Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге агрессия қатері туындаған немесе агрессия актісі жасалған жағдайларда әскери-техникалық көмек көрсету тетігі туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 15 желтоқсандағы N 105-IV Заңы.

      Душанбеде 2007 жылғы 6 қазанда қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге агрессия қатері туындаған немесе агрессия актісі жасалған жағдайларда әскери-техникалық көмек көрсету тетігі туралы хаттама ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. НАЗАРБАЕВ


Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерге
агрессия қатері туындаған немесе агрессия актісі жасалған
жағдайларда әскери-техникалық көмек көрсету тетігі туралы
хаттама (2009 жылғы 6 наурызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені, 2009 ж., № 3, 11-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі - Ұйым) мүше мемлекеттер,

      Тараптардың біріне оған қарсы агрессия жасалған жағдайда қажетті көмек беру туралы 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабына сәйкес өз міндеттемелерін растай отырып,

      әскери-техникалық көмекті осындай көмектің маңызды құрамдастарының бірі деп қарай отырып және оны жүзеге асыру тетігін пысықтау қажеттілігіне сүйене отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мақсаттары үшін төменде аталған терминдер мынаны білдіреді:

      әскери-техникалық көмек (бұдан әрі - Көмек) - көрсетілген Тарапқа қарсы агрессия актісін жасау қатері туындаған жағдайда немесе Тарап БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өзінің жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын қолданғанда не Тарап терроризм актісінің немесе егемендікке және аумақтық тұтастыққа басқа да қатерлердің объектісі болғанда Тараптың (Тараптардың) Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігін қолдау және қалпына келтіру мақсатында өтеусіз немесе өзге де жеңілдік негізде әскери мақсаттағы өнімді ұсыну;

      әскери мақсаттағы өнім - қару-жарақ, әскери техника, құжаттама, жұмыстар, қызмет көрсетулер, зияткерлік іс-қимыл нәтижелері, соның ішінде оларға ерекше құқықтар (зияткерлік меншік) және әскери-техникалық саладағы ақпарат, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамасымен, нормативтік құқықтық актілерімен әскери мақсаттағы өнімге жататын кез келген басқа да өнім;

      уәкілетті орган - осы Хаттаманың 4-бабына сәйкес жауапкершілік жүктелген Тараптардың ұлттық заңнамасымен айқындалған мемлекеттік басқару органы;

      әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері - Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әскери мақсаттағы өнімге қатысты сыртқы сауда қызметін жүзеге асыруға құқық берілген Тараптардың мемлекеттік органдары және/немесе ұйымдары;

      хабарлама - жеткізуші Тараптың уәкілетті органы алушы Тараптың уәкілетті органын және Ұйымның Бас хатшысын (бұдан әрі - Бас хатшы) өзінің әскери-техникалық көмек көрсету мүмкіндіктері мен шарттары туралы хабардар ететін құжат.

I. Жалпы ережелер

2-бап

      Осы Хаттама мынадай жағдайлар (ахуалдар) үшін Көмек көрсету тәртібі мен шарттарын айқындайды:

      агрессияға алдын ала анықталған даярлық, халықаралық терроризмнің ірі ауқымды актілерін жоспарлау және бір немесе бірнеше Тараптың қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына басқа да сыртқы қатерлердің (бұдан әрі - агрессия қатері жағдайы) болуы мүмкін көріністері кезінде;

      агрессия, халықаралық терроризмнің ірі ауқымды актілері жасалған және бір немесе бірнеше Тараптың қауіпсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына басқа да сыртқы қатер байқалған кезде.

3-бап

      Көмек көрсету туралы өтінішті Тараптың (Тараптардың) Басшысы басқа Тараптардың Басшыларына жолдайды, ол туралы Бас хатшы хабардар етіледі. Өтініште әскери мақсаттағы өнімнің қажетті номенклатурасы, Көмек көрсету көлемі мен мерзімдері көрсетіледі.

4-бап

      Әскери мақсаттағы өнім номенклатурасына, оның көлеміне, жеткізулерді нақты жүзеге асыру шарттары мен мерзімдеріне қатысты барлық мәселелерді келісу үшін жауапкершілік Тараптардың уәкілетті органдарына жүктеледі.

      Әрбір Тарап Бас хатшыны осы Хаттаманың мақсаттары үшін тағайындалған уәкілетті орган туралы хабардар етеді, сондай-ақ ол өзгерген жағдайда дереу хабарлайды.

      Бас хатшы Тараптарды басқа Тараптардың уәкілетті органдары туралы дереу хабардар етеді, сондай-ақ олар өзгерген жағдайларда хабарлайды.

5-бап

      Ұйымның біріккен штабы:

      Ұйымның Қорғаныс министрлері кеңесінің тапсырмалары негізінде Тараптар Басшыларының Көмек көрсету жөніндегі шешімдерін немесе Көмек көрсетудің әрбір нақты жағдайы бойынша Тараптардың уәкілетті органдары басшыларының өтініштерін іске асыру жөніндегі өз қызметін жүзеге асырады;

      практикалық оқу-жаттығулар мен жаттығулар барысында Көмек көрсету тетігін пысықтауды ұйымдастырады;

      осы Хаттаманы іске асыру үшін қажетті қалыптасқан құжаттардың үлгілерін алдын ала әзірлейді және қажет болған жағдайда Тараптардың уәкілетті органдарымен келіседі.

II. Көмек көрсету тәртібі

6-бап

      Осы Хаттама шеңберінде Көмек көрсету жөніндегі шешімдерді дайындаудың және іске асырудың мемлекетішілік тетігін Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әрбір Тарап айқындайды және ресімдейді, ол туралы Бас хатшы хабардар етіледі.

7-бап

      Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі кез келген Тарапқа қарсы агрессия актісін жасау қатері ретінде бағаланатын ахуал туындаған жағдайда Тараптар, олардың ұлттық заңнамасына сәйкес Көмек береді.

      Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімінің жобасын даярлауды Бас хатшы жүзеге асырады. Ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін келісу және оған қол қою жұмыс тәртібінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Шұғыл жағдайларда Көмек көрсету жөніндегі шешімді әрбір Тарап дербес қабылдай алады және Тараптың (Тараптардың) Көмек көрсету туралы өтініші негізінде оның заңнамасына сәйкес іске асырылуы мүмкін.

8-бап

      Жеткізуші Тараптардың уәкілетті органдары әскери мақсаттағы өнім номенклатурасын, көлемін, жеткізу мерзімі мен кезектілігін, сондай-ақ Көмек берілетін жағдайларын көрсете отырып, алушы Тараптың (алушы Тараптардың) қажеттілігін қанағаттандыру жөніндегі ұсыныстарын жасайды және ол туралы алушы Тараптың уәкілетті органын хабардар етеді.

9-бап

      Көмек көрсету мәселелерін келіскеннен кейін уәкілетті органдар және/немесе әскери-техникалық ынтымақтастық субъектілері осы Көмекті көрсетуге тиісті келісімшарттар (шарттар) жасасады.

10-бап

      Әскери мақсаттағы өнім номенклатурасына, Көмек көрсету көлеміне және шарттарына қатысты мәселелерді алушы Тараптардың уәкілетті органдары жеткізуші Тараптардың уәкілетті органдарымен алдын ала келісуі мүмкін.

11-бап

      Агрессия актісі жасалған жағдайда, оған қатысты ол жүзеге асырылған Тарап (Тараптар) өтініш жасаған кезде әрбір Тарап Көмек көрсету жөніндегі шешімді дербес қабылдайды және алушы Тараптың уәкілетті органдарымен келісілген көлемде, шарттарда және тәртіпте олардың ішкі заңнамасына сәйкес іске асырады. Бұл ретте Көмек көрсету туралы шешім қабылдаған Тараптар Бас хатшыны алдағы іс-қимылдардың мақсаты мен мазмұны туралы хабардар етеді.

III. Көмек көрсету шарттары

12-бап

      Өтеусіз көмекті қоса алғанда, көмек көрсетудің қаржылық-экономикалық және басқа да шарттары, Тараптарда бар мүмкіндіктерге сүйене отырып, әрбір нақты жағдайда айқындалады.

13-бап

      Көмек ретінде бөлінетін әскери мақсаттағы өнім, жеткізуші Тараптың шарттары бойынша шығыс материалдарын (оқ-дәрілерді, қосалқы бөлшектерді, жанар-жағар май материалдарын, мүлікті), сондай-ақ жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу барысында жоғалған қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін қоспағанда, келісімшарттағы (шарттағы) уағдаластық шарттарында оларды өтеумен қайтарылуы мүмкін.

14-бап

      Олардың аумағы бойынша көмек ретінде бөлінген әскери мақсаттағы өнімді транзиттеу жүзеге асырылатын Тараптар 2000 жылғы 20 маусымда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімнің шарттары негізінде оны басымдылық негізде қамтамасыз етеді.

      Осы Хаттамаға қатысушы болып табылмайтын мемлекеттер аумағы бойынша әскери мақсаттағы өнімді транзиттеу алушы Тарап (алушы Тараптар) немесе жеткізуші Тарап (жеткізуші Тараптар) осындай мемлекеттермен жасасқан тиісті шарттарда көзделген тәртіпте жүзеге асырылады. Тараптар бұған қажетті нормативтік құқықтық базаны құру үшін күш салады.

15-бап

      Әуе кеңістігінде Көмек ретінде бөлінген әскери мақсаттағы өнімді жеткізу жүзеге асырылатын Тараптар әуе кемелерінің транзиттік ұшып өтуін қамтамасыз етеді. Әуе кеңістігінде транзиттеу жүзеге асырылатын Тарап тексеру үшін әуе кемелерін қондыруды жүзеге асыруды талап еткен жағдайда, онымен байланысты шығыстарды тексеруді жүргізетін Тарап өтейді.

16-бап

      Алушы Тарап өз аумағында Көмек ретінде бөлінген әскери мақсаттағы өнімді тасымалдауды жүзеге асыратын Тараптардың әуе кемелерін өтеусіз аэронавигациялық қамтамасыз етуді, сондай-ақ оны теміржол, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен тасымалдауды жүзеге асырады.

      Жеткізуші Тараптың әуе кемелерін, теміржол, автомобиль және басқа да көлік түрлерін қабылдауды, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді алушы Тарап өзінің әуеайлақтарында, теміржол станцияларында, автомобиль тұрақтарында және порттарында өтеусіз негізде ұйымдастырады.

17-бап

      Алушы Тарап жеткізуші Тараппен алдын ала жазбаша түрде келіспейінше, Көмек ретінде жеткізілген әскери мақсаттағы өнімді шетел мемлекеттеріне, жеке және заңды тұлғаларға немесе халықаралық ұйымдарға алушы Тарап сатуға немесе беруге құқылы емес.

18-бап

      Жеткізуші Тарап 2002 жылғы 7 қазанда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісім шеңберінде жеткізілетін Әскери мақсаттағы өнімді мақсатты пайдалану үшін бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы хаттамаға сәйкес Көмек ретінде берілген әскери мақсаттағы өнімді мақсатты пайдалануға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

IV. Қорытынды ережелер

19-бап

      Осы Хаттаманың ережелері Тараптардың олар қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелеріне қайшы келмейді.

20-бап

      Осы Хаттама Ұйым Хатшылығы оған қол қойған Тараптардың қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы төртінші жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.

      Ұқсас мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.

21-бап

      Осы Хаттама 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты қолданылуы мерзімінде қолданылады.

22-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Хаттаманың 20-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді .

23-бап

      Осы Хаттаманы қолдануға және талқылауға байланысты даулы мәселелер консультациялар және мүдделі Тараптардың келіссөздері жолымен шешіледі.

24-бап

      Әрбір Тарап Хаттаманы қолдану уақытында туындайтын қаржы және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, Хаттамадан шығу күніне дейін 6 айдан кешіктірмей Бас хатшыға ол туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып, одан шыға алады.

      2007 жылғы 6 қазанда Душанбе қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

Армения Республикасы үшін

Ресей Федерациясы үшін

Беларусь Республикасы үшін

Тәжікстан Республикасы үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Өзбекстан Республикасы үшін


Қырғыз Республикасы үшін



      Орыс тіліндегі түпнұсқаға сәйкес мемлекеттік тілге аударылды

      ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті

      бастығының орынбасары

      полковник Р. Зиганшин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады