Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 29 наурыздағы № 422-IV Заңы

      2007 жылғы 5 қазанда Душанбеде жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер
      ұйымдасқан қылмысқа, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге, өзге де ауыр және аса ауыр қылмыстарға қарсы күрес қазіргі заманғы және тиімді нысандарды, әдістер мен құралдарды пайдалануды талап ететіндігін мойындай отырып,
      осындай әдістердің бірі қылмыскерлерді қылмыстық қызметтен алынатын кірістерден және қылмыс жасау үшін пайдаланылатын басқа құралдардан айыру болып табылады деп есептей отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негізін жетілдіру және осы салада ынтымақтасу мақсатында
      төмендегілер туралы уағдаласты:

I бөлім. Жалпы ережелер

1-бап

      Тараптар осы Шартқа, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнамаға сәйкес қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ынтымақтасады, өз қызметін үйлестіреді, мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге бірлестіктер мен ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың күш-жігерін біріктіреді.

2-бап

      Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      а) қылмыстық кірістер - қылмыс жасау нәтижесінде алынған ақша қаражаты және/немесе өзге де мүлік;
      б) қаражат (мүлік) - оларды сатып алу тәсіліне қарамастан, кез келген түрдегі жылжымалы немесе жылжымайтын активтер, сондай-ақ осындай активтерге немесе оларға қатысу құқығын растайтын заң құжаттары немесе актілер;
      в) терроризмді қаржыландыру - террористік сипаттағы қылмыстардың кемінде біреуін ұйымдастыруды, дайындауды немесе жасауды қаржыландыруға не осындай қылмыстардың кемінде біреуін жасау үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдасқан топты, заңсыз қарулы құрылымды, қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) қамтамасыз етуге арналғандығын сезіне отырып, қаражат беру немесе жинау не қаржы қызметтерін көрсету;
      г) қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) - қылмыстық кірістерге иелік етуге, оларды пайдалануға немесе билік етуге заңды сипат беру жөніндегі іс-қимыл;
      д) негізгі қылмыс - нәтижесінде заңдастырғаны (жылыстатқаны) үшін Тараптардың заңнамасында қылмыстық жауапкершілік белгіленген қылмыстық кірістер алынған қылмыстық жазаланатын іс-әрекет;
      е) ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операциялар — жеке және/немесе заңды тұлғалардың жүзеге асыру нысаны мен тәсіліне қарамастан ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасайтын, олармен байланысты азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған іс-қимылы;
      ж) күдікті операциялар - оларға қатысты қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мақсатында жасалатындығына күдік туындайтын ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операциялар;
      з) тәркілеу - сот шешімінің негізінде мүлікті өтеусіз алып қою;
      и) құзыретті органдар - заңнамада белгіленген өз құзыретінің шегінде осы Шартты іске асыру жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын Тараптардың мемлекеттік органдары;
      к) уәкілетті орган - өз заңнамасына сәйкес міндетті бақылауға жататын операциялар туралы және күдікті операциялар туралы хабарларды алуды және талдауды, сондай-ақ құқық қорғау органдарына қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың ықтимал жағдайларына қатысты ақпарат беруді жүзеге асыратын Тараптың құзыретті органы.

3-бап

      1. Осы Шартты іске асыру мақсатында Тараптардың ынтымақтастығы мынадай негізгі бағыттар мен нысандарды қамтиды: заңнаманы үйлестіру; құқықтық көмек көрсету, оның ішінде құжаттар тапсыру, қылмыстық кірістерге және терроризмді қаржыландыруға арналған қаражатқа тыйым салу; тәркілеуді жүзеге асыру; ақпарат алмасу; жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу; консультациялар; өкілдер алмасу.
      2. Осы Шарт ынтымақтастықтың өзге өзара қолайлы бағыттары мен нысандарын анықтауда және дамытуда Тараптарға кедергі келтірмейді.
      3. Осы Шарттың шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмалардың (бұдан әрі - тапсырма) және жәрдем көрсету туралы сұрау салулардың (бұдан әрі - сұрау салу) негізінде жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Әрбір Тарап ұлттық заңнамаға сәйкес уәкілетті органды көрсете отырып, құзыретті органдардың тізбесін анықтайды және осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы ақпаратты бірге бере отырып, оны депозитарийге жібереді. Тараптар бір айдың ішінде өздерінің құзыретті және уәкілетті органдарының өзгергені туралы депозитарийге хабар береді.
      2. Депозитарий Тараптардан алынған хабарламалардың негізінде құзыретті органдардың тізбесін қалыптастырады, оны Шартқа барлық қатысушыларға жібереді, сондай-ақ Тараптардан алынған хабарламалардың негізінде осы тізбенің барлық өзгерістері туралы хабарлайды.
      3. Тараптардың құзыретті органдары осы Шартта көзделген мәселелер бойынша осы Тараптардың заңнамасында анықталған өкілеттіктер шегінде бір-бірімен тікелей өзара іс-әрекет етеді.

5-бап

      Осы Шартқа сәйкес жіберілетін және бір Тараптың аумағында ресми құжаттар ретінде қаралатын құжаттар басқа Тараптардың аумақтарында ресми құжаттардың заң күшін пайдаланады және егер бұл оларды алған Тараптардың заңнамасына қайшы келмесе заңдастыруды талап етпейді.

6-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, сұрау салуды (тапсырманы) орындауға байланысты шығыстарды аумағында олар туындаған Тарап көтереді.

II бөлім. Нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру

7-бап

      Тараптар қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық құқық нормаларын ескере отырып, ұлттық заңнаманы үйлестіру үшін қажетті шараларды қабылдайды.

8-бап

      1. Тараптар өздерінің құзыретті органдарына қылмыстық кірістерді және терроризмді қаржыландыруға арналған қаражатты сәйкестендіруге, іздестіруге, осындай кірістермен және қаражатпен жасалатын операциялар мен мәмілелерді, оларды беруді немесе оларға өзгеше иелік етуді болдырмауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.
      2. Әрбір Тарап өзінің құзыретті органдарына қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл шараларын қабылдау үшін қажетті ақпаратты сұратуға құқық беретін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

9-бап

      1. Тараптар ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операцияларды жүзеге асыратын ұйымдарды қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдауға міндеттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды, олар мыналарды қамтуы тиіс, атап айтқанда:
      а) клиенттерді және пайда түсірушілерді сәйкестендіруді жүргізу;
      б) клиенттер мен пайда түсірушілер туралы, сондай-ақ ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтерді құжаттамалық тіркеу;
      в) клиентпен қарым-қатынастарды тоқтатқан күннен бастап ақша қаражатымен және/немесе өзге мүлікпен жасалатын операциялар және пайда түсіретіндер туралы мәліметті қамтитын құжаттарды кемінде бес жыл, ал клиенттер туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды кемінде бес жыл сақтау;
      г) Тараптардың заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операцияларды тоқтата тұру;
      д) белгілері осы баптың 2-тармағына сәйкес анықталатын ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтерді уәкілетті органға беру;
      е) клиенттер мен өзге тұлғаларды қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың қабылданатын шаралары туралы ақпараттандыруға тыйым салу;
      ж) банктік шот (салым) шартын жасасудан бас тарту және Тараптардың заңнамасында белгіленген жағдайлар болған кезде операциялар жүргізуден бас тарту.
      2. Тараптар ақша қаражатымен және өзге мүлікпен жасалатын операциялардың белгілерін анықтайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды, олар туралы мәліметтер уәкілетті органға берілуі тиіс.
      3. Тараптар ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың осы баптың 1-тармағында көрсетілген шараларды іске асыруын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды анықтайды және көрсетілген органдарға бақылауындағы ұйымдар үшін міндетті қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі қағидаларды шығару бойынша өкілеттіктер береді.
      4. Тараптар нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды, онда ақша қаражатымен немесе өзге мүлікпен жасалатын операцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтерді беруден жалтарғаны немесе жасырғаны, сондай-ақ осы баптың 1-тармағында көзделген міндеттерді өзге де орындамағаны үшін жауапкершілігін белгілейді.

10-бап

      Әрбір Тарап нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды, оларға сәйкес банктік және/немесе коммерциялық құпия оның заңнамасында анықталатын мемлекеттік органдардың қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл шараларын қабылдауы үшін қажетті ақпаратты алуы үшін кедергі болып табылмайды.

11-бап

      Тараптар қылмыстық кірістерді, сондай-ақ терроризмді қаржыландыруға арналған қаражатты заңдастыру (жылыстату) нәтижесінде алынған мүлікті қоса алғанда, қылмыстық кірістерді тәркілеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

12-бап

      Тараптар өз құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарын сақтаған кезде мынадай іс-әрекеттерді қылмыстық жазаланатын деп тану үшін қажетті заңнамалық және өзге шараларды қабылдайды:
      а) егер мұндай мүлік осы мүліктің қылмыстық көзін жасыру немесе бүгіп қалу мақсатында немесе негізгі қылмысты жасауға қатысатын кез келген тұлғаға өзінің іс-әрекеті үшін жауап беруден жалтаруы үшін көмек көрсету мақсатында жүзеге асырылатын қылмыстардан түсетін кірістерді білдіретіндігі белгілі болса, мүліктің конверсиясы, сондай-ақ онымен жасалатын кез келген мәмілелер;
      б) егер мұндай мүлік қылмыстардан түсетін кірістерді білдіретіндігі анық болса, мүліктің түпнұсқалы сипатын, көзін, орналасқан жерін, иелік ету тәсілін, орнын ауыстыруды немесе оған құқықтарды немесе оның тиесілігін жасыру немесе бүгіп қалу;
      в) егер мұндай мүлік қылмыстардан түсетін кірістерді білдіретіндігі белгілі болса, мүлікті сатып алу, иелік ету немесе пайдалану;
      г) осы бапқа сәйкес осындай деп танылған қылмыстардың кез келгенін жасауға бірге қатысу, сондай-ақ осындай қылмысты жасауға әрекеттену немесе сондай қылмысты жасауға дайындалу;
      д) терроризмді қаржыландыру.

III бөлім. Ақпарат алмасу, сұрау салуларды (тапсырмаларды) орындау 13-бап

      1. Құзыретті органдар сұрау салу (тапсырма) бойынша немесе өздерінің бастамасы бойынша бір-біріне қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ақпаратты (құжаттарды, материалдарды, өзге де деректерді) береді.
      2. Ақпарат беру, егер бұл беруші Тараптың ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтірмеген және оның заңнамасына қайшы келмеген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпарат оны берген Тараптың алдын ала келісімінсіз берілетіннен басқа өзге мақсаттарда пайдаланылмайды деген шартпен беріледі.
      4. Уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу осы Шарттың 23-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

14-бап

      Егер сұрау салатын Тараптың құзыретті органдары өзгеше айтпаса, құзыретті органдар сұрау салудың (тапсырманың) фактісін және оның мазмұнын жария етпейді, сұрау салушы Тарап берген мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді және оларды тергеуді, сот талқылауын жүзеге асыру немесе сұрау салуда (тапсырмада) көзделген рәсімдерді орындау үшін қажетті шамада ғана пайдаланады.

15-бап

      1. Сұрау салуларды (тапсырмаларды) орындау осы Шартқа, өзге де халықаралық шарттарға және сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Егер сұрау салынатын Тараптың заңнамасында немесе осы Тараптың халықаралық міндеттемелерінде өзгеше белгіленбесе, сұрау салуды (тапсырманы) орындау кезінде сұрау салатын Тараптың құзыретті органының өтініші бойынша осы Тараптың заңнамасы қолданылуы мүмкін.
      2. Құзыретті органдар қылмыстық кірістердің және оларды заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қатысы бар күдікті адамдардың орналасқан жерін анықтау мақсатында жедел іздестіру іс-шараларын өткізу туралы сұрау салуларды орындайды.
      3. Құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды жіберу және орындау тәртібі қатысушылары Тараптар болып табылатын халықаралық шарттармен айқындалады.

16-бап

      1. Егер сұрау салуды орындау жедел іздестіру іс-шараларын өткізуге, сотқа дейін іс жүргізуге немесе сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары жүзеге асыратын сот талқылауына нұқсан келтіруі мүмкін болса, сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы не сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарымен уағдаластық бойынша сұрау салуды ішінара немесе олар сақталуы қажетті деп таныған шарттарда орындауы мүмкін.
      2. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың ұлттық мүдделеріне не заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін болса, сондай-ақ егер сұрау салу осы Шарттың ережелеріне сәйкес келмесе, оның құзыретті органдары сұрау салуды орындаудан бас тартуы мүмкін.

17-бап

      1. Сұрау салу жазбаша түрде жасалады және беріледі. Бұл ретте кейіннен дереу жазбаша растай отырып, техникалық байланыс құралдары пайдаланылуы мүмкін.
      2. Егер құзыретті органдар өзгеше келіспесе, сұрау салуға сұрау салатын Тараптың құзыретті органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және елтаңбалы мөрмен бекітеді.
      3. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, сұрау салу мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ оны алған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей орындалады.

18-бап

      Сұрау салуда мыналар көрсетіледі:
      а) сұрау салатын және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атауы;
      б) сұрау салудың мәні және негіздемесі;
      в) ресми құжаттарды беру туралы сөз болған жағдайларды қоспағанда, жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілетін істің (қылмыстың) мәні;
      г) тиісті нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері, сондай-ақ ұқсас нәтижелерге әкеп соқтыратын сұрау салынатын немесе кез келген басқа да шара сұрау салатын Тараптың заңнамасына сәйкес оның аумағында қабылданылуы мүмкін екендігі туралы өтініш;
      д) қажет болған жағдайда және мүмкіндігіне қарай:
      тұлға туралы ақпарат (тегі, аты, әкесінің аты, туған жері және азаматтығы туралы мәліметтер, тұрғылықты жері мен болатын жерінің мекенжайы, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері; заңды тұлғаның ресми атауы және орналасқан жерінің мекенжайы, оның мемлекеттік тіркеу нөмірі және тіркелген орны);
      сұрау салу объектісі болып табылатын мүлік немесе кірістер туралы ақпарат (олардың орналасқан жері, тиісті тұлғамен немесе тұлғалармен және қылмыспен байланыстары, сондай-ақ басқа да тұлғалардың осы мүлікке немесе кірістерге құқықтары туралы қолда бар кез келген мәліметтер);
      сұрау салатын Тараптың өтініші бойынша орындалғаны жөн нақты рәсім.

19-бап

      Тәркілеу туралы сот шешімін орындау туралы тапсырмада мыналар да бар:
      а) сұрау салатын Тараптың соты шығарған тәркілеу туралы шешімнің куәландырылған көшірмесі және оның қандай бөлікте орындалуға тиіс екендігі туралы ақпарат;
      б) тәркілеуге жататын мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарды жариялау мүмкіндігін растайтын құжаттар.

20-бап

      Егер сұрау салуда (тапсырмада) көрсетілген мәліметтер оны орындау үшін жеткіліксіз болса, сұрау салынатын Тарап қосымша ақпаратты берудің шекті мерзімін белгілей отырып, оны сұрата алады.

21-бап

      Осы Шартқа сәйкес бірнеше Тарап жіберген сұрау салу көп болғанда және дәл сол бірдей мән-жайларды қозғайтын жағдайда сұрау салынатын Тарап қажет болғанда сұрау салатын Тараптардан алдын ала консультациялар алып, қай сұрау салу бірінші кезекте орындалуға тиісті екендігін дербес айқындайды.

22-бап

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тарапты мыналар туралы
хабардар етеді:
      а) сұрау салу бойынша қабылданатын іс-қимылдар және олардың нәтижелері туралы;
      б) себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан бас тарту, орындау мерзімін кейінге қалдыру және сұрау салуды (оның бөлігін) орындау шарттары туралы;
      в) сұрау салу бойынша қамтамасыз ету шараларынан автоматты түрде жоюды талап ететін ұлттық заңнаманың ережелері туралы.
      2. Сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тарапты сұрау салуды орындауға айтарлықтай ықпал ететін мән-жайлар туралы дереу хабардар етеді.

23-бап

      1. Уәкілетті органдар өздерінің арасында күдікті операциялар туралы және осы операцияларды жасауға қатысатын жеке және/немесе заңды тұлғалардың қызметі туралы өздерінің иелігіндегі ақпаратты жинау, өңдеу және талдау сатысында ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      2. Ақпарат алмасу уәкілетті органдардың бірінің бастамасы немесе сұрау салуы бойынша жүзеге асырылады. Ақпаратты алуға берілетін сұрау салу оның қысқаша негіздемесін қамтуға тиіс.
      3. Алынған ақпарат тек оны ұсынған уәкілетті органның алдын ала жазбаша келісімі бар болғанда ғана үшінші тарапқа берілуі, үшінші тұлғаға жария етілуі, сондай-ақ тергеу немесе сот мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін. Егер көрсетілген ақпаратты берген уәкілетті орган өзгеше айқындамаса, бұл ретте ол тек қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты істер бойынша ғана пайдаланылады.
      4. Осы бапқа сәйкес келіп түскен ақпарат құпия болып табылады және оған ұлттық көздерден алынатын ұқсас ақпаратқа қатысты оны алатын Тараптың заңнамасында көзделген қорғау режимі қолданылады.

IV бөлім. Тәркілеу

24-бап

      Әрбір Тарап екінші Тараптың тапсырмасы бойынша қылмыстық кірістерді және/немесе терроризмді қаржыландыруға арналған қаражатты тәркілеуді қамтамасыз ету үшін барлық ықтимал шараларды қолданады.

25-бап

      Осы Шартқа сәйкес жүзеге асырылатын қамтамасыз ету шарасын ықтимал болдырмау туралы сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тарапты күні бұрын хабардар етеді.

26-бап

      1. Аумағында орналасқан қылмыстық кірістерді және/немесе терроризмді қаржыландыруға арналған қаражатты тәркілеу туралы сот шешімін орындау туралы тапсырма алған Тарап ұлттық заңнамаға және сұрау салатын және сұрау салынатын Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес тәркілеуді жүзеге асырады.
      2. Егер дәл сол бір шешімнің негізінде қандай да бір Тарап бірнеше Тараптың алдында тәркілеу туралы өтінім жасаса, онда ол бұл туралы осы Тараптардың әрқайсысын хабардар етеді.
      3. Сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тарапқа оларға байланысты тәркілеу туралы шешімнің күші толық немесе ішінара жойылатын мән-жайлар туралы дереу хабарлайды.

27-бап

      Тараптар тәркілеу туралы сот шешімін орындау туралы тапсырманы орындау нәтижесінде бір Тарап алған мүлікті не тәркіленген мүлікті сатудан алынған қаражатты бөлу туралы бір-бірімен келісімдер жасаса алады немесе әрбір нақты жағдайда уағдаласа алады.

V бөлім. Қорытынды ережелер

28-бап

      Осы Шарттың ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

29-бап

      Осы Шарттың ережелерін дамыту мақсатында құзыретті органдар өзара ведомоствоаралық шарттар жасаса алады.

30-бап

      Тараптар осы Шарттың шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілі ретінде орыс тілін пайдаланады.

31-бап

      1. Осы Шарт оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға берген күннен бастап күшіне енеді.
      2. Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Шарт тиісті құжаттарды депозитарийге берген күннен бастап күшіне енеді.

32-бап

      Осы Шарт оның ережелерін бөлісетін басқа мемлекеттердің қосылуы үшін осындай қосылу туралы хабарламаны депозитарийге беру жолымен ашық. Қосылатын мемлекет үшін осы Шарт депозитарий осы Шарттың 31-бабының 1-тармағын сақтаған кезде тиісті хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді.

33-бап

      Тараптар өзара келісім бойынша осы Шартқа хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады, ол егер Тараптар өзге туралы келіспесе, осы Шарттың 31-бабында көздеген тәртіппен күшіне енеді.

34-бап

      Тараптар арасындағы осы Шартты қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

35-бап

      1. Тараптардың әрқайсысы одан шығу болжанған күнге дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийге осы туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Шарттан шыға алады.
      2. Тиісті Тарап шығу сәтінде осы Шартқа қатысуына байланысты туындаған барлық материалдық, қаржылық және өзге де міндеттемелерді орындауы тиіс.

      Душанбе қаласында 2007 жылғы 5 қазанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Шартқа қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзірбайжан Республикасы үшін     Молдова Республикасы үшін

      Армения Республикасы үшін        Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін       Тәжікстан Республикасы үшін

      Грузия үшін                      Түркіменстан үшін

      Қазақстан Республикасы үшін      Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін         Украина үшін

      Осымен қоса беріліп отырған мәтіні 2007 жылғы 5 қазанда Душанбе қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қабылданған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы шартының түпнұсқалық көшірмесі болып табылатыны туралы куәландырамын. Жоғарыдағы аталған шарттық түпнұсқалық данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      ТМД Атқарушы хатшысы -
      Атқарушы комитеті
      Төрағасының бірінші орынбасары                 В. Гаркун

      Осы Аударма Душанбе қаласында 2007 жылғы 5 қазанда қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылы туралы келісімнің орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келетіндігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Кадрмен қамтамасыз ету және
      құжат айналымы департаментінің
      Басқарма бастығы                                Б. Ахметжанова

      Осымен 2007 жылғы 5 қазанда Душанбе қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Терроризмді қаржыландыру және заңсыз табыстарды заңдастыруға (жылыстатуға) қарсылық туралы шартының куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                                Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады