Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 8 сәуірдегі № 9-V Заңы

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік
жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери
техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін
қамтамасыз ету туралы
ХАТТАМА

(2012 жылғы 20 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 4, 65-құжат)

      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі - Тараптар),
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың ережелерін және бірлескен міндеттерді орындау кезінде Тараптардың қарулы күштерінің өзара әрекеттестігін қамтамасыз ету қажеттігін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мынадай мақсаты бар:
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының (бұдан әрі - ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары) құрамына Тараптардың ұлттық қарулы күштерінен және басқа да әскерлерінен бөлінген бірлестіктерді, құрамаларды, бөлімдер мен бөлімшелерді қолдануды ұйымдастыру кезінде бірыңғай тәсілдерді іске асыру;
      олар қойылған міндеттерді орындауы кезінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын тиімді басқаруды қамтамасыз ету;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын техникалық, тылдық және ақпараттық қамтамасыз етуде қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін жағдай жасау.

2-бап

      Осы Хаттамада қару-жарақ пен әскери техника (бұдан әрі - ҚЖӘТ) үлгілерінің техникалық және ақпараттық үйлесімділігі ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына Тараптардың ұлттық қарулы күштерінен және басқа да әскерлерінен бөлінген бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдер мен бөлімшелердің қару-жарағында тұрған ҚЖӘТ-ның деп белгіленген жағдайда бірлесіп пайдалануға, келісілген жедел-тактикалық нормативтерді орындауға, Тараптардың қарулы күштерінің жарақтандыруында тұрған техникалық қамтамасыз ету құралдарын пайдалана отырып, техникалық қызмет көрсетуді және әскери жөндеуді жүзеге асыруға жарамдылығы түсіндіріледі.

3-бап

      Осы Хаттаманы іске асыру мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен штабы ол күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде Тараптардың қорғаныс министрліктерінің ұсыныстары бойынша ҚЖӘТ үлгілерінің, олардың техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ететін параметрлерінің және сандық сипаттамаларының тізбесін (бұдан әрі - Тізбе) қалыптастырады.
      Тізбенің міндетті сипаты бар, ол Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің шешімімен бекітіледі және қажеттілігіне қарай түзетіледі.

4-бап

      Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрліктері келіскен мерзімдерде ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің көпжақты күштері мен құралдарының құрамына бөлінетін өздерінің қарулы күштерінің бірлестіктерін, құрамаларын, бөлімдері мен бөлімшелерін Тізбенің шарттарын қанағаттандыратын ҚЖӘТ үлгілерімен жарақтандырады.

5-бап

      Осы Хаттаманы қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер консультациялар және мүдделі Тараптардың келіссөздері арқылы шешіледі.

6-бап

      Осы Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар өзара келісу бойынша енгізіледі және осы Хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Хаттаманың 7-бабында көзделген тәртіпте күшіне енеді.

7-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін, осы Хаттама депозитарийге тиісті құжаттарды тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

8-бап

      Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Хаттама 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде қолданылады.
      Әрбір Тарап осы Хаттаманың қолданылуы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Хаттамадан шыға алады.

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы осы Хаттамаға қол қойған әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін           Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін          Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін         Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады