1986 жылғы 24 маусымда Женевада Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 72-сессиясында қабылданған Асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенция (162-конвенция) ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
162-КОНВЕНЦИЯ
Асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенция1
(1986 жылғы 24 маусымда қабылданған)
Халықаралық Еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі Женевада шақырған және 1986 жылғы 4 маусымда өзінің 72-сессиясына жиналған Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы еңбек жөніндегі тиісті халықаралық конвенциялар мен ұсынымдарды және атап айтқанда, Кәсіптік рак аурулары туралы 1974 жылғы конвенция мен ұсынымды, Өндірістік орта (ауаның ластануы, шуыл және діріл) туралы 1977 жылғы конвенция мен ұсынымды, Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы 1981 жылғы конвенция мен ұсынымды, Еңбек гигиенасы қызметтері туралы 1985 жылғы конвенция мен ұсынымды, Өндірістік жарақаттану жағдайларындағы жәрдемақылар туралы 1964 жылғы конвенцияға қоса берілетін 1980 жылы қайта қаралған кәсіптік аурулардың тізімін, сондай-ақ ұлттық саясат және қызмет принциптері ұлттық деңгейде белгіленген, 1984 жылы Халықаралық еңбек бюросы жариялаған «Асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау жөніндегі практикалық ережелердің жиынтығын»2 атап көрсете отырып, сессияның күн тәртібінің төртінші тармағы болып табылатын асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы бірқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып, осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын беруді ұйғара отырып, бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы жиырма төртінші маусымда Асбест туралы 1986 жылғы конвенция деп аталуы мүмкін мына Конвенцияны қабылдайды.
________________________________________
1Күшіне енген күні: 1989 жылғы 16 маусым.
2Асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау: Халықаралық еңбек бюросы жариялаған Практикалық ережелер жиынтығы, (Женева, ХЕБ, 1984 жыл).
I БӨЛІМ. ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ ЖӘНЕ АНЫҚТАМАЛАР
1-бап
1. Осы Конвенция жұмыс процесінде қызметкерлерге асбестің әсер етуімен байланысты қызметтің барлық түрлерін қамтиды.
2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын Ұйымға мүше мемлекет жұмыс берушілер мен қызметкерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялардан кейін және денсаулық үшін қауіптерді бағалау және қабылданған қауіпсіздік шараларының негізінде, егер ол осы салаларға немесе кәсіпорындарға Конвенцияның кейбір ережелерін қолдану қажеттілігінің жоқтығына сенімді болса, оларды қолдану аясынан экономикалық қызметтің жекелеген салаларын немесе жекелеген кәсіпорындарды алып тастай алады.
3. Құзыретті орган, экономикалық қызметтің жекелеген салаларын немесе жекелеген кәсіпорындарды алып тастау туралы шешімді қабылдай отырып, жұмыс орнындағы әсердің жиілігін, ұзақтығы мен деңгейін, сондай-ақ жұмыстың түрі мен еңбек жағдайын назарға алады.
2-бап
Осы Конвенцияға қатысты:
а) «асбест» термині серпентин тобының тау-кен минералдарына жататын, силикат сыныбындағы минералдың талшықты нысанын, яғни хризотил (ақ асбест) және амбифол топтары, яғни актинолит, амозит (қоңыр асбест, куммингтонит-грунерит), антофиллит, крокидолит (көгілдір асбест), тремолит, немесе осы элементтердің біреуі немесе бірнешеуінен тұратын кез келген өзге де қоспаларды білдіреді;
b) «асбест тозаңы» термині өндірістік ортаның ауасына көтерілуі мүмкін ауадағы асбест бөлшектерін немесе шөгінді асбест бөлшектерін білдіреді;
c) «ауадағы асбест тозаңы» термині өлшеу мақсатында гравиметрлік немесе өзге де барабар әдіспен өлшенетін тозаңның бөлшектерін білдіреді;
d) «респирабельді асбест талшықтар» термині диаметрі кемінде 3 мкм, ал талшық ұзындығының оның диаметріне қатынасы 3:1-ден асатын асбест талшықтарды білдіреді. Өлшеу мақсатында ұзындығы 5 мкм-ден асатын талшықтар ғана назарға алынады;
е) «асбестің әсері» термині көзі асбест немесе минералдар, материалдар немесе құрамында асбест бар бұйымдар болып табылатын ауадағы респирабельді асбест талшықтарының немесе асбест тозаңының өндіріске әсерін білдіреді;
f) «қызметкерлер» термині өндірістік кооперативтердің мүшелерін қамтиды;
g) «қызметкерлердің өкілдері» термині Қызметкерлердің өкілдері туралы 1971 жылғы конвенцияға сәйкес ұлттық заңнамада немесе практикада танылған қызметкерлердің өкілдерін білдіреді.
II БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ПРИНЦИПТЕР
3-бап
1. Ұлттық заңнамада немесе ережелерде асбеспен жұмыс істеу кезінде туындайтын денсаулыққа қауіпті әсері бар факторларға байланысты алдын алу, бақылау және қызметкерлерді қорғау үшін қабылдануға тиісті шаралар белгіленеді.
2. Осы баптың 1-тармағын орындау үшін әзірленген ұлттық заңнама мен ережелер техникалық прогресс және ғылыми білім саласындағы жетістіктерді ескере отырып, кезең-кезеңмен қайта қаралады.
3. Құзыретті орган осы баптың 1-тармағын орындау үшін белгіленген шаралардан уақытша ішінара ерекше жағдайларды жұмыс берушілер мен қызметкерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациядан кейін айқындалатын шарттармен және мерзім шегінде санкциялай алады.
4. Осы баптың 3-тармағын орындау мақсатында шаралардан ішінара ерекше жағдайларға рұқсат ете отырып, құзыретті орган қызметкерлердің денсаулығын қорғау үшін қажетті сақтық шараларының қабылдануын қамтамасыз етеді.
4-бап
Құзыретті орган осы Конвенцияның ережелерін қолданысқа енгізу үшін қабылдануға тиісті шараларға қатысты жұмыс берушілер мен қызметкерлердің неғұрлым өкілді мүдделі ұйымдарымен консультация өткізеді.
5-бап
1. Осы Конвенцияның 3-бабын орындау үшін қабылданған заңнама мен ережелердің сақталуын инспекцияның сайма-сай және тиісті жүйесі қамтамасыз етеді.
2. Ұлттық заңнама немесе ережелер осы Конвенция ережелерінің тиімді сақталуын және орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті санкцияларды қоса алғанда, қажетті шараларды көздейді.
6-бап
1. Жұмыс берушілер белгіленген шаралардың орындалуына жауапты болады.
2. Екі немесе одан да көп жұмыс беруші бір жұмыс аймағында өз қызметін бір уақытта жүзеге асырған жағдайда, олар өздерінде жұмыспен қамтылған қызметкерлердің денсаулығын қорғау және еңбек қауіпсіздігі үшін әрбір жұмыс берушінің жауапкершілігін төмендетпей, белгіленген шараларды орындау мақсатында ынтымақтасады. Қажет болған жағдайда, құзыретті билік органы мұндай ынтымақтастықтың жалпы принциптерін белгілеп береді.
3. Жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы қызметтерімен ынтымақтаса отырып, қызметкерлердің тиісті өкілдерімен консультациядан кейін авариялық ахуал жағдайындағы іс-әрекет тәртібін әзірлейді.
7-бап
Қызметкерлер асбеспен жұмыс істеу кезінде туындайтын денсаулыққа зиянды факторлардың әсерінің алдын алу, бақылау және қорғауға қатысты еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жөніндегі нұсқаулықтарды өз жауапкершілігі шеңберінде орындауға міндетті.
8-бап
Жұмыс берушілер мен қызметкерлер немесе олардың өкілдері мүмкіндігінше осы Конвенцияда белгіленген шараларды іске асыру кезінде кәсіпорындарда барлық деңгейде барынша тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырады.
III БӨЛІМ. ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ШАРАЛАР
9-бап
Осы Конвенцияның 3-бабын орындау үшін қабылданған ұлттық заңнама немесе ережелер асбест әсерінің алдын алуды немесе мынадай шаралардың бірінің немесе бірнешеуінің көмегімен одан қорғауды көздейді:
a) асбест әсерінің орын алуы мүмкін жұмыс үшін жұмыс орны гигиенасын қоса алғанда, тиісті техникалық қорғану шаралары мен жұмыс әдістерін ұсынатын ережелерді белгілеу;
b) асбесті немесе оның кейбір түрлерін не құрамында асбест бар кейбір бұйымдарды пайдалануға рұқсатты не кейбір өндірістік процестерді жүргізуді қоса алғанда, арнайы ережелер мен рәсімдерді белгілеу.
10-бап
Қызметкерлердің денсаулығын қорғау қажет болған жағдайларда және мұны техникалық тұрғыдан жүзеге асыруға болатын жағдайларда, ұлттық заңнама немесе ережелер мынадай:
а) асбест немесе оның кейбір түрлерін, не құрамында асбест бар бұйымдарды мүмкін болған жерлерде басқа материалдармен немесе бұйымдармен, не ғылыми бағалау негізінде құзыретті органның пікірі бойынша денсаулыққа зиянсыз немесе қаупі аздау болады деп есептелетін балама технологиялық процестермен ауыстыру;
b) асбесті немесе оның кейбір түрлерін, не құрамында асбест бар бұйымдарды кейбір өндірістік процестерде пайдалануға толықтай немесе ішінара тыйым салу шараларының біреуін немесе бірнешеуін қарастырады.
11-бап
1. Крокидолит және құрамында осы талшық бар бұйымдарды қолдануға тыйым салынады.
2. Құзыретті орган жұмыс берушілер мен қызметкерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялардан кейін, егер іс жүзінде ауыстыруды жүзеге асыру болмайтын болса, қызметкерлердің денсаулығына қауіп төнбеуін қамтамасыз ететін шаралар қабылданған жағдайда, осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салудан ішінара ерекше жағдайларға рұқсат беруге өкілетті.
12-бап
1. Асбестің барлық түрлерін тозаңдатуға тыйым салынады.
2. Құзыретті орган жұмыс берушілер мен қызметкерлердің неғұрлым тиісті өкілді ұйымдарымен консультациялардан кейін, егер іс жүзінде балама әдістерді қолдануды жүзеге асыру болмайтын болса, қызметкерлердің денсаулығына қауіп төнбеуін қамтамасыз ететін шаралар қабылданған жағдайда, осы баптың 1-тармағында көзделген тыйым салудан ішінара ерекше жағдайларға рұқсат беруге өкілетті.
13-бап
Ұлттық заңнама мен ережелер жұмыс берушілердің құзыретті орган айқындаған тәртіпке сәйкес және шекте оны асбестің әсерімен байланысты жұмыстардың белгілі бір түрлері туралы хабардар етуін көздейді.
14-бап
Асбест өндіретін және жеткізетін, сондай-ақ құрамында асбест бар бұйымдарды өндіретін және жеткізетін кәсіпорындар ыдысты және қажет болса, бұйымды тиісінше таңбалауға жауапты болады, сондай-ақ бұл таңбалау құзыретті органның ұйғарымына сәйкес мүдделі қызметкерлер мен тұтынушылар жеңіл түсінетін тілде және тәсілмен жүргізілуге тиіс.
15-бап
1. Құзыретті орган өндірістік ортаны бағалау үшін қызметкерлерге асбест әсерінің жол берілетін шекті деңгейін немесе басқа да әсер ету өлшемдерін белгілейді.
2. Жол берілетін шекті деңгей немесе басқа да әсер ету өлшемдері техникалық прогресс пен ғылыми-техникалық білімнің кеңеюі аясында белгіленеді, кезең-кезеңмен қайта қаралады және жаңартылады.
3. Қызметкерлер асбест әсеріне ұшырайтын жұмыс орындарының барлығында жұмыс беруші асбест тозаңының ауаға шашылуының алдын алу немесе бақылау және жол берілетін шекті деңгейдің немесе басқа да әсер ету өлшемдерінің сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ әсерді іс жүзінде жүзеге асыруға болатын деңгейге дейін қысқарту үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
4. Егер осы баптың 3-тармағын орындау үшін қабылданатын шаралар асбест әсерін жол берілетін шекті деңгейге дейін төмендетуге жеткізбесе немесе осы баптың 1-тармағын орындау үшін көрсетілген басқа да әсер ету өлшемдеріне сәйкес келмесе, жұмыс беруші жағдайға қарай қызметкерлер тарапынан шығынсыз тиісті респираторлық қорғану құрылғылары мен арнайы қорғану киімімен қамтамасыз етеді, пайдаланады және алмастырады. Респираторлық қорғану құрылғылары құзыретті орган белгілеген нормаларға сай болады және техникалық бақылаудың баламасы ретінде емес, қосымша, уақытша, төтенше немесе ерекше шара ретінде пайдаланылады.
16-бап
Әрбір жұмыс беруші кәсіпорында жұмыспен қамтылған өз қызметкерлеріне асбест әсерінің алдын алу және бақылау, сондай-ақ асбеспен жұмыс кезінде туындайтын зиянды факторлардан қорғану туралы практикалық шаралардың әзірленуі және жүзеге асырылуы үшін жауапты болады.
17-бап
1. Құрамында асбест қосылған нәзік оқшаулау материалдары бар жабдықты немесе құрылыстарды бұзуды, сондай-ақ ауа құрамында асбест болуы мүмкін ғимараттар мен құрылыстарды асбестен тазартуды, осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес осындай жұмысты орындауға білікті құзыретті орган ретінде танылған және осындай жұмысты орындауға өкілеттік алған жұмыс берушілер немесе мердігерлер ғана жүзеге асырады.
2. Жұмыс беруші немесе мердігер бұзу жөніндегі жұмыстар басталғанға дейін:
а) қызметкерлерді қажетті барлық қорғанумен қамтамасыз етуге;
b) асбест тозаңының ауаға бөлінуін шектеуге; және
c) осы Конвенцияның 19-бабына сәйкес құрамында асбест бар қалдықтарды жоюды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қоса алғанда, қабылдануы қажет шараларды нақтылайтын жұмыс жоспарын дайындауға міндетті.
3. Қызметкерлермен немесе олардың өкілдерімен осы баптың 2-тармағында көрсетілген жұмыс жоспарына қатысты консультациялар жүргізіледі.
18-бап
1. Қызметкерлердің өзінің жеке киімі асбест тозаңымен ластанған жағдайда жұмыс беруші ұлттық заңнамаға және ережелерге сәйкес және қызметкерлердің өкілдерімен консультациялардан кейін тиісті жұмыс киімін береді, оны жұмыс орнынан тыс жерде киіп жүруге болмайды.
2. Пайдаланылған жұмыс және арнайы қорғану киімін өңдеу және тазалау құзыретті органның талабына сәйкес асбест тозаңы бөлінуінің алдын алу мақсатында бақыланатын жағдайда жүзеге асырылады.
3. Ұлттық заңнама немесе ережелер жұмыс және арнайы қорғану киімі мен жеке қорғану құралын үйге әкетуге тыйым салады.
4. Жұмыс беруші жұмыс киімінің, арнайы қорғану киімінің және жеке қорғану құралдарының тазалануына, тиісті жағдайда ұсталуына және сақталуына жауапты болады.
5. Жұмыс беруші мүмкіндігінше, асбест әсеріне ұшыраған қызметкерлердің жұмыс орнында жуынуына, ванна немесе душ қабылдауына тиісінше мүмкіндік жасайды.
19-бап
1. Ұлттық заңнамаға және практикаға сәйкес жұмыс берушілер, құрамында асбест бар қалдықтарды өңдейтін немесе кәсіпорынға жақын маңда тұратын халықты қоса алғанда, тиісті қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндірмейтіндей етіп, құрамында асбест бар қалдықтарды жояды.
2. Құзыретті орган мен жұмыс берушілер қоршаған ортаның өндірістік процесс нәтижесінде бөлінетін асбест тозаңымен ластануын болғызбау үшін тиісті шараларды қабылдайды.
IV БӨЛІМ. ӨНДІРІСТІК ОРТАНЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН ҚАДАҒАЛАУ
20-бап
1. Қызметкерлердің денсаулығын қорғау қажет болған жағдайда жұмыс беруші жұмыс аймағы ауасындағы асбест тозаңы концентрациясын өлшейді және асбестің қызметкерлерге әсерін құзыретті орган көрсеткен әдісті қолданып, араға уақыт сала отырып бақылайды.
2. Өндірістік ортаны және асбестің қызметкерлерге әсерін бақылау нәтижелері құзыретті орган ұйғарым берген мерзім бойы сақталады.
3. Тиісті қызметкерлердің және олардың өкілдерінің, сондай-ақ инспекция қызметінің бұл деректерге қол жеткізуіне болады.
4. Қызметкерлердің немесе олардың өкілдерінің өндірістік ортаға бақылау жүргізуді талап етуге және бақылау нәтижелеріне байланысты құзыретті органға жүгінуге құқығы бар.
21-бап
1. Асбест әсеріне ұшырап жүрген немесе ұшыраған қызметкерлер ұлттық заңнамаға және практикаға сәйкес осы зиянды өндірістік фактордың әсеріне байланысты олардың денсаулығының жай-күйін қадағалау үшін және асбест әсерінен туындаған кәсіптік ауруларды диагностикалау үшін қажетті медициналық тексеруден өтеді.
2. Асбесті қолдануына байланысты қызметкерлер денсаулығының жай-күйін бақылау олардың жалақысының кемуіне әкеп соқтырмайды. Ол тегін жүзеге асырылады және мүмкіндігінше жұмыс уақытында өткізіледі.
3. Қызметкерлер медициналық тексерудің нәтижелері туралы тиісінше хабардар етіледі және өндірістік қызметке байланысты өздерінің денсаулығының жай-күйіне қатысты жеке консультациялар алады.
4. Егер асбест әсеріне байланысты жұмысты жалғастыру медициналық тұрғыдан орынсыз деп есептелсе, тиісті қызметкерлердің табысын сақтаудың басқа жолдарын қамтамасыз ету үшін ұлттық практикаға және шарттарға сәйкес барлық шаралар қабылданады.
5. Құзыретті орган асбестен туындайтын кәсіптік аурулар туралы хабардар ету жүйесін әзірлейді.
V БӨЛІМ. АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ
22-бап
1. Құзыретті орган жұмыс берушілер мен қызметкерлердің неғұрлым мүдделі өкілді ұйымдарымен консультациялардан кейін және солармен ынтымақтаса отырып, асбеспен жұмыс істеген кезде туындайтын денсаулыққа зиянды факторлар және олардың алдын алу мен оларды бақылау әдістері туралы ақпараттың таралуына және оны барлық тиісті адамдардың білуіне жәрдемдесу мақсатында тиісті іс-шараларды жүргізеді.
2. Құзыретті орган асбестің зиянды әсері, оның алдын алу және оған қарсы күрес әдістері мәселелері жөнінде қызметкерлерді оқытуға және кезең-кезеңімен нұсқаулық алудан өткізуге қатысты шараларға байланысты негізгі принциптер мен рәсімдердің жұмыс берушіде жазбаша түрде болуын қамтамасыз етеді.
3. Жұмыс беруші асбестің әсеріне ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін барлық қызметкерлердің өзінің жұмысымен байланысты зиянды факторлар туралы ақпарат алуын, профилактикалық шаралар мен жұмыстың дұрыс әдістеріне қатысты нұсқаулық алуын және осы мәселелер бойынша тұрақты негізде даярлықтан өтуін қамтамасыз етеді.
VI БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап
Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми құжаттар тіркеу үшін Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына жолданады.
24-бап
1. Осы Конвенция Халықаралық еңбек ұйымының ратификациялау туралы құжаттарын Бас директор тіркеген мүше мемлекеттерді ғана байланыстырады.
2. Ол Ұйымға мүше екі мемлекеттің ратификациялау туралы құжаттарын Бас директор тіркеген күннен кейінгі 12 айдан соң күшіне енеді.
3. Кейіннен осы Конвенция Ұйымға мүше әрбір мемлекетке қатысты, ратификациялау туралы оның құжаты тіркелген күннен кейінгі 12 айдан соң күшіне енеді.
25-бап
1. Осы Конвенцияны ратификациялаған Ұйымға әрбір мүше мемлекет оның алғаш күшіне енген күнінен бастап он жыл өткеннен кейін, оны Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына тіркеу үшін жолдаған денонсациялау туралы актісі арқылы денонсациялай алады. Денонсациялау туралы акті тіркелгеннен кейінгі бір жылдан соң денонсация күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны ратификациялаған және алдыңғы тармақта көрсетілген он жыл өткеннен кейін бір жылдық мерзімде осы бапта көзделген денонсациялау құқығын пайдаланбаған Ұйымға әрбір мүше мемлекет үшін Конвенция келесі он жылға күшінде қалатын болады және кейіннен ол оны әр он жыл өткеннен кейін осы бапта көзделген тәртіппен денонсациялай алады.
26-бап
1. Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры өзіне Ұйымға мүше мемлекеттер жолдаған ратификациялау туралы барлық құжаттар мен денонсациялау туралы актілердің тіркелгені туралы Халықаралық еңбек ұйымының барлық мүше мемлекеттерін хабардар етеді.
2. Бас директор Ұйымға мүше мемлекеттерді өзі алған ратификациялау туралы екінші құжаттың тіркелгені туралы хабардар ете отырып, осы Конвенцияның күшіне енетін күніне олардың назарын аударады.
27-бап
Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры алдыңғы баптардың ережелеріне сәйкес өзі тіркеген ратификациялау туралы барлық құжаттар мен денонсациялау туралы актілер жөніндегі толық мәліметтерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркеу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жолдайды.
28-бап
Халықаралық еңбек бюросының Әкімшілік кеңесі қажет деп есептеген жағдайларда, осы Конвенцияның қолданылуы туралы баяндаманы Бас конференцияға ұсынады және оны толық немесе ішінара қайта қарау туралы мәселені Конференцияның күн тәртібіне енгізудің орындылығын қарайды.
29-бап
1. Егер Конференция осы Конвенцияны толық немесе ішінара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және егер жаңа конвенцияда өзгеше көзделмесе, онда:
a) Ұйымға қандай да бір мүше мемлекет жаңа, қайта қарайтын конвенцияны ратификациялауы, 25-баптың ережелеріне қарамастан, жаңа, қайта қарайтын конвенция күшіне енген жағдайда, осы Конвенцияны автоматты түрде тез арада денонсациялауға әкеп соқтырады;
b) жаңа, қайта қарайтын конвенция күшіне енген күннен бастап осы Конвенция Ұйымға мүше мемлекеттердің оны ратификациялауы үшін жабылады.
2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бірақ қайта қарайтын конвенцияны ратификацияламаған Ұйымға мүше мемлекеттер үшін кез келген жағдайда нысаны мен мазмұны бойынша күшінде қалады.
30-бап
Осы Конвенцияның ағылшын және француз тілдеріндегі мәтіндерінің күші бірдей.
Конвенцияның аталған түпнұсқалық мәтінін Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы Женевада өткізілген оның жетпіс екінші сессиясында мақұлдаған және 1986 жылғы жиырма бесінші маусымда жабылуында қол қойған болатын.
Осының айғағы ретінде біз осы құжатқа 1986 жылғы жиырма алтыншы маусымда қол қойдық.
Конференцияның төрағасы
Хуго Фернандес Фаинголд
Халықаралық Еңбек бюросының Бас директоры
Франсис Бланшард
Конвенцияның осында келтірілген мәтіні Халықаралық еңбек конференциясының төрағасы және Халықаралық Еңбек бюросының Бас директоры қол қойған түпнұсқалық мәтіннің дәл көшірмесі болып табылады.
Көшірме түпнұсқамен дәлме-дәл және мазмұны бойынша толық болып табылады.
Халықаралық Еңбек бюросының Бас директоры үшін
Гидо Раймонди
Халықаралық еңбек ұйымының заң кеңесшісі
1986 жылғы 24 маусымда Женевада Халықаралық еңбек ұйымы
Бас конференциясының 72-сессиясында қабылданған Асбесті
пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенцияны
(162-Конвенция) ратификациялаған әлем мемлекеттерінің
тізімі
(дереккөзі: 2010 жылғы 15 қыркүйек - Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша)
№ |
Ел |
Ратификациялаған күн |
1. |
Бельгия |
11.10.1996 |
2. |
Боливия |
11.06.1990 |
3. |
Босния мен Герцеговина |
02.06.1993 |
4. |
Бразилия |
18.05.1990 |
5. |
Камерун |
20.02.1989 |
6. |
Канада |
16.06.1988 |
7. |
Чили |
14.10.1994 |
8. |
Колумбия |
25.01.2001 |
9. |
Хорватия |
08.10.1991 |
10. |
Кипр |
07.08.1992 |
11. |
Дания |
18.12.2006 |
12. |
Эквадор |
11.04.1990 |
13. |
Финляндия |
20.06.1988 |
14. |
Германия |
18.11.1993 |
15. |
Гватемала |
18.04.1989 |
16. |
Жапония |
11.08.2005 |
17. |
Корея (Оңтүстік) |
04.04.2007 |
18. |
Люксембург |
08.04.2008 |
19. |
Македония |
17.11.1991 |
20. |
Черногория |
03.06.2006 |
21. |
Нидерланды |
15.09.1999 |
22. |
Норвегия |
04.02.1992 |
23. |
Португалия |
03.05.1999 |
24. |
Ресей |
04.09.2000 |
25. |
Сербия |
24.11.2000 |
26. |
Словения |
29.05.1992 |
27. |
Испания |
02.08.1990 |
28. |
Швеция |
02.09.1987 |
29. |
Швейцария |
16.06.1992 |
30. |
Уганда |
27.03.1990 |
31. |
Уругвай |
06.09.1995 |
32. |
Зимбабве |
09.04.2003 |
Осы Конвенцияны әлемнің 32 мемлекеті ратификациялады
1986 жылы 24 маусымда Женевада жасалған Асбесті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенцияның (162 Конвенция) дәлме-дәл көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын тілінде берілген.