Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 8 сәуірдегі № 265-IV Заңы

      2008 жылғы 11 маусымда Парижде жасалған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                          Н.Назарбаев

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫ
АРАСЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК
ТУРАЛЫ ШАРТ

(2010 жылғы 1 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы,
      халықтар арасында қалыптасқан байланыстарға, достық қарым-қатынастарға және ізгі қатынас дәстүріне сүйене отырып, оларды нығайту халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау ісіне қызмет етеді деп санай отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым шеңберінде қабылданған Хельсинки Қорытынды актісінің және басқа да құжаттардың мақсаттары мен қағидаттарына, сондай-ақ халықаралық құқықтың басқа да жалпы танылған нормаларына өздерінің адалдықтарын растай отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Стратегиялық әріптестік жөніндегі ниеттер туралы 2008 жылғы 8 ақпандағы декларацияның ережелерін негізге ала отырып, Еуропалық Одақ 2007 жылғы 22 маусымда қабылдаған Стратегияда белгіленген Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы жаңа әріптестікті іске асыруды қолдауға тілек білдіре отырып, 1992 жылғы 23 қыркүйекте Парижде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартқа өздерінің адалдықтарын растай отырып және оны екі мемлекет пен халықтардың қазіргі және кейінгі жан-жақты байланыстары мен өзара іс-қимылын дамытудың және тереңдетудің мызғымас құқықтық негізі ретінде қарай отырып,
      екі елдің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету, оны одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, меншіктің барлық нысандарының шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында тікелей байланыстар орнату қажет деп санай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы 2006 жылғы 4 желтоқсандағы меморандумды іске асырудың маңыздылығын тани отырып,
      қосылған құны жоғары өнімдердің және жоғары технологиялардың үлес салмағын екі жақты саудада ұлғайтып, екі ел арасындағы тауар айналымы құрылымын кеңейтуге, сондай-ақ тауар айналымының құрылымын әртараптандыру жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға, тілек білдіре отырып,
      саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салаларда екі жақты ынтымақтастықты жаңа сапа беру және оның құқықтық базасын нығайту мақсатында,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Тараптар өздерінің қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенім, стратегиялық әріптестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде құрады.

2-бап

      Тараптар еуропалық және еуразиялық кеңістікте бейбітшілікті нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру мақсатында өзара іс-қимыл жасайтын болады.
      Тараптар келіспеушіліктерді бейбіт жолмен реттеу қағидатына өздерінің адалдықтарын растайды.
      Тараптардың бірінің аумақтық тұтастығына сыртқы қауіп-қатер тәуекелі пайда болған жағдайда Тараптардың бірінің өтініші бойынша консультациялар өткізілуі мүмкін.
      Тараптар БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның бітімгершілік рөлін күшейтуге және өңірлік жанжалдарды және Тараптардың мүдделерін қозғайтын өзге де жағдайларды реттеу тетіктерінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
      Тараптар өзекті халықаралық мәселелер бойынша және ортақ мүдделерінің шеңберін белгілеу бойынша тереңдетілген ынтымақтастықты орнату мақсатында екі жақты саяси диалогты дамытады.

3-бап

      Тараптар халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтастық пен байланыстарды кеңейтеді.
      Тараптар ЕҚЫҰ институттарын күшейту және ЕҚЫҰ кеңістігінде, оның ішінде бірлескен бастамаларды іске асыру арқылы құқық үстемдігін дамыту жөніндегі тығыз ынтымақтастықты дамытады.

4-бап

      Тараптар құқық, заң шығармашылығы және адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларды орындау саласында екі жақты ынтымақтастықты нығайтады.
      Тараптар өздерінің халықаралық міндеттемелеріне, сондай-ақ ұлттық заңнамаларына сәйкес екінші Тараптың аумағында Тараптардың бірінің заңды және жеке тұлғаларының заңды құқықтары мен мүдделеріне кепілдік беретін тиімді шаралар қабылдайды.

5-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына және олардың әрқайсысы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес екі жақты және көп жақты негіздерде қауіпсіздіктің қауіп-қатерлері мен бой көрсетулеріне қарсы күрес, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, тұрақты дамуға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
      Тараптар химиялық прекурсорлардың трафигіне қарсы күрес пен СПИД-ке қарсы күрес шеңберінде өзара іс-қимылды дамытуға ниет білдіреді және осы салада орын алмастыру жөніндегі бағдарламаларға қатысты тәжірибе алмасуға ниет білдіреді.

6-бап

      Тараптар екі мемлекетте де экономикалық реформалардың жемісті түрде іске асырылуына мүдделілік білдіре отырып, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге және тереңдетуге күш-жігерлерін жұмсайды және өздерінің ұлттық заңнамаларына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес осы үшін қажетті қолайлы жағдайларды жасайды.
      Тараптар бірлескен кәсіпорындар құруды, Қазақстан мен Францияда экономикалық және қаржылық форумдарды тұрақты түрде өткізуді көтермелейді. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз аумақтарында екінші Тараптың жеке және заңды тұлғалары үшін кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге күш-жігерлерін бағыттайтын болады.

7-бап

      Тараптар әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтасады, жекелеген келісімдердің негізінде Тараптардың тиісті ведомстволары арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі.

8-бап

      Тараптар екі елдің энергетика саласындағы өзара іс-қимылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар екенін пайымдай отырып, энергетика саласындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтеді.
      Тараптар ядролық энергетика саласында, атап айтқанда, уран өндіру саласында, сондай-ақ ядролық отын өндірісі, мұнай мен газ саласында екі ел арасындағы байланыстарды нығайтады.
      Тараптар энергиямен жабдықтаудың жобалары және шарттары бойынша консультациялар өткізеді және энергияны үнемдеу саласындағы технологияларды, экологиялық таза көмірдің және жаңартылатын энергия көздерін беруді көтермелейді.

9-бап

      Тараптардың тиісті органдары арасында тиісті келісімдер жасасу, тәжірибе, ақпарат алмасу арқылы Тараптар банктік, қаржылық және салық саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
      Тараптар өндірістік, инвестициялық, банктік және коммерциялық салаларда ынтымақтастықтың прогрессивті түрлерін дамытуға жәрдемдесу үшін бірлескен қаржылық-өнеркәсіптік топтарды, холдингтік және лизингтік компанияларды құруды және одан әрі дамытуды көтермелейді.

10-бап

      Тараптар консультациялар өткізу және ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын іздестіру арқылы көлік, телекоммуникация, ақпарат салаларында және азаматтық авиацияда өзара ықпалдасады.
      Тараптар халықаралық автомобильмен тасымалдау саласында ынтымақтасады.

11-бап

      Тараптар ұлттық басымдықтарды және зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды ескере отырып, бірлескен жобалар арқылы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
      Осы мақсаттарда Тараптар зерттеу ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарға ықпал етеді және тиісті шарттарды жасасу мүмкіндігін немесе бірлескен жұмыс бағдарламаларын әзірлеуді құптайды.
      Тараптар ғарыш саласында жерді барлау, ғылыми зерттеулер, кадрлар даярлау, ғарыш аппараттарын әзірлеу және жасау саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

12-бап

      Тараптар халықтың денсаулығын сақтау, медицина ғылымын дамыту, оның материалдық-техникалық базасын нығайту саласында тығыз ынтымақтасады, емделуге және медициналық жәрдемге мұқтаж екінші Тарап азаматтарының өздерінің медициналық мекемелеріне қаралу мүмкіндігін жеңілдетеді.

13-бап

      Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес іс-қимыл жасап, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тараптар қоршаған ортаны ластауды болдырмау үшін және табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды. Тараптар экологиялық, табиғи және техногендік апаттардың салдарына қарсы күрес саласында және табиғи ортаға антропогендік ықпал ету саласында ынтымақтастықты дамытады.

14-бап

      Тараптар мемлекеттік зерттеу ұйымдары арасында, сондай-ақ зертханалар мен ғылыми қызметкерлер топтары арасында ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
      Тараптар білім беру мекемелері арқылы лингивистикалық ынтымақтастықты көтермелейді.
      Тараптар мәдениет, ғылым және техника, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосады. Тараптар жоғары оқу орындары, ғылыми және мәдени орталықтар арасындағы тікелей байланыстарды және алмасуларды ұлғайтуды көтермелейді.
      Тараптар мемлекеттік қызметкерлерді даярлау және мамандандыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды нығайтады.

15-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде туындауы мүмкін даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер және консультациялар арқылы шешетін болады.

16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Шарттың 17-бабына сәйкес күшіне енеді.

17-бап

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
      2008 жылғы 11 маусымда Париж қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ                ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫ
            ҮШІН                                    ҮШІН

      РҚАО-ның ескертпесі! Бұдан әрі Шарттың француз тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады