Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 2 мамырдағы № 434-IV Заңы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы
келісім

(2012 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 1, 14-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      «газ» - негізінен, метаннан тұратын, газ тасымалы жүйелері арқылы сығылған газ тәріздес күйде тасымалданатын, Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағында өндірілетін және/немесе шығарылған газ тәріздес көмірсутектердің және басқа газдардың жанғыш қоспасы;
      «газ тасымалы жүйелері» - магистральдық газ құбырларын қамтитын газ тасымалдауға арналған құрылыстар мен газ тарату желілерінен басқа, олармен бірыңғай технологиялық процеспен байланысты объектілер;
      «газ тасымалдау жөніндегі қызметтер» - газ тасымалдау жүйелері арқылы газды өткізу жөніндегі қызметтер;
      «Құзыретті органдар» - осы Келісімді іске асыруды бақылау үшін Тараптар уәкілеттік берген органдар;
      «ішкі қажеттіліктер» - Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының аумағында тұтыну үшін қажетті газ көлемі;
      «газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу» - газ тасымалдау үшін Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілері басқаратын газ тасымалы жүйелерін пайдалану құқығын беру;
      «нарықтық (тең кірісті) бағалар» - газдың ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін, оның ішінде мынадай қағидаттарға негізделе отырып қалыптастырылған көтерме бағасы:
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы газ өндіретін мемлекеттер үшін нарықтық көтерме бағаны қалыптастыру осы мемлекеттерде алынатын баждардың, алымдардың, салықтардың, басқа да төлемдердің шамасын ішкі нарықтағы газды сату бағасынан және газ жеткізушінің сыртқы және ішкі нарықтардағы газ тасымалдау құнының айырмасын ескере отырып, Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы газ өндіретін мемлекеттерден тысқары жерлердегі газ тасымалдау құнынан шегеру жолымен жүзеге асырылады;
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы газ тұтынатын мемлекеттер үшін - қалыптасуын газ өндіретін мемлекеттің шығарушысы сыртқы нарықта газ сату бағасынан баждарды, алымдарды, салықтарды, басқа да төлемдерді, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы газ өндіретін мемлекеттен тысқары жерлерде газ тасымалдау құнынан шегеру арқылы жүзеге асыратын нарықтық көтерме баға;
      «Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы газ өндіретін мемлекеттер» - аумағында газ өндіру мен шығаруға қарағанда аз тұтынылатын Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер;
      «Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы газ тұтынатын мемлекеттер» - аумағында газ өндіру мен шығаруға қарағанда көп тұтынылатын Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын белгілеу болып табылады.
      Газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу осы Келісімнің Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағынан шығатын газға ғана қатысты шарттарына сәйкес ұсынылады. Осы Келісімнің ережелері Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан шығатын газға қолданылатын газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қатынастарына және Бірыңғай экономикалық кеңістіктен тысқары жерлерге және одан тысқары жерлерден газ тасымалдау саласындағы қатынастарға қолданылмайды.

3-бап

      Газ тасымалы жүйелері бойынша газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету кезінде Тараптар мынадай негізгі қағидаттарға сүйенеді:
      Тараптардың өзара саудада кедендік әкелу және әкету баждарын (баламалы мәні бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды)  қолданбауы;
      бірінші кезекте Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің газға ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету;
      Тараптар мемлекеттерінің ішкі қажеттілігін қанағаттандыру үшін газ тасымалдау бағасы мен тарифтері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес белгіленеді;
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің газға арналған нормалары мен стандарттарын біріздендіру;
      экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

4-бап

      Тараптардың мынадай іс-шараларды қамтитын шаралар кешенін іске асыруы осы Келісімде көзделген Бірыңғай экономикалық кеңістіктің газ тасымалы жүйелері бойынша газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету шарты болып табылады:
      а) 2012 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде газды ішкі тұтыну туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат негізінде ақпарат алмасу жүйесін құру;
      б) 2012 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде осы Келісімге сәйкес  индикативті болжамдық теңгерімдерді дайындау үшін тетіктер құру;
      в)  2013 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің газға арналған нормалары мен стандарттарын біріздендіру;
      г) Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумақтарында газға нарықтық (тең кірісті) бағаға көшу.
      Тараптардың жоғарыда көрсетілген шаралар кешенін орындауды аяқтауы осы Келісімге Хаттамамен ресімделеді.

5-бап

      Тараптар Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы барлық мемлекеттердің аумақтарында газға нарықтық (тең кірісті) бағаға 2015 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
      Бұл ретте Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының аумағында газ сатудың бағасын Ресей Федерациясының аумағындағы газ бағасымен салыстырмалы деңгейге дейін кезең-кезеңімен көтеруді қамтамасыз етеді.

6-бап

      Осы Келісімнің 4-бабында баяндалған іс-шаралар кешенін барлық Тараптар орындағаннан кейін Тараптар қолда бар техникалық мүмкіндіктері, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің газдың келісілген индикативті болжамдық теңгерімін ескере отырып, газ тасымалы жүйесінің бос қуаттары шегінде және шаруашылық жүргізуші субъектілердің азаматтық-құқықтық шарттары негізінде мына қағидалар бойынша Тараптар мемлекеттерінің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған газды тасымалдау үшін басқа Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында орналасқан газ тасымалы жүйелеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді:
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне тарифтерді қоса алғанда, аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптың газ тасымалы жүйесінің меншік иелері болып табылмайтын газ өндірушілермен бірдей жағдайларда  басқа Тарап мемлекетінің газ тасымалы жүйесіне қол жеткізу ұсынылады;
       газ тасымалдауға арналған көлем, бағалар және тарифтер, сондай-ақ газ тасымалы жүйелері бойынша газ тасымалдаудың коммерциялық және өзге де шарттары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы азаматтық-құқықтық шарттармен анықталады;
      Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында қызметін жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында магистральдық газ құбырлары арқылы газ тасымалдауға арналған қолданыстағы шарттардың тиісінше орындалуына жәрдемдеседі.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің газдың индикативті болжамдық теңгерімін (ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін өндіру, тұтыну және жеткізу, оның ішінде өзара жеткізу) 5 жыл мерзімге әзірлейді және келіседі, ол жыл сайын ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін нақтыланады.
      Тараптар газдың келісілген теңгерімін ескере отырып, Тараптар мемлекеттерінің ішкі нарықтарына газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді ұсынады.

8-бап

      Тараптар мынадай салаларда ұзақ мерзімді өзара пайдалы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылады:
      - Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы газ тасымалдау;
      - газ құбырларын, жер асты газ қоймаларын және газ кешені инфрақұрылымының басқа да объектілерін салу, реконструкциялау және пайдалану;
      - Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті сервистік қызметтерді ұсыну.
      Тараптар Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағында орналасқан газ тасымалы жүйелерінің жұмыс істеуін регламенттейтін нормативтік-техникалық құжаттарды біріздендіруді қамтамасыз етеді.

9-бап

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
      Тараптардың осы Келісіммен реттелмеген газ тасымалдау саласындағы қатынастарына Тараптардың ұлттық заңнамасы қолданылады.
      Тараптардың бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімі осы Келісімде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, газ тасымалдауды жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылады.

10-бап

      Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді мынадай Құзыретті органдар жүзеге асырады:
      Беларусь Тарапынан - Беларусь Республикасы Энергетика министрлігі;
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі;
      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясы Энергетика министрлігі.
      Құзыретті органдар ауысқан жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар, бірінші кезекте, келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
      Егер дауды дау тараптары келіссөздер мен консультациялар арқылы дау тараптарының бірі даудың басқа тарапына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда дау тараптары арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған жағдайда, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға бере алады.

12-бап

      Осы Келісімде ештеңе Тарапты осы Келісімнен туындайтын қағиданы және/немесе артықшылықты осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын үшінші мемлекетке немесе осындай үшінші мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне, олардың тауарларына немесе қызметтеріне қолдануға міндеттейтіндей болып түсіндірілмеуге тиіс.

13-бап

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімге Хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады, ол оның депозитарийі болып табылады және әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.

       Беларусь             Қазақстан                Ресей
   Республикасының       Республикасының         Федерациясының
     Үкіметі үшін         Үкіметі үшін             Үкіметі үшін

      Осымен, 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында: Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А.В.Кобяков, Қазақстан Республикасының Үкіметінен - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Ө.Е.Шөкеев, Ресей Федерациясының Үкіметінен - Ресей Федерациясы Төрағасының Бірінші орынбасары - И.И.Шувалов қол қойған Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісімнің мәтіні толық және түпнұсқасының көшірмесінің дәлме-дәл болып келетіндігін куәландырамын.
      Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.

Барлық тігілгені, қол қоюмен   
және мөрмен бекітілген - 8 парақ

      ЕурАзЭқ-тің Интеграциялық
      Комитеті хатшылығының
      Құқық департаментінің басшысы              В.С.Князев
      13.12.2010 ж.

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалдау жүйелері бойынша газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қол жеткізу қағидасы туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады