асыру үшін жергілікті қаражат пен қызмет көрсетулерді ұсынады. Ол сондай-ақ өзінің аумағына көмек беруші тарап немесе оның атынан көмек көрсету мақсатында жеткізілген персоналды, жабдықтар мен материалдарды қорғауды қамтамасыз етеді;
      с) кез келген тараптардың көмек көрсету кезеңдерінде берілген жабдығы мен материалдарының меншік құқығы өзгеріссіз қалады және олардың қайтарылуы қамтамасыз етіледі;
      d) көмек берген қатысушы мемлекет 2-баптың 5-тармағына сәйкес сауалға жауап ретінде осы көмекті өз аумағының шегінде үйлестіреді.

4-бап
Құзыретті органдар мен байланыс пункттері

      1. Әрбір қатысушы мемлекет Агенттікті және тікелей немесе Агенттік арқылы басқа қатысушы мемлекеттерді өздерінің көмек туралы өтініш жасау мен алуға және көмек туралы ұсыныс қабылдауға уәкілетті құзыретті органдары мен байланыс пункттері туралы хабардар етеді. Осындай байланыс пункттеріне және Агенттіктегі орталық пунктке қол жетімділік тұрақты негізде болуға тиіс.
      2. Әрбір қатысушы мемлекет 1-тармақта көрсетілген ақпаратта болуы мүмкін кез келген өзгерістер туралы Агенттікке кідіртпей хабарлайды.
      3. Агенттік қатысушы мемлекеттерге, мүше мемлекеттерге және тиісті халықаралық ұйымдарға 1 және 2-тармақтарда көрсетілген ақпаратты жүйелі түрде және шұғыл тәртіппен береді.

5-бап
Агенттіктің функциялары

      Қатысушы мемлекеттер Агенттіктен 1-баптың 3-тармағына сәйкес және осы Конвенцияның басқа ережелеріне нұқсан келтірмейтін мыналарды:
      а) қатысушы мемлекеттер мен мүше мемлекеттердің арасында ақпарат жинауға және таратуға қатысты:
      і) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында бөлінуі мүмкін сарапшыларды, жабдықтар мен материалдарды;
      іі) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында жауап шараларға қатысты әдістемелік принциптерді, жүргізу тәсілдерін және зерттеудің қолда бар нәтижелерін;
      b) кез келген төмендегідей немесе басқа да тиісті мәселелерге байланысты қатысушы мемлекетке немесе мүше мемлекетке көмек көрсетуге өтініш негізінде:
      і) ядролық авария жағдайында және радиациялық авария жағдайында төтенше жоспарлар сияқты тиісті заңнаманы да дайындау;
      іі) ядролық авария жағдайына және радиациялық авария жағдайына персонал даярлаудың тиісті бағдарламаларын әзірлеу;
      ііі) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек және тиісті ақпарат туралы өтініш беру;
      іv) радиациялық бақылаудың тиісті бағдарламаларын, рәсімдерін және нормаларын әзірлеу;
      v) радиациялық бақылаудың тиісті жүйелерін жасаудың орындылығына зерттеу жүргізу;
      с) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында көмек сұраушы қатысушы мемлекетке немесе мүше мемлекетке аварияны немесе авариялық жағдайды бастапқы бағалау жүргізуге арналған тиісті қаражат беру;
      d) ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайында қатысушы мемлекеттерге немесе мүше мемлекеттерге өзінің адал қызмет көрсетулерін ұсыну;
      е) тиісті ақпарат пен деректер алу және олармен алмасу мақсатында тиісті халықаралық ұйымдармен байланыс орнату және қолдау және осындай ұйымдардың тізімін қатысушы мемлекеттердің, мүше мемлекеттердің және жоғарыда аталған ұйымдардың назарына жеткізу.

6-бап
Құпиялылық және жария мәлімдеме

      1. Сұраушы мемлекет және көмек беруші тарап ядролық авария жағдайында немесе радиациялық авария жағдайындағы көмекке байланысты кез келген тарапқа мәлім болатын кез келген құпия ақпараттың құпиялылығын қорғауды қамтамасыз етеді. Ондай ақпарат ол туралы уағдаластыққа қол жеткізілген көмектің мақсаттарына ғана пайдаланылады.
      2. Көмек беретін тарап ядролық авария немесе радиациялық авария жағдайына байланысты берілетін көмек туралы ақпаратты, осындай ақпаратты жариялағанға дейін сұраушы мемлекетпен келісуге бар күш-жігерін жұмсайды.

7-бап
Шығынды өтеу

      1. Көмек беруші тарап сұраушы мемлекетке өтеусіз көмек ұсына алады. Осындай негізде көмек көрсету қажет пе, жоқ па дегенді қарау кезінде көмек беруші тарап мыналарды:
      а) ядролық аварияның немесе радиациялық авария жағдайының сипатын;
      b) ядролық аварияның немесе радиациялық авария жағдайының туындаған жерін;
      с) дамушы елдердің қажетін;
      d) ядролық қондырғылары жоқ елдердің айрықша қажетін; және
      e) осыған қатысы бар кез келген басқа факторларды ескереді.
      2. Көмек шығынды толық немесе ішінара өтеу негізінде берілген жағдайларда, сұраушы мемлекет көмек беруші тарапқа оның атынан әрекет ететін адамдардың немесе ұйымдардың қызметтер көрсетуіне байланысты шығындарын, сондай-ақ көрсетілген көмекке байланысты барлық шығыстарды, сұраушы мемлекет бұл шығыстарды тікелей төлемеген болса, толық көлемде өтейді. Егер өзгеше уағдаластық болмаса, өтем көмек беруші тарап сұраушы мемлекетке шығынды өтеу туралы өз өтінішін білдіргеннен кейін кідіртпей жасалады; жергілікті жердегі шығындармен салыстырғанда өзгешелігі оның еркін аударымдылығы болып табылады.
      3. 2-тармақта баяндалғанға қарамастан, көмек беруші тарап толық немесе ішінара өтемнен кез келген уақытта бас тарта алады немесе оның мерзімін ұзартуға келісе алады. Мұндай бас тартуды немесе мерзімін ұзартуды қараған кезде көмек беруші тараптар дамушы елдердің қажеттеріне тиісті көңіл бөледі.

8-бап
Артықшылықтар, иммунитеттер және жеңілдіктер

      1. Сұраушы мемлекет көмек беруші тараптың персоналына және оның атынан әрекет ететін персоналға өздерінің көмек көрсету жөніндегі функцияларын орындау үшін қажет артықшылықтар, иммунитеттер мен жеңілдіктер береді.
      2. Сұраушы мемлекетке олар туралы тиісті тәртіппен хабарланған және оны сол мемлекет қабылдаған көмек беруші тараптың персоналына немесе оның атынан әрекет ететін персоналға сұраушы мемлекет мынадай артықшылықтар мен иммунитеттер береді:
      а) өздерінің міндеттерін орындау кезіндегі әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік юрисдикциясын қоса алғанда, көмекке жүгінген мемлекет тарапынан қамаудан, ұстаудан, соттық талқылаудан иммунитет; және
      b) әдетте өздерінің көмек көрсету жөніндегі функцияларын жүзеге асыруға қатысты тауарларының құнына немесе көрсетілген қызметтердің ақысына қосылатындарын қоспағанда, салықтардан, баждардан немесе басқа да алымдардан босату.
      3. Сұраушы мемлекет:
      а) көмек беруші тарапты көмек көрсету мақсатында сұраушы мемлекеттің аумағына жеткізілген жабдықтардан және мүліктерден алынатын салықтардан, баждардан немесе басқа да алымдардан босатады; және
      b) осындай жабдықтар мен мүліктерді қамаудан, тәркілеуден немесе реквизициялаудан иммунитетті қамтамасыз етеді.
      4. Сұраушы мемлекет осындай жабдықтар мен мүліктердің қайтарылуын қамтамасыз етеді. Көмек беруші тарап өтініш білдірген жағдайда сұраушы мемлекет көмек көрсету кезінде пайдаланылған жабдықтарды қайтарылғанға дейін одан әрі пайдалануға жарамды ететін қажетті дезактивациялауды өз мүмкіндіктері шегінде ұйымдастырады.
      5. Сұраушы мемлекет өзінің ұлттық аумағына олар туралы 2-тармаққа сәйкес хабарланған персоналдың келуі мен кетуіне, сондай-ақ көмек көрсету кезінде пайдаланылатын жабдықтар мен мүліктердің әкелінуі мен әкетілуіне жәрдемдеседі.
      6. Осы баптың бірде бір ережесі сұраушы мемлекеттен оның азаматтарына немесе онда тұрақты тұратын адамдарға осының алдындағы тармақтарда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер беруді талап етпейді.
      7. Осы бапқа сәйкес осындай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланушылардың барлығы сұраушы мемлекеттің заңдары мен ережелерін артықшылықтар мен иммунитеттерге нұқсан келтірмей құрметтеуге міндетті. Олар сол сияқты сұраушы тараптың ішкі істеріне араласпауға міндетті.
      8. Осы баптың бірде бір ережесі басқа халықаралық келісімдерге немесе кәдімгі халықаралық құқық нормаларына сәйкес берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерге қатысты құқықтар мен міндеттемелерге нұқсан келтірмейді.
      9. Мемлекет осы Конвенцияға қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде 2 және 3-тармақтарды өзі үшін толық немесе ішінара міндетті деп санамайтынын мәлімдей алады.
      10. 9-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет оны депозитарийге хабарлау жолымен кез келген уақытта алып тастай алады.

9-бап
Персоналды, жабдықтар мен мүлікті транзиттеу

      Әрбір қатысушы мемлекет, сұраушы мемлекеттің немесе көмек беруші тараптың өтініші бойынша ол туралы тиісті түрде хабарланған транзитке өзінің аумағы арқылы сұраушы мемлекетке және одан көмек көрсету кезінде пайдаланылатын персоналды, жабдықтар мен мүлікті алып өтуге жәрдемдесуге ұмтылады.

10-бап
Талап қою және өтемақы

      1. Қатысушы мемлекеттер осы бапқа сәйкес заңды талап арыздар мен талап қоюды реттеуге жәрдемдесу үшін тығыз ынтымақтасады.
      2. Егер өзгеше уағдаластық болмаса, сұраушы қатысушы мемлекет сұралған көмекті беру барысында өз аумағының немесе өзінің юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы басқа ауданның шегінде орын алған адам өліміне немесе оған дене жарақаты салынуына, мүлкіне нұқсан келтірілуіне немесе оның жоғалуына немесе қоршаған ортаға зиян келтірілуіне қатысты:
      а) көмек беруші тарапқа немесе жеке тұлғаларға немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілеріне қарсы қандай да бір заңды талап арызды қозғамайды;
      b) көмек беруші тарапқа немесе жеке тұлғаларға немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілеріне үшінші тарап қойған заңды талап арыздар мен талап қоюларға байланысты іс жүргізуге жауапкершілікті мойнына алады;
      с) көмек беруші тарапты немесе жеке тұлғаларды немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілерін олар туралы d) тармақшасында айтылған заңды талап арыздар мен талап қоюларға қатысты құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді; және
      d) көмек беруші тарапқа немесе жеке тұлғаларға немесе өзінің атынан әрекет ететін басқа құқық субъектілеріне мыналарға байланысты:
      і) көмек беруші тараптың персоналы қатарындағы адам немесе өзінің атынан әрекет ететін адам қайтыс болғанда немесе осындай адамдардың денесіне зақым келтірілуіне;
      іі) көмек беруге қатысы бар, іске қосылмаған жабдықтар мен материалдардың жоғалуына немесе оларға нұқсан келтірілгенде өтемақы төлейді;
      бұған өлімге, денені зақымдауға, жоғалуға немесе нұқсанға әкеп соққан жекелеген адамдардың қасақана жасаған заңсыз мінез-құлық көрсету жағдайлары қосылмайды.
      3. Осы бап кез келген халықаралық келісіммен немесе кез келген мемлекеттің ұлттық заңнамасымен қолдануды көздейтін өтем жасауға немесе өтемақы төлеуге кедергі жасамайды.
      4. Oсы баптың бірде бір ережесі сұраушы мемлекеттен өздерінің азаматтарына немесе онда тұрақты тұратын адамдарға 2-тармақты толық немесе ішінара қолдануды талап етпейді.
      5. Мемлекет осы Конвенцияға қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде:
      а) 2-тармақты өзі үшін толық немесе ішінара міндетті деп санамайтынын;
      b) өлімге, дене жарақатына, жоғалуға немесе нұқсанға әкеп соққан жекелеген адамдардың дөрекі немқұрайлылығы жағдайларында 2-тармақты толық немесе ішінара қолданбайтынын мәлімдей алады.
      6. 5-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет оны депозитарийге хабарлау жолымен кез келген уақытта алып тастай алады.

11-бап
Көмекті тоқтату

      Сұраушы мемлекет немесе көмек беруші тарап тиісті консультациялар жүргізгеннен кейін және жазбаша хабарлама арқылы осы Конвенцияға сәйкес алынатын немесе берілетін көмекті тоқтату туралы кез келген уақытта өтініш білдіре алады. Осындай өтініштің түсуі бойынша мүдделі тараптар көмекті тиісті дәрежеде аяқтауға арналған іс-шараларды әзірлеу мақсатында бір-бірімен консультациялар жүргізеді.

12-бап
Басқа халықаралық келісімдермен байланыс

      Осы Конвенция осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты қазіргі халықаралық келісімдер бойынша немесе осы Конвенцияның нысанасы мен мақсатына сәйкес жасалған болашақ халықаралық келісімдер бойынша қатысушы мемлекеттердің өзара құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

13-бап
Дауларды реттеу

      1. Қатысушы мемлекеттердің арасында немесе қатысушы мемлекет пен Агенттік арасында осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда дауласушы тараптар дауды келіссөздер жолымен реттеу мақсатында немесе дауларды реттеудің өздеріне қолайлы кез келген басқа бейбіт тәсілдерімен өзара консультациялар жүргізеді.
      2. Егер қатысушы мемлекеттер арасындағы ұқсас сипаттағы дау 1-тармаққа сәйкес консультациялар жүргізу туралы өтініш келіп түскен сәттен бастап бір жыл ішінде реттелмейтіндей болса, онда осындай дауға қатысушы кез келген тараптың өтініші бойынша ол төрелікке беріледі немесе шешім қабылдау үшін Халықаралық Сотқа жіберіледі. Дау төрелікке берілген жағдайда, егер өтініш келіп түскен сәттен бастап алты ай ішінде дауласушы тараптар төрелік істі қарауды ұйымдастыруға қатысты келісімге келе алмаса, тараптардың бірі Халықаралық Соттың Төрағасынан немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан бір немесе одан да көп төреші тағайындауды сұрай алады. Дауға қатысушы тараптардың қарама-қайшы өтініші жағдайында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жүгіну басымдыққа ие болады.
      3. Осы Конвенцияға қол қойған, ратификациялаған, қабылдаған, мақұлдаған немесе оған қосылған кезде мемлекет өзін 2-тармақта көзделген осы дауды реттеудің не бір не екі рәсімімен байланысты деп санамайтынын мәлімдей алады. Басқа қатысушы мемлекеттер осындай мәлімдеме күшінде болатын қатысушы мемлекетке қатысты 2-тармақта көзделген дауды реттеудің қандай да бір рәсіміне байланысты болып табылмайды.
      4. 3-тармаққа сәйкес мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет, ол туралы депозитарийге хабарлама жасау жолымен осы мәлімдемені кез келген уақытта алып тастай алады.

14-бап
Күшіне ену

      1. Осы Конвенция барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Намибия бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеңесі ұсынған Намибияның қол қоюы үшін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Венадағы Орталық мекемелерінде және Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі Орталық мекемелерінде тиісінше 1986 жылғы 26 қыркүйектен және 1986 жылғы 6 қазаннан бастап ол күшіне енгенге дейін немесе қай мерзімнің неғұрлым ұзақ болуына байланысты он екі ай ішінде ашық болады.
      2. Мемлекет, сондай-ақ Намибия бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеңесі ұсынған Намибия қол қою жолымен немесе ратификациялаудың, қабылдаудың немесе мақұлдаудың талаптарына қол қойғаннан кейін ратификациялау, қабылдау немесе мақұлдау туралы құжатты сақтауға өткізу жолымен немесе қосылу туралы құжатты сақтауға өткізу жолымен өзі үшін осы Конвенцияның міндеттілігіне өзінің келісімін білдіре алады. Ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға өткізіледі.
      3. Осы Конвенция үш мемлекет өздері үшін осы Конвенцияның міндеттілігіне келісімін білдіргеннен соң отыз күннен кейін күшіне енеді.
      4. Ол күшіне енгеннен кейін өзі үшін осы Конвенцияның міндеттілігіне келісім білдірген әрбір мемлекет үшін осы Конвенция ол мемлекет үшін келісім білдірген күннен кейін отыз күн өткен соң күшіне енеді.
      5. а) Осы Конвенция осы бапта көрсетілгендей, егеменді мемлекеттерден тұратын және осы Конвенция қамтитын мәселелер бойынша халықаралық келісімдер жасасу мен қолдану, келіссөздер жүргізу саласында құзыретке ие халықаралық ұйымдар мен өңірлік интеграция ұйымдарының қосылуы үшін ашық.
      b) Өздерінің құзыретіне кіретін мәселелерде мұндай ұйымдар өздерінің атынан құқықтарды жүзеге асырады және осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге беретін міндеттемелерді орындайды.
      с) Өзінің қосылу туралы құжатын сақтауға өткізген кезде мұндай ұйым депозитарийге осы Конвенция қамтитын мәселелерге қатысты өз құзыретінің шегі көрсетілген мәлімдеме жібереді.
      d) Мұндай ұйым оған мүше мемлекеттердің дауыстарына қосымша қандай да бір дауысқа ие бола алмайды.

15-бап
Уақытша қолдану

      Мемлекет қол қоюы бойынша немесе осы Конвенция өзі үшін күшіне енгенге дейін осы Конвенцияны уақытша негізде қолданатын боламын деп жариялай алады.

16-бап
Түзетулер

      1. Қатысушы мемлекет осы Конвенцияға түзетулер ұсына алады. Ұсынылған түзету депозитарийге жіберіледі, ол оны барлық басқа қатысушы мемлекеттерге дереу жібереді.
      2. Егер қатысушы мемлекеттердің көпшілігі депозитарийден ұсынылған түзетулерді қарау үшін конференция шақыруды талап етсе, онда депозитарий барлық қатысушы мемлекеттерді осындай конференцияға шақырады, ол шақыру жіберілгеннен кейін отыз күн өткен соң ашылады. Конференцияда барлық қатысушы мемлекеттердің үштен екісінің көпшілік даусымен қабылданған кез келген түзету барлық қатысушы мемлекеттер Вена мен Нью-Йоркте қол қою үшін ашық хаттама түрінде ресімделеді.
      3. Хаттама өздері үшін оның міндеттілігіне үш мемлекет келісім білдіргеннен кейін отыз күннен соң күшіне енеді. Хаттама күшіне енгеннен кейін оның міндеттілігіне келісім білдірген әрбір мемлекет үшін келісім білдірген күннен кейін отыз күн өткен соң осы мемлекет үшін хаттама күшіне енеді.

17-бап
Күшін жою

      1. Қатысушы мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады.
      2. Күшін жою депозитарий хабарламаны алған күннен кейін бір жылдан соң күшіне енеді.

18-бап
Депозитарий

      1. Агенттіктің Бас директоры осы Конвенцияның депозитарийі болып табылады.
      2. Агенттіктің Бас директоры қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа мемлекеттерге мыналарды:
      а) осы Конвенцияға әрбір қол қою немесе түзету туралы кез келген хаттама туралы;
      b) осы Конвенцияға немесе түзету туралы кез келген хаттамаға қатысты ратификациялау, қабылдау, мақұлдау немесе қосылу туралы құжатты сақтауға әрбір беру туралы;
      с) 81013-баптарға сәйкес кез келген мәлімдеме немесе ондай мәлімдемені алып тастау туралы;
      d) 15-бапқа сәйкес осы Конвенцияны уақытша негізде қолдану туралы кез келген мәлімдеме туралы;
      е) осы Конвенцияның күшіне енуі және оған кез келген түзетулер туралы; және
      f) 17-бапқа сәйкес жарияланған кез келген күшін жою туралы дереу хабарлайды.

19-бап
Түпнұсқалық мәтіндер және куәландырылған көшірмелер

      Осы Конвенцияның түпнұсқамен бірдей болып табылатын ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз түпнұсқа мәтіндері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директорына сақтауға өткізіледі, ол куәландырылған көшірмені қатысушы мемлекеттерге және барлық басқа мемлекеттерге жібереді.
      Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар 14-баптың 1-тармағында көрсетілгендей, қол қою үшін ашық осы Конвенцияға қол қойды.
      Бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы қыркүйек айының жиырма алтысы күні Венадағы арнаулы сессияда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас конференциясы қабылдады.

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады