2009 жылғы 14 маусымда Мәскеуде қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының
Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы
келісім
(2010 жылғы 10 қыркүйекте күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар және/немесе мүше мемлекеттер деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
Тараптардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын ұжымдық негізде қамтамасыз етуге өз ұмтылысын растай отырып,
БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне, халықаралық құқықтың жалпыға ортақ принциптері мен нормаларына адалдығы туралы мәлімдей отырып,
1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысын, «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы» ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің 2009 жылғы 4 ақпандағы шешімін басшылыққа ала отырып,
қазіргі және ықтимал қатерлер аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (бұдан әрі - ҰҚШҰ және/немесе Ұйым) ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының әлеуетін одан әрі арттыруға маңызды мән бере отырып,
қарулы шабуылға, оның ішінде агрессияға тойтарыс беру және Тараптардың ұжымдық қауіпсіздігіне басқа да қыр көрсетулер мен қатерлерге қарсы іс-қимыл үшін күш-жігерді біріктіру мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде аталған терминдер мынаны білдіреді:
ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштері (бұдан әрі - ҰЖДК) - Тараптарға жүктелген ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бірлесіп шешу үшін олар бөлген арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдары;
әскери контингенттер - ҰЖДК құрамына бөлінген Тараптар қарулы күштерінің тұрақты әзірлік құрамалары мен әскери бөлімдері;
арнайы мақсаттағы күштер құралымдары - ҰЖДК құрамына Тараптар бөлген ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік және арнайы қызметтер, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары);
ҰЖДК контингенттері - ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің (бұдан әрі - Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі) шешімдеріне сәйкес ҰЖДК құрамында міндеттерді шешу үшін Тараптар бөлген әскери контингенттер және/немесе арнайы мақсаттағы күштер құралымдары немесе олардың бір бөлігі;
жеке құрам - ҰЖДК контингенттерінің құрамына Тараптар бөлген немесе уақытша іссапарға жіберілген қауіпсіздік, ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың әскери қызметшілері, қызметкерлері, сондай-ақ әскери бөлімдерде, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін азаматтық адамдар (азаматтық персонал);
бірлескен операция (бұдан әрі - операция) - мақсаттары, міндеттері, орны мен уақыты бойынша өзара байланысқан ҰЖДК-ның негізгі міндеттерін шешуге бағытталған әскери контингенттердің және/немесе арнайы мақсаттағы күштер құралымдарының бір уақыттағы және/немесе дәйекті іс-қимылының (іс-шараларының) жиынтығы;
төтенше жағдай - адам құрбандарына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, едәуір материалдық шығындарға және адамдардың өмір сүру жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан авария, қауіпті табиғат құбылысы, апат, дүлей немесе өзге де зілзала нәтижесінде қалыптасқан жағдай;
төтенше жағдайларды жою - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқару мен денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілген залал және материалдық шығындар мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймақтарын оқшаулауға, оларға тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар;
мүдделі министрліктер мен ведомстволар - ҰЖДК-ны құру, оларды даярлау, қолдану мен жан-жақты қамтамасыз ету міндеттерін шешуге Тараптар өкілеттік берген министрліктер мен ведомстволар;
жіберуші Тарап - қабылдаушы Тараптың аумағына уақытша жіберілетін ҰЖДК контингенттері тиесілі Тарап;
қабылдаушы Тарап - алға қойылған міндеттерді орындау үшін аумағына ҰЖДК контингенттері уақытша орналастырылатын (өрістетілетін) Тарап;
транзит — қабылдаушы немесе жіберуші Тараптың аумағына бару кезінде мемлекеттердің аумағы арқылы ҰЖДК контингенттерін, жылжымалы мүлкі мен жүктерін тасымалдау;
ҰЖД қолбасшылығы - операцияларды дайындау мен өткізу, мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде ҰЖДК контингенттеріне басшылық ету үшін құрылатын ҰЖДК басқару органы.
2-бап
1. Тараптар коалициялық негізде Ұйымның ұжымдық қауіпсіздігі жүйесінің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігінің құрауышы болып табылатын Ұжымдық жедел ден қою күштерін (ҰЖДК) қүрады.
2. ҰЖДК мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қыр көрсетулер мен қатерлерге жедел ден қоюға арналған.
ҰЖДК Тараптар арасындағы дауларды шешу үшін пайдаланылмайды.
3. ҰЖДК-ға мынадай негізгі міндеттер жүктеледі:
Тараптардың кез келгенінің аумағында әскери күшті қолдануға әзірлігін көрсету мақсатында өрістету;
қарулы шабуылдың, оның ішінде агрессияның алдын алуға және оған тойтарыс беруге, қарулы жанжалдарды оқшаулауға қатысу;
халықаралық терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларға қатысу;
Тараптардың мемлекеттік шекараларын бүркемелеу әрі мемлекеттік және әскери объектілерін күзету әскерлерін күшейту;
біріктірілген (өңірлік) әскерлер топтамаларын (күштерді) жедел өрістетуді қамтамасыз етуге қатысу;
әскери іс-қимылдарды жүргізу кезінде немесе оның салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою және төтенше ізгілік көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды орындауға қатысу;
Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындаған өзге де тапсырмалар.
3-бап
1. ҰЖДК құрамын Тараптардың ұсыныстары негізінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі бекітеді.
2. ҰЖДК-ны жасақтау үшін Тараптар өз ұлттық заңнамасына сәйкес қазіргі заманғы және үйлесімді қару-жарақпен, әскери (арнайы) техникамен жарақтандырылған әскери контингенттері мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдарын бөледі.
3. Жіберуші Тараптардың әскери контингенттері мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдары ҰЖДК-ны өрістетуге және қолдануға шешім қабылдағанға дейін ұлттық заңдық құзырда болады. Оларды жасақтауды, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді Тараптар жүзеге асырады.
4-бап
ҰЖДК контингенттерінің құрамы, өрістету және қолдану мерзімдері туралы шешімді ымыраға келу негізінде бір немесе бірнеше Тараптың ресми өтініші негізінде немесе осы Келісім күшіне енген Тараптардың келісімімен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайды.
Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдануға ұжымдық шешімдерді қабылдау және іске асыру тәртібін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
БҰҰ Жарғысының 51-бабында көзделген өзін-өзі қорғау құқығын іске асыру туралы шешім қабылданған жағдайда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ол туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін дереу хабардар етеді.
5-бап
Қойылған міндеттерді орындау үшін ҰЖДК контингенттерінің құрамына бөлінетін нақты әскери контингенттер мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдары туралы шешімді қабылдаушы Тараптың сұрау салуын ескере отырып дайындалған ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің және/немесе Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің ұсыныстары негізінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайды.
6-бап
ҰЖДК-ны Тараптар аумақтарында жедел өрістетуді жоспарлауды мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимыл жасай отырып, Біріккен штаб алдын ала жүзеге асырады.
ҰЖДК контингенттерін жедел өрістету жоспарының құрылымын, мазмұны мен нақтылау тәртібін Қорғаныс министрлері кеңесі және/немесе Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитеті айқындайды.
ҰЖДК-ны қолдану бірлескен операция нысанында жүзеге асырылады. Операцияны дайындауды, оны өткізу тәсілдерін айқындауды мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимыл жасай отырып, ҰЖДК Қолбасшысы жүзеге асырады.
7-бап
1. Операцияларды дайындау мен өткізу, мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде ҰЖДК контингенттерін басқару үшін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Қолбасшы басшылық жасайтын ҰЖДК Қолбасшылығы құрылады.
ҰЖДК Қолбасшылығының міндеттері, функциялары мен құрамы осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ҰЖДК Қолбасшылығы туралы ережемен (1-қосымша) айқындалады.
2. ҰЖДК контингенттерінің командирлері (бастықтары) ҰЖДК Қолбасшылығына қабылдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасынан өткені туралы баяндағаннан кейін олар ҰЖДК Қолбасшылығының тікелей бағынысына өтеді (тікелей бағынысынан шығады).
8-бап
Тараптар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ҰЖДК күштерін қолдану ережесін (2-қосымша) қабылдайды.
9-бап
1. Арнайы мақсаттағы күштер құралымдары міндеттердің ауқымы мен мазмұнына, сондай-ақ нақты жағдайға байланысты штат немесе жиынтық арнайы бөлімшелердің құрамында қолданылуы мүмкін. Бұл ретте олардың қойылған міндеттерді шешуі бірлескен операцияларды өткізу кезіндегідей де дербес те жүзеге асырылуы мүмкін.
2. ҰЖДК құрамына ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қауіпсіздік және арнайы қызмет органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерін (мамандар топтарын) бөлу уақытша негізде:
террористер кепілге алғандарды, жоғары технологиялық және экологиялық қауіпті, атом өнеркәсібі, көлік, энергетика, химия өндірісі объектілерін және өзге де объектілерді (мемлекеттік билік және басқару органдарының, дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың ғимараттары мен үй-жайларын) босату жөніндегі арнайы операцияларды (іс-шараларды) жүргізу жөніндегі;
жарылғыш құрылғыларды немесе өзге де күрделі құрылысты зақымдау құрылғыларын зарарсыздандыру жөніндегі;
террористер, террористік топтар мен (немесе) басқа да қылмыстық ұйымдар қызметінің жолын кесу жөніндегі міндеттерді шешуге қатысу үшін жүзеге асырылады.
3. ҰЖД құрамына бөлінген Тараптардың ішкі істер органдарының (полиция) және ішкі әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері мынадай міндеттерді:
заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыруға және жоюға қатысуды;
терроризм актілерінің жолын кесуге қатысуды;
қойылған міндеттерді орындауға кедергі келтіретін жаппай тәртіпсіздікке қарсы іс-қимылға қатысуды;
ұйымдасқан қылмыстық топтар қызметінің жолын кесуге және жоюға қатысуды;
мемлекеттік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысуды;
жарылу қаупі бар заттарды анықтау, алу, зарарсыздандыру, тасымалдау және жою жөніндегі арнайы іс-шараларды жүргізуге қатысуды орындауға тартылады.
4. Жіберуші Тараптың қауіпсіздік органының (арнайы қызметінің) немесе ішкі істер органының (полиция) арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар тобы) басшысының бірлескен операцияны өткізу жоспарын дайындау кезеңінде өз мемлекетінің тиісті министрліктері немесе ведомстволары басшыларымен келісім бойынша ол басшылық ететін бөлімшенің (мамандар топтарының) жекелеген іс-шараларына қатысудан бас тартуға құқығы бар. Бұл ретте бас тарту себептерін көрсете отырып, бас тарту баянат түрінде жазбаша нысанда ресімделеді.
5. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы уәкілетті органдардың бөлімшелері ҰЖДК құрамынан әскери іс-қимылдарды жүргізу кезінде немесе оның салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға қатысу, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою және төтенше ізгілік көмек көрсету жөніндегі міндеттерді орындауға тартылады.
6. Тек арнайы мақсаттағы күштердің құралымдарын тарта отырып, міндеттерді орындау кезінде оларды қолдануды жоспарлауды олар иелігінде болатын мүдделі министрліктер мен ведомстволар жүзеге асырады.
10-бап
Жеке құрамды даярлау мен оқытуды Тараптар дербес, сондай-ақ ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары комитеті бекітетін жыл сайынғы жоспарларға сәйкес өткізілетін бірлескен жедел, жауынгерлік және арнайы даярлық іс-шаралар барысында жүзеге асырады.
Қойылған міндеттерді орындауға әскери контингенттердің әзірлігін осы бөлімшелердің даярлығына қойылатын Тараптармен келісілген талаптарға сәйкес ұлттық әскери басқару органдары қамтамасыз етеді.
11-бап
Тараптар ҰЖДК құрамына бөлген әскери контингенттер мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен қаржыландыруды Тараптар жүзеге асырады.
ҰЖДК-ны қазіргі заманғы және үйлесімді қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау Тараптармен келісілген көрсетілген қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізу талаптары мен шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Тараптар ҰЖДК құрамына бөлген әскери контингенттер мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету қиын болған жағдайда ол басқа Тараптардың материалдық ресурстарының есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл ретте материалдық құралдардың орнын толтыруды және олар үшін кейіннен өзара есеп айырысуды Тараптардың үкіметтері олардың арасындағы уағдаластықтар негізінде жүргізеді.
12-бап
1. Осы Келісімді іске асыру барысында алынған мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді қорғау Тараптардың заңнамасына және ҰҚШҰ нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тараптардың қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдары (полиция) арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің (мамандар топтарының) қатысуымен операцияларды дайындау мен өткізу барысында олардың құрамы туралы, операциялардың арнайы техникалық тәсілдері мен өткізу тактикасы туралы, қару-жарақтың, арнайы құралдар мен арнайы техниканың сипаттамалары туралы ақпаратты, сондай-ақ Жіберуші тараптардың ұлттық заңнамасымен таратуға тыйым салынған өзге де мәліметтерді ашатын ақпаратты таратуға жол берілмейді.
13-бап
Тараптардың аумағында ҰЖДК контингенттерінің транзиті, кіруі, уақытша болу тәртібі мен шарттары, сондай-ақ олардың мәртебесі, жеке құрамның әлеуметтік және құқықтық кепілдіктері Ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісіммен (2000 жылғы 11 қазандағы), 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы хаттамамен (2001 жылғы 25 мамырдағы), сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге агрессия қатері туындаған немесе агрессия актісі жасалған жағдайларда әскери-техникалық көмек көрсету тетігі туралы хаттамамен (2007 жылғы 6 қазандағы) айқындалады.
14-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелер мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.
15-бап
Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің мәні болып табылатын және оның мақсаттары мен объектісіне қайшы келмейтін мәселелер бойынша басқа да халықаралық шарттар жасасу құқықтарын шектемейді, сондай-ақ олар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық келісімдерден туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
16-бап
Тараптардың кез келгені депозитарийге жазбаша хабарлама жолдау жолымен осы Келісімнен шыға алады.
Осы Келісімнің қолданылуы осы Тарапқа қатысты депозитарийдің осындай хабарлама алған күнінен бастап 6 ай өткеннен кейін тоқтатылады.
17-бап
Осы Келісім, егер бұл Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін болса, қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және депозитарий оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Мұндай рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап күшіне енеді.
18-бап
Тараптардың кез келгенінің ұсынысы бойынша басқа Тараптардың келісімімен осы Келісімге жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Өзгерістер мен толықтырулар туралы хаттамалар депозитарий оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
19-бап
Осы Келісім БҰҰ Жарғысының 102-бабына сәйкес БҰҰ-ның Хатшылығында тіркеледі.
2009 жылғы 14 маусымда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы ҰҚШҰ Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайды.
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
2009 жылғы 14 маусымдағы
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт
ұйымының Ұжымдық жедел ден қою
күштері туралы келісімге
1-қосымша
ҰЖДК қолбасшылығы туралы
ереже
ҰЖДК контингенттерін басқару үшін операцияларды дайындау мен жүргізу, мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде ҰЖДК Қолбасшылығы құрылады.
1. ҰЖДК Қолбасшылығы өз қызметін халықаралық құқық принциптері мен нормаларын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы келісімін, Ұйым шеңберінде жасалған басқа да халықаралық шарттарды, Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің, басқа да органдарының (СІМК, ҚМК және ҚКХК) шешімдерін және осы Ережені басшылыққа ала отырып ұйымдастырады.
2. ҰЖДК Қолбасшылығының жалпы санын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі белгілейді, ал оның құрылымы (құрамы) мен штатын ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесі және/немесе Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары комитеті бекітеді.
3. ҰЖДК Қолбасшылығын құру, өрістету және орналастыру тәртібін ҰЖДК контингенттерін өрістету мен қолдануға шешім қабылданған кезде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
ҰЖДК Қолбасшылығының құрылымы (құрамы) мен штаты оған жүктелетін міндеттердің көлемімен және сипатымен айқындалады және басқармадан, штабтан, қызметтерден, қамтамасыз ету бөлімшелерінен, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың жедел топтарынан тұрады.
Шешілетін міндеттерге байланысты ҰЖДК қолбасшылығын жасақтауды Тараптар қарулы күштерінің және басқа да әскерлерінің әскери қызметшілері, қауіпсіздік, ішкі істер (полиция) органдарының, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың қызметкерлері қатарынан лауазымды адамдар, сондай-ақ Тараптардың мүдделі министрліктері мен ведомстволарының азаматтық персоналы жүзеге асырады.
4. ҰЖДК Қолбасшылығына мынадай негізгі міндеттер жүктеледі:
ҰЖДК-ны өрістету мен қолдануға Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімін іске асыру;
ҰЖДК контингенттерінің операцияларды жүргізуін жоспарлау, оларды жүргізу нысандары мен тәсілдерін айқындау;
операцияларды дайындау және жүргізу кезінде ҰЖДК-ны жедел (жауынгерлік), техникалық және тылдық қамтамасыз ету;
операцияларды дайындау және жүргізу кезінде ҰЖДК контингенттерін басқару;
ҰЖДК контингенттерін жасырын басқаруды ұйымдастыру және олардың басқару органдарымен, сондай-ақ мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимылды қолдау;
операцияларды жүргізу аймағындағы жағдайды талдау және бағалау.
5. Егер өзге шешім қабылданбаса, операцияға тікелей басшылық жасау үшін ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің және/немесе Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің ұсынысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Қабылдаушы тараптың өкілдері қатарынан Қолбасшыны тағайындайды.
Қолбасшы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен қызметінен босатылады.
6. Қолбасшы ҰЖДК контингенттерін басқаруды жүзеге асырады және операцияларды дайындау мен жүргізуге, сондай-ақ қойылған міндеттерді орындауға дербес жауапты болады.
7. Қолбасшы:
ҰЖДК контингенттерін өрістету мен қолдануға Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімін іске асыруды қамтамасыз етуге;
операцияларды дайындау мен жүргізуге басшылық жасауға;
әскери контингенттер мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдары арасындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ олардың мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимылын ұйымдастыруға;
операция аяқталғаннан немесе тоқтатылғаннан кейін ҰЖДК контингенттерін операцияларды жүргізу аймағынан шығаруға басшылықты жүзеге асыруға;
ҰЖДК қолбасшылығының қызметін қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржылық және материалдық-техникалық құралдардың мақсатты жұмсалуын бақылауды жүзеге асыруға;
ҰҚШҰ, ҰҚК, ҚМК мен ҚКХК-ға операцияны жүргізу аймағында қалыптасқан жағдай, ҰЖДК контингенттерінің міндеттерді орындау нәтижелері туралы баяндамалар және олардың одан әрі іс-қимылдары туралы ұсыныстар беруге;
қалыптасқан жағдайға байланысты және ҰҚШҰ ҰҚК, ҚМК және ҚКХК шешімдеріне сәйкес басқа да міндеттерді орындауға міндетті.
8. ҰЖДК Қолбасшылығы құрылымдық бөлімшелерінің міндеттері, лауазымды адамдарының өкілеттіктері мен функционалдық міндеттері Қолбасшының бұйрықтарымен белгіленеді.
9. Қойылған міндеттерді орындау кезінде штаб ҰЖДК контингенттерін басқарудың негізгі органы болып табылады. Штаб өз жұмысын Қолбасшының шешімдері, бұйрықтары, директивалары мен нұсқаулары негізінде жүзеге асырады.
10. Штабтың жалпы міндеттері:
операцияларды жүргізу аймағындағы жағдай туралы деректерді жинау, жинақтау және талдау, жағдайды бағалау, одан әрі іс-қимылдарға және операцияларды жоспарлауға шешімдер қабылдау үшін Қолбасшыға қорытындылар мен ұсыныстар дайындау;
ҰЖДК контингенттерін тікелей қолдануға есептер мен ұсыныстар дайындау;
Қолбасшының шешімдеріне сәйкес ҰЖДК контингенттеріне міндеттерді уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
басқару жүйесін, өзара іс-қимыл мен жан-жақты қамтамасыз етуді ұйымдастыру болып табылады.
11. ҰЖДК контингенттеріне жұмылдырылған арнайы мақсаттағы күштер құралымдарын басқаруды ұйымдастыру үшін Тараптардың мүдделі министрліктері мен ведомстволары ҰЖДК Қолбасшылығы құрамында лауазымы бойынша Қолбасшының орынбасарлары болып табылатын және оларды қолдану туралы шешімдер қабылдауға ерекше өкілеттіктерге ие басшылар басқаратын жедел топтарды құрады.
12. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ҰЖДК контингенттерін өрістету мен қолдануға шешім қабылдағанға дейін ҰЖДК-ны өрістетуді жоспарлауды және бірлесе даярлауды үйлестіруді ҰҚШҰ Хатшылығымен және мүдделі министрліктермен және ведомстволармен өзара іс-қимыл жасай отырып, Біріккен штаб жүзеге асырады.
13. Қолбасшылықтың алдына қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылыстарды, инфрақұрылым объектілерін, электр энергиясын, суды, коммуналдық-тұрмыстық қамтамасыз етудің басқа да түрлерін беру Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
2009 жылғы 14 маусымдағы
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт
ұйымының Ұжымдық жедел ден
қою күштері туралы келісімге
2-қосымша
ҰЖДК күшін қолдану ережесі
1. ҰЖДК күшін қолдану Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық жедел ден қою күштері туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің аумағында жүзеге асырылады.
2. Операцияларды жүргізу кезінде ҰЖДК контингенттері халықаралық гуманитарлық құқықтың принциптері мен нормаларын сақтауды қамтамасыз етеді.
3.ҰЖДК операциясын дайындау мен жүргізуге санкция ҰЖДК-ны қолдануға Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі болып табылады.
4. Осы Ереженің мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
қару - тірі немесе өзге де нысананы талқандау және белгілер беру үшін конструктивті арналған құрылғылар мен заттар;
қару-жарақ - оны қолдануды қамтамасыз ететін қару мен техникалық құралдардың жиынтығы;
арнайы техника - ҰЖДК контингенттерін жабдықтауға қабылданған байланыс, ақпарат қорғау құралдары, ақпараттық және телекоммуникациялық жүйелердің техникалық құралдары, радиобақылау құралдары, мамандандырылған аумақтарға таратылған автоматтандырылған жүйелер, есептеу техникасының үлгі жергілікті желілері, тіршілікті қамтамасыз ету құралдары, жеке қорғау құралдары, оның ішінде броньды қорғау құралдары, жедел, криминалдық және іздестіру техникасының құралдары, инженерлік-техникалық құралдар, күзету, қадағалау және бақылау жүйелері, жедел-қызметтік көлік, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің техникалық құралдары, сондай-ақ өзге де техникалық құралдар және оның құрамдастары;
арнайы құралдар - ҰЖДК контингенттерінің қарулануына қабылданған шабуылды тойтару, қылмыс жасауға жол бермеу, қарсылық көрсету, ұсталғандарды іздестіру, ұстау, жеткізу, тұтқыннан қашуға жол бермеу, кепілдегілерді, басып алған ғимараттарды, үй-жайларды, құрылыстарды, көлік құралдарын және учаскелерді босату, жаппай тәртіпсіздікке, көлік құралдарын тоқтатуға жол бермеу кезінде объектіге оны толық қиратпай ықпал ету мақсатында арнайы мақсаттағы күштер құралымдарының қолдануы үшін арнайы әзірленген және арналған әр түрлі бұйымдар;
мүлік, жүктер мен жабдықтар - ҰЖДК контингенттері ұстаған кез келген адамның немесе адамдар тобының иелігіндегі қару, оқ-дәрілер, жарылғыш құрылғылар мен оларға ұқсас заттар, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қатер тудыратын есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар, жарылғыш, күшті әсер етуші улы заттар, радиоактивті және биологиялық материалдар;
психологиялық операция - операция мақсаттарына қол жеткізу үшін ҰЖДК-ға қарсы тұратын күштерге психологиялық әсер ету үшін олардың психикалық жай-күйі мен мінез-құлқын өзгерту мақсатында жүзеге асырылатын ұйымдастыру-техникалық және әскери сипаттағы шаралар, сондай-ақ барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру іс-шараларының және ақпараттық-насихаттау акцияларының кешені.
5.Күшті:
қарулы шабуылды, оның ішінде агрессияны тойтару және өзге де әскери қатерлерді болдырмау, оқшаулау және бейтараптандыру жөніндегі іс-шараларды өткізу кезінде;
террористік күштердің ұйымдасқан қарулы қарсылығын басу, сондай-ақ заңсыз қарулы құралымдарды, ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қарудың, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың заңсыз айналымына және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы іс-қимыл жасау мақсатында;
ҰЖДК-ның жеке құрамына, мүлкіне немесе объектілеріне шабуылдау жасалған немесе шабуылдау қаупі болған кезде;
операция ауданындағы халықаралық гуманитарлық құқық нормалары мен принциптерін бұзудың жолын кесу мақсатында;
ҰЖДК қойған міндеттерді орындауға кедергі келтіретін жаппай тәртіпсіздікке қарсы іс-қимылды қоса алғанда, ҰЖДК іс-қимылдарына қол сұғушылықты болдырмау және ҰЖДК күзететін объектілерге шабуылды тойтару үшін қолдануға рұқсат етіледі.
6.ҰЖДК контингенттерінің операцияларды жүргізу кезінде күшті қолданудың негізгі тәсілдері:
өзін-өзі қорғау құқығын іске асырған жағдайда, оның ішінде шабуылдаушы тарапты (агрессорды) бейбітшілікке мәжбүрлеу, адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қатер тудыратын шабуылдардан бейбіт халықты қорғау қажет болған кезде қаруды, қару-жарақты, арнайы техника мен арнайы құралдарды қолдану;
кейіннен қабылдаушы Тарапқа бере отырып, қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес шығарылатын ҰЖДК-ның жеке құрамы мен объектілеріне қатер тудыратын көлік құралдарын, ұшу аппараттарын, мүлікті, жүктер мен жабдықтарды ұстау мен тексеру.
Ұсталған мүлікті, жүктер мен жабдықтарды қабылдаушы Тарапқа беру және оны сақтауды жүзеге асыру мүмкін болмаса, балама болмаған жағдайда Қолбасшылық әскери қажеттілікке қарай оларды жоюға мәжбүрлі шешім қабылдай алады;
кейіннен қабылдаушы Тарапқа бере отырып, қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес құқық бұзушыларды ұстауға жәрдем көрсету;
Қолбасшылық қабылдайтын шешімдер негізінде жүзеге асырылатын ҰЖДК-ға қарсы тұратын күштерге қатысты психологиялық операциялар жүргізу және ҰЖДК-ға қарсы тұратын күштердің психологиялық операцияларды жүргізуіне қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру болып табылады.
7. ҰЖДК контингенттері күшті осы Ережеге сәйкес және қабылдаушы Тараптың заңнамасын ескере отырып қолданады.
8. Қолбасшылық ҰЖДК жеке құрамының осы Ережені сақтауына жауапты болады.
9. ҰЖДК контингенттері күшті Қолбасшының жауынгерлік бұйрығы (жауынгерлік өкімі) негізінде қолданады.
ҰЖДК контингенттері бөлімшелерінің, әскери бөлімдері мен құрамаларының командирлері Қолбасшылық шешімдері негізінде олар басшылық ететін бөлімшелерді, әскери бөлімдер мен құрамаларды тікелей басқару барысында күшті қолдануға тиісті бұйрықтар, өкімдер, командалар мен белгілер береді.
Өзбекстан Республикасының ҰҚШҰ ҰЖДК туралы
келісімнің жобалары жөніндегі
ЕРЕКШЕ ПІКІР
Өзбекстан Республикасының ҰҚШҰ ҰЖДК туралы келісім жобасының принциптілік ережелері бойынша ұстанымы мыналарға саяды:
I. 2-бап бойынша (ҰЖДК-ның арналуы мен міндеттері туралы):
2-баптың 2 және 3-тармақтары біріктірілсін және мынадай редакцияда жазылсын:
«2. ҰЖДК:
қыр көрсетулер мен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне төнген қатерлерге жедел ден қою, бір немесе бірнеше ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің келісімімен немесе осы мемлекеттердің өз өтініштеріне сәйкес қарсы жасалған сыртқы әскери агрессияға тойтарыс беру. Ұжымдық күштер ТМД кеңістігінде және ҰҚШҰ мемлекеттерінде әскери құрамдас бөлігі ретінде осы мемлекеттер арасында туындауы мүмкін даулар мен қарсы тұруларды шешу үшін пайдаланылмайды;
халықаралық терроризмге және экстремизмнің күш қолдану көріністеріне, есірткі трафигіне және басқа да трансұлттық ұйымдасқан қылмыстар түрлеріне қарсы күрес бойынша, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін арнайы операциялар жүргізу үшін арналған».
ҰЖДК-ның арналуы туралы мәселенің принциптілік мәні бар, өйткені Ұжымдық күштердің арналуына қарай, ҰЖДК-ның құрамы, құрылымы, өрістету және қолдану тәртібі, сондай-ақ оны құруға және қызметін жасауына байланысты басқа да мәселелер қалыптастырылатын болады.
ҰЖДК туралы келісімде олар ТМД кеңістігінде және ҰҚШҰ мемлекеттерінде олар осы мемлекеттер арасында туындауы мүмкін даулар мен қарсы тұруларды шешу үшін әскери құрамдас бөлігі ретінде пайдаланылмайтыны нақты айқындалған болуға тиіс.
Бұл ретте біз кез келген ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттер өз ішкі қайшылықтары мен қарсы тұруларын сырттан Қарулы Күштерді тартпай, өз күштерімен шамасы жететіндігіне шексіз сенеміз. Тек сыртқы агрессия мен сырттан күшпен қолсұғушылық болған жағдайда ғана ҰЖДК-ны тарту және қолдану қажеттігі туындайды.
II. 4-бап бойынша (ҰЖДК-ны қолдану туралы шешімді қабылдау тәртібі туралы):
4-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«ҰЖДК контингенттерін өрістетуге және қолдануға арналған шешімді бір немесе бірнеше тараптың өтініші бойынша консенсус негізінде Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайды».
Көрсетілген абзацқа ұсынылатын мынадай ережемен:
«немесе олар үшін осы Келісім күшіне енген Тараптардың келісімімен» деген толықтыру өзбек тарапы үшін тиімсіз, өйткені бұл жағдайда «консенсус» қағидаты бұзылады, ол нәтижесінде ҰҚШҰ-ның өз ішіндегі қайшылықтар мен дауларға әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл ұсыныс ҰҚШҰ жарғысына түбегейлі қайшы келеді, оның 12-бабында «Рәсімдіктен басқа, мәселелер бойынша ҰҚК, СІМК, ҚМК және ҰҚКК шешімдерін консенсус қабылдайды» деп айқындалған.
III. 6-бап бойынша (ҰЖДҚК-ны өрістетуді және қолдануды жоспарлау туралы):
6-бапты мынадай редакцияда жазу ұсынылады:
«ҰЖДК контингенттерін өрістету Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі (ҰҚШҰ ЖШ емес) бекітетін алдын ала әзірленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады, оның құрылымын, мазмұнын, әзірлеу, сақтау және нақтылау тәртібін ҰҚШҰ-ның Қорғаныс министрлер кеңесі айқындайды.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет өз әскери контингентін басқа мемлекеттің аумағына тек, егер осы әрекет оның ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін жағдайда жібереді.
Қабылдайтын мемлекет, егер ол оның ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін болса, ҰЖДК құрамына бөлінген ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери контингенттерін өз аумағына кіргізу туралы шешім қабылдайды».
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттің өз әскери контингентін басқа мемлекеттің аумағына жіберетіні туралы ереже, сондай-ақ, егер ол оның ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін болған жағдайда ғана өз аумағына ҮЖДҚК құрамына бөлінген ҰҚШҰ-ға мүше басқа да мемлекеттердің әскери контингенттерін кіргізу туралы шешімді қабылдайтыны туралы ереже Ұжымдық күштерді жоспарлау және қолдану негіздерін айқындайтын принципті ұсыныс болып табылады.
Осы ережені алып тастау туралы ұсыныс (өзбек тарапының редакциясында 2 және 3-абзацтар) тиімсіз, өйткені одан мемлекет басшысы қандай да бір «ұжымдық ынтымақтастық» немесе мақсатқа сәйкестік түсініктеріне сүйене отырып, тиісті құжатқа қол қоятыны және сонымен осы құжатқа қайшы келетін ұлттық заңнаманың сол немесе өзге де бабын өзгертуге міндеттенетіні туындайды. Бұл өз негізінде қисынға қайшы келеді: заңнама бір адамның - басшының қалауы бойынша емес, елдің (парламенттің) жоғары заң шығарушымен, өкілдік органымен өзгертіледі. Көрсетілген ұсыныс ұлттық заңнамаға, атап айтқанда Өзбекстан Республикасы Конституциясының 15-бабына қайшы келеді, оған сәйкес Өзбекстанда Өзбекстан Республикасы Конституциясының және заңдарының сөзсіз үстемдігі танылады.
IV. 17-бап бойынша (Келісімді қолдану және оның күшіне ену тәртібі туралы):
Осы бапты мынадай редакцияда жазу қажет деп санаймыз:
«Осы Келісім қол қойған Тараптардың бекітуіне жатады және төртінші бекіту грамотасын депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап 30-ыншы күнде күшіне енеді.
Осы Келісімге қол қойған және кейін оны бекіткен Тарап үшін ол өз бекіту грамотасын депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді».
Өзбек тарапы ҰЖДК туралы келісімді, оған қол қойған күннен бастап уақытша қолдану мүмкіндігіне жол беретін ұсыныспен келісе алмайды. Ондай жағдайда құжатты бекіту мәні жоғалады, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің пікірі толығымен ескерілмейді.
Өзбекстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес халықаралық шарттарды бекіту және олардың күшін жою Өзбекстан Парламентінің ерекше құзыретіне жатады.
Өзбек тарапының ҰЖДК туралы келісімнің жобасы бойынша ерекше пікіріндегі ұсыныстарды ескерусіз, ҰЖДК құрамына Қарулы Күштердің өз контингентін бөлу және тиісінше ҰЖДК Хатшылығының және Біріккен штабының штат санын, құрылымын өзгерту, сондай-ақ ҰЖДК шеңберінде оқу-жаттығулар өткізу туралы мәселелерді қарау мүмкін болмай отыр.
Өзбекстан Республикасының
Президенті И. Каримов
2009 жылғы 14 маусым
Орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылды
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігі
Халықаралық ынтымақтастық департаменті
бастығының орынбасары
полковник Ә. Кулбаев