1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 409-IV Заңы

      1971 жылғы 1 мамырда Женевада жасалған 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

1968 ЖЫЛҒЫ 8 ҚАРАШАДА ВЕНАДА ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН АШЫЛҒАН ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ МЕН СИГНАЛДАРЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯНЫ ТОЛЫҚТЫРАТЫН ЕУРОПАЛЫҚ
КЕЛІСІМ 1971 ЖЫЛҒЫ 1 МАМЫРДА ЖЕНЕВАДА ЖАСАЛҒАН

      1968 ЖЫЛҒЫ 8 ҚАРАШАДА ВЕНАДА ҚОЛ ҚОЮ ҮШІН АШЫЛҒАН ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ МЕН СИГНАЛДАРЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯНЫҢ ТАРАПТАРЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАР
      Еуропада жол белгілеріне, сигналдар мен белгілеулер және жол белгілеудің таңбаларына қатысты қағидаларды барынша біріздендіруге қол жеткізуге ҰМТЫЛА ОТЫРЫП,
      төмендегілер туралы КЕЛІСТІ:

1-бап

      1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияның Тараптары болып табылатын Уағдаласушы тараптар өз аумақтарында қолданылатын жол белгілері мен сигналдарының және жол таңбаларының жүйесі осы Келісімге қосымшаның ережелеріне сәйкес келуі үшін тиісті шаралар қабылдайды.

2-бап

      1. Осы Келісім 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияға қол қойған немесе оған қосылған және не Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропалық Экономикалық Комиссиясының мүшелері болып табылатын не осы Комиссияның билік аясы туралы ереженің 8-тармағына сәйкес консультативтік мәртебесі бар Комиссия жұмысына қатысуға жіберілген мемлекеттердің қол қоюы үшін 1972 жылғы 31 желтоқсанға* дейін ашылған.
      2. Осы Келісім мемлекет 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны ратификациялағаннан кейін немесе оған қосылғаннан кейін ратификациялауға жатады. Ратификациялау грамоталары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтау үшін беріледі.
      3. Осы Келісім осы баптың 1-тармағында көрсетілген, 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияның Тарабы болып табылатын мемлекеттердің кез келгені оған қосылуы үшін ашық болып қалады. Қосылу туралы құжаттар Бас Хатшыға сақтау үшін беріледі.

3-бап

      1. Әрбір мемлекет осы Келісімге қол қою, ратификациялау кезінде немесе оған қосылу кезінде немесе кейіннен кез келген сәтте Бас Хатшыға жіберілетін нотификация арқылы сыртқы байланысы үшін ол жауапты барлық аумақтарға немесе аумақтардың бөлігіне Келісімнің қолданылатынын мәлімдей алады. Келісім нотификацияда көрсетілген аумақта немесе аумақтарда Бас Хатшы аталған нотификацияны алған күннен бастап отыз күн өткен соң немесе егер бұл күн кешірек болып табылса, нотификация жасаған мемлекетке қатысты Келісім күшіне енген сәтте қолданыла бастайды.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған әрбір мемлекет кейіннен кез келген сәтте Бас Хатшыға жіберілетін нотификация арқылы Келісімнің нотификацияда көрсетілген аумақта қолданылуы тоқтатылатынын және Бас Хатшы осы нотификацияны алған күннен бастап бір жыл өткен соң көрсетілген аумақта Хаттаманың қолданылуы тоқтатылатынын мәлімдей алады.

4-бап

      1. Осы Келісім ратификациялау немесе қосылу туралы оныншы құжат сақтау үшін тапсырылған күннен бастап он екі ай өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісімді ратификациялайтын немесе ратификациялау немесе қосылу туралы оныншы құжат сақтау үшін тапсырылғаннан кейін оған қосылатын әрбір мемлекетке қатысты Келісім осы мемлекет ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтау үшін тапсырған күннен бастап он екі ай өткен соң күшіне енеді.
      3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарынан туындайтын күшіне ену күні 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияның 39-бабын қолданудан туындайтын күннен бұрын болса, Келісім осы баптың 1-тармағына сәйкес осы соңғы күннен бастап күшіне енеді.

5-бап

      Осы Келісім күшіне енген сәттен бастап ол 1949 жылғы Жол қозғалысы туралы Конвенцияға және 1949 жылғы Жол белгілері мен сигналдары туралы Хаттамаға қосымша 1950 жылғы 16 қыркүйекте Женевада қол қойылған Еуропалық келісімдегі Жол белгілері мен сигналдары туралы Хаттамаға қатысты ережелердің, 1955 жылғы 16 желтоқсанда Женевада қол қойылған Жол жұмыстарының шекараларын белгілеу туралы Келісімнің және 1957 жылғы 13 желтоқсанда Женевада қол қойылған Жол таңбаларына қатысты Еуропалық келісім күшін жояды және Уағдаласушы тараптар арасындағы қатынастарда оларды ауыстырады.

6-бап

      1. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін он екі ай өткен соң әрбір Уағдаласушы тарап Келісімге бір немесе бірнеше түзету ұсына алады. Ұсынылған кез келген түзетудің мәтіні түсіндірме меморандуммен бірге Бас Хатшыға жіберіледі, ол оны барлық Уағдаласушы тараптарға қайта жолдайды. Уағдаласушы тараптар осы мәтінді қайта жолдаған күннен бастап он екі ай мерзімде оған: а) олар түзетуді қабылдайтыны; b) олар түзетуді қабыл алмайтыны немесе с) осы түзетуді қарау үшін конференция шақырылғанын қалайтыны туралы хабарлауға олардың мүмкіндігі бар. Бас Хатшы, сондай-ақ ұсынылған түзету мәтінін осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген басқа мемлекеттерге жібереді.
      2. а) Осы баптың 1-тармағына сәйкес таратылған кез келген ұсынылған түзету, егер жоғарыда айтылған он екі ай мерзім ішінде Уағдаласушы тараптардың кемінде үштен бірі Бас Хатшыға олар түзетуді қабыл алмайтыны немесе осы түзетуді қарау үшін конференция шақыруды қалайтыны туралы хабарласа, ол қабылданған болып есептеледі. Бас Хатшы барлық Уағдаласушы тараптарға ұсынылған түзетуді әрбір қабылдау немесе қабыл алмау туралы және конференция шақыру туралы келіп түскен кез келген өтініш туралы хабарлайды. Егер белгіленген он екі ай мерзім ішінде мұндай қабыл алмау мен өтініштер Уағдаласушы тараптардың кемінде үштен бірінен алынған болса, Бас Хатшы барлық Уағдаласушы тараптарға осы баптың 1-тармағында көрсетілген он екі ай мерзім өткеннен кейін алты айдан соң белгіленген мерзім ішінде түзетуді қабыл алмаған немесе оны талқылау үшін конференция шақыруға өтініш білдіргендерді қоспағанда, барлық Уағдаласушы тараптар үшін түзету күшіне енетіні туралы хабарлайды.
      b) Жоғарыда көрсетілген он екі ай мерзімде ұсынылған түзетуді қабыл алмаған немесе оны қарау үшін конференция шақыруды өтінген әрбір Уағдаласушы тарап бұл мерзім өткеннен кейін кез келген уақытта Бас Хатшыға өзінің түзетуді қабылдайтыны туралы хабарлай алады және Бас Хатшы бұл хабарламаны қалған барлық Уағдаласушы тараптарға таратады. Қабылдау туралы мұндай хабарламаларды жіберген Уағдаласушы тараптарға қатысты түзету оларды Бас Хатшы алған күннен бастап алты айдан соң күшіне енеді.
      3. Егер ұсынылған түзету осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданбаған болса және егер осы баптың 1-тармағында көзделген он екі ай мерзім ішінде Уағдаласушы тараптардың жалпы санынан кемінде жартысы ұсынылған түзетуді олардың қабыл алмайтыны туралы Бас Хатшыға хабарласа және егер барлық Уағдаласушы тараптардың кем дегенде үштен бірі, бірақ бестен кем емес, олар оны қабылдайтыны немесе бұл түзетуді талқылау үшін конференция шақыруды қалайтыны туралы хабарласа, Бас Хатшы ұсынылған түзетуді немесе осы баптың 4-тармағына сәйкес оған ұсынылуы мүмкін кез келген басқа ұсынысты қарау үшін конференция шақырады.
      4. Егер конференция осы баптың 3-тармағына сәйкес шақырылса, Бас Хатшы оған осы Келісімнің 2-тармағында көрсетілген барлық Уағдаласушы тараптар мен басқа мемлекеттерді шақырады. Бас Хатшы конференцияға шақырылған барлық мемлекеттерге ұсынылған түзетуге қосымша олар конференцияда қарауды қалайтын кез келген ұсынысты конференция ашылғанға дейін кемінде алты ай бұрын оған ұсыну туралы өтініш білдіреді және бұл ұсыныстар туралы конференция ашылғанға дейін кемінде үш ай бұрын конференцияға шақырылған барлық мемлекеттерге хабарлайды.
      5. а) Осы Келісімге кез келген түзету, егер оны конференцияға келген мемлекеттердің үштен екісінен көбі қабылдаса, бұл көпшілік конференцияға келген Уағдаласушы тараптардың кемінде үштен екісін қамтыған жағдайда қабылданды деп есептеледі. Бас Хатшы түзетуді қабылдау туралы барлық Уағдаласушы тараптарға хабарлайды және ол түзетуді қабыл алмау туралы осы мерзім ішінде Бас Хатшыға хабарлағандарды қоспағанда, барлық Уағдаласушы тараптарға қатысты осылай хабарлаған күнінен бастап он екі ай өткен соң күшіне енеді.
      b) Жоғарыда көрсетілген он екі ай мерзім ішінде түзетуді қабыл алмаған әрбір Уағдаласушы тарап өзінің түзетуді қабылдағаны туралы Бас Хатшыға кез келген уақытта хабарлай алады және Бас Хатшы бұл туралы барлық қалған Уағдаласушы тараптарға хабарлайды. Түзету оны қабылдау туралы хабарлаған Уағдаласушы тарапқа қатысты хабарламаны Бас Хатшы алғаннан кейін алты ай өткен соң немесе егер бұл мерзім кешірек өтсе, жоғарыда көрсетілген он екі ай мерзім өткеннен кейін күшіне енеді.
      6. Егер ұсынылған түзету осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданды деп есептелмесе және егер осы баптың 3-тармағында нұсқалған конференция шақыру талаптары орындалмаған болса, ұсынылған түзету қабыл алынбады деп есептеледі.
      7. Осы баптың 1-6-тармақтарында көзделген түзетулер енгізу тәртібіне қарамастан, осы Келісімге қосымша барлық Уағдаласушы тараптардың құзыретті органдарының арасындағы келісім бойынша өзгертілуі мүмкін. Егер Уағдаласушы тараптардың бірінің құзыретті органы ұлттық заңнамаға сәйкес оның келісімі арнаулы рұқсат алуға немесе заң шығару органының мақұлдауына байланысты екенін мәлімдейтін болса, аталған Уағдаласушы тараптың құзыретті органы талап етілетін өкілеттікті немесе рұқсатты алғаны туралы Бас Хатшыға мәлімдеген кезде ғана осы құзыретті органның қосымшаны өзгертуге келісімі алынған болып есептеледі. Құзыретті органдардың арасындағы келісімде өтпелі кезең ішінде қосымшаның ескі ережелері жаңа ережелермен қатар толық немесе ішінара күшінде қалатыны көзделуі мүмкін. Бас Хатшы жаңа ережелердің күшіне ену мерзімін белгілейді.
      8. Әрбір мемлекет осы Келісімге қол қойған немесе ратификациялаған немесе оған қосылған кезде осы баптың 7-тармағында көзделген келісімді беруге уәкілетті құзыретті органның атауы мен мекенжайын Бас Хатшыға хабарлайды.

7-бап

      Әрбір Уағдаласушы тарап осы Келісімді Бас Хатшыға жіберілетін жазбаша нотификациялау арқылы бұза алады. Бұзу Бас Хатшы осы нотификацияны алған күннен бастап бір жыл өткен соң күшіне енеді. 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияның Тарабы болуы тоқтатылған әрбір Уағдаласушы тарап сол күннен бастап осы Келісімнің Тарабы болуын тоқтатады.

8-бап

      Егер Уағдаласушы тараптардың саны қандай да бір реттік он екі ай кезең ішінде кемінде бесеуді құраса, сондай-ақ 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенция күшін жойған кезден бастап осы Келісім күшін жояды.

9-бап

      1. Екі немесе бірнеше Уағдаласушы тарап арасында осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты, дауласушы Тараптар келіссөздер немесе басқа да реттеу құралдары арқылы шеше алмаған кез келген дау араларында осы дау туындаған Уағдаласушы тараптардың бірінің өтініші бойынша төрелік сотқа беріледі; ол дауласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалған бір немесе бірнеше төрешіге беріледі. Егер іс төрелік сотқа берілген күннен бастап үш ай ішінде дауласушы Тараптар төрешіні немесе төрешілерді таңдауға қатысты келісімге келмесе, осы Тараптардың кез келгені Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына дау шешуге берілетін бір төрешіні тағайындау туралы өтінішпен жүгіне алады.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес тағайындалған төреші немесе төрешілер шешімінің дауласушы Уағдаласушы тараптар үшін міндетті күші болады.

10-бап

      Осы Келісімнің ешқандай ережесі қандай да бір Уағдаласушы тарапқа Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес келетін және өзінің сыртқы және ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ол қажетті деп есептейтін, қалыптасқан жағдаймен шектелетін шаралар қабылдауға кедергі келтіретін деп түсіндірілмеуге тиіс.

11-бап

      1. Әрбір мемлекет осы Келісімге қол қою кезінде немесе сақтау үшін тапсыру кезінде өзінің ратификациялау грамотасымен немесе қосылу туралы құжатымен ол өзін осы Келісімнің 9-бабымен байланыстымын деп есептемейтіні туралы мәлімдей алады. Басқа Уағдаласушы тараптар мұндай мәлімдеме жасаған кез келген Уағдаласушы тарапқа қатысты 9-баппен байланысты болып табылмайды.
      2. Осы Келісімге ескертпелер, осы баптың 1-тармағында көзделген ескертпеден өзгелері, егер олар ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы құжатты сақтау үшін тапсырғанға дейін жасалса, олар ратификациялау грамотасында немесе қосылу туралы құжатта расталған жағдайда, олар жазбаша нысанда ұсынылған жағдайда шешіледі.
      3. Әрбір мемлекет өзінің ратификациялау грамотасын немесе осы Келісімге қосылу туралы құжатты сақтау үшін тапсырған кезде ол 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияға жасаған ескертпелер осы Келісімге қаншалықты қатысты екендігі туралы Бас Хатшыға жазбаша хабарлауға тиіс. Ратификациялау грамотасын немесе осы Келісімге қосылу туралы құжатты сақтау үшін тапсырған кезде нотификация жасалмаған ескертпелер осы Келісімге қолданылмайтын ескертпе деп есептелетін болады.
      4. Бас Хатшы осы бапты орындау үшін жасалған ескертпелер мен нотификациялар туралы осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген барлық мемлекеттерге хабарлайды.
      5. Осы бапқа сәйкес мәлімдеме, ескертпе немесе нотификация жасаған әрбір мемлекет кез келген уақытта Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы оларды алып тастай алады.
      6. Осы баптың 2-тармағына сәйкес жасалған немесе 3-тармағына сәйкес нотификацияланған кез келген ескертпе:
      a) жоғарыда көрсетілген ескертпені жасаған немесе нотификациялаған Уағдаласушы тарап үшін бұл ескертпенің шеңберінде ол жататын Келісімнің ережелерін өзгертеді;
      b) ескертпе жасаған немесе нотификациялаған Уағдаласушы тараппен өзара қарым-қатынаста басқа Уағдаласушы тараптар үшін де бұл ережелерді сондай шамада өзгертеді.

12-бап

      Осы Келісімнің 6 және 11-баптарында көзделген мәлімдемелерден, нотификациялар мен хабарламалардан өзге, Бас Хатшы Уағдаласушы тараптарға және 2-бапта көрсетілген басқа да мемлекеттерге:
      а) 2-бапқа сәйкес қол қою, ратификациялау және қосылу туралы;
      с) 4-бапқа сәйкес осы Келісім күшіне енген күндері туралы;
      d) 6-баптың 2, 5 және 7-тармақтарына сәйкес осы Келісімге түзетулердің күшіне енген күні туралы;
      e) 7-бапқа сәйкес бұзу туралы;
      f) 8-бапқа сәйкес осы Келісімнің күшін жоюы туралы хабарлайды.

13-бап

      1972 жылғы 31 желтоқсаннан* кейін бір данада ағылшын, орыс және француз тілдерінде жасалған барлық үш мәтін тең түпнұсқалы болып табылатын осы Келісімнің түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтау үшін тапсырылады, ол куәландырылған көшірмесін осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген барлық мемлекеттерге тиісті түрде жолдайды.
__________________________
* Ішкі көлік жөніндегі комитет өзінің отыз бірінші сессиясында қабылдаған шешімге сәйкес Келісім қол қою үшін ашық болатын мерзім 1972 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген, төменде қол қойған өкілдер осы Келісімге қол қойды.
      Бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылы бірінші мамырда Женевада ЖАСАЛДЫ.

ҚОСЫМША

      1. Осы қосымшаның ережелерін қолдану кезінде «Конвенция» термині 1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны білдіреді.
      2. Осы қосымша Конвенцияның тиісті ережелеріне енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді ғана қамтиды.
      3. Конвенцияның 1-бабына (Анықтамалар)
      «b» тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «елді мекен» термині құрылыстар салынған аумақты білдіреді, оған кірер және одан шығар жолдар тиісті белгілермен арнайы белгіленеді;».
      «l» тармақ
      Мотоциклдерге жүктемесіз салмағы 400 кг-нан (900 фунт) аспайтын үш доңғалақты көлік құралдары теңестіріледі.
      Қосымша тармақ осы баптың соңына енгізілсін.
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Балалар арбасын, ауру адамға арналған арбаны, мүгедектер арбасын немесе көлемі үлкен емес және қозғалтқышы жоқ кез келген басқа көлік құралын әкеле жатқан адамдар, велосипедті немесе аспалы қозғалтқышы бар велосипедті қолмен жетелеп әкеле жатқан адамдар, сондай-ақ өздері қозғалысқа келтіретін немесе жаяу жүргіншінің жылдамдығымен қозғалатын мүгедектер арбаларымен жүретін мүгедектер жаяу жүргіншіге теңестіріледі».
      4. Конвенцияның 3-бабына (Уағдаласушы тараптардың міндеттемелері)
      3-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Конвенцияда және осы Келісімде белгіленген жүйеге сәйкес келмейтін барлық сигналдық белгілер, белгілеулер, құрылғылар мен таңбалар Келісім күшіне енген күннен бастап он жыл ішінде ауыстырылатын болады. Осы кезең ішінде жол пайдаланушылар Конвенцияда және осы Келісімде белгіленген жүйеге үйрену үшін Конвенцияда және осы Келісімде көзделген сигналдық белгілермен, белгілеулермен және жазбалармен қатар бұрынғы сигналдық белгілерді, белгілеулерді және жазбаларды пайдалана алады».
      5. Конвенцияның 6-бабына
      4-тармақ
      Конвенцияда ұсынымдық болып табылатын осы тармақтың ережелері міндетті болады.
      6. Конвенцияның 7-бабына
      1-тармақ
      Қосымша сөз орамы, осы тармақтың соңына енгізілсін.
      Бұл сөз орамы былай оқылсын: «Бұдан басқа, сөз болып отырған белгілерге қатысты алғанда, жолдың бір учаскесінде жарық түсірілетін немесе жарыққа шағылысатын материалдармен немесе құрылғылармен жарақталған белгілерді және жоғарыда көрсетілген әдіспен жарық түсірілмеген немесе жарақталмаған белгілерді пайдалану ұсынылмайды».
      7. Конвенцияның 8-бабына
      3-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Осы Келісімнің 4-тармағында көрсетілген он жылдық өтпелі кезең ішінде, сондай-ақ және одан әрі ерекше жағдайларда сигналдық белгілерді түсіндіруді жеңілдету мақсатында сигналдық белгінің астыңғы жағынан орналастырылатын тікбұрышты тақтайшаға немесе сигналдық белгіні құрайтын тікбұрышты қалқанның ішіне жазба қоса берілуі мүмкін; мұндай жазба белгіні түсіне алмайтын жүргізушілердің түсінуін қиындатпайтын жағдайларда белгінің өзіне орналастырылуы мүмкін».
      8. Конвенцияның 9-бабына
      1-тармақ
      Әрбір мемлекет ескерту белгісі үшін Аа үлгісін таңдайды.
      9. Конвенцияның 10-бабына (Жүріп өтудің басым құқығының белгілері)
      3-тармақ
      Әрбір мемлекет «Тоқтамай жүріп өтуге тыйым салынады» белгісі үшін В, 2а үлгісін таңдайды.
      6-тармақ
      В, 1 белгісіне жақындағаны туралы алдын ала сигнал беру үшін Конвенцияға 7-қосымшада келтірілген 1-үлгіге сәйкес келетін тақтайшамен толықтырылған осы белгі пайдаланылады.
      В, 2а белгісіне жақындағаны туралы алдын ала сигнал беру үшін «ТОҚТА» белгісі бар тікбұрышты тақтайшамен және В, 2а белгісі қандай қашықтықта екенін көрсететін цифрмен толықтырылған В, 1 белгісі пайдаланылады.
      10. Конвенцияның 18-бабына (Атауларды көрсетулер)
      2-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Конвенцияға 9-қосымшада келтірілген үлгілерге сәйкес келетін Е, 9а және Е, 9c белгілері, елді мекендердегі кейбір жол учаскелерінде өзге де ережелер орындалатын жағдайларды қоспағанда, жол пайдаланушыларға Е, 9а белгілерінен бастап Е, 9с белгілеріне дейін осы мемлекет аумағындағы елді мекендерде қолданылатын дағдылы қозғалыс ережелері қолданылатынын көрсетеді. Оларда ақ немесе ақшылт фондағы қара түсті жазба болады және тиісінше елді мекенге кірер жерде және одан шығар жерде орнатылады. Алайда В, 4 белгісі елді мекенде жол жүрудің басым құқығы өз әрекетін тоқтататын жағдайларда В, 3 сигналдық белгісі бар басты жолдарда әрқашан орнатылуы тиіс».
      3-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Осы баптың жоғарыда келтірілген редакциядағы 2-тармағында айтылғаннан өзге мақсатта пайдаланылатын атауларды көрсетулер осы тармақта көрсетілген белгілерден ерекше болуға, атап айтқанда олар қара фондағы ақ немесе ақшылт түсті жазба болуға тиіс».
      11. Конвенцияның 23-бабына (Көлік құралдары қозғалысын реттеуге арналған сигналдар)
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 3-тармағынан кейін енгізілсін
      Бұл тармақ былай оқылсын:
      «а) Жол белгілері мен сигналдарына қатысты Конвенцияның 6-бабы 1, 2 және 3-тармақтарының ережелері темір жол өтпелерінде пайдаланылатындарын қоспағанда, жарық жол сигналдарына қатысты қолданылады.
      b) Жол қиылыстарындағы жарық жол сигналдары жол қиылысының алдында немесе оның үстіндегі ортасына орнатылады; олар жол қиылысының басқа жағында қайталануы мүмкін.
      c) Бұдан басқа, ұлттық заңнамада жарық жол сигналдары:
      і) жүріс бөлігінде көлік құралдарының қозғалысына бөгет жасамайтындай болып орнатылуы, егер олар жол жиегіне орнатылса, жаяу жүргіншілердің жүруіне мүмкіндігінше аз бөгет жасауы;
      іі) алыстан жақсы көрінуге тиіс және оларға жақындаған кезде олардың нұсқауы әбден түсінікті болуы;
      ііі) әрбір Уағдаласушы тараптың аумағында жол санатын ескере отырып, стандартты болуға тиістігін көздеу ұсынылады».
      9-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Үш түсті жүйенің жасыл шамының дөңгелек қара фондағы бір немесе бірнеше жасыл сілтемесі болса, бұл сілтеменің немесе сілтемелердің қосылуы көлік құралдарының сілтемелерінде көрсетілген бағытта немесе бағыттарда ғана жүре алатынын білдіреді. Тура жүруге рұқсат беретін сілтемелердің ұшы жоғары қарай бағытталуы тиіс».
      10-тармақ
      Бұл тармақтың басы былай оқылсын: «Үш түсті жүйенің сигналы дөңгелек қара фондағы бір немесе бірнеше жасыл сілтеме түріндегі бір немесе бірнеше шаммен толықтырылған жағдайда, осы қосымша...».
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 10-тармағынан кейін енгізілсін
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Егер қызыл немесе сары шамда бір немесе бірнеше сілтеменің пішіні болса, бұл шамдардың нұсқауы сілтеме немесе сілтемелер көрсеткен бағытпен немесе бағыттармен шектеледі».
      Қосымша тармақ тікелей осы баптың 11-тармағынан кейін енгізілсін
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Жарық сигналдарын тұрақты пайдалану қажет болмайтын ерекше жағдайларда, жанып-сөніп тұрмайтын қызыл шамнан тұратын сигналды пайдалануға болады, оның алдында жанып-сөніп тұрмайтын сары шам жанады; сары шамның алдында жанып-сөнетін сары шам болуы мүмкін».
      12. Конвенцияның 24-бабына (Жаяу жүргіншілерге ғана арналған сигналдар)
      1-тармақ, «а», «іі» тармақшалары
      Бұл ереже қолданылмайды.
      2-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Жаяу жүргіншілерге арналған жарық сигналдары екі түсті шамнан, атап айтқанда, қызыл және жасыл түсті шамнан тұратын екі түсті жүйені құрауға тиіс. Екі шам ешқашан бір мезгілде іске қосылмауы тиіс».
      3-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Шамдар тігінен орнатылуға тиіс, бұл ретте қызыл шам әрқашан үстінде, жасыл шам әрқашан астында болуы тиіс. Қызыл шамда қозғалмайтын жаяу жүргіншінің немесе қозғалмайтын жаяу жүргіншілердің сұлбасы, ал жасыл шамда қозғалыстағы жаяу жүргіншінің немесе қозғалыстағы жаяу жүргіншілердің сұлбасы болуы тиіс».
      13. Конвенцияның 31-бабына (Жөндеу жұмыстарының сигнализациясы)
      2-тармақ
      Тосқауылдар қатарынан қара және ақ немесе қара және сары жолақтармен боялмайды.
      14. Конвенцияның 32-бабына (Шамдардың немесе жарық шағылысатын
құрылғылардың көмегімен таңбалау)
      Бұл бап былай оқылсын:
      «1. Жолдың жүріс бөлігінде тумбалар немесе қауіпсіздік алаңшалары болуын ақ немесе сары шамдармен немесе жарық шағылысатын құрылғылармен белгілеу ұсынылады.
      2. Жолдың жүріс бөлігінің жиегі шамдармен немесе жарық шағылысатын құрылғылармен белгіленсе, бұл шамдар мен жарық шағылысатын құрылғылар:
      a) не барлығы ақ немесе ақшыл сары түсті;
      b) не жолдың жүріс бөлігінің жүріс бағытына қарама-қарсы жиегін белгіленде - ақ немесе ақшыл сары түсті, жүріс бөлігінің жүріс бағытына сәйкес жиегін белгілегенде қызыл немесе күңгірт сары түсті болуға тиіс.
      3. Осы Келісімнің Тарабы болып табылатын әрбір мемлекет өзінің бүкіл аумағында осы бапта айтылған шамдар немесе жарық шағылысатын құрылғылар үшін бір ғана түсті немесе түстердің бір ғана жүйесін қолданатын болады».
      15. Конвенцияның 33-бабына
      1-тармақ, «а» тармақша
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Егер темір жол өтпесінде поездардың жақындағанын немесе шлагбаумдардың немесе жартылай шлагбаумдардың жабылатынын ескерту үшін сигнализация орнатылған болса, ол осы Конвенцияның 23-бабы 1-тармағының «b» тармақшасында көзделгендей, жанып-сөнетін қызыл шамнан немесе кезекпен жанып-сөнетін қызыл шамдардан тұруға тиіс. Шлагбаумдар немесе жартылай шлагбаумдар жоқ темір жол өтпелерінде сигнализация кезекпен жанып-сөнетін екі қызыл шам арқылы жүзеге асырылады. Алайда:
      і) жанып-сөнетін қызыл шамдар осы Конвенцияның 23-бабының 2-тармағында сипатталған, қызыл-сары-жасыл түстес үш түсті жарық сигналдары жүйесімен немесе егер темір жол өтпесіне жақын жерде басқа үш түсті жарық сигналдары орнатылған немесе темір жол өтпесінде шлагбаумдар орнатылған болса, жасыл шамы жоқ сигналмен толықтырылуы немесе алмастырылуы мүмкін. Жартылай шлагбаумдары бар темір жол өтпелерінде жанып-сөнетін қызыл шамдарды алдыңғы сөз орамда көрсетілгендей ауыстыруға болмайды; алайда темір жол өтпелерінің алдындағы жолда басқа үш түсті сигналдар бар болған жағдайда олар осылай толықтырылуы мүмкін;
      іі) қозғалыс өте аз қара жолдарда және жаяу жүргіншілер жолдарында дыбыстық сигнал ғана қолданылуы мүмкін».
      2-тармақ
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Бағдаршамдар қозғалыс бағытына сәйкес келетін жолдың жүріс бөлігінің шетінде орнатылады; мұны талап ететін мән-жайлар болғанда, мысалы, сигналдардың көрінуіне немесе қозғалыс қарқындылығына байланысты шамдар жолдың қарама-қарсы бетінде қайталануға тиіс. Алайда, егер жергілікті жердің ерекшелігіне қарай бұл қажет деп есептелсе, олар жолдың жүріс бөлігінің үстінде немесе жолдың жүріс бөлігіндегі қауіпсіздік алаңшаларында қайталануы мүмкін».
      16. Конвенцияның 35-бабына
      1-тармақ
      Темір жол өтпелерінің шлагбаумдары мен жартылай шлагбаумдары қатарынан қара және ақ немесе қара және сары жолақтармен белгіленбейді.
      17. Конвенцияға 1-қосымшаға, В бөлімі
      2-тармақ (Тік ылди)
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Үлкен еңісті тік ылдиға жақындағаны туралы ескерту үшін А, 2а белгілеуі пайдаланылады.
      А, 2а белгілеуінің сол жағы сигналдық белгі қалқанының сол бұрышын, ал оның негізі осы қалқанның бүкіл енін алады; цифр еңістің пайызын көрсетеді».
      3-тармақ (Тік өр)
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Тік өрге жақындағаны туралы ескерту үшін A, 3а белгілеуі пайдаланылады.
      А, 3а белгілеуінің оң жағы сигналдық белгі қалқанының оң бұрышын, ал оның негізі осы қалқанның бүкіл енін алады; цифр өрдің пайызын көрсетеді».
      11-тармақ (Жаяу жүргінші өтпесі)
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Жаяу жүргінші өтпесіне жақындағаны туралы ескерту үшін А, 11а белгілеуі пайдаланылады. Белгілеу қарама-қарсы жаққа қаратылуы мүмкін».
      18. Конвенцияға 2-қосымшаға, А бөлімі
      1-тармақ («БАСТЫ ЖОЛМЕН ҚИЫЛЫСУ» деген белгі)
      B, 1 белгісінде белгілеулер де, жазбалар да болмайды.
      2-тармақ («ТОҚТАМАЙ ЖҮРІП ӨТУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ» деген белгі)
      Бұл тармақ былай оқылсын: «В, 2а үлгісінің В, 2 белгісі «ТОҚТАМАЙ ЖҮРІП ӨТУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ» деген белгі болып табылады. В, 2а үлгісінің В, 2 белгісі қызыл фоны және жіңішке ақ немесе ақшыл сары түсті жиегі бар сегізбұрыш болуға тиіс, онда ақ немесе ақшыл сары түспен «ТОҚТА» деген белгілеу жазылады; белгілеудің биіктігі тақтайша биіктігінің кемінде үштен біріне тең болуға тиіс.
      Қалыпты көлемдегі В, 2а белгісінің биіктігі шамамен 0,9 м (3 фут) болуға тиіс; көлемі кіші белгілердің биіктігі кемінде шамамен 0,6 м (2 фут) болуға тиіс.
      19. Конвенцияға 2-қосымшаға, В бөлімі
      2-тармақ (Белгілеулер), «а» «і» тармақшалары
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Ол бойынша жүріп өтудің басым құқығы мемлекетте қолданылатын жалпы қабылданған жүріп өтудің басым ережесімен айқындалатын жол қиылысы; А, 21а белгілеуі пайдаланылады».
      2-тармақ (Белгілеулер), «а» «ііі» тармақшалары
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Пайдаланушылары жол беруге тиіс жолмен қиылыс. В, 1 немесе В, 2а белгілері осы қосымшаның 9-тармағының ережелеріне сәйкес пайдаланылады».
      2-тармақ (Белгілеулер), «b» тармақшасы
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Жол қиылысындағы қозғалыс жарық сигналдарымен реттелетін жағдайларда, осы бөлімде сипатталған белгілерге қосымша немесе осы белгілердің орнына Конвенцияға 1-қосымшаның В бөлімінде сипатталған А, 16 белгілеуімен бірге Аа белгісі орналастырылуы мүмкін.»
      20. Конвенцияға 3-қосымшаға, А бөлімі
      Кіріспе абзацтың бірінші сөз орамы
      Бұл сөз орамы былай оқылсын: «Конвенцияға 1-қосымшаның А бөлімінде сипатталған Аа белгісі орнатылуға тиісті белгі болып табылады».
      «b» тармақшасы
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Басқа темір жол өтпелерін белгілеу үшін A, 27а белгілеуі пайдаланылады».
      21. Конвенцияға 3-қосымшаға, В бөлімі
      B, 7 белгісінің В, 7сү лгісі қолданылмайды.
      Жалпы көрініске және белгілердің тиімділігіне әсер етпейтін жағдайда, B, 7а және В, 7в үлгілерінің қызыл түсті жолағы болуы мүмкін.
      22. Конвенцияға 4-қосымшаға, А бөлімі
      2-тармақ (Белгілердің сипаттамасы), «а» тармақшасы (Қозғалысқа тыйым салу және шектеу), «і»
      C, 1 белгісінің С, 1b үлгісі қолданылмайды.
      2-тармақ (Белгілердің сипаттамасы), «а» тармақшасы
      (Қозғалысқа тыйым салу және шектеу), «ііі»
      Екі қосымша белгі қолданылуы мүмкін, олардың белгісі осы қосымшаға толықтыруда берілген және олардың мынадай мәні болады:
      № 1 қосымша белгі: «ЖАРЫЛҒЫШ НЕМЕСЕ ТЕЗ ТҰТАНҒЫШ ЗАТТАРДЫ БЕЛГІЛІ БІР САНЫНАН АРТЫҚ ТАСЫМАЛДАЙТЫН КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ».
      № 2 қосымша белгі: «СУДЫ ЛАСТАЙТЫН ЗАТТАРДЫ БЕЛГІЛІ БІР САНЫНАН АРТЫҚ ТАСЫМАЛДАЙТЫН КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ҚОЗҒАЛЫСЫНА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ».
      Осы тармақтың соңындағы ескертпе былай оқылсын: «С, 3а белгісінен бастап С3к белгілеріне дейінгі белгілердің, сондай-ақ осы тармақта айтылған № 1 және № 2 қосымша белгілерінің көлбеу қызыл жолағы болмайды».
      2-тармақ (Белгілердің сипаттамасы), «d» тармақшасы (Басып озуға тыйым салу)
      С, 13а және С, 13b белгілерінің С, 13аb және C, 13bb үлгілері қолданылмайды.
      23. Конвенцияға 4-қосымшаға, В бөлімі
      1-тармақ (Белгілер мен белгілеулердің жалпы сипаттамасы),
      «b» тармақшасы
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Өзге нұсқаулар болмаған кезде бұл белгілер көгілдір түсті болуға тиіс, ал белгілеулер ақ немесе ақшыл түсті болуға тиіс».
      2-тармақ (Белгілердің сипаттамасы), «а» тармақшасы (Міндетті бағыт)
      D, 1b белгісі қолданылмайды.
      2-тармақ (Белгілердің сипаттамасы), «с» тармақшасы (Міндетті айналма қозғалыс)
      Бұл тармақша былай оқылсын: «МІНДЕТТІ АЙНАЛМА ҚОЗҒАЛЫС» деген D, 3 белгісінің көлік құралдары орындауға міндетті айналма қозғалыс бағытын көрсетуден басқа мәні жоқ.
      Сол жақты қозғалыс кезінде сілтемелер қарама-қарсы жаққа бағытталуға тиіс».
      24. Конвенцияға 5-қосымшаға
      А - F бөлімдеріндегі белгілер мен белгілеулердің жалпы сипаттамасы
      Қосымша тармақша осы қосымшаның тікелей А бөлімінің алдынан енгізілсін
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Бағыттардың алдын ала көрсеткіштерінде немесе автомагистральдарға және автомагистральдарға теңестірілген жолдарға қатысты бағыттардың көрсеткіштерінде Е, 15 және Е, 17 белгілерінде бар белгілеулер кішірейтілген түрде пайдаланылуы мүмкін».
      25. Конвенцияға 5-қосымшаға, А бөлімі
      2-тармақ (Ерекше жағдайлар), «а» тармақшасы
      Е, 2а және Е, 2b белгілерінің қызыл жолағы ақ жиекпен қоршалуға тиіс.
      26. Конвенцияға 5-қосымшаға, В бөлімі
      1-тармақ
      Е, 5с белгісі қолданылмайды.
      2-тармақ
      E, 6с белгісі қолданылмайды.
      27. Конвенцияға 5-қосымшаға, С бөлімі
      Қосымша тармақ осы бөлімнің соңына енгізілсін
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Ақ немесе ақшыл фонда қара түсті жазбасы бар Е, 9а және Е, 9с белгілері осы қосымшаның 10-тармағының ережелеріне сәйкес пайдаланылады».
      28. Конвенцияға 5-қосымшаға, Е бөлімі
      Е, 11b белгісі қолданылмайды.
      29. Конвенцияға 5-қосымшаға, F бөлімі
      2-тармақ («БІР ЖАҚТЫ ҚОЗҒАЛЫС ЖОЛЫ» деген белгі),
      «b» тармақшасы
      Егер бұдан белгінің тиімділігі кемімейтін жағдайда ғана Е, 13b белгісінің сілтемесінде жазба болуы мүмкін.
      3-тармақ («ТҰЙЫҚҚА АПАРАТЫН ЖОЛ» деген белгі)
      Е, 14 белгісінің қызыл жолағы ақ жиекпен қоршалуға тиіс.
      4-тармақ (Автомагистральға кіру немесе автомагистральдан шығу туралы ескерту белгілері)
      Қосымша тармақша тікелей осы тармақтың бірінші абзацынан кейін енгізілсін
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Е, 15 белгісін автомагистральға жақындағаны туралы ескерту үшін пайдалануға және қайталауға болады; осылайша орнатылған әрбір белгінің төменгі жағында не Конвенцияға 7-қосымшада сипатталған 1-үлгідегі қосымша тақтайшада белгіден бастап автомагистральдың басталуына дейінгі арақашықтық көрсетілуге тиіс».
      5-тармақ (Автомагистральдарға арналған қозғалыс ережелері
               қолданылатын жолға кіру туралы немесе осындай жолдан
               шығу туралы ескерту белгілері)
      Қосымша тармақша тікелей осы тармақтың бірінші абзацынан кейін енгізілсін
      Бұл тармақша былай оқылсын: «Е, 17 белгісін автомагистральдарға арналған қозғалыс ережелері қолданылатын жолға жақындағаны туралы ескерту үшін пайдалануға және қайталауға болады; осылайша орнатылған әрбір белгінің төменгі жағында не Конвенцияға 7-қосымшада сипатталған 1-үлгідегі қосымша тақтайшада белгіден бастап автомагистральдарға арналған қозғалыс ережелері қолданылатын жолдың басталуына дейінгі арақашықтық көрсетілуге тиіс».
      30. Конвенцияға 5-қосымшаға, G бөлімі
      2-тармақ (Белгілеулердің сипаттамасы), «а» тармақшасы
      F, 1b және F, 1с белгілеулері қолданылмайды.
      31. Конвенцияға 6-қосымшаға, А бөлімі
      Белгілерді сипаттау
      1-тармақ, «b» тармақшасы
      Бұл ереже қолданылмайды.
      2-тармақ, «с» тармақшасы
      Бұл ереже қолданылмайды.
      3-тармақ, «е» тармақшасы
      Егер тыйым салу қысқа қашықтықта ғана қолданылатын болса, оның шегінде тыйым салу қолданылатын арақашықтық көрсетілген қызыл шеңберден тұратын бір ғана белгі орнатуға нұсқау беру мүмкіндігі пайдаланылмайды.
      32. Конвенцияға 6-қосымшаға, В бөлімі
      1-тармақ («ТҰРАҚ ОРНЫ» деген белгі)
      Осы тармақтың бірінші абзацында айтылған шаршы қалқанда «P» әрпі жазылады.
      2-тармақ (Шектеулі тоқтап тұру аймағынан шығатын жерді көрсету белгісі)
      Қосымша мәтін осы тармақтың соңына енгізілсін
      Бұл мәтін былай оқылсын: «Тұрақ дискісінің орнына аймаққа кіретін жерді белгілеу үшін пайдаланылатын белгілерде бар ақшыл сары түсті белгілеу де пайдаланылуы мүмкін.
      Шектеулі тоқтап тұру аймағынан шығатын жерді көрсететін белгі осы аймаққа кіретін жерді көрсететін және қарама-қарсы бағытта жүріп келе жатқан көлік құралдарына арналған белгінің сырт жағына орналастырылуы мүмкін».
      33. Конвенцияға 7-қосымшаға (Қосымша тақтайшалар)
      Қосымша тармақ тікелей 1-тармақтан кейін енгізілсін
      Бұл тармақ былай оқылсын: «Қосымша тақтайшалардың фоны олар бірге пайдаланылатын белгілер тобының фонына сәйкес келуге тиіс».

ҚОСЫМША-ТОЛЫҚТЫРУ
№ 1 қосымша белгі

Жарылғыш немесе тез тұтанғыш заттарды белгілі
бір санынан артық тасымалдайтын көлік құралдарының
қозғалысына тыйым салынады.

№ 2 қосымша белгі

Суды ластайтын заттарды белгілі бір санынан артық тасымалдайтын көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынады

      Албания үшін:

      Австрия үшін:

      Бельгия үшін:

      Болгария үшін:

      Белоруссия Кеңестік Социалистік Республикасы үшін:

      Кипр үшін:

      Чехословакия үшін:

      Дания үшін:

      Германия Федеративтік Республикасы үшін:

      Финляндия үшін:

      Франция үшін:

      Греция үшін:

      Венгрия үшін:

      Исландия үшін:

      Ирландия үшін:

      Италия үшін:

      Люксембург үшін:

      Мальта үшін:

      Нидерланды үшін:

      Норвегия үшін:

      Польша үшін:

      Португалия үшін:

      Румыния үшін:

      Испания үшін:

      Швеция үшін:

      Швейцария үшін

      Түркия үшін:

      Украина Кеңестік Социалистік Республикасы үшін

      Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы үшін

      Ұлыбритания Біріккен Корольдігі және Солтүстік Ирландия үшін

      Америка Құрама Штаттары үшін

      Югославия үшін

      Венада 1968 жылғы 8 қарашада қол қою үшін ашылған Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтінімен сәйкес келтірілді.

      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігі
      Мемлекеттік тіл және ақпарат
      департаментінің бастығы                    Қ. Жұманов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады